Bek Air ұшақтарға техникалық қызмет көрсетілгені туралы жалған құжаттар әзірлегені анықталды
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Bek Air әуе компаниясы қызметін жоспардан тыс тексеру жұмыстарын аяқтады. Комитет хабарламасында:
"20 қаңтарда Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жұмыстарының алдын-ала нәтижесін жариялаған болатын. Әуе компаниясының ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесінің заңға сәйкес еместігі сол кездің өзінде белгілі болған еді. Тексеру нәтижесінде одан бөлек көптеген қателіктер мен кемшіліктер анықталды. Осы факторлар әуе компаниясы сертификатының уақытша тоқталуына себеп болып отыр" делінген.
Оқи отырыңыз: Bek Air ұшағының ұшу процесіне математикалық модельдеу жүргізілуде
Атап айтқанда, тексеру кезінде келесі қателіктер анықталған:
- авиациялық инцидентті жасыру;
- әуе кемесінің үлгісіне рұқсат алу үшін ұшқыштарды даярлау туралы жалған сертификаттарды пайдалану;
- ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді орындау туралы жалған құжаттар жасау.
Сондай-ақ, Bek Air әуе компаниясы 2019 жылдың 25 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкент қаласына ұшқан Fokker 100 UP-F1017 ұшағына қатысты жағдайдың негізгі себебін ашып көрсетпеген.
Оқи отырыңыз: Үкіметтік комиссия: Bek Air ұшағына мұз қатуы – оның апатқа ұшырауының негізгі нұсқасы
"Нұр-Cұлтан әуежайынан Шымкентке ұшып шыққан соң, командир ұшақтағы №1 гидрожүйенің істен шыққанын байқаған. Бұл – гидросұйықтықтың ағып кетуінен туындайтын жағдай. Мұның соңы шассидің алдыңғы тірегін басқару, жалғасқанатша, биіктік рулі, элерондар, реверс және ұшу кезінде басқа жабдықтардың істен шығуына әкеп соғады. Қиын жағдайға қарамастан, командир №2 авариялық гидрожүйені қолданып, ұшуды жалғастырған. Бірақ, жерге қонған соң, диспетчерге шассидің алдыңғы тірегінің істен шыққанына қатысты бас тарту ретінде жалған ақпарат берген" деп хабарлайды Қазақстанның авиациялық комитеті.
Bek Air қызметін жоспардан тыс тексеру нәтижелері әуе компанияға жіберілді. Егер қателіктер 6 ай ішінде түзетілмесе, компанияның пайдаланушы сертификаты мен ұшуға жарамдылық сертификаты кері қайтарылады.