Бірінші топтағы мүгедек:"Мені бақытты ететін сүйікті ісім мен жарым"
Алғашқы табыстың тәтті наны
Алмат Нүсіпбаев – бала кезінен бірінші топтағы мүгедек. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернатта білім алып жүріп, аяқ киім жөндейді. Осылайша 14 жасынан бастап табыс таба бастаған. Кәсібін жақсы меңгергені сондай, аты шығып, бір күні интернат тәрбиешісі аяқ киімімді жөндеп бер деп өтінген екен. Алматтың еңбегіне риза болып, ертесіне үйінен бауырсақ пен тәттілер әкеліп беріпті.
– Сол күні жеген бауырсақтың дәмі аузымнан кеткен емес. Бір түйірін салғанда, еңбегімнің жемісін жеп отырғанымды түсіндім. Сол кезде жақсылап үйренсем, осы кәсіппен өзімді асырай алатыныма көзім жетті. Мүгедек болғандықтан, ауыр жұмысқа жарамаймын. Ешкім жұмысқа да ала қоймайтыны анық еді. Қазір жасым 40-та. Осы кәсіптің нанын жеп жүрмін.
Еңбек түбі – береке
Алмат Шымкент қаласынан Алматыға 2009 жылы көшіп келген. Бір жыл бойына жалданып, жұмыс жасапты. Бірақ ол тиімсіз болған соң, жеке кәсіппен айналысуға бет бұрған.
– Алғаш Алматыға келгенде табыстың 30 пайызына келісіп, біреудің суық дүңгіршігінде жұмыс жасадым. Өте тиімсіз болды. Күніне 1000-1500 теңге табатынмын. Өзіміз жертөледе тұрдық. Жаяу жұмысқа қатынайтынмын. Тапқан табысымды жинап, бір дүңгіршік сатып алдым. Егер адам тапқан ақшасы мен нанның қадірін білсе, табысқа жетуге болатынын түсіндім.
Дүңгіршігінде отырып, Алматтың аяқ киімді сапалы, әрі өте жылдам жасайтынына көзім жетті. Тұрақты клиенттері де көп екен. Ол жеке кәсібін дамыту мақсатында аяқ киім жөндейтін екінші дүңгіршігін ашқан.
– Адамның еңбекке деген ынтасы болса, оған мүгедектік кедергі бола алмайды. Алдыға мақсат қойсаң жеткілікті. Менің ақыл-есім дұрыс. Көзім көреді, құлағым естиді, сөйлей аламын. Осыдан артық не керек? Көшеде қайыр сұрап жүргендердің арасынан мүгедекті де, дені сау адамды да кездестіруге болады. Ондай адамдардың өздерінде ынта-жігері жоқ. Мен бос уақытымда шахмат ойнауды үйренгенмін. Екінші аяқ киім дүңгіршігін ашуыма соның пайдасы тиді. Мүгедектер арасында шахматтан қалалық жарыстан үшінші орын иеленген соң, мүгедектер қоғамына көмек сұрап бардым. Бір кәсіпкердің көмегімен осы дүңгіршікті әкеліп қойып берді. Қазір кәсібімді дамытудың жолдарын қарастырып жатырмын.
Бірінші топтағы мүгедектерге банк көлемді несие бермейді
Алмат адам ақшаға емес, ақша адамға жұмыс жасау керек деген принципті ұстанады. Сондықтан кәсібін одан арман дамытуға қолындағы қосымша қаражатты салуды үйренген.
Банктердің бірінші топ мүгедектеріне қомақты несие бермейтінін ол бастапқыда білмеген. Кәсібін ұлғайтамын деген ойы жүзеге аспады. Бірақ мойымады. Қолы тек 300 мың теңгелік кепілсіз несиеге ғана жетті. Оны аяқ киім жөндеу орнын кеңейтуге, қасынан киім жөндеу шеберханасын ашуға жұмсапты.
– Аяқ киім жөндейтін дүңгіршіктің жанына төрт шаршы метр қосып алдым. Алғашқы кезде адам жалдағанмен, қазір жалға беріп отырмын. Жұмысқа бұрын жаяу келсем, енді мені инватакси тасиды.
