Балабақша бағдарламасынан ағылшын тілі алып тасталады. Әліппе қайтарылады
Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
"Кейбір жеке меншік балабақшаларда келеңсіз жағдайлар көп. Осы бойынша біз тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Мектепке дейінгі білім беру бағдарламасынан ағылшын тілін оқытуды алып тастау және тәрбиешілердің жалақысын арттыру жоспарланып отыр", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Электронды кезек арқылы балабақша мәселесі шешілмеді. Білім министрлігі 2020-да кезек болмайды деп сендіреді
– Биыл өткен "Тамыз кеңесінде" әліппені қайтару туралы келісілген. Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі бойынша жұмысқа кірістік. Алда әліппені шығарамыз, – деді Асхат Аймағамбетов.
Ауылдағы білім төмендігінің үш себебі
Депутаттар қойған сауалға Асхат Аймағамбетов жауап берді.
"Біріншіден, мұғалімдер ставка төмен болса, аз ақшаға жұмысқа келмейді. Сол үшін бір мұғалім бірнеше сабақты, яғни математиканы, ағылшын тілін және басқа сабақтарды қатар береді. Осы арқылы ставканы толықтырады. Бұл оқу сапасына әсер етіп отыр. Біз мәселелені шешу үшін ауыл мектептеріне қатысты еңбекақы мәселесін қайта қарастырып жатырмыз.
Екіншіден, ауылда интернет жоқ немесе толық қамтылмаған.
Үшіншіден, оқытушылардың жеткіліксіздігі, – деді министр.
Оқи отырыңыз: Бала бақшадағы тәрбиешілердің жалақысы қалай есептеледі. Өсе ме?
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исмбаева:
– Сіз ауыл мектептерінде интернет жеткіліксіз дедіңіз. Ауылдағы – 8 мың мектептің 93 мектебінде ғана интернет жоқ дегенсіз. Сонда бұл сөзіңіз қалай? – деді.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбиләнов кей ауылдарда тұрғындар саны 500 адамнан асып отырса да мектеп салынбай отырғанын жеткізді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Ұржар ауданындағы 900 тұрғыны бар ауыл төрт жылдан бері мектеп салдыра алмай отыр екен. Мұндай ауылдардың саны –71.
Депутаттың айтуынша мұндай елді мекендер Түркістан облысында 23-ке жеткен.
Оқи отырыңыз: Балабақшаға қабылдау тәртібі өзгергелі бағасы да қымбаттады
"Депутаттық мандатымды Сізге көмекшілікке айырбастайын"
Бұл Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухановтың сөзі.
Депутат сапасыз оқулық пен жүйесіз білім саласына ренішін айтты. Оқулық дайындау жүйесі туралы ұсынысына қанша уақыттан бері жауап та келмеген. Ал қарапайым халық амалсыздан балаларына қосымша мұғалім жалдауға мәжбүр болып отыр.
"Білім жүйесі құрдымға кетіп бара жатыр. Оқулық дайындау жүйесін, мұғалімдерге қойылатын талапты, орта және бастауыш білім беру жүйесін толықтай өзгертетін кез келді.
Сол үшін депутаттық мандатымды тастап, Асхат Аймағамбетов, сізге көмекші болуға дайынмын", – деді Бекболат Тілеуханов.