Қазақтың тұзды пайдалану мәдениеті және төсті неге күйеуге не келінге береді?
Неше мың жыл бұрын өмір сүрген ғұн, түркі бабаларымыз тұзды тастамай ала жүрген. Тіптен, Шыңғысханның сардарлар мен сарбаздарының қалтасында тұз жүретіні аңыз болып айтылады. Ендеше тұздың не кереметі, қандай пайдасы бар?
Ас тұзы – натрий хлориді, NaCІ. Түссіз кристалды зат. Суда, сұйық аммиакта, спирттерде, этиленгликолда, құмырсқа қышқылында ериді, ал тұз қышқылында ерімейді. Табиғатта галит минералы (тас тұзы) түрінде мұхиттар мен теңіз, сондай-ақ көл және жер асты суларының құрамында кездеседі. Уикипедиядан алынды.
Шығыс халықтарында тұзды пайдалану, тұзды тамақ және шай ішу дәстүрі әлі күнге дейін сақталып келеді. Мәселен, Қытайдағы және Монғолиядағы қандастарымыз шәйді тұзбен ішуді әлі сақтап келе жатыр.
Оқи отырыңыз: Өкпесүт, үлпершек, ақ тағам. Ұмыт боп бара жатқан ұлт тағамдарын жаңғырту жолы қандай?
Моңғолиялық ақсақал: Тұзсыз шай не су ішу белсіздікке әкелуі мүмкін
2019 жылы наурыз айында моңғолиялық шежіреші ақсақал Мақидолла Қинаятұлы ағамыз Нұр-Сұлтанға келді. Әдеттегідей, тұздың кепиаты (киесі) туралы материал жинап жүрген мен үшін әңгімені тұздан басталды.
– Тұз адам денесіндегі сұйықтықты сақтайды әрі тамақтағы түрлі микробтар мен бактерияларды жояды. Ең маңыздысы тұзсыз суды үнемі ішкен адамның қуығының басындағы май кетіп қалады да белсіздікке шалдығады, – деді ақсақал. Бұл үлкендер айтатын "балаға ұйықтар алдында тұзсыз шай не су бере бермеңдер түнде қуығы ұстамай қалады" деген тиымды есімізге түсірді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұлттық бренд жасап дамытуға болатын қандай тағам бар?
Ақсақалдың айтуынша, "дәм-тұзың таусылмасын" деп айтылатын бата-тілектің мағынасын дұрыс түсіну керек. Дәмнің таусылуы – адамның өмірден өткенін білдіреді. Ал тұздың таусылуы – адамның қуатының таусылғанын білдіреді екен.
Тұзды әлі күнге тастамай алып жүретін ақсақал Моңғолиядағы қазақтардың, әсіресе аға буындардың тұзсыз шәй ішпейтінін алға тартты. Тіптен, 80-90 жасқа келген бірнеше ақсақалдың атын атап, олардың қартайған шағында да жас әйелге үйленіп, бірнеше балалы болғанын әңгімеледі.
Оқи отырыңыз: Құрттың құтын құрттық
Ондағы басты себептің бірі – тұзды үзіліссіз тұтыну. Сол арқылы түрлі микробтар мен бактериялардың, вирустардың ауру әкелуіне тосқындық жасайды әрі денедегі түрлі сұйықтықтарды сақтайды, ісік ауыруларына ұшырамаудың алдын алады екен. Сонымен бірге әр күні тұтынған ет-май, сүт өнімдері де қуаттың сақталып тұруына әсер етеді.
Мысалы, Алтайдағы Асубай деген атамыз 80 жасында 30 жастағы қызға үйленіп, одан 3 бала көргенін, Баянөлгей қаласындағы Бердібек деген ақсақалдың 90 жасқа таяғанда алған жас әйелінен де бірнеше баласы қалғанын әңгімеледі.
