Интернетте "Қазақстандағы ең жас кәсіпкер", "15 жасында миллионер атанған жігіт", "Президентке сағат сыйлаған бизнесмен" сияқты тақырыпта материал толып жүр екен. Бұның барлығы Арман Тосқанбаев деген жігіт туралы. Бізді қызықтырғаны оның бизнесі емес, білімі еді. Өйткені, Арманның жоғарғы білімі туралы дипломы жоқ. Есесіне, алты компаниясы бар.

Білімнен қашпайтын, бірақ, диплом үшін төрт-бес жыл уақытын жоғалтқысы келмейтін кәсіпкер informburo тілшісіне жоғарғы білім туралы көзқарасы айтып, өмірлік тәжірибесімен, пиар мен бизнес-тренерлер туралы ойымен бөлісті.

"Әлі күнге дейін бір ғасыр бұрынғы әдіспен оқып жүрміз"

Арманның пайымынша, Қазақстандағы қазіргі жоғарғы білім беру жүйесі заман талабына сай емес. "Жоғарғы білім бизнеске айналып кеткен", – дейді ол.

– Оқу деңгейінен бұрын, қазіргі оқыту жүйесі бізге қажет пе деген сұрақ туындайды. Егер университетте 1-2 курс бойы 11 сыныпта оқыған білімімді қайталап шығатын болсам, онда 11 сыныптың, сәйкесінше, 1-2 курстың қажеті не? Тек 3-4 курста мен мамандығым бойынша білім ала аламын. Сонда бірнеше жыл бойы ата-анамыздың ақшасын текке шашу ғой...

Екіншіден, мектептен кейін төрт жыл немесе алты жыл оқу форматы бір ғасыр бұрын пайда болды. Ескірген әдіс. Ал, қазір заман өте тез өзгеріп жатыр. Мамандықтар тіпті күн санап жаңарып, бірі ашылып, бірі жабылады. Заман ағымына ілеспек түгілі, жоғарғы оқу жүйеміз оған жете алмай келеді, – дейді кәсіпкер.


Арманның ең алғашқы бизнесі жасыл технологиямен байланысты / Сурет Арманның жеке архивінен алынды

Арман басқарып отырған кәсіпорындардың біреуі – гидропоникалық технологиямен байланысты. "Осы салада Қазақстан университеттері маман дайындап отырған жоқ" дейді ол.

Бұл жаңа бағыттағы жылыжайларда өсімдіктерді топырақсыз өсіреді. "Ал, біздің оқу орындары агрономдарды әлі күнге дейін ескі әдістермен және төрт жыл оқытады. Қазір агроном болу үшін төрт жыл оқудың қажеті жоқ. Бір жыл оқу жеткілікті. Менің ойымша, жоғарғы оқу орнын түбегейлі реформаламай болмайды, ақшаны босқа шашып жүрміз деп санаймын. Ең бастысы, әр мамандыққа сай дағдылауды қатар дамыту керек".

"Басқаның экономикасына ақша құйғым келмейді"

– Тағы бір мәселе бар. Дипломсыз-ақ бір салада бес-он жыл табысты жұмыс істеп жүрген адамдар бар. Ал, сырттай оқу форматын жойдық. Менің де жоғары білімім жоқ, бірақ бірнеше кәсіптің иесімін, бизнесте он жылдай тәжірибем бар. Енді мен осы тәжірибем мен білімімді бір реттік қана тест пен емтихан тапсырып, дәлелдеп, жоғарғы білім туралы диплом алғым келеді. Біздің елде ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Мен сияқты ізденген адамдарға көршілес Ресейге барып, сырттай оқып, диплом алуына болады, бірақ мен басқа елдің экономикасына ақша құйғым келмейді, – дейді Арман.

"Мен Қазақстанның университеттеріне "дипломды сыйлай салыңдар" деп тұрғам жоқ. Тек осындай мүмкіндіктерді қарастыру керек. Бір сөзбен айтсам, жоғарғы оқу орны жастарға ыңғайлы болу керек".

