Қазақстанда жыл басынан бері 74,8 млн тонна мұнай өндірілді
Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
10 айда қанша мұнай өндірілді?
2019 жылдың 10 айында республика бойынша 74,8 млн тонна мұнай өндірілді. Еліміздің үш ірі мұнай-газ кенішіндегі өндіріс көлемі:
Қашаған – 11,5 млн тонна;
Теңіз – 24,6 млн тонна;
Қарашығанақ – 9,1 млн тонна.
Министрліктің болжамынша, жыл соңында Қазақстанда мұнай өндірісінің жалпы көлемі 90,5 млн тоннаға дейін жетеді. Айта кетейік, 2018 жылы 90,4 млн тонна өндірілген болатын.
Оқи отырыңыз: Мұнай қазақтың бағы ма, соры ма?
Теңіз кеніші
Теңізді келешекте кеңейту жобасының құны – 36,7 млрд доллар. Бұл жоба 2023 жылдан бастап жылдық өндіріс көлемін 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 28 млрд доллар игерілген.
Теңіздегі Қазақстанның үлесі – 36 пайыз немесе 7 млрд доллардан астам.
Жұмыстың 70 пайызы орындалды. 40 өндіру ұңғымасын бұрғылау аяқталып, Ерсай (Маңғыстау облысы) алаңында 62 модульдік эстакада және Кореяда 40 модуль әзірленді, 5-газ-турбиналық генератор әзірленіп, жеткізілді.
Кеніште 48 мың қазақстандық азамат жұмыс істейді.
Қашаған
Өндіріс мөлшерінің болжамы – Қашағанның 1-кезеңін кеңейту жобалары өндіріс көлемін 2022 жылы тәулігіне 420 мың баррельге және 2027 жылы тәулігіне 500 мың баррельге жеткізуге бағытталған. Жұмыс орнының саны 10 мың.
Қарашығанақ
Газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау (ГӨШАТ) жобасы бойынша жұмыстың 60,5 пайызы; 4-кері айдау компрессорын салу, жобалауға дайындық жобасы бойынша 38,5 пайызы; 5-магистральдық құбырды салу жобасы бойынша – 94 пайызы аяқталған.
Жұмысшылар саны 7 мыңнан астам.
Биылдың 10 айында мұнай өндіру көлемі 14,2 млн тоннаны құрады.
"Қаламқас-Теңіз" кен орны республикаға қайтарылып жатыр
North Caspian Operating Company (NCOC консорциумы) акционерлері Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы "Қаламқас-Теңіз" кен орнын игеру жұмысын тоқтатты.
Оның себебі – шығынның көбейіп, болжанған табыс көлемінің аз болуы.
Газ өндірісі және экспорты
10 айда ішінде газ өндіру көлемі – 46,3 млрд текше метр болса, экспортталған газ көлемі – 15,3 млрд текше метр.
Экспорт көлемінің төмендеуі газды ішкі тұтынудың ұлғаюына байланысты.
"Сарыарқа" газ құбыры аяқталу алдында тұр
Нұр-Сұлтан қаласын, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру үшін "Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан" бағыты бойынша "Сарыарқа" магистральдық газ құбырын салу аяқталуда.
Қарағанды облысында биылғы желтоқсан мен 2020 жылғы қаңтар айында газ беру басталады. Ақмола облысында Аршалы және Целиноград аудандары бойынша газ желілерін 2021 жылы аяқтау жоспарланған. Ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша газ желілерін салудың бірінші кезеңі 2020 жылы күзде аяқталмақ.