Биыл мүлік салығын жекеменшік үй мен пәтер иелері неге төлемейді?
Өзгеріс жаңа Салық кодексіне байланысты екен
Салық туралы кодекске өзгертулер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты жеке тұлғалар үшін мүлік пен жер салығын төлеудің мерзімі өзгеріпті. Анығында, бір жылға кері шегерілген.
Сонда қалай болады? Ол туралы кейінірек тармақтаймыз, алдымен салықтағы өзгерістерге қатысты кейбір жәйттерге тоқталайық. Сонымен, Мемлекеттік кірістер департаментінің бізге ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, биылдан бастап...
Бірнеше үйіңіз болса...
Меншіктік құқық бойынша 2016 жылдың 31 желтоқсанынан кейін мемлекеттік тіркеуден өткен бірнеше адамның меншігіндегі нысандар бойынша салықты меншік иесінің біреуі ғана төлейді.
Сондықтан, осыдан былай бірнеше адам иелік ететін меншік құқығын мемлекеттік тіркеуден өткізгенде, өзара келісіп, салық төлеуге жауапты адамды көрсету керек.
Салық кодексіне енген өзгертулер жер және мүлік салығына қалай әсер етті? Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бұл салықты қалай төлейді? Енді соған жауап іздейік...
Жалға берілетін пәтер үшін
Жалға баспана беретін жеке кәсіпкерлер де нысан орналасқан мекен-жай бойынша әр жылдың бірінші қазанына дейін салық төлеуі тиіс. Яғни олар да 2017 жылдың мүлік салығын жеке тұлғалармен бірге 2018-дің қазан айында төлейді.
Сонымен қатар, жеке тұлға ретінде тұрғын үйін жалға беру арқылы көретін табысы – азаматтың мүліктік табысы болып есептеледі. Яғни, жалға баспана беріп отырған азаматтар салықты жеке тұлға ретінде төлейді де, жалға беру арқылы кірген кіріс көлеміне қарай табыс салығын (подоходный налог) төлейді. Онда өзгеріс жоқ.
Табыс салығы бойынша декларацияны (240.00 салық есептеу формасы – ФНО) тұрғылықты мекен-жайы бойынша салық органына 31 наурызға, келесі жылдың салық мерзіміне дейін өткізуі тиіс. Яғни, сіз 2017 жылдың табыс салығын 2018 жылдың 31 наурызына дейін өткізуіңіз керек, 2018 жыл келесі салық мерзімі болып саналады.
Енді мүлік салығын оған иелік еткен мерзімге ғана төлейсіз
Азаматтардың мүліктері бойынша салықты есептеу келесі салық мерзімінің бірінші шілдесіне дейін жүргізіледі.
Бұл жерде мүлік меншік иесіне тіркелген уақыттан бастап келесі салық мерзімінің бірінші қаңтарына дейінгі уақыт аралығына төлейді, яғни иелік еткен нақты мерзіміне ғана төленеді. Салық төлеушінің тұрғылықты мекен жайына емес, салық алынатын мүліктің орналасқан мекен жайына сәйкес алынады.
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлік салығын салық базасының пайыздық мөлшерлемесін қолдана отырып өздері төлейді.
Кодексте ескерілмеген басқа жағдайда заңды тұлғалар мүлік салығын салық базасының 1,5 пайыздық мөлшерлемесімен есептейді.
Ал келесі төлеушілерден салық базасының 0,5 пайыздық мөлшерлемесімен алынады:
1) жеке кәсіпкерлер;
2) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар.
Басқа, кодексте көрсетілмеген жағдайда, бухгалтерлік есеп бойынша анықталатын салық салынуы тиіс нысандардың орташа жылдық баланстық құны алынады.
Концессия объектiлерiнiң орташа жылдық баланстық құны болмаған жағдайда, салық базасы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен айқындалған осындай объектiлердiң құны болып табылады.
Салық кодексіндегі өзгертулердің артық тұстары қандай?
Бастысы, 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бері тұрғын нысандары бойынша жеке кәсіпкерлер 700.000 салықтық есеп формасын (ФНО) тапсырмайды.
Яғни, жеке кәсіпкер жалға берген пәтер үшін де жеке тұлға сияқты бірінші қазанға дейін мүлік салығын салықтық есеп формасыз төлейді.
Екіншіден, жеке тұлғалар үшін жер мен мүлік салығын төлеу мерзімі өзгерді. Биылдан бастап жылжымайтын мүлік иесі салықты жыл аяқталғаннан кейін төлейтін болады.
Осылайша 2017 жыл үшін жеке тұлғалардың жер мен мүлік салығы 2018 жылдың бірінші шілдесіне дейін толық есептеліп, төлеу мерзімі осы жылдың бірінші қазанына дейін ұзартылды.
Яғни, егер 2016 жылға дейін мүлік не жер салығы бойынша қарызыңыз болмаса, биыл салық төлемейсіз.
Мүгедектерге де жеңілдік бар
Үшінші топтағы мүгедектер меншігіндегі барлық мүліктің жалпы құнынан 1500 АЕК еселенген мөлшері шегінде мүлік салығынан босатылды. Тек жылжымайтын мүліктерін жалға берген жағдайда ғана, салық төлеугі міндетті.
Сонымен қатар, құрылысы аяқталмаған жағдайда ол салық төленуі тиіс нысандар қатарынан алынып тасталды. Яғни, салынып бітпеген мүлік үшін салық төленбейді.
Сондай-ақ сақтандыруға байланысты алынған өтемақылар азаматтардың кірісі болып саналмайды да, шетелдік валютамен түскен мүліктік кіріс теңгемен есептеледі.
Мүлік салығының мөлшері өзгермейді
Мемлекеттік кіріс департаментінің сайтынан және "Мүлік салығы, жеке тұлғалардың жер салығы туралы ақпарат" электронды қызметтерінен жыл бойы жеке тұлғалар үшін мүлікке салынатын салықтардың есептелген сомалары туралы ақпаратты біле аласыз.
Бұдан басқа, елорда тұрғындарына хабарлау үшін салықтардың есептелген сомалары туралы ақпарат бірыңғай коммуналдық төлем құжатына енгізілген.
Сонымен қатар, биылдан бастап салық төлеуші салық мекемелеріне ұялы телефон нөмірін не электронды пошта адресін жазбаша ұсыну арқылы, алдағы уақытта қызметтің өзіне ыңғайлы түрін таңдауына болады.
Салықты екінші деңгейлі банктерде және Қазпочта бөлімшелерінде төлеуге болады.
Салық кодексінің 408 бабына сәйкес жеке тұлғалар үшін мүлік салығының мөлшерлемесі өзгеріссіз қалып отыр.Әр кешіккен күніңіз үшін өсімпұл жүреді
Егер жер мен меншік салығы міндеттемелерін уақытылы орындамаған жағдайда. Ол салықты төлеу мерзімі біткеннен кейінгі күннен басталады. Өсімпұл мөлшерін мына формула бойынша немесе Мемлекеттік кірістер комитеті сайтына кіріп есептеуге болады.
Өсімпұл = (берешек сомасы х 0,1025 х 2,5 х күндер саны) / 365.