Өзіңе "қызықсыз" мамандықтардан қаш

Арман көп нәрсенің адамның өзіне байланысты екенін де жоққа шығармайды. Яғни, жоғарғы білімді тіпті бір күнде үйрете алатын күнге жетсек те, адам өзі таңдаған мамандығын сүймесе, білімнің де, болашақ жұмыстың да мәні жоқ.

– Мысалы, мен жуырда бір жап-жас жігітпен таныстым. Оның мамандығы – сол агроном. Аграрлық жоғарғы оқу орындарының бірінде төрт жыл оқыған. Бірақ, әлгі жігіт ұялы телефондарға арналған неше түрлі қосымшаларды ойлап тапқан екен. Көп дүниені программалай алады, яғни, дайын "программист", білімді өз бетімен оқып алған. Таң қалып, "сен агрономсың ғой, бұндайға миың қалай жетеді", – деп сұрадым.

Сонда ол: "Агроном мамандығы өзіме мүлде ұнамайды. Бірақ, грантқа ілініп, оқуға түсіп кеткеннен кейін төрт жыл оқыдым. Ал, өзіме ұнайтыны – компьютермен алысу еді. Сабақпен қатар, өзім программалауды үйрендім, ақырын-ақырын қосымшаларды ойлап таптым. Қазір қолымнан келетіні – тек осы программалау. Мамандығым бойынша үйренгенім де, білетінім де, жасай алатыным да шамалы", – деп жауап берді.

Енді қараңыз, ол өіне ұнайтын жұмысын тапты. Қолынан келеді. Енді сол машығын, ісін дәлелдеп, программист курсында емтихан тапсыртып, неге қолынан келетін мамандық бойынша оған диплом берілмейдіа!? Менің позициям осы – қолынан келетін болса, сол іске сай мамандық бойынша диплом беруге болады"

Балаға бизнесті мектепте үйрету керек пе?

Арман Тосқанбаев жарын Ресейде оқып жүргенде жолықтырған. Томск мемлекеттік университетінің фиика-математика факультетінде екі жыл ғана оқыған. Оқуын тастап кетсе де, сүйгенін тастамай, отбасын құрған, қазір алты айлық қызы бар. Өзі оқушы кезінен ақша тапса да, қазіргі орта білім бағдарламасына бизнес пен экономика негіздері туралы пән қосуға қарсы пікір білдірді.

– Өзімнің мектепке баратын балам жоқ болса да, қазір оқу бағдарламасы ауыр, балалар әрең үлгереді дегенді көп естимін. Сондықтан, оқушыға кәсіпкерлік негіздерін үйретуге қарсымын. Тек баланың икемін дамыту керек, – дейді жас кәсіпкер.

"ҰБТ-ны жаттап алатындардан икемі мықты балалар озады"

Мысалы, Арман оқушы кезінен бұзылған компьютерлерді жөндеп, соған икеделген. Тегін жөндемей, қолақысын да алған. Жөндеудің қыр-сырын жақсы үйрене бастаған соң, компьютер сатады. Сатқанда да, нағыз саудагер сияқты.

Арман 15 жаста болғанда Қазақстандағы ірі банктердің бірі банкротқа ұшырап, компьютерлерін сол банктен сатып алып, оны сататын дүкенін ашады да нарықтағы бағасына сай, 20 мың теңгеге қайта саудалайды. Ауылдағы ақшасы жоқ ағайынға бір компьютерді бір қозылы қойға айырбастап, әлгі қойдың етін қалаға әкеліп, 30 мың теңгеге сатқан. Таза пайдасы – бір миллион теңгені ата-анасына ұстатқан.

– Қазір балалар ҰБТ-ны жаттап тапсырады. Бәріне топырақ шашпаймын, бірақ бір жыл бойы "ҰБТ-дан құласаң, адам болмайсың" дегенді естіген бала, басқа не істейді? "Құлап қалмайын" деп, қорыққаннан түсінбегенін жаттай береді. Менің әуел баста Ресейдегі оқу орнына түскенімнің бір себебі – ҰБТ-дан құладым. Өйткені, менің жадым нашар, жаттай алмаймын. Бұл әзіл әрине, өзім жаман оқығаннан кейін тест тапсыра алмадым, – дейді Арман.

