Алматылық ата-аналармен қазіргі балалардың ағзасы мен денсаулығы жайында дәріс өткізуге әйгілі "дәрігер Комаровский" келді. Ол шара алдында журналистермен кездесіп, оқушылардың денсаулығына және гаджеттерге қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді.

Гаджеттерден балалардың денсаулығына келер қауіп жоқ

Сондықтан оларды заманауи техникадан шектемеген жөн. Керісінше ата-аналар балаларға құрылғыларды тиімді пайдаланып, қажетті ақпарат алуды үйреткені абзал.

Комаровкий, гаджет пен баланың арасына кедергі қойса, бүлдіршіннің тыйым салынған затқа керісінше құмары ауады дейді. Әрі қазіргі заманауи техникалар денсаулыққа, көз жанарына қауіпті емес екенін алға тартты. Десе де, балаларға экран алдында екі сағаттан артық отыруға болмайды екен.


Педиатр Евгений Комаровский / Іnformburo.kz фотосы

"Бала күніне екі сағаттан артық экран алдында отырмауы керек. Ол теледидардың, компьютер немесе смартфонның экраны болуы мүмкін. Көзге табиғи жарық қажет, балалар табиғат аясына шығып серуендеп смартфоннан басқа да қызық барын түсінуі керек. Бірақ бұл орындалмайды. Оған әлбетте әке-шешелері кінәлі. Бала қандай жағдайда компьютерге тәуелді болады? Өмірінде басқа қызық, көңілін аулар адам жоқ болған кезде ғана. Еуропада балалар музейге көп барады, серуендеп, қыдырады. Мен Алматыдан веложолақ көрмедім. Оқушыларды смартфонға тәуелділіктен сақтау үшін, мемлекет спорт алаңдарын көбейтіп, инфрақұрылым жасау керек. Балалар спортын дамыту керек", – деді Евгений Комаровский

Гаджет әке-шешенің функциясын атқармауы тиіс

Балаға ата-ананың мейірімі, қарым-қатынасы қашан да қажет. Сол үшін ата-аналар баланың электронды құрылғымен отырған уақытына мән беруі керек. Әрі гаджетті өшіргесін баланың не істеп, не қоятынын қадағалау қажет дейді белгілі дәрігер.

Ауыр сөмкелерден құтылып, электронды оқулықтарға көшу керек

Евгений Комаровскийдің пайымдауынша, болашақта балалар қағаз кітап оқудан, тіпті дәптерге қолмен жазудан қалады. Есесіне клавиатурамен жылдам жазу жазатын ұрпақ пайда болады. Педиатр электрондық кітаптарға көшу тиімді дейді. Сол арқылы ағаштарды аман сақтап, оқушыларды ауыр сөмкеден де арылтуға болады.

"Эстония түгелдей электрондық оқулықтарға көшті. Скандинавия, Голландия және Данияда қағаз кітаптар жоқ десек те болады. Біздің Украинада жекеменшік мектептерде электронды кітаппен білім алу жүйесі енгізілген. Бірақ мемлекеттік деңгейде емес. Мені Қазақстанның осы жолға бет бұрып, қаржы бөліп, қолдауға дайын екендігі қуантады", – деді Евгений Комаровский.

59 жастағы Евгений Комаровский Украинада дүниеге келді. Ол жиырма жылдан астам уақыт балалар жұқпалы ауруханаларында жұмыс істеді, кейін өзінің жеке клиникасын ашты. Мұғалім мен ата-ана арасындағы практикалық кеңестерімен танымал.