Қазақстанда 2 миллиондай халық әлі ауыз суға жарымай отыр. Осы мәселе қалай шешілмек?
Бүгінгі Үкімет отырысы осы мәселеге арналды. Бірінші боп сөз алған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр:
– Ел бойынша 90% халық немесе 16,5 млн адам орталықтандырылған сумен жабдықталған, – деп мәлімдеді.
Бірақ сусыз отырған ауыл көп
Неше мың адам тұратын Астана төңірегіндегі Талапкер, Қоянды, Қосшы, Жібек жолы секілді ауылдары бұл тізімде жоқ болуы мүмкін. Мысалы, кеше ғана informburo.kz тілшісі Қоянды ауылында болды. Мұндағы жұрт өз үйінің ауласынан құдық қазып алған. Алайда суы тұзды болып, амалсыздан алыстан тасып ішіп отыр.
Ал Үкімет қабылдаған "Ақбұлақ" бағдарламасының статистикалық деректеріне сүйенсек, 2020 жылға қарай 80 пайыз ауыл,100 пайыз қала орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілуі керек.
Су құбыры қандай ауылға жүргізіледі
- Халқының саны 200 адамнан аз ауылдар саны – 1333;
- Халқының саны 200 адамнан көп ауылдар – 1274.
– Халқының саны аз ауылдар үшін суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылады. Ал тұрғындары көп ауылдарда модульдер орталық су құбырларымен салынатын болады, – деді Роман Скаляр.
Су тазартқыш кешенді блок-модуль деген не?
Министрдің айтуынша бұл– шағын ауылдарда суды тазарту үшін қолданылатын арнайы қондырғы.
– Артықшылығы олардың қарапайымдылығында. Жеңіл орнатылады (2 ай ішінде) және оңай пайдаланылады. Қажет болған жағдайда бір ауылдан екінші ауылға тасымалдауға болады, – дейді Роман Скляр.
Модульдер орнатылған ауылдар бар
Министр ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасын шешілген, суды тазартатын кешенді блок-модульдерді қолданған екі өңірді атады. Олар:
Павлодар облысында 52 ауыл, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында 12 ауыл.
Әр блок-модульдің орнатылу құны – 30 млн теңге шамасында.
Мәселені шешудің бір жолы – сумен қамту жүйесін бірыңғай оператордың қарамағына өткізу
Бүгінде ауылды сумен жабдықтауды екі мемлекеттік орган жүзеге асырады:
- Ауыл шаруашылығы министрлігі – елді мекендерден тыс орналасқан топтық су тартқыштарды салуды және реконструкциялауды қамтамасыз етеді;
- Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – ауыл ішіндегі желілерді дамытуға жауап береді.
– Осыған байланысты ауылдарды кешенді дамыту үшін ауыз сумен қамтамасыз ету мен суды бұру функцияларын Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажет деп санаймыз. Ауылдағы соңғы тұтынушыға дейін сумен қамтуды және жабдықтауды бір мемлекеттік орган жүзкге асыруы керек – дейді Роман Скляр.
Ауылдағы су бағасы әр өңірде әртүрлі
Мысалы судың текше метрі үшін:
- Ең төменгі тариф Жамбыл облысында – 25 теңге;
- Ең жоғарғы тариф Қостанайда – 3992 теңге;
- Халық суға есептеу құралы болса – 30 теңге және болмаған жағдайда 40 теңге төлейді. Көрсетілген тарифтен артық сома субсидияланады.
– Бүгіндері республикалық бюджеттен шамамен 13 млрд теңге субсидия бөлу көзделген. Бұл бағаны түсіру үшін беріледі, – деді Роман Скляр.
Қалаларда кәрізді тазарту қондырғылары ескіріп жатыр
Сапархан Омаровтың сөзінше, коммуналдық кәсіпорындар балансындағы су жүйесі дұрыс күтілмегендіктен, тез ескіріп жатыр. Және ауылдарды сумен жабдықтау мен су бұру жобаларын іске асыруда бір тұтас жүйелі стандарт жоқ.
Жалпы Қазақстанда 86 қаланың 58-інде ғана тазарту қондырғысы бар. Олардың 60%-дай тозған. 26-сында қондырғыларды жаңарту және 27 қалада жаңадан салу қажет. Осы проблеманы шешуден бұрын тек алдын ала бағалауға шамамен 330 млрд теңге қажет.
Бірыңғай оператор кім?
– "Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына беру керек. Оның қолында ұзындығы 12 080 км, 33 топтық су құбыры бар, – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Қазір 6499 ауылдың 546-сы ғана "Қазсушар"-дың басқаруында. Қалғандары коммуналдық және басқа меншікте.
Сапархан Омаров та Роман Склярдің ұсынысын қолдап отыр.
Бірыңғай оператор несімен ұтымды?
Сапархан Омаровтың айтуынша, мәселе біржүйеленеді. Атап айтқанда:
- Қағазбастылықтан құтылып, жобалардың іске асыру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді;
- Бірыңғай оператор әрі тапсырыс беруші, әрі пайдаланушы ретінде құрылыстың сапалы салынуына мүдделі болады;
- Объектілерді жобалау мен техникалық қадағалауды бірыңғай оператордың аттестатталған мамандары айналысады, бұл бюджет қаражатын едәуір үнемдейді.
– Ал сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін оқшау салуға және реконструкциялауға тапсырыс беруші жергілікті атқарушы орган болып қала бергені жөн, – дейді министр.
Министр жаңа құбырлар тартылуымен қатар жаңарту жұмыстары да қатар жүріп жатқанын хабарлады. Осы қарқынмен тұрса 2023 жылға дейін барлық міндеттерді 100% орындаймыз деп білегін сыбанып отыр. Ол үшін ұсыныс қабылданып, қаржы бөлінсе жеткілікті.
"Құдық қазу әлі де маңызды болып тұр"
Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошанов осылай дейді.
– Халық саны 200-ден аспайтын ауылдарда құдық қазу және насостар орнатып, сумен қамтуды қарастырып жатырмыз, – деді.
30 млрд теңге қайда бөлінеді?
Үкімет отырысы баспасөз мәслихатына ұласты.
Informburo.kz тілшісі Қоянды ауылындағы судың тазалығы және сумен қамтудың жағдайына байланысты сұрақ қойды. Қала маңындағы он мыңдаған тұрғындардың ауыз су мәселесі қашан шешіледі?
Сауалға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев:
– Қоянды, Талапкер секілді ауылдарда жан саны өте көп. Осыған орай қала маңындағы ауылдардың ауыз су мәселесін шешу үшін арнайы 30 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сынды үш қаланың төңірегіндегі ауылдардың су мәселесін шешуге арналған. Қазір жоспар жасалып жатыр. Жақын уақытты жұмыс басталады, – деп жауап берді.