Бір сөзбен айтсақ, Арман әр баланы икемдеп, тұлға қылып шығаруға болады дейді. Яғни, бала математика пәнінен үлгере алмай жатқанмен, суретке қатты қызықса, математикадан емес, сурет пен сызудан репетитор жалдау керек. "Болашақта бұл бала әйгілі суретші болар еді", – дейді Арман.

Әкесінің тәрбиесі: "Айдостың ұлы" деген жаман атағымды шығара көрме!"

Арман – үйдің үлкені, әке-шешесі ешқашан бай болмаған. Әкесі – табылған жұмыстан қашпайтын адам болса, анасы – аспаз. Қаражат таппай қиналған сәттері көп болса да, ата-анасы Арманның керегін алып беретін. "Әке-шешем бай болмаса да, мені қазір осындай дәрежеге жеткізген тәрбие берді", – дейді Арман ата-анасы туралы.

– Компьютерге қатты қызыққанымды айттым ғой. Бұзылған техниканы жөндеу үшін оны ұстап көру керек. Ал, менің өз компьютерім болған жоқ, сондықтан, мектептегі компьютер сыныбына көп баратынмын. Соны көрген ата-анам ақшадан қысылып жүрсе де, маған компьютер алып берген. 2000 жылдардың басындағы дағдарыста компьютер дегеніміз – ауылдағы әркімнің-ақ арманы еді. Осылайша, ата-анам менің бетімнен қақпай, жол сілтеді, – дейді Арман.

Жалпы, кәсіпкер ата-ана баласына байлық бере алмаса да, жақсы тәрбие беруге міндетті деген ойда. Өзі де болашақ балаларына дәулетін емес, есте қалар ақылы мен тәрбиесін мұра еткісі келеді.

"Әкем маған қандай іс бастамасам да, "Әй, Арман, "Айдостың ұлы сүйтіп кетіпті, Айдостың ұлы алдап кетіпті" дегенді естірте көрме! Не істесең де, мақсатың мен адамдарға адал бол" деп өсірген. Кейде ойлаймын, ата-анам маған осы тәрбиесін емес, ақша беріп өсірсе, мен көп баланың бірі болып қалар едім. Осындай армандарға, осындай жетістіктерге жете алмас едім. Олардың ақша табамын деп қиналған сәттерін көрмегенде, мен өзімді қамшыламас едім..."

Қазақ бизнесмендері қандай?

Арман Тосқанбаевпен сұхбаттасқан күні, қазақ қоғамында әлемдегі ең бай, өте атақты бизнесмендердің бірі Билл Гейтстің суреті "хит" болып жатқан еді. Миллиардер Гейтс көше бойындағы тез тамақ дайындайтын дүңгіршектің жанында кезегін күтіп тұр. Әлдекімдер бұны суретке түсіріп алып, желіге таратады. Қазақ бизнесмендерінің жеке көліктің неше атасын мініп, жеке жүргізуші ұстап, зәулім сарайда тұрып, шетелде қыдырып, қымбат ресторандарда ас ішетініне көзіміз үйренген бізге бұл түсініксіз көрінді. Билл Гейтсің қылығы қарапайымдылықтың теңдесіз үлгісі емес пе?! Арманнан "қазақ бизнесмендерінің өмір сүру салты туралы не айта аласыз?" деп сұрадық.

– Ештеме айта алмаймын. Жалпы, мен неге біреудің өмірі туралы айтуым керек? Бұл – өсектеу болады...Тек өзім туралы айтайын. Біріншіден, маған сіз айтқан қымбат дүниелер қызық емес. Әдемі машина, қымбат киімге қызықпаймын. Өлшемі дәл келсе, бағасына қарамай, сатып ала беремін. Зәулім үйлер де қызықтырмайды. Мені жаңа бизнестік жобалар, жаңа бизнес идеялары қызықтырады. Міне, осылардан мен ешқашан ақша аямаймын. Соңғы жылдың машинасын, мәрмәр үй алғанша, мен ақшамды келесі бір қызықты жобаға құямын. Бәлкім, азарт шығар. Бірақ, бастаған жобамның нәтижесін көргенде, одан сайын шабыттанамын, – дейді Арман.

