Биыл "Алтын белгі" иегері атанған түлектердің басым бөлігі Түркістан (1 856), Алматы (1 432) қалалары мен Шығыс Қазақстан (738) облыстарында мектепті бітірген.

"9 738 үміткер қорытынды аттестаттау барысында өз білімдерін дәлелдеп, "Алтын белгі" иегері атанды. Бұл түлектердің жалпы санының 6,2% құрайды. Мектеп оқушыларының саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты, жақсы көрсеткіштерге жеткендердің саны да өсіп жатыр", – деді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.


Оқи отырыңыз: "Алтын белгі" иегерлері неге мұғалім болғысы келмейді? Министр түсіндірмесі


"Алтын белгіге" үміткерлердің емтихан жұмыстарын мектептер емес, білім басқармалары жанындағы комиссиялар қарады. Комиссия құрамына білікті әрі тәжірибелі пән мұғалімдері кіреді. Құрылған комиссияның шешімінен кейін ғана оқу озаттарының тізімі бекітілді.

Жалпы биыл қазақстандық оқушылар әлемдік зияткерлік байқауларға қатысып, 67 алтын, 125 күміс және 195 қола медаль жеңіп алды. Қазақстан әлемнің 110 елінің арасында бейресми командалық есепте үздік отыздыққа кірді. Салыстыру үшін: 1998 жылы Қазақстан 50-орында болған еді.