Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Армениядан жеткізілген автомобильдерді тіркеу тетігін әзірлеген. 20 мамырда Үкімет қаулысы қабылданып, онда осы көліктерді тіркеудің нақты тәртібі айқындалған.

"Азаматтар үшін тіркеу талаптары айтарлықтай қолайлы. Бірінші маусымнан бері күн сайын шамамен 400-ден астам автомобиль тіркеуден өтіп жатыр", – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.

Айтуынша, қайта жабдықталған көлік иелері тарапынан тіркеу мерзімін ұзартуға қатысты өтініштер түсіп жатыр.

"Техникалық реттеу мен метрология комитеті тарапынан ондай көліктерді тіркеуге жағдай жасалып жатыр. Осыны ескере отырып, қайта жабдықталған көліктерді тіркеу мерзімін ұзарту мәселесін қарастырып жатырмыз", – деді ол.

Оқи отырыңыз: "Үш айда үлгеріп қалыңыз". Армениядан әкелінген көліктерді тіркеуге қатысты 10 сұраққа жауап

Әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне сәйкес, Арменияда қазақстандықтардың атына 22 мыңнан астам көлік тіркелген болатын. Осы уақытқа дейін үкіметтің арнайы қаулысы аясында Қазақстанда 11 мыңға жуық көлік тіркеуге тұрды.

"Кейбір көліктер тіркеуге келмейді, – деді Түсіпов. – Себебі, рөлі оң жақта орналасқан. Бұдан бөлек, осы санаттағы кейбір көлік иелері тіркелген жеріне кетіп қалды. Басқа елге көшіп кеткендер де бар. Сосын жол апатына түскендер кездеседі. Олар көлікті жөндемеген. Демек, тіркеуге қойылмайды".

Ол Армениядан жеткізілген көліктер Қазақстанда тіркелгеннен кейін, оны пайдалану мерзіміне шектеу жасалмайтынын айтады.

Егер көлік иесі өзінің көлігін Қазақстандағы тіркеуден шығарғысы келсе, ол тиісті мерзімге көлік салығын төлеп, қазақстан нөмір мен техпаспортты тапсырып, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында армян техпаспорты мен мемлекеттік нөмірін қайтарып алады.

"Тіркеу бойынша тиісті талаптар бар екенін ескере отырып, Үкімет қаулысында тіркеудің нақты мерзімі бекітілген. Тіркеу шаралары 2020 жылдың 1 қыркүйекгіне дейін жүзеге асырылады. Алдағы уақытта осы мерзімге аталған тіркеу талаптарына жататын барлық көліктер тіркеледі", – деді Түсіпов.

Оқи отырыңыз: Шетелде тіркелген көліктер мәселесі қалай шешіледі? Бұл жағдайға кімдер кінәлі?

ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз Армениядан жеткізілген көліктерді тіркеу науқаны қарапайым азаматтардың мүддесіне сай келіп тұрғанын айтты.

"Армениядан келген көліктердің барлығы Қазақстан азаматтарына тіркелген. Ал Қырғызстан немесе Ресейден келіп жатқан көліктер сол елдердің азаматтарына тіркелген. Яғни, осы жерде айырмашылық бар, – деді ол. – Сонымен қатар, рөлі оң жақта орналасқан көліктерді Қазақстанда тіркеуге тыйым салынған".