Баламалы энергия дәуірінде Қазақстанды мұнай экспорты құтқармайды
Қазақстанда ішкі нарықтағы тауарлардың басым бөлігі көрші елдерден импортталады, АҚШ долларына толықтай болмаса да, жартылай тәуелді.
Америкалық валютаға қарсы төтеп беру үшін елдің экономикалық секторлары қуатты болуы тиіс. Ондай сектор қазір бізде біреу ғана, ол – энергетика саласы.
Мұнай мен табиғи газдың бағасы теңге бағамының өзгеруіне ықпал етуші негізгі импульс.
Мұнай бағасы тағы түсіп жатыр
Бүгін барлық мұнай сұрыбына ортақ бағаны ұсынатын Brent маркалы мұнайдың баррелі $50,56 бағамен саудаланып жатыр. Осыдан бір апта бұрын Brent бағасы 54,04 АҚШ доллары болған еді. Бағаның құлдырауына нарықтағы ұсыныстың көбеюі емес, мұнай экспорттаушы елдер отырысының кейінге қалдырылуы түрткі болды.
Айта кетсек, мұнай экспортын шектеуге келіспейтін елдердің басқосуға келмейтіні жайлық ақпарат пен мұнай экспортын арттыруға қатысты Ливияның шешімінен соң OPEC елдері мұнай экспортын азайту мәселесіне қатысты кезекті жиынын тағы сегіз ай кейінге қалдырды.
OPEC құрамына енген Гвинея күніне 12 мың баррельге кем мұнай өндіруге келісімін берген соң, мамыр айының басында баға аздап қымбаттаған екен. Гвинея елі оған дейін күніне 280 мың баррель өндіріп келіпті.
Мұнай бағасы 100 АҚШ долларына дейін көтеріле ме?
Голланд ауруымен ауырған елдер 2014 жылдың қараша айына дейін экспорттан түсетін табысына өмір сүріп келді. Сол жылы мұнай бағасы барреліне 140 АҚШ долларына дейін көтерілген болатын. Ал кейінгі екі жылда Brent жеті есе арзандап, ағымдағы жылда орта баға $50-60 аралығында тұрақсыз өзгеріп отырды. Оған экономикалық әрі саяси факторлар әсер етті.
Thomson Reuters басылымының сарапшысы Шакил Беггтің айтуынша, мұнай бағасын тұрақтандыру үшін энергетика нарығындағы ұсыныс пен сұраныс деңгейін бірдей ету керек. "Мұнай экспорттаушы елдердің жасауға тиіс реформасына қарай баға өзгереді. Ол өссін десек, тек халықаралық нарыққа шығатын мұнай көлемін азайтуға тиіспіз", – дейді Бегг мырза.
Thomson Reuters ақапаратына сүйенсек, нарықтағы ұсыныс сұраныстан күніне бір миллион баррель мұнайға көп. Сондай-ақ, бағаның құлдырауына АҚШ сынды OPEC ұйымына мүше емес елдердің мұнай өндіруге күш салуы әсер етеді.
"Мұнай бағасы енді қайтып 100 АҚШ долларына дейін көтерілмейді. Оны баламалы энергия көздерінің дамуы мен электр энергиясы негізінде қозғалатын көліктердің сұранысқа ие бола бастағанынан біле беруге болады", – дейді Citigroup сарапшысы Эд Морс.
Оның айтуынша, алдағы он жылда энергетика нарығында тапшылық деген болмайды. Сондықтан мұнай бағасы көтерілмейді. Citigroup ақпаратына сенсек, 2020 жылға қарай мұнайдың өзіндік бағасы арзандайды. Айта кетсек, құмнан және су астынан мұнайды өндіру құны 20-30 пайызға азаяды деп күтіледі.
Ұсыныс пен сұраныс
Сауд Арабиясының ханзадасы әл-Валид ибн Талал халықаралық деңгейдегі сарапшылардың пікірімен келісетінін айтады.
"Егер мұнай нарығындағы ұсыныс өз деңгейінде қалып, сұраныс азайса, мұнай бағасы тағы да төмендейді. Мұнай баррелінің бағасын 100 АҚШ долларына дейін жасанды түрде көтеруге болатыны жайлы айтқан болатынмын. Расында, ол мүмкін емес", – дейді Сауд Арабиясының ханзадасы.
