Астаналық он адам "Happy Cake" торттарынан уланған

Олардың 8-і инфекциялық ауруханада, екеуі амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің хабарлауынша, қазіргі таңда осы кондитерлік компанияның өнімдерінен уланған азаматтардың саны күн сайын артып отыр. Департамент мамандары тамақтан уланғанда үйден ем қабылдамай, дәрігерге жүгінуге кеңес береді.

Өткен жылдың желтоқсан айында қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті санитарлық қорытындысы жоқ бірқатар кондитерлік цехтардың тізімін жариялаған еді. Олардың арасында осы "Happy Cake" те бар. "Happy Cake" пен "Тәп- тәтті" рұқсат алуға жүгінді, алайда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмегендіктен берілмеді" деп мәлімдеді департаменттен.

Тоқаев әскери қауіп тудыруы мүмкін жағдайларды талдауды күшейтуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, ҚР Қарулы Күштері Бас штабының басшысы Мұрат Бектановты қабылдады. Ол Президентке Қазақстанның Қарулы күштерінің әскери дайындығы және елімізді қорғау жоспарларын жүзеге асыру жөніндегі штабтың жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтты.

Кездесу барысында өткізіліп жатқан стратегиялық командалық-штабтық "Айбалта-2019" оқу-жаттығу туралы да баяндалды. Қ.Тоқаев әскери саясат саласындағы мемлекеттік органдардың жұмыстарын үйлестіру, әскери тәртіп деңгейін күшейту, сондай-ақ, оқу-жаттығу кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.

Полицейлер ұлттық бюро қызметкерлеріне оқ атты

Алматы облысының Жаркент селосында жемқорлыққа күдікті полиция қызметкерлерінің бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел тергеу тобына үш рет оқ атқан. Артынша үш полиция қызметкері оқиға орнынан қашып кеткен.

Жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюроның бұқарамен байланыс департаметінің директоры А.Бердалиннің таратқан мәліметіне сүйенсек, Панфилов ауданының полиция қызметкерлері жергілікті тұрғыннан 700 мың теңге пара алды деген күдікке ілініп отыр. Қазір осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380 бабы, 3 бөлімі, 5 тармағы бойынша ("Басқа қылмысты жасыру мақсатында билік өкіліне қарсы күш қолдану") сотқа дейінгі өндіріс тіркелді. Қашып кеткен полицейлер іздестіріліп жатыр.

"Көкжайлауды сақтайық" тобының белсенділері Президентке жүгінді

Олар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтан "Көкжайлау" курортының құрылысын салуды тоқтатуды, сондай-ақ жерді Іле-Алатау ұлттық саябағының құрамына қайтаруға араша болуды сұрады. "Тауасар" қоғамдық қорының атқарушы директоры Ажар Жандосованың айтуынша, бұл аумақта қазір қосалқы станса мен кәріз жүйесі салынып жатыр. Онымен қоймай Іле-Алатау ұлттық паркі "Көк Жайлау" курортына баратын жолдың құрылысына өзінің жерін беру бойынша тендер өткізген.

Белсенділер курорт құрылысын кейінге қалдырудың түпкілікті шешім емес деген пікірде. Олар сондай-ақ ҚР Президенттігіне сайланған тұлғадан экология мәселесіне назар аударуды сұрайды.

Қазақстандықтар бұдан былай мекен-жай анықтамасын алмайды

Мұндай анықтама талап еткен ұйымдар енді оны азаматтың келісімімен электронды үкімет порталынан жүктеп алады. Бұл туралы цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев хабарлады.

Министрдің айтуынша, көбіне мұндай анықтаманы мемлекеттік органдар талап етеді, алайда олардың бұған құқы жоқ. Еңбек кодексінде осындай талап болмаса да, жұмысқа алу кезінде жеке компаниялар да дәл осы анықтаманы сұратады. Министр бұл тұрғыда мекен-жай анықтамасын талап етушілерге "пилоттық жоба іске қосылғаннан кейін азаматтарды сабылтпай, құжатты порталдан өздеріңіз алып үйреніңіздер" деп жазды. Көмек керек болса, ХҚКО-ның мамандарына жүгінуге кеңес берді.

