Үш ай демалыста балалар бос уақытын пайдалы өткізу үшін жазғы лагерьлер, үйірмелер, аула клубтары жұмыс істейді.  Биыл карантин жағдайында каникул кезінде балалардың демалысы қалай ұйымдастырылады? ПТР тест анықтама талап етіле ме? Лагерге жолдама алу үшін қандай құжаттар қажет? Кімдер тегін демала алады? Осы және өзге де сұрақтарға Informburo.kz жауап береді. 

№1. Балалар қанша жастан бастап лагерге жіберіледі?

Бірінші сыныптан оныншы сыныпқа дейінгі балалар жіберіледі. Он бірінші сынып оқушылары ҰБТ-ға дайындалатындықтан жазғы демалысқа жіберілмейді. 

№2. Қанша бала жазғы жазғы демалыспен қамтылады?

Қазақстанда 1-10 сыныптарда оқитын оқушылардың жалпы саны – 3 млн 317 мың бала. Қолайлы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2 милионнан астам баланы (1-10 сынып оқушыларының 87,5%), оның ішінде 500 мыңнан астам әлеуметтік осал санаттағы балаларды сауықтырумен қамту жоспарланып отыр,

№3. ПТР тестілеу анықтамасы баладан талап етіле ме?

2021 жылы 3 мамырда күшіне енген Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша биыл стационарлық демалу және сауықтыруды (қала сыртындағы лагерьлер, базалар) ұйымдастыруға келесідей жағдайда рұқсат етіледі:

  • баланың денсаулығы туралы құжат (086/у формасы);
  • инфекциялармен, соның ішінде Covid-19 жұқтырғандармен байланыста болмағаны туралы анықтама;
  • лагерге келгенге дейін 72 сағат ішінде жасалған ПТР тестілеудің теріс қорытындысы бар құжат. Бұл қызметкерлерден де талап етіледі. Әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың ПТР тестілеуі жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.

Оқи отырыңыз: Биыл жазда 3 миллионнан астам бала лагерге барады 


№4. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының түрлері қандай?

  • мектепке дейінгі дамыту кешені (орталықтар, академиялар);
  • оқушылар сарайы (үйлер, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары);
  • жас натуралистер станциясы (балалар экологиялық орталықтары, биологиялық орталықтары, экологиялық-биологиялық орталықтар);
  • жас техниктер станциясы (орталықтар, балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық мектептері);
  • жас туристер станциясы (балалар-жасөспірімдер туризмі орталықтары);
  • балалар аула клубы, балалар әскери-патриоттық клубы (клубтық бос уақытты қамту ұйымдары);
  • балалар өнер мектептері (балалар музыка мектептері, балалар көркемөнер мектептері, балалар өнер мектептері, көркем-эстетикалық бағыттағы мектептері);
  • балалар сауықтыру лагерлері (орталықтар, кешендер, қала сыртындағы сауықтыру лагерлері және күндізгі, палаткалы, киіз үй лагерлері);
  • балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері;
  • олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі;
  • қызмет бағыттары және балалардың қызығушылықтары бойынша ұйымдар;
  • балаларға арналған қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік орталықтар.

№5. Лагердің қандай түрлері бар?

  • Тілдік – мектеп мұғалімімен шет тілін үйрену;
  • Мектеп жанындағы – спорттық байқаулар, шығармашылық студиялар, мұғалімнің сүйемелдеуімен көрнекі жерлерді тамашалау. Бастауыш сынып оқушыларына арналған;
  • Спорттық – жай және спорттық мектептер базасында спорттық үйірмелерге қатысу. Кез келген сыныптың оқушыларына арналған.
  • Туристік – көрнекі жерлерге саяхаттау. 5-8 сынып оқушыларына арналған.
  • Пәндік – пәндерді тереңдетіп оқыту (физика, химия, биология, математика және т.б.). Барлық мектепте 8-10 сынып оқушыларына арналған;
  • Өлкетану – экскурсияларға шығу. 5-сыныптан жоғары сыныпта оқитындарға арналған;
  • Экологиялық –  ағаш, гүл отырғызу, оларға күтім жасау, өсімдіктер әлемімен танысу. 5-сыныптан жоғары сыныпта оқитындарға арналған;
  • Күндізгі лагерьлер – шығармашылық студиялар, спорттық жарыстар мен жаттығуларға қатысу. Барлық оқушылар үйі мен оқушылар сарайында бар.

