Қазақтың бұрынғы тойы мен бүгінгі тойының арасы жер мен көктей. Мәні мен мазмұны өзгерген той дәстүрлерінің бірі – беташар. Өкінішке қарай, "бүгінгі заманға бейімделген" беташар шоуға айналып кетті. Беташарды ақша табудың жеңіл әдісі ретінде көретіндер тарихи салттың маңызын тым құлдыратып жіберді.

Дәстүрге сай қазақ беташары қалай өтетін?

Ұясынан ұзатылып, жасау-жабдығымен келген қыз түскен үйіне бірден кіре салмайды. Жаңа үйге кірер алдында бірінші кезекте беташар рәсімі жасалады. Сосын оң аяқпен босаға аттап, от жаққан жерге құрмет білдіреді.

Беташар жасаудың барысы (хронологиясы):

  • Ең алдымен қыздың ата-анасынан беташар жасауға рұқсат сұралады.
  • Екінші кезекте беташар жасайтын адам таңдалады. Келіннің бетін шешен, сыйлы да сыралғы азамат ашуы керек.
  • Үшінші кезекте сәлем салған келіннің екі қолтығынан сүйеп, бірге сәлем салып тұратын екі жеңгесі дайындалады. Жеңгелер "жаңа келін де абысындары секілді тәрбиелі, отбасына сыйымды болсын" деген ырыммен таңдалады.
  • Төртінші кезекте беташар жасайтын орын таңдалады. Әдетте үй алдындағы таза алаңқайды белгілейді. Бет ашатын жердің қарсы жағында не қанаттас екі жағында сол әулеттің үлкен-кішісі тізіліп отырады немесе түрегеп тұрады.
  • Бесіншіден беті жаулықпен немесе шәлімен бүркелген келінді екі жеңгесі қолтықтап ортаға әкелгеннен кейін жаулығының не шәлісінің ұшына жіп байлап, оны қамшының ұшына жалғайды да, бір ер балаға ұстатып қояды. Бала келінге қарсы сәл алыстау түрегеп тұрады. Ол беташар кезінде келін сәлем салғанда қамшының ұшын изектетіп көтеріп тұрады.
  • Алтыншыдан бет ашушы азамат домбырамен не домбырасыз дауыстап беташар жырын айтады.
  • Жетіншіден беташар соңында қамшымен не домбыраның сабымен келіннің бетін ашады. Келіннің енесі келіп маңдайынан иіскеп, шашу шашылады.
Беташарда қамшы ұстау нені білдіреді? "Көшпелі қазақ танымында қамшыдан зұлым қара күштер қорқып, жоламайды деген түсінік бар. Яғни, халқымыз "келіннің бетін жамандық ашпасын" деп ырымдап, оның бетін қамшымен ашатын болған. Кей жерде домбырамен де ашатын дәстүр бар. Қазақ үшін домбыра да өте киелі зат", – дейді этнограф Байахмет Жұмабайұлы.
Этнографтың айтуынша, беташар кезінде берілетін көрімдік шаңырақ көтеріп жатқан жас отаудың еншісі болуы тиіс. Оны бет ашатын адамның алуы мүлде дұрыс емес. Сондай-ақ, әулет үлкендерінің не өзге туған-туыстарының келінге "Тәңір жарылқасын!", "Бақытты бол!" деген сынды тілек айтып, атайтын сый-тартулары да жаңа отау иелеріне берілуі қажет.

Байахмет Жұмабайұлының айтуынша, бет ашу кезінде шашу шашылып, енесі келінінің маңдайынан иіскейді.

Оқи отырыңыз: Ошақ туралы. Жерошақ қоңырсыту және жерошақ бәйге

Неге маңдайдан иіскейді? Қазақта "Маңдайға біткен бағы екен", "Маңдайының бағы бес елі", "маңдайына жазылған тағдыры осы екен" деген сөздер бар. Сол себепті көшпелі түркілер, әсіресе, қазақтар үлкен-кішінің маңдайынан сүйіп, бата-тілек жасайтын болған.

Той иелері, яғни үйленіп жатқан жігіттің ата-анасы бет ашқан азаматқа "беташар жолы" ретінде шапан жабуы немесе басқа сый беруі мүмкін. Әйтеуір, құр қайтармайтыны анық. Алайда бүгінде келін бетін ашатын адамға рәсімнен түскен ақшаны беретін қате түсінік бар. Соған орай, беташар жырының мәнін бұзып, мақтау сөздермен рәсім қонақтарын беташар табағына ақшаны молырақ салуға мәжбүрлейді. Мұндай бұрыс үрдіс үйленген екі жасты несібесінен қағып қана қоймай, жақсы дәстүрдің сыйын кетіріп отыр.

Тойға жаңаша көзқарас қажет

Оқи отырыңыз: Стамбұлдағы қазақтар тойының жеті ерекшелігі

Беташармен бірге қазақ тойына да жаңашылдық қажет. Бірақ жаңаша көзқарас тарихи салт-дәстүрдің мән-мағынасын бұзбай, қайта жылдар желісінде жолдан енген қате түсініктерді жоюы қажет. Соған орай, этнографтың тойды тәртіпке келтіретін бес кеңесін беріп отырмыз:

  • Тойды сағат 23:00-ден кешіктірмей аяқтау керек. Сонда қонақтар тойға уақытында келуге тырысады (мұндай тәжірибе Қызылорда облысының Арал ауданында биылдан бастап сәтті жүзеге асып жатыр);
  • Толасcыз тілектің орнына 1-2 ақсақалдың батасын алу жеткілікті;
  • Үйленіп жатқан жастарды арнайы орынтаққа отырғызудың қажеті жоқ;
  • Аста-төк тамақты барынша азайту керек;
  • Астың батасы қайырылған соң ғана ән-биге кезек берген дұрыс.