Бізде кəсіпкерлерді қолдау теледидардан көргенде ғана тамаша. Өскенбаевтар қонақ бөлмесін тігін цехына айналдырып отыр
Өздерін қиын-қыстау күндерде тарықтырмай алып шыққан тігіншілікке 3 ұлы мен 1 қызын да кішкентайынан баулыды. Бүгінде өз үйлерінің бір бөлмесін тігін цехына айналдырған. Әр отбасы мүшелерінің өзіне бекітілген жұмысы бар. Бірі киімді пішеді, бірі тігеді, бірі моншақтармен көмкереді. Түрлі киім үлгілеріне ауыл, аудан тұрғындарынан бөлек, Шымкент пен өзге қалалардан да тапсырыс берушілер көп.
"Әйелдің, еркектің жұмысы" деп бөлмеді
Өскенбаевтардың үйін адаспай, тез-ақ таптық. 500-ден астам үйі бар ауылдың кез келген тұрғыны бұл отбасыны жақсы таниды. Сұрасаңыз, жол көрсетіп, жөн сілтейді.
Біз барғанда, үлкен ұлы Батыр тапсырыс бойынша спорттық киім тігіп отыр екен. Гүлмира мен Нуриддин Өскенбаевтарды сөзге тарттық.
– Әжем – шебер тігінші еді. Кішкентай кезімде жіпті инеге сабақтатып алатын. Кейіннен тігіс тігуді үйретіп, "мынаны көктей сал", "мынаны кестелей сал" деп тапсырма беріп, жұмсайтын болды. Мектеп бітірген соң, Қызылордада тігіншіліктің оқуын оқыдым. Тұрмысқа шықтым. Жарым да көп іске епті болды. Тапсырысты бітіріп беруге үлгере алмай жатсам, жұмысынан келе, бір машинаға отыра сап, тігін тігуге кірісетін. "Әйелдің, еркектің жұмысы" деп бөлмеді. Әркез мені қолдап, көмектесуге тырысатын. Әлі де солай, – дейді Гүлмира апай.
"Қырғы базардан" басталған шағын бизнес
– Шымкентте теміржолда істейтінмін. Гүлмира да теміржолға лаборант боп жұмысқа кірді. Сонда таныстық. Бір жылдай кездесіп жүріп, 1985 жылы шаңырақ көтердік. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, зауыттың бәрі тоқтап, жұмыссыз қалдым. Әйелім – тігінші. Қолым бос, құр қарап жүрмей, әйеліме көмектесіп, мен де тігінмен айналысайын дедім.
– Екеуміз ақылдасып, ерлердің костюм-шалбарын, әйелдердің көйлегін түнімен тігіп, "Қырғы базарға" апарып сататынбыз. Жайма базарда тіккен киімдерімізді қолымызға ұстап, "Көйлек, костюм-шалбар көріңіздер, алыңыздар" деп айқайлап тұратынбыз. Бірақ таныс адамның төбесі көрінсе ұялып, тығылып қаламыз. Бірте-бірте бойымыз үйренді. 90 жылдардағы тоқырауда осы тігіннің арқасында аса қатты қиналмадық. Өзім ер адамның қолынан барлық нәрсе келуі керек деп санаймын. Қазір де тапсырыс көбейіп, үлгермей жатса, көмектесіп жіберемін. Немесе тамақтарын пісіріп, дайындап беремін. Ешуақытта "бұл – әйелдің тірлігі, әйелім жасау керек" деп шалқамнан түсіп, жатпаппын, – дейді Нуриддин ағай.
Аспаздықтан тігіншілікке
Әке балаға үлгі емес пе?! Үш ұлы да барлық іске икемді болып өсті. Ал үлкен ұлы Батыр 9 сыныптан кейін кәсіптік колледждің аспаз мамандығына оқуға түсті. Ата-анасы да ұлының бұл талабын қолдай кетті.
– 4-5 сыныпта оқитын кезде нойнап жүріп жыртып алған шалбарымды, шұлығымды өзім жамап, тігіп алатынмын. Таэквондо, би үйірмелеріне қатыстым. Бей-берекет көше кезбедім. Одан гөрі анамның тігіс тіккенін бақылайтынмын. Қайталап тігіп көретінмін. Бірақ аспаздықты таңдадым. Өйткені маған әртүрлі көкөністерден басқа тағамның түрін ойлап табу, тамақ пісіру ұнайтын.
– Үш жыл кәсіптік колледжде білім алдым. Сосын үш жыл аспаз болып жұмыс істедім. Одан кейін бала кезімнен қыр-сырына қанық тігін саласына қайта оралдым. Бір жыл кәсіби білім алдым – дейді Батыр.