Бұл кәсіпті әйелі де меңгерген
Алмат 2010 жылы отбасын құрған. Әйелі Марина да аяқ киім жөндеу кәсібін меңгеріп алыпты. Екеуі екі дүңгіршікте жұмыс істейді. Оның айтуынша, жеке кәсіппен айналысқан тиімді. Өйткені жұмыс берушілер мүгедек жандарды жұмысқа алуға құлықсыз. Оның үстіне жұмыс орындарында арнайы жабдықталған орындар да жоқ.
– Әйеліме, тіпті кейде, ұрсып жүріп, үйреттім. Қазір менен жақсы меңгеріп алып, өзімді үйретеді. Қол күшін қажет ететін кәсіп болғандықтан, әйел адамға айналысуға болмайды деген пікір қалыптасқан. Содан болар әйел адамдар етікшілікті меңгере бермейді.
Алмат зейнеткерлер мен мүгедек жандарға аяқ киімді төмен бағасына жөндейді. Күн сайын екі-үш мың теңгенің айналасында табыс табады. Ал қыс айларында Алмат пен Марина күніне 5 мың теңге табады. Қыс – бұлар үшін табысқа кенелетін мезгіл. Аяқ киім жөндеу үшін керекті материалдарды қосқанда шығындары айына 15 мың теңге көлемінде. Сонымен қатар олар мүгедектер қоғамының қайырымдылық қорына ай сайын әр дүңгіршігі үшін 8 мың теңге төлейді екен.
Арманы алға жетелейді, махаббаты – тірегі болды
Алмат пен Марина айына 40 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Басты арманы – үй алу. Басындағы көп қиындыққа мойымау керек деп, шапқылаудан шаршаған емес. Тіпті сәтсіздіктің адамға тигізер пайдасы бар. Ол адам өмірді сол қалпында қабылдаса, өмір сүру қиындық туғызбайды дейді.
– Мен мүгедек баларға арналған мектеп-интерантта оқып жүргенде өзіне қол салған балаларды көрдім. Сол кезде өзіме олай ешқашан істемеймін деп ант бердім. Дені сау адамдардың қарыз болып қалдық деп өздеріне қол жұмсағанын естігенде таң қаламын. Маған бір көшеден екінші көшеге өту үшін қанша уақыт керек екенін білесіздер ме? Дені сау адамдар біз сияқты әр күн сайын ондай қиындықтармен бет-бет келе бермейді ғой.
Алмат еңбек етуге ерінбейді. Қайыр сұрап жүрген он екі мүшесі сау адамдарды көк жалқаулар деп санайды.
– Мен ешқашан таусылып, қайғырған емеспін. Мүгедек болсам да, бос отырмаймын. Кейде тапсырыс берген мүгедек адамдарға етік тігемін. Кететін шығынды ұсынған бағалары өтемесе де, келісемін, көмектескенім деп санаймын. Аяқ киім жөндеуден күніне түсетін 1500-2000 теңге пайданы қанағат тұтамын.
Алмат пен Марина отау құрған жеті жыл ішінде көп қиындықтарды бастарынан өткізген. Соған қарамастан олардың қарым-қатнастарының нығая түсуіне, шыдамдылық танытуына махаббаттары себепші екен. Марина кейде ренжіп кетіп қалғанмен, қимай қайтып келетінін айтты.
– Мүгедек адамдардың мінезі құбылмалы болады. Әр нәрсені көңіліне алып қалады. Аяқ киім жөндеу кәсібін де меңгеріп алуыма Алмат себепші болды. Екеуміз бірігіп кәсіп бастауды армандайтынбыз. Міне, сол арманымызға да жеттік. Тігін тігу, киім қысқарту мен жөндеуді жақсы меңгергенмін. Отбасында ерлі-зайыптылар бірігіп, еңбек етсе, берекелі болады. Ал, махаббат – төзімділікке тәрбиелейді екен.
