Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің мәліметінше, жыл басынан бері жаңа тұрғын үй бағасы 8% өссе, екінші нарықтағы баға 13% артқан. Бүгін кешке сағат 22.00-де 31-арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" бағдарламасы жүргізуші Ерқанат Көпжасардың осы деректі көпшілік назарына ұсынуынан басталды.

Баспана неге қымбат?

Экономист Мақсат Сералы зейнетақы қорындағы ақшаны алу баспана бағасының өсуіне әсер етті деп есептейді. Дәл осы кезеңде баға күрт көтерілген. Мәселен, Алматыда тұрғын үй бағасы орта есеппен 28% қымбаттады. Пәтердің шаршы метрінің орташа құны 488 теңгеге жеткен.

"Қаңтардан бастап бағаның ұдайы өсуіне бірнеше себеп бар. Маусымдық қымбаттау, оған қоса  құрылыс материалдары бағасының көтерілуі де себеп. Баға қымбаттайды, сосын түседі. Алайда, 28 пайызға қымбаттаған баға түскенде 2-3 пайызға ғана төмендейді", – деді ол.

Кәсіпкер Арман Байқадам бағаның түсуі 2007 жылғы ипотекалық дағдарыс кезінде ғана болғанын еске салды. Бұл – бүкіл банктер мораторий жариялап, құрылыс саласын қаржыландыруды тоқтатқан кез.

"Сол кезде екінші нарықтағы үйлердің бағасы доллармен шаққанда  50-60 пайызға түсіп кетті. Бірақ, бұл жерде шенеуніктердің ешқандай ерлігі жоқ. Керісінше, бағаны тұрақты ұстап тұра алмағандықтан, қаншама адам құрылыс саласына салған қаржысын ала алмай банкрот болды. Қызық жағдай, 2010 жылы құрылыстың шаршы метрін 71 мың теңгеге салудан бастағанбыз, қазір комфорт класс (төртінші класс) үйлердің шаршы метрі 260 мың теңге болса, біз кіріспейміз. 10 жылда баға 4 есе қымбаттады", – деп атап өтті ол.  

Бағдарлама қонақтарының талқысына құрылыс салатын жерге қатысты нарықтағы спекулятивті мәселелер де түсті. Анық болғаны, нарықта қолжетімділік 4-5 компанияда ғана бар екен. Яғни, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар қиындап кеткен. Арман Байқадамның түсіндіруінше, тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін бір ауданды түгел сатып алып, ол жерді тазалап, жаңадан үй салу қажет. Төңірекке балабақша, мектеп салынуы тиіс. Ал бұл секілді талаптарға санаулы компаниялардан өзгелердің шамалары келмейді. Орта бизнес өкілдеріне мүмкіндік жоқ.

Сонда қателік кімнен?

"Кез келген зат теріс ұйымдастырудан басталады. Мәселен, материалдың қымбаттауына өзімізде өндіріс болмауы себеп. Мен құрылыс саласында 15 жыл жұмыс жасасам, Қазақстанның арматурасын қолданып көпрмеппін. Тек Ресейдің арматурасын аламыз. Қазақстанның арматурасы бар, бірақ, білуімше, ол шетелге кетеді. Қазақстан нарығына кірмейді. Оларға біздің нарыққа емес, шетелге сатқан тиімді. Арматура құны 2,5 есеге өсті", – дейді кәсіпкер Арман Байқадам.  

Бұл ойды қуаттаған экономист Мақсат Сералы отандық өндірушілердің санын көбейту қажеттігіне тоқталды. Өндіріс иелеріне жаңа технологияларды үйрету керек.

"Соңғы 5 жылда көптеген құрылыс компаниялары шыға бастады. Алматы облысында, Қапшағайда көптеген цемент, бетон зауыттары іске қосыл. Енді олардың үлесін арттыру керек. Кәсіпкерлерді кінәлай алмаймыз, өйткені негізгі өнімді Қазақстанда шығарғанымен, шикізатты, негізгі байланыстырушы химиялық қоспаларды шетелден алады. Шетелден алғаннан кейін тауар доллармен келеді. Сәйкесінше, бағаның өсуіне ықпалын тигізеді", – деді ол.

Ипотека тиімді ме?

Мақсат Сералының сөзінше, Қазақстанда ипотека бағасы шет елмен салыстырғанда арзан. Жылдық мөлшерлеме 6-7% шамасында. Жастарға арналған бағдарлама бар. Бірақ, мәселе, ипотекада емес, пәтер саны аздығында. Жылжымайтын мүлік маманы, риэлтор Дина Қызылбасова сатылатын үйлер көп екенін айтып, сұраныс жоғары екенін айтып еді, бұл пікірге өзге қонақтар қарсы шықты. Олардың сөзінше, үшінші, төртінші класс пәтерлерді нарықта табу қиын. Бәрі дерлік сатылып кеткен.

Қонақтар бағдарлама аясында бұдан бөлек құрылыс материалдарының қымбаттауы, нарықтағы ойыншылар арасындағы бәсеке, мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан үйлердің сапасы, құрылыс салу қарқыны мәселелерін де талқылады.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 26 маусым күні сағат 22.00-де көруге 31-арна эирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.