Қазақстанда 55 млн несие шарты жасалған. Қарыз иелерінің жауапкершілігін арттыру ұсынылды
Бірінші несие бюросының мәліметінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді адамдардың саны – 9,23 млн. Олардың ішінде 1,7 млн адам мүлде несие алмаған. Олар – 18-22 жас аралығындағы жастар мен 45 жастан асқан егде адамдар. Ал еліміздің қалған 7,5 млн азаматының банктер мен басқа да қаржы ұйымдарында несиесі бар.
Жоғарыдағы статистика нені көрсетеді? Бұл – Қазақстан халқының жартысына жуығы қарыздар деген сөз.
Соңғы уақытта бұл мәселені шешуге бағытталған екі қадам жасалды:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2019 жылы жалпы қарызы 3 млн теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдерінің 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді. Бұл – бір реттік шара.
- 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге шектеу қойылды.
Қазақстанда 55 млн несие шарты жасалған
Бүгінде еліміздің жалпы несие портфелінде 26 трлн теңгенің несиесі жатыр. Оның ішінде:
- Бизнес несие – 17,6 трлн теңге (75%);
- Бөлшек несие – 7,4 трлн теңге (25%).
26 трлн теңге несиенің:
- 20,2 трлн теңгесін екінші деңгейлі банктер;
- 290,6 млрд теңгесін микроқаржы ұйымдары;
- 4,4 трлн теңгесін өзге қаржы ұйымдары берген, ал
- 84 млрд теңгесі – онлайн несие.
2019 жылы портфель 22 пайызға артып, 580 мың адам алғаш рет несие алған. Қазақстандағы несие шарттарының жалпы саны 55,6 млн. 5,4 трлн теңге тұтыну несиесі берілсе, оның 93 пайызы екінші деңгейлі банктерге тиесілі. 89 млрд теңге ипотеканы несиелеуге жұмсалған. 400 млрд теңге автонесие және 600 млрд теңге кепілді несие берілген.
Бұлар – Бірінші несие бюросының мәліметтері. Бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның сөзінше, кепілсіз бөлшек несие алушылардың 80 пайызы қаржы ұйымдарына 316 мың теңгеден қарыз.
"Қарыз алушылардың аз бөлігінде ғана 5-10 млн теңгеден асатын кепілсіз несиелер бар. Автонесие, кепілді несие және ипотеканы алсақ, бір тұрғынның қарызы – шамамен 1 млн теңге. Ал кепілсіз несие алғандардың 80 пайызы 316 мың теңгеден қарыз болып шығады. Яғни, қазақстандықтар қарызға белшесінен батып отыр деп ойлау – қате", – деді Әсем Нұрғалиева.
Оның сөзінше, соңғы үш жылда аз мерзімге шағын несие алушылар саны артқан. Мұндай несиенің орташа сомасы – 170 мың теңге.
Оқи отырыңыз: Кредиттік амнистия. Популизм бе, әлде нақты әлеуметтік көмек пе?
Несие алушылар бойынша Алматы көш басында
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ирина Кушнареваның айтуынша, 2000 жылдан бері бөлшек несиелер көлемі 15,3 млрд теңгеден 6,8 трлн теңгеге дейін ұлғайған.
"19 жыл ішінде баға индексі – 420 пайызға, орташа атаулы табыс – 6,3 мың теңгеден 103 мың теңгеге дейін, үй шаруашылықтарының шығындары 4 мыңнан 52 мың теңгеге дейін өсті. 2020 жылдың 1 қаңтарында тұтынушылық мақсаттарға арналған сома 4,2 трлн теңгені құрады", – деді ол.
Ирина Кушнарева қарызға батушылық деңгейін бағалау кезінде табыс деңгейі есепке алынуы тиіс екенін айтады. Ұлттық банктің мәліметінше, өңірлерде кірістер біркелкі бөлінбейді. Барлық бөлшек несие портфелінің 51 пайызы үш қалаға ғана тиесілі:
- Алматы – 37 пайыз;
- Нұр-Сұлтан – 8 пайыз;
- Шымкент – 6 пайыз.
Ипотека қарыздары бойынша да негізгі үлеске осы үш қала ие:
- Алматы – 24 пайыз;
- Нұр-Сұлтан – 27 пайыз;
- Шымкент – 4 пайыз.
Жеке кәсіпкерлер неге бизнес несие алмайды?
Бірінші несие бюросы бизнесті несиелеу көрсеткіштеріне талдау жасағанда жеке кәсіпкерлік сегментінде кредиттік белсенділік төмен екенін байқаған. Қазақстанда 1,2 млн жеке кәсіпкер болса, олардың 134 мыңында несие шарты бар. 2019 жылғы дерек бойынша, 76 мың жеке кәсіпкер бизнес емес, бөлшек несие алған.
