Қала әкімінің мәліметіне сүйенсек, 10 айдың нәтижесі бойынша экономиканың барлық салаларында оң серпін байқалады.

Соның ішінде өнеркәсіп 5,1%, инвестиция 3,1%, бөлшек сауда 11,8%, көтерме сауда айналымы 1,3%, құрылыс 3,2% өскен. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 8,8 пайызға ұлғайып, 1 млн 552,5 мың шаршы метрге жеткен. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 11,8 пайызға көбейіп, 1 трлн 659,3 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде өткен жылмен салыстырғанда республикалық бюджетке түскен қаражат 13,7%-ға, жергілікті бюджет кірісі 5,5%-ға ұлғайған.

Жалақының өсімі соңынан санағанда екінші орында

Қала әкімінің мәліметінше, 3-тоқсанда атаулы орташа айлық жалақы 220 мың теңгеден асты. Нақтырақ айтқанда, Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, оңтүстік астанадағы атаулы жалақының орташа көрсеткіші 222 013 теңгені құраған. Бұл республика бойынша Атырау, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі төртінші орын. Дегенмен, атаулы жалақының өсім қарқыны бойынша Алматы қаласы соңынан санағанда екінші орында. Былтырдан бері көрсеткіш бар болғаны 12,3 пайыз өскен. Бұдан төменгі көрсеткіш Маңғыстау облысында ғана. Бұл өңірдегі жылдық өсім 8,8 пайызды құраған.

Жұмыссыздар қаласы

Алматы қаласында жыл басынан бері 40,4 мың жаңа жұмыс орны ашылып, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында 19 мың адам тұрақты жұмыс тапса, 6 мың адам уақытша жұмысқа орналасқан.

Оқи отырыңыз: Елдің батысы екпеге қарсы. Вакцинанцияны міндеттеу кімнің құқығын шектейді?

Жалпы, жұмыссыздықпен күресу үшін қала әкімі NEET санатындағы жұмыс істемейтін азаматтар мен жастар үшін базарларда, вокзалдарда, жәрмеңкелерде 12 мобильді жұмыспен қамту орталығының ашылғанын жеткізді. Сондай-ақ, тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (505 мың теңге) гранттар бөлінетіні айтылды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі біршама қысқарғанымен, жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Алматы қаласы әлі де көшбасшы қатарында. Оңтүстік мегаполистегі жұмыссыздық деңгейі республикалық мөлшерден анағұрлым көп, 5,1%. Естеріңізде болса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 5,5%, 2018 жылы 5,2% болған еді.

Тұрғындар үшін ең маңызды мәселелер

Қала әкімінің айтуынша, шаһар инфрақұрылымын жаңғыртудың шұғыл мәселелерінің тізбесі белгіленген.

  • Сумен қамтамасыз ету. 23 шағын аудандағы 105 мың тұрғынды сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бойынша барлық жұмыстарды 2023 жылы аяқтау жоспарланған.
  • Көшені жарықтандыру. Бүгінде 208 көшеге шам тартылған. Келесі жылы тағы 1176 көшеге жарық берілмек.
  • Аулаларды абаттандыру. Жылдың басынан 672 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қазір абаттандырылған аулалардың үлесі 55%-ға жетті. 2020 жылдан бастап "Менің аулам" ауқымды бағдарламасы аясында алдағы 2 жылда аулаларды абаттандыру 100% аяқталмақ.
  • Жол құрылысы. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 75%-ға жеткізу көзделген. Қазіргі таңда 231 көшедегі 54 шақырым жолдың құрылысы аяқталды. 134,8 шақырымдық 147 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы шеткі аймақтарда қосымша тағы 120 шақырым жол салу басталмақ.
  • Қоғамдық көлік. "Алматылықтардың өтінішін орындай отырып, қоғамдық көлік санын арттырудамыз", – деген әкім коммерциялық құрылымдар 172 автобус сатып алғанын жеткізді. Оның айтуынша, әкімдіктің қаражаты есебінен газбен жұмыс істейтін тағы 260 автобус сатып алынды. Осылайша, жаңартылған автобус паркінің үлесі 90%-ға жеткен. Сонымен қатар, қаланың барлық троллейбус желісін жаңғырту жұмыстары басталды.