Қытай түрмелеріндегі қылмыскерлерді жазалаудың дәстүрлі түрі
Осыған орай қойған сұрағымызға астаналық ресторандағы танымал аспаз Нұрболат Құрманханұлы ағамыз да жауап берді.
Оқи отырыңыз: Саба пісіп, құрт жасау қалай өзгерді? Жалған құрт-майды қалай білеміз?
– Қытайда жүргенде түрмені және қылмыскерлерді еңбекпен өзгерту алаңдарын бақылайтын әскер болдым. 1980-1990 жылдары Шыңжаңның Такламакан шөлі бойында "қылмыскерлерді еңбекпен өзгерту алаңдары" көп еді. Біздің екі дивизияның бақылауында 48 түрме және еңбекпен өзгерту алаңы болғаны есімде.
Сонда үнемі тәртіп бұзып, төбелес шығаратын қылмыскерлерге арнайы ас мәзірі бойынша тамақ береді. Яғни 15 күн бойы тұзсыз тамақ бергенде кез келген атпал азаматтың қуаты кеміп, сідігіне сүрініп қалады. Егер тұзсыз тамақты 1 ай бермесе, орнынан тұра алмай қалуы мүмкін, – деп еске алды Нұрболат ағамыз.
Нұрболат ағамыздың айтуынша, шығыс халықтары тұзды қатты киелі санайды. Тұзсыз тамақ тұтынбайды. Тіптен, қытай, жапон халықтары су ішіп отырғанда да қасында тұзды салат болатынын еске алды.
Олардың соғыс киноларында да тұзды бамбуктің ішіне салып тығып алып жүретіні туралы деректер өте көп екенін алға тартты.
Тұздың қасиеті
Бұл айтылған әңгімелерге байланысты жоғары санатты дәргер, шығыс медицинасын зерттеуші, "Қазақ емшілігі" көп томдығының авторы Қайрат Айдархан түсінік берді. Ол:
– Тұз дегеніміз хлорлы натрий. Егер белгілі мерзім ішінде тұз тұтынбаса су адам денесіндегі кальцийді шәйіп кетеді, – дейді.
Оқи отырыңыз: Түрік асханалары Алматыны жаулап алды. Қазақ кәсіпкерлері неге бәсекеге қабілетсіз?
Қайрат ағамыздың айтуынша, ас тұзы адам денесіндегі кальций, калий минералдарын ерітіп, ағзаға сіңіреді. Егер үнемі тұзсыз су ішсе, аталған минералдар суға еріп, денеден шығып кететіндіктен кальций азаяды әрі қандағы гемоглобин төмендейді. Адам әлсіреп, буыны құриды.
- Тұз – натрий хлориді деп аталатын химиялық зат.
- Натрий – жүйке жүйесі дұрыс жұмыс істеу үшін және бұлшық еттердің тартылуы үшін қажет, минералдарды сақтап тұрады.
- Хлор – асты қорытуға көмектеседі және асқазан мен ішектің сөлдерінің маңызды құрауышы болып табылады.
- Натрий хлориді – ағзадағы сұйықтықтың теңгерімін сақтап тұруға көмектеседі. Оттегін тасымалдауға жауап береді және қоректік заттардың сіңуіне ат салысады. Ауру туғызатын микробтарды жояды немесе қызметін баяулатады.
Зияны да жоқ емес
Қайрат дәрігердің сөзіне қарағанда, тұзды тым көп тұтынған кезде ғана ағза тағы да суды талап етеді де қанның көлемі артып, қысым көтеріледі. Сол себепті шектен тыс тұздалған өнімдер жоғары қысымның және артериялық гипертензияның даму қауіпін жоғарылатуы мүмкін.
Сонымен бірге тұзды тым көп тұтынса бұйректің қызметіне салмақ түсіреді. Ал адам денесіне тұз жиналу – ұзақ уақыт қимыл жасамаудан яғни терлемеуден тұздардың жиылып қалады. Сондықтан үнемі жүгіріп, терлеп, артық заттарды тері арқылы шығарып тұру керек.