"Жеке кәсіпкер ақша қажет етсе, жеке тұлға ретінде кепілсіз тұтыну несиесін алғанды қалайды. Өйткені, бизнес несиені рәсімдеуден гөрі бөлшек несие алу әлдеқайда жеңіл. Нәтижесінде, бөлшек несие көлемі екі есеге артқан. Бізге бизнес несиенің қолжетімділігін арттыру қажет", – деді Әсем Нұрғалиева.
Бұл ұсынысты "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеев те қуаттады. Ол жеке кәсіпкерлердің жартысына жуығы жеке тұлға ретінде несие рәсімдейтінін растады.
Оқи отырыңыз: Несие алудың тиімді жолдары немесе банкке алданбау үшін нені білу керекМикроқаржы ұйымдарына сұраныс аз
Банк секторындағы микроқаржы ұйымдарының үлесі – 1,2 пайыз ғана. 2019 жылы азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға бөлінген 114 млрд теңгенің 109 млрд теңгесіне екінші деңгейлі банктердегі несиелер кешірілсе, бар-жоғы 5 млрд теңгеге микроқаржы ұйымдарындағы несиелер кешірілген. Мұндай ұйымдар көбінесе шағын және орта бизнес субъектілерін несиелейді және несие портфелінің 85 пайызын кәсіпкерлік қарыздар құрайды.
Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығының директоры Ербол Омархановтың сөзінше, 2016 жылдан бастап микроқаржы ұйымдары Ұлттық банктің бақылауына өткен. Тиісінше, қарыз алушылар мемлекет тарапынан қорғалады.
"Біз шалғайдағы елді мекендерде жұмыс істейміз. Статистика бойынша қарыз алушылардың 66 пайызы ауылда тұрады. Қатаң реттеулер енгізілсе, микроқаржы ұйымдары бұл нарықтан кетуге мәжбүр болады. Олардың орнына қылмыстық ұйымдар пайда болып, қарыз алушылар мемлекеттік қорғаусыз қалады", – деді Ербол Омарханов.
"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеев банктер ІТ-ді дамыту мен қызметтерді цифрландырудан шағын және орта бизнесті несиелеуге көшу керек екенін айтып отыр. Оның сөзінше, микронесиелеу Қазақстанда аса бағаланбай отыр. Дамушы елдердің экономикасында бұл сегмент маңызды рөл ойнайды.
Дүнижеүзілік банкпен бірлесе микроқаржы ұйымдарының нарығын талдағанда Оңтүстік Америка мен Оңтүстік-шығыс Азиядағы дамушы елдердің банк портфелінде бұл сегмент 30 пайыз құрайтынын, ал Қазақстанда көрсеткіш шамамен 6 пайызға тең екенін анықтаған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда несие алғандар банктің заңсыз ұстаған комиссиясын қайтарып алуға асықпай отыр. Неге?
Фархат Сәрсекеевтің сөзінше, Қазақстандағы 170 микроқаржы ұйымының көп бөлігі оңтүстікте орналасқан. Сол себепті елдің басқа өңірлерінде де микронесиелеуді дамыту керек. Ол үшін кәсіпкерлік мақсатында несиелеу рәсімдерін жеңілдетіп, шағын және орта бизнесті несиелеудің жедел моделін жасаудың маңызы зор.
"Шағын және орта бизнесті несиелеу жеңілдесе, Азия даму банкімен, Еуразиялық даму банкімен серіктестік орнатамыз. Олардың бизнесті қолдауға арналған түрлі бағдарламалары бар және Қазақстандағы шағын және орта бизнесті несиелеуге дайын. Алайда қаржы болса да, микронесиеге сұраныс жоқ", – деді ол.
"Табысы аз азаматтарға несие бермеу керек"
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов Қазақстанда орташа жалақы халықтың шынайы кірісін көрсетпейтінін алға тартып, медианалық айлықты есептеу дұрыс екенін айтты.
"Еліміздегі орташа жалақы – 204 мың теңге. Дегенмен, адамдардың көп бөлігі бұл сомадан аз жалақы алады. Медианалық айлық 100-110 мың теңге шамасында. Қазақстандықтардың тамақтануға жұмсайтын шығындары күн санап артып келеді. Адамдар 2006-2009 жылдары азық-түлікке табысының 30 пайызын жұмсаса, қазір оның үлесі 50 пайызға жеткен", – дейді сарапшы.
Мұндай мәліметтермен бөлісе келе, ол Бірінші кредит бюросының "несиенің орташа чегі – 170 мың теңге" деген мәліметіне назар аударды: "Бұл – дабыл қағатын жағдай!"
Economist.kz жобасының жетекшісі, Экономист, Қасымхан Қаппаров та халықтың азық-түлік тауарларына жұмсайтын шығындары артып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұл тренд 2015 жылғы девальвациядан кейін басталған.
"Адамдардың білім не медициналық қызмет алуға емес, тамаққа көп ақша жұмсауы жүйедегі қателіктен хабар береді", – деді экономист.
