Жалпы біздің аталарымыз – сақтар мен ғұндардың, көк түріктердің тарихы мен мәдениеті таңғажайып. Ең алғашқы буындық таңбалардан бастап, әр дыбысты жеке-жеке таңбалаған көне түркі жазуларының құпиясы енді-енді ашыла бастады.

Тарихы тасқа таңбаланған Түркі бабаларымыз туралы ерлік дастандар сол көне жазумен ұрпақтан ұрпаққа беріліп, халыққа жете бастады десек артық болмас. Бабаларымыздың үні мен рухы сіңген көк түркінің көне жазуы қайта оралды.

Алғашында тек зерттеу объектісіне айналған түркі қағандарының өсиетнамалары қазір әр түркінің қалтафонына, компьютердің пернетақтасына да жетті.

Жалпы түркі бабаларымыз пайдаланған жазулар – біздің жазу мәдениетімізбен бірге тарихымыздың кей қараңғы тұстарын ашуы да мүмкін. Сақ, хұн бабаларымыздың дыбыстық жазулары болды және ол жүйелі түрде қолданылып отырды.

Ең алдымен буындық мағынадағы "Арамей жазу" қолданылса, кейін дыбыстық мағынасы бар жазуға бет алды. Осылайша 16 жазуды бастан өткеріппіз. Соның ішінде бізге ең жақыны бітік жазуы болып отыр.

Ендеше, бабаларымыз қолданған бітік жазу қандай болған екен? Қанша дыбыстан және әріптен құралады?

Бітік жазуы қалай зерттеле бастады?

Қаржаубай Сартқожаұлы, түрколог: "Кезінде Ядринцев деген орыс тарихшысы Шыңғысханның астанасы Қарақорым қаласын іздеп Моңғолияға барады. Негізі Қарақорым қаласының орнына будда ғибадатханасы салынған болатын.

Ядринцев сонымен Ордабалық қаласына барып түрік, соғды, қытай тілдерінде жазылған тастарды тапқан. Енисей бойынан тапқан түрік руникасына ұқсайды екен. Сосын Ядринцев Орхоннан өтіп, арғы бетінен Орхон ескерткіштерін көреді. Ордабалық пен Күлтегін ескерткішінің арасы 15 шақырымдай ғана жер. Ядринцев бұл жолы аспан тіреген Күлтегіннің ескерткішін көреді.

Ескерткіштің бір жағында қытайша, бір жағында көне түркі жазуы болады. Қазір біз оны бітік жазу деп атап жүрміз. Ол жазуды Ядринцев түк қалдырмай қолмен көшіріп, қазіргі Санкт-Петербург қаласына апарып, үлкен конференцияда баяндама жасап, бұл жазуларды, мұраны финдердікі болуы мүмкін деп мәселе қозғайды.

Ал, Ядринцев айтып жүргені – біздің Бітік жазуымыз еді".


Қаржаубай ағамыз жасаған көнетүркі жазуының сипаттамалық атласы / Сурет informburo.kz

Бітік жазуында 26 дыбыс, 41 таңба бар

Түркі бабаларымыздың тасқа қашап жазған ерлік дастандарындағы әріптер екіге бөлінген. Яғни, жан мен тәнге. Жан дегеніміз – дауысты, ал тән дегеніміз – дауыссыз дыбыстар.

Қаржаубай Сартқожаұлының айтуынша Күлтегін жазуында 8 дауысты, 18 дауыссыз болып, жалпы саны 26 дыбыс тіркелген.

Сонымен бірге бұл дыбыстардың ішінде 10 дыбыс жуан және жіңішке болып екі түрде айтылады. Осылай есептегенде 36 әріпке келіп тұрақтайды.

Алайда мұнда бес буындық дыбыс шығаратын таңба тағы бар.

Сонымен жалпы саны 41 таңбаға жеткен. Қосымша сөз арасындағы айыру белгісін де ескерген жөн.

"Екi негiз" ұғымы

– Екi негiз" ұғымы – байырғы түріктердiң әлемдi түсiну философиясы. Көне түрiктер пайымында әлем аталық пен аналықтан тұрады. Аталықтың көктегi символы – күн, аналықтың символы – ай, жердегi аталықтың символы – тау, аналықтың символы – су. Бұлардың үстiнде – Тәңiр, жаратушы күш бiреу ғана, ол ұлы Тәңiр деп түсiнген, – дейді Қаржаубай ағамыз.

Мысалы, байырғы қытай философиясындағы "Инь" мен "Янь" ұғымына ұқсас. Еуропалықтардың түсiнiгiнде бұл дуализмге, болымды мен болымсыздыққа, "қайшылыққа" тура келеді.