Соңғы бес жылда бес-ақ мектеп салынған

29 қазандағы жұмыс сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектептер мен балабақшаларда орын тапшылығын атап өтіп, нақты тапсырмалар бергені белгілі. Қазір қала мектептеріндегі орын тапшылығы 30 мыңға жетеді. Ал балабақшалардағы орын тапшылығы 20 мыңнан асады.

"Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша мектептер салу бағдарламасы әзірленді. Алдағы 2 жылда 12900 орынға 8 мектеп салынатын болады", – деп уәде берді әкім.

Оның айтуынша, 2020 жылдың басында 790 орындық 5 балабақша, оқу жылының басында 1800 орындық 2 мектеп, мектептердің жанынан 2017 орындық 5 жапсаржай пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 2020-2022 жылдары жеке инвестициялар есебінен 2240 орындық 4 мектеп, 8000 орындық 300 балабақша ашу жоспарланып отыр.

"Осылайша, 2 ауысыммен оқитын мектептердегі орын тапшылығын 30 мың орынға, балабақшалардағы кезекті 10 мың орынға азайтуға мүмкіндік туады", – деді әкім.

Әкімнің айтуынша, соңғы бес жылда қалада бар болғаны 5 мектеп қана салынған екен.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың басым бөлігінің жалақысы азық-түлік алуға жетпейді

Медициналық жабдықтардың үштен бірі ескірген

"Медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін қаланың барлық медициналық мекемелеріне аудит жүргізілді. Медициналық ұйымдарда 30 мыңнан астам медициналық жабдықтар бар, олардың 10 мыңы ескірген", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Әкімнің айтуынша, осыған байланысты әрбір медициналық ұйым мен аудан бойынша жабдықтарды жаңартудың үш жылдық жоспары дайындалды. Медициналық жабдықтарды сатып алуға 60 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалатын болады. 2020 жылы 20 млрд теңгеге медициналық техника сатып алынады. Сондай-ақ, "қадамдық қолжетімділік" қағидатына сәйкес, 35 дәрігерлік амбулаториямен қамтамасыз етудің 3 жылдық жоспары әзірленді. Бүгінгі күнге соның жетеуі ашылды. Жылдың соңына дейін үшеуі ашылмақ.

Алматыда жедел жәрдем 13 минутта жетеді

"Қараша айында жедел медициналық көмек қызметінің жаңа станциясы іске қосылды. Осының арқасында дәрігерлік бригадалардың қала шетіне жету уақыты бұрын 25 минут болса, қазір 11-13 минутқа дейін қысқарды", – деді әкім.

Жедел жәрдем желісіне 38 жаңа көлік берілген. Келесі жылы тағы 75 санитарлық автокөлік сатып алу жоспарда.

"Осылайша, 2020 жылы бұл қызметтің жабдықталуы 100%-ға дейін жететін болады", – деді шаһар басшысы.

Полицияның материалдық жабдықталуы Алматыда ең жоғары

"Біз полицияның материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартудамыз, ол қазірдің өзінде ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады – 87%. Жақын арада қала полициясына тағы 85 жаңа автокөлік беріледі", – деді әкім.

Оның айтуынша, ашықтықты қамтамасыз ету үшін қаланың барлық аудандарында полицияның 13 фронт-кеңсесін ашылып жатыр. Мұнда келушілерге қолайлы жағдай жасалған, "бірыңғай терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, қала көшелеріне жақын арада "Сергек" бейнетіркеу жүйесінің 707 бекеті орнатылады, жыл соңына дейін тағы 400, 2020 жылы 307 бекет орнатылмақ. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар қылмыстың санын 10,2%-ға азайтуға және қылмыстың ашылуын 26%-дан 30%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Оқи отырыңыз: Су мен кәріз қызметақысын төлемеген алматылықтардың мүлкі тәркіленеді

Әрбір үшінші алматылық шағын және орта бизнесте еңбек етеді

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлік алматылықтардың үштен екісін жұмыспен қамтыса, салықтардың 63%-ын береді.