Оның айтуынша, экспорт көлемін қысқартуға АҚШ-тағы тақтатас мұнай өндірісі кедергі.
Баламалы энергия
1930 жылы белгілі ғалым Никола Тесла әлемдегі ең алғашқы электромобильді құрастырған болатын. Ол кезде мұнай өндірумен айналысатын алып компаниялар Тесланың жаңа идеясын құптамай, көлікті жаппай құрастыруға жол бермеген. Арадан бір ғасырға жуық уақыт өткен болса да, электр энергиясымен қозғалатын көліктер енді қоғамдық трендке еніп жатыр.
Tesla Motors және Faraday Future көлік концерндері электромобильдердің жаңартылған жобаларын жасап жатса, өзге де стандартты көлік өндірумен айналысатын компаниялар баламалы энергияға қызығушылық таныта бастаған. Бұл жыл сайын бензинге деген сұраныстың азайып бара жатқанын білдіреді. Демек мұнайға деген сұраныс та азая түспек.
Қазақ мұнайын кімдер өндіреді?
Британдық BP компаниясының Statistical Review of World Energy сараптамасына орай, қазақ жерінде 202 мұнай және газ кен орыны бар. Кен орындарының 73 пайызы Маңғыстау мен Атырау облыстарында. Олардың 70 пайызында өндіру жұмыстарын бастау үшін үлкен көлемдегі капитал қажет.
Қазақстан энергетикалық ресурс жағынан әлемдегі мұнай экспорттаушы 21 ел ішінде 12 орынды иемденеді. Сондықтан, қазақ жерінде мұнай өндіргісі келетін шетелдік компаниялар жеткілікті.
Америкалық Chevron және ExxonMobil, ресейлік Лукойл және Роснефть, Қытайдың CNPC, Үндістанның Mittal Investments және Жапонияның Impex сынды алып корпорациялары кен орындардағы өз жұмысын еліміз тәуелсіздік алысымен бастаған.
Оған қоса, қазіргі таңда, Еуропаның Total (Франция), Royal Dutch Shell (Германия), British Gas (Ұлыбритания), Repsol YPF (Испания), Petrom (Румыния) және Maersk Oil (Дания) сынды компаниялары да өз үлестерін қосып келеді.
Ал Қазақстанның өз нарығындағы ең үлкен компаниясы – Қазмұнайгаз. Ұлттық компанияның активіне Қазақойл-Актөбе (67%), Манғыстаумұнайгаз (50%), PetroKazakhstan (33%), Тенгизшевройл (20%) сынды отандық компаниялар кіреді.
Мұнай бағасын кімдер реттейді?
1980 жылдан бері Brent маркасы халықаралық нарықтағы мұнайдың бағасын анықтауда басты фактор ретінде қолданылады. Ал 2010 жылдан бері әлемдегі әртүрлі мұнай сұрыптарының 70 пайызының бағасы тікелей Brent маркалы мұнай бағасының көмегімен анықталады. Ал Brent бағасы энергетика нарығындағы ұсыныс пен сұраныс көлеміне орай өзгереді.
Price Reporting Agencу ақпаратына орай, Argus Media және Platts мұнай нарығын жылдам әрі дұрыс статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ете алатын бағалау агенттіктері ретінде танылған. Сол себепті, аталған мұнай маркасы осы агенттіктердің ұсынған ресурсына орай бағаланады.
Argus Media – Лондонда 1970 жылы құрылған халықаралық деңгейдегі тәуелсіз бағалау агенттігі. Мәскеу, Лондон, Хьюстон, Вашингтон, Нью-Йорк, Калгари, Рио-де-Жанейро, Сингапур, Дубай, Пекин, Токио, Сидней және Астана сынды мұнай экспорттайтын елдердің орталықтарында компанияның кеңселері ашылған.
Ал Platts агенттігі америкалық S&P Global Inc. компаниясының құрамына кіреді. Өткен жылдың 27 сәуіріне дейін McGraw Hill Financial, Inc. атауымен белгілі болған медиахолдинг көбіне бизнес және қаржы салаларында консалтингпен айналысады.