Қазақстанда 76 мыңнан астам шетелдік азамат жауапқа тартылған
Бүгін Нұр-Сұлтанда өткен "Қазақстандағы көші-қон: проблемалар, тенденциялар, перспективалар" атты республикалық дөңгелек үстел барысында адам саудасының алдын алу және оның құрбандарына арнаулы әлеуметтік жәрдем көрсету мәселелері айтылды.
Іс-шарада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жыл басынан бері Қазақстанға 5,6 млн адам кірсе, әлемнің 200 елінен келген 5,3 млн шетелдік азамат ел аумағынан шығып кеткенін жеткізді.
Оқи отырыңыз: Еңбек мигранттарын құжаттандыру. Этникалық қазақтардың азаматтық алуын жеңілдетін заң жобасы талқыланып жатыр– Ішкі істер органдарында 1,2 млн шетелдік азамат тіркелген, олардың 1,1 млн бөлігі ТМД елдерінен келсе, алыс шетелден келгендер саны 95 мың. Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бойынша 22 мыңға жуық шетел азаматы еңбектеніп жатыр, – деді Біржан Нұрымбетов.
Қанша шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәліметінше, 76,2 мың шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 9 мыңы республикадан тыс аумаққа шығарылған. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру деректері бойынша 43 және елден шығарып жіберу туралы шешімдерді орындамағаны үшін 110 қылмыстық іс қозғалған.
– Қазақстан транзиттік, межелі, ал кейінгі кезде көшіп-қонушылардың шығу елі болып табылатындықтан, бізді бақылаусыз жаһандық көші-қон мәселесі алаңдатып отыр. Реттелмейтін көші-қонның көлемі мен құрамын бағалау оңай емес, сондықтан халықаралық және өңірлік деңгейде деректерді жинау жүйесі мен бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру бірінші кезектегі міндет болып табылады, – деп атап өтті министрлік басшысы.
Айта кетейік, Өзбекстаннан (46%), Қытайдан (34%), Монғолиядан (7%) және Түрікменстаннан (7%) барлығы 13 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанына оралған.
Оқи отырыңыз: Шетелдіктерді міндетті түрде тіркеуді алып тастау жұмыстары қарастырылып жатыр
Көші-қон қалай бақыланады?
Министр аралас көші-қон ағындарының нәтижесінде туындайтын көптеген мәселелерді шешу, сондай-ақ, өңірлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Халықаралық көші-қон ұйымымен және БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасымен бірлесіп, 2011 жылы "Алматы процесі" атты өңірлік диалогты бастағанын еске салды. Оған Ауғанстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Түрікменстан қосылып, бақылаушылар ретінде Иран пен Пәкістан қатысады.
– Өткен жылдың желтоқсан айында Марракеште өткен "Босқындар мәртебесі туралы" конвенция бойынша міндеттемелер аясында Қазақстан қауіпсіз тәртіптегі және тұрақты көші-қон жөніндегі жаһандық келісімге қосылды, – деді министр.
Сонымен қатар, көші-қон заңнамасын жетілдіру мақсатында "Көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленді, ол қазір Мәжілісте қаралып жатыр.
Оқи отырыңыз: Әлемде әрбір жетінші адам туған жеріне тұрақтамайды екен. Қазақстанда қалай?
Құжатта еңбек иммигранттарын тарту механизмін жетілдіру, әкімшілік жауапкершілікке тартылған мигранттардың мәселелерін шешу, сондай-ақ, ұлттық заңнамаға халықаралық реадмиссия стандарттарын енгізу шаралары қарастырылған.
Шара соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Халықаралық көші-қон ұйымының басшылары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.