"Шағын бизнестің корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке берілгеннен кейін қала экономикасындағы шағын және орта бизнестің маңыздылығы арта түсті. Сондықтан қала әкімдігі азаматтарды кәсіпкерлік қызметке кеңінен тарту мәселесіне айырықша көңіл бөліп отыр", – деді әкім.

Әкімнің айтуынша, "Алматы Бизнес 2025" кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік жаңа бағдарламасы әзірленді. "Qoldaý" кәсіпкерлік орталығы құрылды. Қаланың 5 ауданында оның филиалдары жұмыс істейді. Мұнда бизнесмендер "бір терезе" қағидаты бойынша 525 мемлекеттік қызмет түрін ала алады. Бұл қызметтерді алу мерзімін біршама қысқартып, олардың қолжетімділігін арттырады. Бизнес үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін арттыру мақсатында "Алматы" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы базасында Almaty Finance компаниясы және "Almaty" микроқаржы ұйымы құрылды. 2019 жылдың өзінде жалпы капиталдандырылуы 3 млрд теңгені құрады.

Кәсіпкерлерге 2 пайыздық несие беріледі

Бұл ретте, қаланы тепе-тең дамыту үшін сараланған мөлшерлеме қолданылады: көпбалалы отбасылар мен өндірістік парк резидентері үшін – 2%, қалған аудандарда – 7%. Әкімнің айтуынша, шағын және орта бизнес жобаларын екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландыру үшін "Даму" қорымен бірге тепе-теңдік негізде қосымша 2 млрд теңге бөлінді. Келесі жылы тек осы бағыттың шеңберінде тағы 10 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

"Жалпы, шағын және орта бизнесті қаржылық қолдау көлемін биылғы 4,5 млрд теңгеден келесі жылы 30 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Жылдың соңына дейін көп балалы аналарға 1000-нан астам грант және 150-ге жуық шағын несиені жылына 2 пайыздық жеңілдікпен беруді жоспарланып отыр.

"Бұл жұмыс алғашқы нәтижелерін де бере бастады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10 айда 8,9%-ға өсіп, 190 мыңнан асты", – деді әкім.

Алматы әлемнің ең үздік 100 қаласының қатарына енуге ниетті

"Құрылымдық жұмыстарпдың басты мақсаты – қала мен әрбір алматылықтың әл-ауқатын арттыру үшін берік экономикалық база құру. Алда – қаламыздың өмір сүру сапасы мен бизнесті жүргізу шарттары бойынша әлемнің ең үздік 100 қаласының қатарына кіруі жөніндегі батыл міндет тұр", – деді әкім.

Ол үшін үш құжат қабылданған:

Бірінші құжат: 2020-2024 жылдарға арналған "Жаңа Алматы" кешенді жоспары. Ол мегаполистің шеткі аймақтарының инфрақұрылымдық проблемаларын шешуге бағытталады. Жоспарды орындау қала тұрғындарының мектептерге, ауруханаларға, бала бақшаларға, көшелер мен аулаларды жарықтандыруға, сумен қамтамасыз етуге байланысты негізгі қажеттіліктерін шешуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта алдағы бес жылда 800 млрд теңгеден астам қаражат инфрақұрылымға инвестицияланады.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар енді таңдаған емханаларына тіркеле алмайды

Екінші құжат: Алматы агломерациясын дамытудың өңіраралық жоспары немесе біз оны "Үлкен Алматы" деп те атайды. Бұл құжатты Алматы қаласы мен Алматы облысы бірігіп әзірлеген. Қазір Үлкен Алматыда – яғни қала маңындағы аудандарды қосқанда 3 млн адам тұрады. Әкімнің айтуынша, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 млн-ға жетеді.

"Алматының күндізгі тұрғындары қазірдің өзінде қала маңынан қатынайтындармен 500 мыңнан астам адамға көбейіп келеді. Сонымен қатар, қалаға күн сайын 250 мыңға жуық автокөлік кіреді", – деді әкім.

