"Бақытты отбасымен" баспаналы болғандар. 2%-бен үй алғандар не дейді?
Бағдарлама бойынша баспаналы болған елордалықтың бірі – Аққайың Сыздықова. Бұрын ата-енесімен бірге тұрған Абылай мен Аққайыңның енді өз шаңырақтары бар. Аққайыңның өзі №1 мектеп гимназияда хатшы болып қызмет етсе, жолдасы жеке компанияда жүргізуші болып жұмыс істейді.
– Өте қуаныштымын. Баспаналы адам ретінде өзімді сенімдірек сезіне бастадым. Бұның бәрі балалардың болашағы үшін ғой. Отбасымыздың өз пәтері болғанына қуаныштымын. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қолайлы шарттарына да ризамын, – дейді Аққайың Сыздықова.
Оқи отырыңыз: Алматылық көпбалалы отбасыларға "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша пәтер кілті табысталды
Төрт баласы бар көпбалалы отбасының айлық кірісі – 190 мың теңге. Абылай айына 130 мың теңге тапса, Аққайыңның айлығы 50 мың теңге. Оған қоса көпбалалы отбасыларына ай сайын Үкіметтен беретін 10 мың теңге бар. Биылдан бастап көпбалалы аналарға берілетін 21 теңгеге Аққайың ілікпей қалған екен.
Адам басына шаққандағы табыс 42 500 теңгеден аспауы керек
Бағдарламаға қатысу үшін отбасының әр мүшесіне келетін табыстың мөлшері 42 500 теңгеден аспауы керек. Мәселен, егер отбасы 6 адамнан тұратын болса, онда оның жалпы кірісі 255 000 теңгеден артық болмауы тиіс.
Ал кірістің "минимум" шегі жоқ. Бастысы соңғы алты айда тұрақты зейнетақы аударымы болып, жұмыс орнынан анықтама болса болғаны. Егер айлығыңыз ипотеканың ай сайынғы төлеміне жетпейтін болса, банк кепілгер сұрайды. Отбасы мүшесі болмаса, кез келген адам қосымша кепілгер бола алады. Ипотеканы Аққайың рәсімдегенімен, жолдасы оған кепілгер болды.
Оқи отырыңыз: "Бақытты отбасы"-мен баспана алу үшін үйдегі бір адамның табысы 42 500 теңгеден аспауы керек
Аққайың 50 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерін қолданыстағы үйден 15 млн теңгеге сатып алған. Он пайыздық алғашқы жарнаны Абылай мен Аққайыңға ата-аналары берсе, қалған соманы ай сайын 79 963 көлемінде төлейді.
1998 жылдан бері Нұр-Сұлтанда тұратын отбасы 2017 жылдан бастап әкімдікте үй кезегінде тұрған. Ол кезде Аққайың кезекте 17 мыңыншы болады. Кейін көпбалалы отбасыны жалпы кезектен алып тастап, арнайы кезек ашып, Аққайың екі мыңыншы болып тіркелген.
– "Бақытты отбасы" бағдарламасымен үй алу үшін құжат жинауды 17 шілдеден бастадық. Арада бір айдай уақыт өткенде пәтердің кілті қолымызға тиді. Негізі банк ипотекаға мақұлдағаннан кейін өтінім берушіге болашақ баспанасын іздеп табуы үшін үш ай уақыт береді, – дейді Аққайың.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
"Жалдап тұрсақ, анағұрлым көп төлер едік"
Баспаналы болғандардың тағы біреуі – Еркінбек Әбуов. Ол – мемлекеттік қызметкер екен, төрт қызы бар. Еркінбек Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданында қыздарының мектебінің жанынан 14 млн теңгеге 2006 жылы салынған 50 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер тапқан. Үй иесі басында пәтерін 15 млн деп сатуға қойғанымен, кейін бағаны түсірген.
– "Бақытты отбасы" туралы алғаш жаңалықтардан естігеннен кейін айына екі-үш реттен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қоңырау шалып, бағдарламаның қашан ашылатынын сұрап отырдым. Бағдарлама іске қосылғаннан кейін алғашқылардың бірі болып, 19 шілдеден бастап құжат жинауға кірістім. Несие бойынша ай сайынғы төлем мөлшері 74 600 теңгемен құрап отыр. Егер сол үйді жалдап тұрсақ айына 100-110 мың теңгеден төлер едік, – дейді Еркінбек.
Оқи отырыңыз: "Жастарға – жаңа тұрғын үй бағдарламасы". Алматы әкімінің тұрғындармен кездесуінен репортаж
2011 жылы Жамбыл облысынан елордаға келген Еркінбек содан бері жалдамалы пәтерде, жатақханада да тұрған. Соңғы кезде туысқандарының да үйін паналаған екен.
– Әкімдікте кезекте тұрғанымыз болмаса, бүгінге дейін ешқандай мемлекеттік бағдарламаға қатысқан жоқпыз, – дейді Еркінбек.
Өтінімді кім бере алады?
Жалпы, "Бақытты отбасына" қатысатындардың үш санаты бар:
- Көпбалалы отбасылар;
- Толық емес отбасылар (ерлі-зайыптылардың біреуі жоқ);
- Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар.
Осы санаттағылардың бірі болса ғана өтінім беріп, үй ала алады.
Уақыт өте келе ай сайынғы төлем азаяды
Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Тоғжан Айылова 2011 жылы Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшіп келген. Содан бері пәтер жалдап тұрған. Үш баласы бар Тоғжанның ортаншы баласы Досымжан аутизмге шалдыққан екен.
Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?
– Айына 100 мың теңге шамасында пәтер жалдап тұрғаннан кейін айына 79 мың теңгеге ипотека рәсімдеу біз үшін, әрине, тиімді. Алғашқы сегіз жылда 79 мыңнан төлеп, кейінгі 11 жылда 57 мың теңгеден өтейміз, – дейді Тоғжан.
– Аталған үш санаттағы азаматтар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "Бақытты отбасы" бағдарламасының шарттарын жасау кезінде несие бойынша төлемнің жалдамалы пәтерге кететін төлем мөлшерімен шамалас болуын қамтамасыз етті. Бұған қоса, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі уақыт өте келе займ бойынша төлемнің төмендеуіне мүмкіндік беретіндіктен, отбасылық бюджетке түсетін ауыртпалық та азаятын болады, – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Орталық филиалы директорының орынбасары Жанар Изимбетова.
Оқи отырыңыз: 60 млрд теңге жеңілдетілген несие. Биыл "Әскери баспанамен" кімдер үй ала алады?
Мыңнан астам адамға қарыз мақұлданды
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мәліметінше, 13 тамыздағы деректе республика бойынша бағдарламаға қатысу үшін 3383 өтінім түссе, соның 1021-і мақұлданып, 14 қарыз рәсімделген.
Ал Нұр-Сұлтан қаласында жалпы саны 719 несиелік өтінім қабылданды. 253 отбасының өтінімі мақұлданып, қазіргі сәтте олар сатылатын үйді іздестіріп, қарап жүр.
"Бақытты отбасы" бағдарламасының көмегімен жаңа және қолданыстағы үйден пәтер немесе жер үй сатып алуға болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі беретін ең жоғары ипотекалық несиенің мөлшері Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында 15 млн теңге болса, ал қалған өңірлерде 10 млн теңгеге дейін. Қарыз алушы жылжымайтын мүлікті тұрғын үй үшін кезекте тұрған аймағында ғана сатып ала алады.