Денсаулық сақтау бойынша арнайы кодекс әзірленді. Дәрігерлерге 30% үстемақы қосылады
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, құжат қазір Парламентке тапсырылып жатыр.
"Дәрігерлердің және медициналық қызметкерлердің мәртебесін көтеру бойынша ұсыныстар жаңа кодекс жобасына енгізілді. Кодекс жобасын талқылау барысында соңғы жағдайлар көтерілген. Дәрігерлерден, қоғамдық ұйымдардан ұсыныстар келіп жатыр. Парламентте мәселе әлі талқыланады", – деді министр.
Елжан Біртановтың айтуынша, өткен аптада Үкімет қажетті қаулыны қабылдаған. Келесі апта осы мәселе бойынша парламенттік жұмыс басталмақ.
Оқи отырыңыз: Міндетті медициналық сақтандыру: 2020 жылы не өзгереді?
Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі келер жылдан бастап жұмыс берушілер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына әр жұмысшының жалақысынан 2 пайыз аударатынын жеткізді. Қазіргі таңда жұмыс берушілер 1,5 пайыз аударып отырғаны белгілі. Нәтижесінде қазір қорға 200 млрд теңге жиналған.
"Бұл ақша 1 қаңтардан бастап тегін медициналық қызметтерді қаржыландыру үшін пайдаланылады. Тегін медициналық қызметтерге жаңа айтылған қаражатпен бірге келесі жылдан бастап әр азамат өзінің жалақысынан 1 пайыз төлейді. Қосымша 1 пайыз өзіміз төлеп, 2 пайызды жұмыс беруші төлесе, 3 пайыздық қаражат қорға жиналып, келесі жылы жалпы медициналық сақтандыруға 600 млрд теңге жұмсалады", – деді Елжан Біртанов.
Оқи отырыңыз: Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру: ең маңызды 33 сұраққа жауап
Министрдің айтуынша, келесі жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мемлекет тарапынан 1 триллион теңге аударылмақ.
"Осылайша қорда 1,6 трлн теңге жинақталып, бұл қаражат тегін медициналық көмек көрсетуге жұмсалады. Бұл өз кезегінде тегін медициналық көмек түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Тарифтерді көтеру негізінде медициналық қызмет берушілердің жағдайы жақсарып, 1 қаңтардан бастап дәрігерлердің айлығына 30 пайыздық үстемеақы қосылады", – деді Елжан Біртанов.