Екі балдақ – қорғаны
Алмат үшін екі балдағы сүйеніп жүру ғана емес, қорғаныш құралы да. Балдақпен қорғанудың тәсілдерін меңгеріп алған. Оның айтуынша,көшеде түнде себепсіз тиісетін жандар көп. Тіпті көшені басқан жол бойындағы судан балдағын пайдаланып, өтіп кетеді. Сонымен қатар бала кезінен спортқа жақын болғандықтан, шпагатқа еркін отырады.
Loading...
– Мен балдақпен жүргенмен, еркін шпагатқа отырамын. Өйткені бала кезімнен спортты жақсы көремін. Егер көңіл-күйім болмаса, көпшілік жиналған жерге барып билегенді жақсы көремін.
Қайыр сұрау – әдет пе, мұқтаждық па?
Көше бойын жағалап, қайыр сұрап жүрген адамдар қатарынан дені сау, он екі мүшесі түгел адамдарды көруге болады. Солардың бірі – Оспан Қалдыбаев. Ол ата-анасынан жеті жасында жетім қалған соң, қайыр сұрауды әдетке айналдырған. Қазір жасы 55-ке келсе де, әлі қайыр сұрап, күн кешіп келеді. Үш қыз, екі ұлдың әкесі. Күнделікті табысы үш мың теңге. Ал мейрам күндері төрт-бес мың теңгені құрайды.
– Қыздарым тұрмыста. Ешқандай пайдасы жоқ. Біз әйелім екеуміз 25 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Кіші ұлым әлі мектепте алтыншы сыныпта оқиды. Менің табысым адал. Ешкімнен алдап немесе ұрлап алмаймын. Тек алақан жайып сұрап аламын. Денсаулық болмаған соң, басқа жұмысқа жарамаймын.
Оспаннан үлкен ұлының жасын сұрағанымда, есіне түсіре алмады. Ал балалары әкесінің қайыр сұрап күн көргеніне намыстанбайды екен.
– Үлкен ұлым 15, 16? А, он жетіде. Ол сол бір жерлерде жұмыс жасап жүр. Әйелім пәтер иесінің моншасын жуады. Еңбек ақысына аптасына бір рет тегін моншаға түсеміз. Мынадай автокөлік көп жүретін жерлерде тұрсаң, табыс жақсы. Бәсекелестер жоқ деуге болады.
Көше бойын жағалай, қайыр сұрап жүріп Оспан өзінің де, автокөлік жүргізушілерінің де өмірін қатерге тігетінін түсінеді. Құқық қорғау қызметкерлері де тыйым салғанмен, қайта орнына келіп тұруға мәжбүр.
– Менің дәл осы жерде тұрғаныма он бір жыл болды. Адам қайыр сұраудан байып кетпейді. Күнделікті тамақ пен киімге жетеді. Одан артық не керек? Полиция қызметкерлері келіп, көліктердің жүруіне кедергі келтіріп тұрсыңдар деп қуады. Жалынып жүріп, біраз уақыттан соң қайта келіп аламыз. Өйткені қайыр сұрамасақ, аш қаламыз.
Мүгедек жандар жұмысқа зәру
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 571 685 мүгедек жандардың 68 мыңға жуығын балалар құрайды екен. Мүгедектер қоғамына тіркелген уақыттан бастап, барлық заңдық тұрғыда құқығы қорғалады. Ең жоғарғы зейнетақы мөлшері 47 мың теңге. Жалпы мүгедек жандардың бес пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыс берушілер жұмысқа алуға ынталы емес екені анық. Бұл жөнінде Қазақ соқырлар қоғамы орталық басқармасының жалпы бөлім басшысы Азат Бөкенбаев былай деді:
– Жұмыс берушілер мүгедектерді жұмысқа алуға құлықсыз екені рас. Заң бойынша жұмыскерлердің үш пайызын мүгедек жандар құрауы керек. Бізде ол орындала бермейді. Өйткені пайда әкелмейді. Сондай-ақ мүгедектерге арнайы жабдықталған жұмыс орны да жоқ. Мүгедектер қоғамына қарасты 29 кәсіпорын бар. Ондағы жұмыскерлердің 51 пайызы мүгедек жандар.