Әкімнің айтуынша, Үлкен Алматы үшін басты қатердің бірі – халық санының жылдам өсуі, осыдан шығатын тағы бір қатер – тұрғын үй проблемасы.

"Осы мәселені шешу үшін біз таяудағы 5 жылда тиісті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдары бар 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз", – деді әкім.

Әкімнің айтуынша, қала басшылығы Алматы облысымен бірлесіп, мектептер, бала бақшалар, емханалар, медициналық жедел жәрдем бекеттері, ауруханалар салынатын жер алқаптарын анықтаған. Үлкен Алматыны дамытудағы тағы бір ерекше мәселе – көлік инфрақұрылымы. Жоспар аясында Үлкен Алматы айналма автожолына 6 көшені қосу көзделген. Көлік қатынасын ұйымдастыру қала аумағында 3 көлік-алмастыру хабын, облыстың 5 елді мекенінде автобекеттер салуды көздейді. Жақын арада батыс және шығыс бағыттарда – Ұзынағаш, Қаскелең, Талғар және Есік елді мекендеріне қатынайтын электр пойыздарының қозғалысын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Агломерация шеңберіндегі бірлескен жұмыстың маңызды бағытының бірі – бұл азық-түлік белдеуін ұйымдастыру. Алматы жыл сайын 1 млн. тоннадан астам өнім тұтынады, соның 60%-ы Алматы және Алматы облысы компанияларының еншісінде. Өнімді өндіру, қайта өңдеу және сақтау бойынша коммерциялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Қаланың төңірегінде 4 көтерме-тарату орталығы, 2 ет комбинаты, 7 жылыжай, 2 сүт фермасы салынатын болады.

Үшінші құжат: "Алматы-2050" ұзақ мерзімді даму стратегиясы.

Құжат бойынша қаланы дамытудың 7 негізгі стратегиялық бағыты анықталған. Атап айтқанда:

  1. Шеті жоқ қала, онда барлық аудандар бірдей жақсы дамыған және бәрінде де өмір сүру деңгейі жоғары. Алматы көп орталықты негізде дамитын болады және қаланың әртүрлі бөліктеріндегі бірнеше аймақтарда шоғырланады, олар әр алуан тығыз құрылыс салынған жеткілікті деңгейде жинақы болады. Олар транзиттік-бағдарлық даму қағидаты бойынша қоғамдық көліктің тармақталған және көп модалы желісімен өзара байланысады.
  2. "Ақылды қала", жоспарлау мен құрылыс жүргізуде, тұрғын үймен және коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуде, қауіпсіздік, көлік, білім беру, халықтың денсаулығы, қаланы тұрғындармен бірлесіп басқару салаларында үздік әлемдік смарт-тәжірибелерді қолданатын шаһар.
  3. Тең мүмкіндіктер қаласы – жасына, жынысына, ұлтына, денсаулығына және мәртебесіне қарамастан кез келген адам әлеуметтік игіліктерге тең қол жеткізе алатын, сондай-ақ қаланы басқаруға қатыса алатын инклюзивті қала.
  4. Қауіпсіз қала, қылмыстық қол сұғушылықтар, жол-көлік оқиғалары, төтенше жағдайлар тәуекелдері барынша азайтылған мегаполис.
  5. Жасыл қала – өзінің барлық ресурстары мен табиғи игілігіне ұқыпты қарайтын, өмір сапасының жаһандық рейтингі бойынша үздік 100-діктер қатарына кіретін, ауасы таза, жасыл желегі мол бақ-қала.
  6. Жаһандық іскерлік орталық, ірі халықаралық ұйымдар мен корпорациялардың өңірлік кеңселерін орналастыру үшін тартымды, Жаңа Жібек жолындағы маңызды көліктік-логистикалық және туристік хаб болатын шаһар.
  7. Мәдени креативті қала – бүкіл әлемнен инвестициялар мен таланттарды өзіне тартатын инновациялар мен "білім экономикасының" жаңа индустриялары орталығы.