Ал шығыс халықтарында, соның iшiнде байырғы түрiктер дүниетанымында жоғарыдағы екi ұғым бiр біріне сүйеу, демеу болып, бiрiн- бiрi толықтырады. Міне осы "Екі негіз" ұғымы бабаларымыздың жазу мәдениетінде де көрініс тапты.

"Бұл әліпби түрiк графикасын жасаушылардың дүниетанымымен берілген"

– Тарихи дереккөздердегi аталуы мен бүгiнгi қазақ тiлiнiң қолданыстағы формасын (мәндiк және формалық) салыстыра отырып, философиялық бұл қос ұғымның аталық бұтағын "амал", аналық бұтағын "бiлiк" деп әуелгі қалпына келтіргенді жөн көрдік. Түрiктер "екi негiздiк" дүниетанымды ұстана отырып, түрiк әлемінiң барлық болмыс-бiтiмiн осы жұптық жүйеге сай бейімдейді.

Түріктердiң мемлекет жүйесiндегі төлес пен тардуш (сол және оң) қанат; басқару жүйесiндегі явғу мен шад; қоғамдағы иерархия, моральдық нормадағы бөд пен ұмай; музыкадағы қос iшек; әдебиеттегі (поэзиядағы) қос ұйқас (ежелгi түрік өлеңi қос жолдан құрылған); сурет өнерiндегi аталық және аналық символдар; ауыз екi сөйлеу және графика жүйесiндегi дыбыстың (қатаң, ұяң) үйлесімі мен консонантизмi т.с.с. өмiр мен өлiм арасындағы болмыс пен құбылысты "екi негiзге", оның амал мен бiлiк жүйесiне негiзделгенін көрсетеді.

Қысқасы, тұжырымдай айтсақ, табиғи ырғақты жүйеге айналдырады. Қоршаған орта мен табиғи құбылысты жiтi бақылаудың нәтижесiнде философиялық (дүниетанымдық) жүйе қалыптастырады.

Осы ерекшiлiктердi назарда мықтап ұстай отырып, біз байырғы түрiк графикасының орналасу ретi және шартты мәнi (латын графикасымен) көрсетілген кестені еуропалық дәстүрмен емес, сол замандағы түрiк графикасын жасаушылардың дүниетанымымен бергенді жөн көрдік. Бұл – байырғы түрiк жүйесi. Мұның өзі (жүйе) олардың графиканы жасаудағы ерекшелiгiнiң құпиясын ашуға да көмектесетiн болады.

Сондықтан да, байырғы түрiктердiң 18 дауыссыз фонемi (кесте iшiнде графиканың сол жағына қойылған), 12 аллофоны (кесте iшiнде графиканың оң жағында) және буындық М( lt, ld); v(nč); f; ʘ (nd,nt) кескiндер арқылы екi дауыссыздың мәнiн беретiн (олардың дивергентiмен қоса) графикалары амал мен бiлiк жүйесiне лайықталып енгiзілдi, – деп отыр Қаржаубай ағамыз.


Қаржаубай ағамыздың жасаған Бітік жазуының атласы / Қаржаубай Сартқожаұлының жеке мұрағатынан

Күлтегін және Тоныкөк жазуларының жаны бар

Бабаларымыз жазуды киелі санап, рухымен жаны бар деп есептепті. Ойлап отырсақ, ол да дұрыс. Себебі қағандарымыздың үні мен рухы, еңбегі мен ерлігін таңбалаған жазудың құны мен киесі қайдан төмен болсын!

Осылайша түркінің көне жазуында, қазір "Бітік жазуы" деп аталған бабалар әліпбиінің өзіндік жаны мен тәні бар болып шықты.

Бұлай деуге негіз бар. Күлтегін ескерткішінен табылған жазулар болсын, Тоныкөк жазулары болсын, оларда ортақ дыбыс және одан да маңыздысы – арнаулы жазу қағидаттары болған.

Тіптен, әр дыбыстың өлі және тірі болатындығы зерттелген. Жоғарыда айтылған Бітік жазуының атласын жасап, алғашқы негіздемесін берген Қаржаубай Сартқожаұлының айтуынша, дыбыстарды жанды және жансыз деп бөлген.

Қаржаубай: "Әліпбиге тағы да түсіндірме"

"Күлтегін мәтiнiнде: "Kül­tegin qoj jylqa jiti jigirmike učdy" (КТ.ІІІ14) = "Күлтегiн қой жылы он жетiсi ұшты" десе, Бiлге-қаған мәтiнiнде "...qanym qaγan yt jul (734 ж.) onynč aj alty otuzqa [uča] bardy (БК. Ха. 11) ...Қаған әкем (Бiлге-қаған) ит жылы (734 ж.) оныншы айдың 26-ында ұшты) дейді.

Мұндай деректердi көптеп келтiруге болады. Бұл айғақтар байырғы түріктер түсiнiгiнде адамның тәнi Жер-Анада қалып, жаны ұшып кетедi дегеннiң дәлелiне саяды.