Батыр аспаз бен тігіншіліктен бөлек кондитер, автоэлектрик, дәнекерлеуші, электрик, сантехник курстарында оқып, сертификат алған. Жақын елді мекендегілер той-томалақ, өлім-жітімде Батырды іздейді. Қазан-қазан тамақтың түр-түрін пісіреді. Тапсырыс болмай жатса, ауылда басқа жұмыс жоқ деп қарап жатпайды. Еурожөндеуге кірісіп кетеді, көлік жөндейді, ақыға шөп шабады. Ал Асқар "Бәйдібек су" шаруашылығында оператор болып істейді. Суретті, әсіресе мультфильм кейіпкерлерін керемет салады. Бос уақытында сәукеле, камзол, тағы басқа киімдерге моншақ тігіп, әрлейді..
Тоқтар – студент. Павлодарда білім алып жатыр. Ол да тігінге құмар. Қызы Әйгерім – тұрмыста.
Спорттық үлгідегі киім 15 мың теңге
Өскенбаевтар отбасы 2014 жылы Шымкенттен Ақбастауға көшіп келді. Ауылдың жастары қалаға ұмтылса, қалада өскен Батыр мен оның бауырлары ауылға көшетіндеріне қуанған.
– Қалада көпқабатты үйде тұрдық. Ата-анамыздың ауылға көшу жайлы шешімі бізді қуантты. Ауылды біз секілді жастар өзгерту керек. Қазір ауылымызға табиғи газ келіп жатыр. Ауыз су бар. Байланыс жақсы. Бау-бақшамызға қызанақ, қияр егеміз. Ауыл шетінде өзен ағып жатыр. Күзге дейін шомылуға болады. Көктемде қозықұйрық теруге шығамыз. Ауылдың тіршілігі қызық, жанына рахат сыйлайды, – дейді Батыр.
Батыр бұл кезде спорттық үлгідегі киімді тігіп, үтіктеп, дайындап қойған. Тапсырыс беруші Қынатбек Есболаев та келіп қалды. Ол Павлодардағы агротехникалық колледждің 2 курсын аяқтап, жазғы демалысқа ауылға келген беті екен.
– Спорттық киімді қала дүкендерінен сатып алғым келмеді. Павлодарда жүргенімде Батыр ағаға спорттық киімге әлеуметтік желі арқылы тапсырыс бердім. Құйып қойғандай, түсі де ұнады. Матасы мен қызмет ақысы – бәрі 15 мың теңге, – дейді Қынатбек.
Кепілге саман үй жарамайды
Өскенбаевтар отбасы киімнің барлық түрін тігуге тапсырыс қабылдайды. Пальто, костюм-шалбар, қалыңдықтың көйлектері мен арнайы қызметтік киімдерге тапсырыс мол. Ұзатылатын қыздың көйлегі мен сәукеленің бағасы 180 мың теңгеден басталса, костюм-шалбар – 35-40 мың теңге.
– Ауылға көшіп келген соң, 2014 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелдік. "Ырыстан" 7 пайызбен 3 жылға 1,5 миллион теңге несие алып, оған бір тігін машинасы мен қажетті мата-жіптерімізді ғана сатып алдық. Ұлым Батыр ерлерге арналған неше түрлі киімнің үлгісін ойлап шығарады.
– Өз ісімізді кеңейтіп, дамытқымыз келеді. Арнайы тігін цехын ашсақ па дейміз. Оған қолымыз қысқа болып отыр. 10-15 миллион теңге сала алатын, бірге жұмыс істейтін инвестор да іздеп көрдік. Көмек сұрап "Даму", "Атамекен", "Кәсіпкерлік мектебіне" де бардым. Жәрмеңкелерде, жиналыстарда мақтайды, көмектесетіндерін айтады. Облыста бір шара болса, Бәйдібек ауданынан "біздің бетке тұтарымыз" деп біздің жұмыстарымызды алып кетеді. Бірақ грант немесе несие алып, ісімізді ары қарай дамытуға келгенде жалт береді.
Несие алайық десек, біздің үйіміз саманнан салынған ескі. Кепілге жарамайды деп шығарып салады. Қомақты несие алу үшін кірпіштен салынған болуы керек екен. Ауылдан тігін цехын ашсақ, 10 адамды жұмыспен, ауданның халқын киіммен қамтамасыз етер едік. Өзге мемлекеттерден келіп жатқан киімдерді біз де тіге аламыз. Тек кішкене қолдау керек.
– Арманымыз – тігін машиналарын көбейтіп, арнайы ғимарат салу. Әзірге үйіміздің қонақ бөлмесін тігін цехына айналдырып отырмыз. Кәсіп жасап, тірлігін оңалтқысы келетін біз секілді қаншама отбасы бар. Несие алуға кепілге қоятын үйлері жарамай, жиналған қорлары болмай, бастай алмай отыр. Теледидардан жаңалық тыңдасаң, шағын кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау жайлы керемет айтады. Ол біздің ауданда сөз жүзінде, – дейді Гүлмира.