№6. Республика бойынша қанша лагерь жұмыс істейді?

Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, 13 мың сауықтыру лагері мен алаңы дайын. Қала сыртындағы 235 лагерь жұмыс істейді. Жазғы уақытта республикада 174 688 баланы қамтитын 1 971 аула клубтары жұмыс істейді. 11 538 жазғы мектепте олимпиадалық резерв, активистер мен көшбасшылардың, тіл мектептерінің, пікірсайыс клубтарының, 25 мыңнан астам клуб пен үйірме жұмысы ұйымдастырылады. Спорт, туристік, экскурсиялық-танымдық және шығармашылық бағыттағы 22 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.


Оқи отырыңыз: Жазғы демалыс лагерьлеріне бару балаға тегін бе? Балалар еңбегіне ақы қалай төленеді?


№7. Жазғы кезеңде қосымша білім беру ұйымдары қалай жұмыс істейді?

Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары жазғы кезеңде өз базасында бейіндік лагерьлер, туристік қалашықтар мен базалар (қала сыртындағы немесе күндізгі), сондай-ақ балалардың тұрғылықты жерлерінде білім алушылардың тұрақты немесе ауыспалы құрамымен әртүрлі бірлестіктер құра алады. Бірлестік жұмысы концерттер, жорықтар мен саяхаттар, жарыстар, экспедициялар және басқа да түрде өткізіледі.

Жазғы кезеңде бірлестіктер арнайы кесте бойынша білім алушылардың тұрақты немесе ауыспалы құрамымен жұмыс істейді.

№8. Баланы тегін лагерге қалай жазуға болады?

Ол үшін ата-аналар қосымша білім беру ұйымдарының толық тізімімен танысуы керек. Тізімді білім басқармаларының сайтынан көруге болады. Онда таңдалған лагерьдің жұмыс кестесімен және толық бағдарламасымен танысуға мүмкіндік бар. Ұйымдардың сайтына сілтемелер маусым айында жарияланады. Кез келген лагерге жазылуға болады: баланың тіркелген мекенжайы мен тұрғылықты жері маңызды емес. Алайда мектеп жанындағы, пәндік, тілдік лагерльдерді баланың өзі оқитын мектептен таңдаған дұрыс. Жазғы лагерьлер 1 маусымнан бастап жұмыс істей бастайды, оларға жазылу жүріп жатыр.

№9. Қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалу үшін қандай құжаттар қажет?

  • Ата-анасының біреуінің (немесе басқа заңды тұлғаның) еркін түрде жазылған өтініші;
  • баланың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • бекітілген нысанға сәйкес сауықтыру лагерiне баратын мектеп оқушысына медициналық анықтама.

Өтінішті eGov порталы арқылы онлайн беруге болады немесе жазғы демалысты ұйымдастыратын ұйымдардың өзіне құжаттарды тапсыру керек.


Оқи отырыңыз: Балаларға демалуға жазғы лагерьлерді, спорттық секциялар мен үйірмелерді қалай таңдау керек?


№10. Лагерге кімдер тегін бара алады?

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен балаларға арналған сауықтыру лагеріне "Білім туралы" Заңының 8-бабының 4-тармағына сәйкес әлеуметтік көмекке мұқтаж балалар санаты қабылданады:

  • жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • даму мүмкіндіктері шектеулі балалар, мүгедектер және бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар;
  • көпбалалы отбасылардың балалары;
  • кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарындағы және өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарындағы балалар;
  • жалпы және санаторийлік үлгідегі мектеп-интернаттарында, мектеп жанындағы интернаттарда тұратын балалар;
  • дарынды балаларға арналған мамандандырылған интернаттық білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балалар;
  • интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушілері;
  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар;
  • денсаулық жағдайына байланысты бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру бағдарламалары бойынша ұзақ уақыт бойы үйде немесе стационарлық көмек, сондай-ақ қалпына келтіру емін және медициналық оңалту көрсететін ұйымдарда оқитын балалар;
  • ҚР Заңдарымен айқындалатын өзге де санаттағы азаматтар.

