Депутат атанған бұрынғы вице министр бір баланы асырауға 20 мың жетеді деп мәлімдеді. Жаңалықтарға шолу
Доллар тағы да екі теңгеге арзандады
Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сессиясының қорытындысында АҚШ валютасының орташа бағамы 373,01 теңгені құрады.
Депутат атанған бұрынғы вице министр бір баланы асырауға 20 мың жетеді деді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице министрі Нұржан Әлтаев бүгін Парламент мәжілісінің депутаты атанды. Ант қабылдап, өзіне жүктелген міндетті мәртебелі атқаруға уәде етті.
Су жаңа депутат Қазақстанда бір баланы асырауға үнемдеп жұмсаса 20 мың жеткілікті деген пікір білдірді. БАҚ өкілдеріне берген жауабында ол өзінің отбасында бюджетті келіншегім жоспарлайды деп ақталып, нақты шығындарын дөп басып айта алмайтынын алға тартты.
Алматы әкімдігі көпбалалы отбасыларды қолдауға кірісіп кетті
Қала әкімі Б.Байбек мұқтаж жандар үшін "Бақытты отбасы" орталығын құруды тапсырды. Ол көпбалалы отбасыларға құқықтық, психологиялық тұрғыдан қолдауға, сондай-ақ оларды жұмысқа тұрғызу секілді мәселелермен айналысатын болады.
Алматы билігі қаладағы отбасылардың жағдайымен танысып, мұқтаж жандарды анықтауға кіріспекші.
Шымкентте шенеуніктерге 43 млн тұратын қымбат үйлер сатылып алынды
Жаңадан салынған элиталы үйден сатып алынған бес пәтер мемлекеттік қызметкерлерге қызметтік баспана ретінде беріледі. Әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, 109-120 шаршы метрлік пәтерлердің бағасы Шымкенттегі баспаналардың бағасымен сәйкес келеді. Пәтерлер шенеуніктерге заңдағы нормалар сақтала отырып, бөлініп беріледі деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Денис Тен туралы деректі фильм көрсетіледі
Мәнерлер сырғанаушының мұзайдынындағы шоуы жайлы деректі фильм Алматыдағы Бекмамбетов синема кинотеатрында 23 ақпан – 3 наурыз аралығында көрсетіледі.
"Қазақтелеком" акцияларының құны 25%-ға түсіп кетті
Компания акцияларының құлдырауы қаңтар айының ортасында басталды. Бұл жағдай миноритарлық акционерлердің бір-бірімен текетіресі аясында болып отыр.
Автоматын кафеде ұмытып кеткен полицей қызметінен қуылды
Ал, оны ұрлап әкеткен адам 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ұсталған күдікті сотта "автоматты сыйақыға қайтармақшы болдым" деп жауап берген. 32 жастағы сотталушы 2010 жылы героинді заңсыз сатып алып, сақтағаны үшін істі болған.
Қазақстанда кәсіподақтар күні мейрамы бекітілмек
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 10 қазанды кәсіподақтар күні ретінде атап өтуді ұсынды.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Қазақстанда тұман түсіп, көктайғақ және бұрқасын болады. 14-16 ақпанда Орталық Азия арқылы өтетін циклонға байланысты белсенді бұлт массиві Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысына жауын-шашын, тұман және көктайғақ әкеледі. Тропосфералық ауа ағындары (5 шақырым биіктікте) батыс және оңтүстік-батысқа бағытталып, ауа температурасы көптеген облыстарда климаттық нормада және одан 2..4°С-қа жоғары болады.
Baq.kz: Қазақстанда әрбір бесінші жеткіншек артық салмақтың зардабын тартып жүр. Бұған пайдасыз тағамдарды көп тұтыну себеп. Салауатты емес тағам асқазан-ішек жолдары ауруларының, семіздіктің дамуына әкеп соғуы мүмкін. Осы орайда денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен Астанадағы мектеп асханаларындағы ас мәзірінен шұжық, сүзбеше, газдалған сусындар алынып тасталды.
Sputniknews.kz: Ғалымдар көп тұрып қалған күріштің өлімге әкеп соғатын қаупін анықтады. Жүкті әйелдерге, сәбилер мен иммунитеті әлсіз адамдарға піскен күріш орасан зор қауіп төндіреді. Піскен күріш бөлме температурасында ұзақ тұрып қалса, Bacillus cereus бактериясы белсенді көбейе бастайды, ал оны жеген адам уланып, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Бастапқы белгілері: құсу, ыстығы көтерілу, ағзаның жалпы улануы.