Оқи отырыңыз: Қазақтың табақ тарту дәстүрі. Оның түрлері қандай? Мәні, мағынасы неде?
Тұз бен ет-майдың балансы
Бүгінде 96 жастағы Кеңшілік Сексенбай атамыздың айтуынша ет-майды тұтынбау – бүйрекке, өтке және қуық жолына тас байлайды. Себебі, май адам денесіндегі барлық қажетті органдарға жетіп, майлап тұрады.
Ал тұз адам етінің, түрлі ағзаларына басқалай инфекциялардың кіруінің алдына алады. Сонымен бірге тұз қышқылы арқылы кейбір қан, лимфа жүйесі сұйықтықтарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Тіптен, өтіне тас байланған қызына дәрігерлер май-тұз жемеу туралы ескерту бергенде де тарихи тәжірибені алға тартып, ет-майды жемеудің тас байлануға тікелей себепкер болғанын дәлелдепті. Бүгінде баласы жазылған.
Төсті неге күйеуге сыбаға ретінде береді?
Қазақ дәстүрінде қойдың төсін күйеуге не келінге береді. Ондағы басты себеп – төстікте май әрі кальций секілді витаминдер өте көп болғандықтан бүйрек пен бауырды қуаттандыру рөлін атқарады. Бұл белсіздіктің алдын алады. Төстік – төстің майлы терісі. Оны үйтіп жейді.
Оқи отырыңыз: Биологиялық белсенді қоспа (ББҚ) – дәрі емес. Жарнамаға сенген зейнеткерлер ауруына ауру жамады
Келінге құймышақ береді. Ол да төс секілді майлы да нәрлі. Алайда кей өңірлерде келінге төс те беретінін көріп жүрміз.
Жапон ғалымдары да қойдың майы мен сорпасын зерттеу барысында осындай қорытындыға келген. Алайда қазақтардың тұзсыз ет жемейтінін де ескерген жөн.
Ұн және тәтті-дәрмектерді аз тұтынған жөн
Мақидолла Қинаятұлы:
– Менің көзқарасымда ет-майды және тұзды тұтынуды шектеу – халықтың өсімін төмендету үшін жасалып жатқан жасырын қиянат. Біз ет-май мен тұзды шәйдің ортасында жүрген азаматтарда ауру-сырқау әсіресе, ісік, денесі іріп кету деген аурулардың болмайтынын көрдік. Ақсақалдардың да қуаты қайтпайды. Адам организмі өзіне қажетті майды, дәрумендерді қабылдайтындықтан, қан майласу дегендер де болмайды. Бізде жоқтың қасы.
Ал қазіргі балалар тәтті-дәрмектер мен ұн тамақтарды көп тұтынады да қаны майласып, аурушаң болады. Тіптен, ісік (онкологиялық) аурулары өте көп. Семіз адамдар да аз емес.
Малға да бір ай тұз бермесе, күйі кетіп қалады
Өткен жолы Алтай жайлауына барғанымызда мал қораның ортасында үлкен-үлкен кесек тұздың жатқанын көрдік. 2019 жылы астанамыздың іргесіндегі "Родина" сүт фирмасына барғанда да арнайы науаларға тұздың толтырылып қойғанын сүретке түсіріп алдық.
Өмірі малшылықпен келе жатқан Мақидолла ақсақал да оны растап отыр. Малшылардың айтуынша тұздың малға пайдасы көп:
- Біріншіден, мал тұз жемесе семірмейді. Ішкен-жегені жұқпай, тез арықтайды.
- Екіншіден, ауруға тез шалдығады. Бір ай тұз жемеген малдың мұрнынан маңқасы ағып, күркілдей бастайды.
- Үшіншіден, тұз жемеген малдың еті су татып, дәмді болмайды. Еті тығыз да болмайды.