Осы жан БТӘ-де ( Байырғы Түркі Әліпбиі)дүниенiң төрт бұрышының (tört buluŋ = КТ.І.2.) шығыс, оңтүстiк, батыс, солтүстiк бағытын мегзеп, төрт a;u:O;i таңбамен белгiленеді. Әлемнің төрт беті (□) сегіз тарапқа бөлініп, сегіз дауыстыны таңбалайды. Яғни жан әлемнің төрт бұрышында, сегіз тарабында қонақтайды. Жан Тәңiрден жiберiледi. Эрлiг (әзірейлі) адамды о дүниеге әкеткенде, жан ұшып кетедi. Тән жерде (көмiлiп) қалады-мыс. Бұл– шығыс халықтарына тән дуализмдiк дүниетанымның қағидасы. Осы дүниетанымды негізге ала отырып, бiз төрт таңбалы, сегiз дауысты дыбысты жан деп танимыз.

1. Ал дауыссыз дыбыстар – Тән. Оларға Жан – дауысты дыбыстар қан берiп, тiршiлiк әлемiне қосады.

2. Ежелгi дүниетаным бойынша, әлемнiң құрылымы, қоғамның дамуы, адамның ара қатынасы – бәрi "екi негiздiк" амал мен бiрлiктен тұрады-мыс. Немесе аталық пен аналықтан тұрады. Осы жүйе бойынша жуан дауыстымен үндесетiн дауыссыздар таңбасын амалға (аталық), жiңiшке дауыстылармен үндесетiн дауыссыздарды бiлiк (аналық) топқа жатқыздық. Осы екеуiне бiрдей қызмет ететiн дауыссыздарды "қауыштыру" тобына бөлiп орналастырдық. Байырғы түрiктердiң "Екi негiз" атты дуалистiк философия iлiмiнiң жүйесi осылай. Бiз осы жүйенi ұстанып, байырғы түрiк графикасының жасалу жүйесiн көрсетудi көздедiк.

Осылайша дауысты дыбыстардың жуан және жiңiшке дыбысталуға бейімделуінен дауыссыз дыбыстар дивергенциясы (түрліше айтылуы) пайда болған. Байырғы түріктердің әліпби жасаушы оқымысты ғалымдары дауыссыздардың осы дивергенциясын графикада беру арқылы консонанттық (дауыссыз дыбыс) үйлесiмді мықтап ұстанған. Олай болса, байырғы түрiк графикасы өзiне дейiнгi графикаларға мүлде ұқсамайтын сингармондық (үндестік) және консонанттық графика болып шығады" – деп жазылған Қаржаубай ағамыздың түсіндірмесінде.


Қаржаубай Сартқожаұлының тастағы жазуды оқып тұрған сәті / Жеке мұрағаттан

Бітік жазуы неге оңнан солға қарай жазылады?

"Қол ішке қарай иіледі" деген мәтел бар. Түркі жұрты –бабалардың ырымдары мен жөн-жоралғысын берік ұстаған халық ретінде әйгілі. Сол ырымның бірі – "оң жазу" қағидасы болуы керек. Бұл кейін араб жазуының қалыптасуына да негіз болған болуы мүмкін деген пікірлер де бар.

Ал, Қаржаубай ағамыздың айтуынша, түркі бабаларымыз жазу мәдениеті күнге байланысты. Яғни, адам жазу жазған кезде қолға күннен түскен көлеңке кедергі жасамауы керек.

Себебі, Түркі мәдениетінің алтын бесігі Алтай тарихының тегі тым әріде екенін берісі қазақтан тартып, әрісі мұхиттың арғы жағындағы – АҚШ еліндегі үндістер де айтып жүр. Сол Ұлы дала мәдениетінің мәйегі біздің қазақ жерінде, тілі Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштерінде сақталды.

Сол бабаларымыздың қан-тері сіңген мәдениетіміздің де әр қырының түйсік пен танымының жосығына сай оң, таза болуын қадағалап отырғаны белгілі. Сол үшін жазуды да оңнан солға қарай – "қол ішке қарай иіледі" қағидасы қолданылған деп есептейміз.

Жалпы Қаржаубай Сартқожаұлы ағамыз– түркі жазуын зерттеп жүрген және осы жазудың алғашқы атласын жасаған тұлға ретінде әлемге танылып отыр. Биыл ағамыздың туғанына 70 жыл толды. Осыған орай Қазақстан Республикасының Қарулы күштері Әскери-тарихи музейінде "Ұлы дала: Рухани құндылықтар" атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.