Атырауда қар жауды, Шығыс Қазақстанда боран

Қазақстанның көптеген аймақтарында ауа райы күрт өзгеріп, ауа райы тосын мінез танытып жатыр. Атырауда дауыл соғып, қыста болмаған қар жауды. Әкімдік таңертең мектептерде сабақ болмайды деп хабар таратты. 23 м/с дауылды жел жаппай жарықтың сөндірілуіне себеп болды. Байырғы тұрғындардың айтуынша, Атырауда сәуір айында мұндай қар 1980 жылдары жауыпты.

Қар мен күшті желдің себебінен ШҚО-да мектептерде сабақ болмай жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, бүгін Өскемен мен Семейдің мектептеріндегі екі ауысымның оқушыларына сабақ болмайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жұмыс кестесі ауысты

Департамент директоры А.Бердалиннің таратқан мәліметіне сәйкес, пилоттық режимде енгізілген жаңа кестеге сәйкес бүгіннен бастап агенттіктегілер таңертең 9:00-ден (бұрын 8:30) бастап, кешкі 17:30-ға (бұрын 18:30) дейін жұмыс істейді. Түскі үзіліс жарты сағатқа қысқартылған. "Бұл мемқызметшілердің өзін-өзі дамытып, жеке мәселелерімен айналысуға мұрша береді" дейді А.Бердалин.

Айтуынша, жаңа жұмыс кестесі әзірге орталық аппарат пен агенттіктің аумақтық бөлімшелеріндегі қызметкерлеріне арналған. Егер жаңалық тиімді жүзеге асырылса, басқа да мемлекеттік органдарға осы тәртіппен жұмыс істеуге кеңес беріледі.

Елордада "7-20-25" талаптарына сәйкес келетін 4 мың пәтер жәрмеңкеге шығарылады

Жәрмеңке 20-21 сәуір күндері Mega SilkWay ойын-сауық орталығында өтеді. 50 құрылыс компаниясының өкілдері пәтерлерін 7-20-25 бағдарламасы бойынша қалай сатып алуға болатыны туралы түсіндіреді. Жәрмеңкеге келушілер екінші деңгейлі банк өкілдері мен "Баспана" ипотекалық ұйымының мамандарынан да кеңес алады. Бір апта бұрын дәл осындай жәрмеңке Алматыда ұйымдастырылған.

Нұр-Сұлтандық студенттердің 26 пайызы жемқорлықпен күрестің нәтижесіздігіне сенімді

Астаналық студенттердің арасында өткізілген сауалнама нәтижесі осындай. Сауалнамаға Елорданың бірқатар белді жоғары оқу орындарының студенттері қатысқан. Жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілі Ж.Жылқышиеваның айтуынша, сауалнамада студенттер ЖОО-дағы жемқорлық деңгейі "орташа" және "жоғары"деп бағалаған.

Ұшақтарда 20 кг дейінгі жүк тасымалдау тегін болған емес

Ол үшін төленетін 4 мың теңгеден басталатын ақы билет бағасына қосылатын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осылай мәлімдеді. Осы ақыны тіпті жүксіз ұшатын жолаушылар да билет бағасымен бірге төлейтін.

Ведомстводан хабарлағандай, бюджеттік әуе компаниясын іске қосу үшін заң тұрғысында әуе көлігімен жүк тасымалдау бағасын әуе компаниясының өзі белгілейді деген өзгерістер енгізілген.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Доллар бағасы төмендеді. Қазақстан қор биржасында (KASE) бейсенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы – 379,08 теңге болды. Сәрсенбі күнгі сауда-саттықпен салыстырғанда, шетел валютасының бағамы 0,33 теңгеге арзандаған.

24.kz: Рамазан айы 6 мамырда басталады. Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға ауған түнге – Қасиетті жұмаға сәйкес келіп отыр. Ал 4 маусым күні Ораза айт мейрамы басталады. Құрбан айт 11-13 тамыз күндеріне түсіп тұр. Арапа 10 тамызға белгіленген. Сондай-ақ 9 қыркүйек – Ашура күні, 8-9 қарашада Жер бетіндегі барша мұсылман қауымы Мәуліт түні мерекесін тойлайды.