- Керісінше, ащылаған малдың айызы қанып тұз жесе тәбеті артып, тез семіреді. Ауруларға да көп шалдықпайды. Еті тығыз, дәмді болады.
Тұзбен емдеу тәсілдері өте көп
Жоғары санатты дәрігер, шығыс медицинасы зерттеуші, "Қазақ емшілігі" көп томдығының авторы Қайрат Айдархан:
– Тұздың киесі туралы адам ағзасына әкелетін өте көптеген пайдасына байланысты айтылған болса керек. Мысалы, жаңа туылған сәбиді 40 күн тұзды суға шомылдырады. Сонда баланың терісі тез ширап, түрлі тері ауруының алдын алады. Сонымен бірге, денедегі судың сақталып тұруына ықпал жасайды.
Ал, ревматизм аурулары табандарына тұзды қыздырып (қуырып деп те айтылады) басса, жақсы болады.
Адам денесіндегі сынықты таңғаннан кейін түйенің шудасына (түйені ұзын жүндері) қара тұзды талқандап, оны тұзды суға шылап 7 күн тартады. Сонда сынған жерде суық қалмайды және кейін сары су тұрмайды.
Тұзды лайықты тұтынған адамның денесі – бұлшық еттері қартайғанда салбырамайды, жиналып тұрады.
Ауызды тұзбен шаю, аяқты, басты және денені тұзбен үнемі жуып тұру түрлі аурулардың алдын алатынын белгілі.
Батыс облыстардағы "ащылау" дәстүрі
Бұл туралы Атырау облысының тумасы, бұрынғы сенатор Жандарбек Кәкішев ағамыз айтып берді.
– Бізде әр жылы "ащылау" деген бір дәстүріміз бар. Онда бірнеше ағайын жиналып, есік алдына жаздық алаң жасаймыз да ыстық күнде тұзға пісірілген балықты жейміз. Сосын шөлдеген сайын, терлеген сайын тоқтатпаймыз әрі ыстық көк шай ішеміз. Сонда адам денесіндегі тұзды термен дене тазарады. Денсаулық жақсарады, – дейді.
Бұндай салт Маңғыстау жақта да бар болып шықты. Бұл да көнеден келе жатқан денсаулықты сақтауға қатысты дәстүрлердің бірі болса керек.
Тұздау, тұздық және тұз салу
Басым түркі жұрты шайды тұзбен ішіп ғана қоймай етті тұздап сақтайды, піскен етті жейтін кезде де тұздық құяды.
Бұл дәстүр қазақтарда да сақталған. Қазақстанның қай облысында жүрсеңіз де ет келгенде тұздығы қатар келеді. Алайда қазіргі жасалған тұздықтар тұз аз болатынын да ескерген жөн. Тіптен тұз салмай сарымсақпен, азғана тұз салып әкелетіндер де бар.
Аты айтып тұрғандай онсызда тұздап кептірілген етті, тұз салған сумен қайнатып, пісірген соң тағы да тұздық құю – тарихтан келе жатқан халықтың денсаулық және тағам мәдениетінің бірі.
Бүгінде салаттарды, сары майды, қатықты тұздау да сол дәстүрдің жалғасы болса керек.
Ана сүтінің құрамында да тұз болатыны дәлелденген
Ана сүтінде де тұз болады. Нәрестеге қажетті тұз ана сүті арқылы баратыны ғылымда дәлелденген.
Кей адамдар көз тиіп ауырғанда отқа тұз салып, ұшықтайды. Кей түркі халықтарында үйленген жасты тұзбен аластау дәстүрі әлі сақталып келеді.
Сол секілді "тұзды баспа", "тұзды шашпа", "астың дәмі келмейді тұз болмаса, үйдің сәні келмейді қыз болмаса" деп айтады. Қазақта тұзды төгіп қойсаң, өмірің ащы болады, тұзды тегін берсең, ұрыс-керіске тап боласың деген ырым-тыйымдар да бар.