Оның айтуынша, қазір жас кәсіпкерлердің портреті өзгеріп келеді. Байлықтан гөрі білімді, ақшадан гөрі мақсатты алға қоятын қыз-жігіттер кездеседі, дейді ол.

"Билл мен Марк сияқты жомарт адам болуға дайынмын"

Арманмен батыстың танымал бизнесмендеріне тән қасиеттердің бірі – қайырымдылық туралы да әңгімелестік. Сол Билл Гейтс те, жап-жас Марк Цукерберг те қаражаттарының көбін қайырымдылыққа жұмсайды. Тіпті, өмірден озғаннан кейін де олардың ақшасы мұқтаждарға көмек болмақ.

– Сіз әрине, әлемдік дәрежедегі қайырымдылық туралы айтып отырсыз. Мен қайырымдылықтан ешқашан қашпаймын, бірақ, бұл жүйелі түрде болу керек. Әрине, әр-әр жерден көмек сұрайтын адамдарды қолымнан келгенше қаржылай демей аламын. Әлемдік бинесмендер сияқты қайырымдылық жасағым келеді. Менің ұстанымым сол. Әбден аяққа нық тұрып алған соң, жүйелі түрде қайырымдылық жасап тұруға болады. Әзірге, өте мол ақша шығарып, қайырымдылық жасауға дайын емеспін, – дейді Арман.

"Пиарға бір теңге де жұмсаған жоқпын"

Қарапайым халықты білмеймін, Арман Тосқанбаевты журналистер жақсы біледі. Кәсіпкерден бір күнде сұхбат алып отырған екінші журналист екенмін. Бірақ, Арман пиарға ешқашан ақша төлеп көрмеген.


Арман Тосқанбаев ҚР Президентімен бірге

– Тәуелсіздіктің құрдасы болғаннан кейін бе, жас кәсіпкерлердің аздығы ма, журналистердің көбі өзі хабарласып, сұхбат алып жатады. "Жетістікке жеткен тәуелсіздік құрдастары" немесе "100 жаңа есім" деп телеарналар мен радиода, газеттер мен агенттіктерде қонақта көп боламын. Ал, жалпы, пиарға ешқашан ақша төлеген жоқпын, – дейді ол.

Қаптап кеткен бизнес-тренерлер туралы

"Сыртқы мотивацияға сенбеймін және оған жүгінбеймін. Біреулер мотивация жинау үшін жақсы бір кітап оқиды, біреулер бизнес тренерлердің семинарларына барады. Менің ойымша, ол мотивация бір-екі күндік, ұзаса, бір аптаға жетер. Одан кейін адам қалыпты өміріне қайта түседі. Мен бұл үрдісті қате деп есептеймін. Адамның ішкі мотивациясы ғана оны алға жетелей алады. Ал, ішкі мотивация нәтижеден келеді. Адам қолға алған жұмысынан нәтиже көрген сайын шабыттанады. Сондықтан, нәтижеге ұмтылу керек"

"Идеясы мықты жастарды іздеймін"

Informburo оқырмандарына Арман мынаны жеткізуді сұрады. "Арман Тосқанбаев әрдайым жаңа идеяларды іздейді. Және де идеясы бар жастарды өз командасына шақырады. Ойыңызда жақсы жоба болса, тіпті, бір саланың тәжірибелі, мықты маманы болсаңыз, мен кездесіп, идеяны талқылап, қолдауға дайынмын".

Арманның сөзіне мысал келтіре кетейік. 2018 жылы Арман Тосқанбаевқа сәулетші екі жігіт жолығады. Ғимараттарды жобалайтын екеуінің тәжірибесі 5-10 жылдың арасы. Бірақ, ешқашан бизнеспен айналыспаған, жеке кәсіпті бастаудан қорқады. Кәсіби маман екендерін көріп, қолдарынан іс келетінін түсінген Арман екеуіне көмектеседі. Өйткені, Арманның ойынша, нағыз мамандармен бизнес бастау оңай. Осылайша, екі-үш айдың ішінде екі жігітті үйретіп, аяққа тұрғызған. Қазір олардың бір айлық табыс айналымы – 5 пен 15 миллион теңгенің арасы.