"Тәңір" және "Аллаһ" жазуларының ұқсастығының салыстырмасы / gokturkce.net сайтынан алынды


ҚР ҚК Әскери-тарихи музейде өткен дөңгелек үстелден / Фото informburo.kz

Компьютерде көне түркі жазуымен жазуға болады

Біз Еуразия ұлттық университетінің Түркология кадфедрасына барғанда компьютерде Бітік жазуымен қазақша жазып отырған қыз-жігіттерді көріп қуанып қалдық. Кәдімгі кирилл әріптерімен жазған секілді еркін де сауатты жазатын адамдар да бар екен. Тіпті Бітік жазуын басқа компьютерлерге де орнатып бере алады.

Бұл ғана емес, Түркиядағы түрколог ғалымдар мен студент жастар да түркі Бітік жазуын қолдануды мұрат тұта бастаған. "Көк түркілер жазуы", "Түрік ұлтының ата жазуы", "Бітік жазу" деген атпен түрлі болса да жүйесі ұқсас әліпбилер жасап, ата бабаларымыздың үні мен рухы сіңген бұл жазуды пайдалана бастады.


Кей түрік ғалымдары пайдаланып отырған "Көк түрік әліпбиі" / google.kz сайтынан алынды

Смартфонда да бітік жазуын қолдануға болады

Біз – бабалар мәдениетін сағынушылармыз. Әрі Ұлы дала құдыретін, киесін іздеушілерміз. Міне сондай түркі жастары Қаржаубай Сартқожаұлы бастаған ғалымдарымыздың негіздемесі негізінде көне түркі – Бітік жазуын компьютер мен смартфонға арнап бағдарламалады. Қазір сондай еркін қолданылуға болатын нұсқалары бар.

Сонымен бірге "Бітік жазу" конвертері де ашық қолданысқа енген. Сол арқылы өзіңіздің жазған жазуыңызды Бітік жазуына автоматты түрде өзгерту мүмкіндігін де пайдалана аласыз.

Түрлі смартфон ұстайтын түркітанушы жастар да Бітік жазуын ұялы телефондарына қондырып алыпты.

Түркияда білім алып оралған археолог Жантегін Қаржаубайұлының айтуынша, бұл қосымшаны одан әрі жетілдіру үстінде екен.


Бітік жазуы смартфонда осылай пайдаланылады / Фото informburo.kz

Бітік жазуын және оның конвертерін қалай орнатамыз?

Компьютер үшін арнайы Бітік жазуы бағдарламасы бар. Оның Бітік жазуы (Тюркбитиг) және Бітік жазу конвертері (битикчи) сілтемелері арқылы көшіріп алып, орнатасыз.

Сіз бұл қосымшаларды смартфоныңызға немесе компьютеріңізге орнатып қана қоймай, өзара хат та жазыса аласыз.


"Түркі бітік жазуының" смартфонға арналған қосымшасы / Фото informburo.kz

Венгерлер Секей ұлысы пайдаланған Бітік жазуын бейресми жазу ретінде бекітті

Секей ұлысы да Алтайдан Альпыға ауған түркі, қыпшақ ұлыстарының бір тармағы.

Қаржаубай ағамыздың айтуынша, Алтай тауынан табылған кей жазбалардың таңбалары Секей нұсқасындағы венгерлердің руна жазуларымен бірдей. Бұл венгер туыстарымыздың да Алтай ауған ел екенін тағы бір дәлелдесе, енді бір жағынан біздің жазу мәдениетіміздің кең жайылғанын көрсетті.


Венгрияда қолданыстағы Секей тайпасының жазуы негізіндегі түркі әліпбиі / Фото informburo.kz

Бәлкім, түбі бір көк түркі бабаларымыз қолданған төл жазуымызға әлі де өтерміз

– Тегіміздің тартатыны, рухымыздың бірігуіне әсер ететін ұлы күштің бірі – бабаларымыздан келе жатқан төл жазуымыз, Бітік жазу болмақ. Тіптен оны пайдалану барлық түркі жастарында белең алатыны даусыз!

Кеше венгерлер сол жазуды бейресми әліпби ретінде қабылдаса, енді түркі жастары да бейресми түрде, ешқандай тапсырмасыз сол жазуды пайдалана бастады. Тіптен жаңа технологиялардың да мүмкіндіктері күннен күнге өсіп отыр.

Міне, бұл түбі бір түркі бабаларымыздың иісі мен үні сіңген төл жазуымызға көшетініміздің талассыз дәлелі болса керек, – дейді түрколог ғалымдар.


"Түрік" деген жазу жазылған алқа мен жүзіктер сатылымға шыққан / Фото informburo.kz

Түркі жазуының музейі Қазақстанда ғана бар

Түркі жазуының музейі Қазақстандағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде орналасқан. Онда әлемде жазулардың шығуына негіз болған 16 әліпби көрсетіліпті.


Жазу тарихы музейіндегі жазулар / Фото informburo.kz