№11. Әлеуметтік көмекке мұқтаж балалар санатынан қосымша қандай құжаттар сұралады?

  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар үшін – жергілікті атқарушы органдар беретін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға көрсетілетін қызметті алушының (отбасының) тиесілігін растайтын анықтама;
  • жұмыссыз ата-анасы бар отбасылардың балалары үшін – жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама;
  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар үшін – алынған табыстары туралы құжаттар;
  • отбасыларда тұратын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін – уәкілетті органның жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасыларда тәрбиеленетін балалар үшін қорғаншылықты (қамқоршылықты), патронаттық тәрбиені бекіту туралы шешімі;
  • төтенше жағдайлардың нәтижесінде шұғыл көмекті талап ететін отбасылардан шыққан балалар және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілер үшін-отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын тексеру негізінде алқалы органның шешімі. 
  • "079/е" сауықтыру лагеріне баратын оқушыға медициналық анықтаманың электрондық көшірмесі.

№12. Тегін лагерге қабылдаудан бас тарту мүмкін бе?

Жоқ. Мектеп жанынан ашылған лагерьлер баланы қабылдаудан бас тарта алмайды. Олар 31 тамызға дейін жұмыс істейді.

Егер сіздің балаңыз Оқушылар сарайы не оқушылар үйіндегі үйірмелер және/немесе секцияға қатысқысы келсе, олардағы топтарда орын толықтай жиналған жағдайда сіздің балаңызды қабылдаудан бас тартуы мүмкін.


Оқи отырыңыз: 26 мамыр мен 19 маусым аралығында оқушылар жазғы мектептерде тегін білім ала алады


№13. Жазғы ақылы лагерге қандай құжаттар тапсыру керек?

Әрбір базаның, соның ішінде ақылы лагерьлердің өз талаптары бар. Соған қарамастан жолдаманы рәсімдеу үшін төмендегі құжаттар пакетін жинау керек:

  • Оқушының 079-У үлгісіндегі денсаулық жағдайы туралы анықтама (емханадан);
  • 72 сағат ішінде жасалған Covid-19 зертханалық зерттеудің теріс қорытындысы бар құжат;
  • Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
  • Ата-анасының немесе басқа да заңды өкілдері куәліктерінің көшірмесі (балаларды тек солардан қабылдап алып, соларға тапсырады);
  • Сауалнама (қабылдаушы тарап толтырады);
  • Келісімшарт (қабылдаушы тарап жасайды);
  • Кейбір лагерьлерде бассейнге бару үшін инфекциялық аурулармен ауыратын адамдармен байланыспағанын растайтын анықтама талап етуі мүмкін.

№14. Жазғы лагерді таңдауда неге назар аудару керек?

Мұндайда ата-аналар өзінің және баласының қалауына ерік береді. Кейбірі күнде баласының бір нәрсе үйренгенін қалайды, кейбірі жай әншейін демалғанын жақсы көреді. Соған қарамастан келесілерге назар аударған жөн:

  • Лагерде білікті медицина қызметкерінің болуы;
  • Жақын елді-мекенге дейінгі қашықтығы;
  • Тұрғын бөлмелердің өрт дабыл қаққыш жүйелермен жабдықталуы;
  • Клиенттердің пікірі;
  • Маусымның ашылуына рұқсат қағазының болуы.

№15. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қайда хабарласуға болады?

Бала қауіпсіздігін басты назарда ұстау үшін тәулік бойы Сенім телефоны мен арнайы чат жұмыс істейді.

Сенім телефоны мен чаты:

  • Жедел көмек қызметі нөмірі – 111 (Ұялы телефон арқылы шығу);
  • Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқын қорғау комитетінің Сенім телефоны – 8 (7172) 74-25-28;
  • Telegram чат – @bala_qorgau