Оқи отырыңыз: Несие карталарын қалай таңдау керек: қазақстандық банктердің өнімдеріне шолу
"Табыстың өспеуі мен кедейліктің несиеге қатысы жоқ"
Экономист Айдархан Құсайынов Қазақстанда "қарызға бату проблемасы жоқ" деп есептейді.
"Нарықтағы банк моделі өзгеріп жатыр. Банк арқылы бөліп төлеудің бәрі қарыз алушылардың кедейлігімен байланысты емес. Өйткені несие ретінде есепке алынатын тауарды бөліп төлейтін болса адам мұның өзіне ыңғайлы екенін түсінеді. 2019 жылдың қазан айына қолма-қол ақшасыз төлемдер – 2,7 есе, интернеттен сатып алудың 2,5 есеге артуы осыған дәлел", – деді экономист.
Ол қазақстандықтардың өз табысының 50 пайызын азық-түлікке жұмсауы және олардың табысының өспеуі, кедейлік мәселесінің қарызға батуға ешқандай қатысы жоқ екенін айтты.
Оқи отырыңыз: Көліктерді несиелеу бағдарламасының шарттары қандай?"Тұрғындар ақшасы болмай, жұмыссыздықтан несие алады деу – қате. Қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша халықтың әлеуметтік осал топ өкілдеріне арналған несие рақымшылығына 105 млрд теңге бөлінді, бұл 7,4 трлн теңге көлеміндегі бөлшек қарыздың 1 пайызын ғана құрайды. Бұл кедейшілік шегіне жақындап келе жатқан санаттағы адамдар арасында да қарызға батудың жоқ екенін көрсетеді", – деді Айдархан Құсайынов.
"Өмір бойы құл боп өтеді"
Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова төмен жалақы мен ақша табу мүмкіндігінің жоқтығы халықты азық-түлік тауарлары үшін неисе алуға мәжбүрлейді деген пікірде.
"Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қанша уақыттан бері талқыланып келеді. Қазақстанда қарызға батушылар бар. Олар ондаған жылдан бері шетелге шыға алмай жүр. Кредит карталарын аша алмайды, мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды. Олар көп мүмкіндіктен қалыс қалып отыр", – деді Ирина Смирнова.
Оның сөзінше, несие жүктемесін төмендету үшін банктердің жауапкершілігін айқындау қажет. Банктер өсімқорлық үшін жауапкершілік алуға тиіс. Олар несие беру үшін жауапты болып, берілетін қарыздардан айтарлықтай қымбат болатын объектілерді кепілге алуға тиіс.
Оқи отырыңыз: Енді коллектор несиесін төлемегеннің көлеңкесіне айналады. Екінші маусымда күшіне енген жаңа заң қалай жұмыс істейді?"Мемлекет заңды тұлғаның жағында тұрғанда, қарыз алушының жағында болмайды. Қарыз алушы қиын жағдайда болғанда адам емес, банк зардап шекті дейді. Қарыз алушыны барлық жерде шектейді. Олар қарызды қайтару мақсатында ақша табу үшін Қазақстаннан тысқары шығып кете алмайды және өмір бойы құл боп өтеді. Азық-түлікті қарызға алмас үшін әрбір адамға қолайлы жағдай жасау керек", – дейді Паралмент Мәжілісінің депутаты.
"Қарыз алушының жауапкершілігін қатаңдату керек"
АКРА рейтинг агенттігінің Қазақстандағы басшысы Асқар Елемесов кредит құны мен мөлшерлемесін төмендетуі мүмкін емес екенін айтты: "Ауылдық жерлерде тойлауға кетіп жатқанда несие қаржысы ешқашан өндіріске, бизнеске жұмсалмайды".
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов табысы төмен адамдарға несие беруге тыйым салудың қисынды екенін, алайда мұндай жағдайда азаматтар банктен ломбардқа не мөлшерлемесі жоғары онлайн несиелеуге ауысатынын айтты.
"Адамға өмір сүру үшін ақша керек. Ақша болмағанда не істейді? Ең бірінші туыстарының көмегіне жүгінеді. Содан кейін достарынан, алыс танысынан сұрайды. Соңында банкке барады. Банктен алған ақшаны туыстары мен достарынан алған қарызды өтеуге жұмсайды. Олардың табысы банктегі берешегін жабуға жетпейді", – дейді Олжас Құдайбергенов.
Қазақстан ломбард қауымдастығының төрағасы Роберт Абзалилов қарыз алушының жауапкершілігін арттыруды ұсынды. Оның сөзінше, адамдар қаржылық сауатты болмаса да, қарыз алатын кезде қашан, қанша төлеу керек екенін көреді. Десе де, халық арасында несие алып, оны төлемей қоюға болады дейтіндер артып келеді.
"Сонда кім жаман? Банк жаман. Қарыз алушы несие шартына қол қойған соң, жауапкершілікті өз мойнына алуы керек", – деді Роберт Абзалилов.