Қазақстанға өзінің электронды ақшасын енгізу керек
Қытай да жұтынып отыр. Біздікілер Apple Pay-ге басымдық берді.
Бұрын барсаң, орын бар
Осы жылдың мамыр айында Еуразиялық банк бірінші болып Android қолданушылары үшін NFC көмегімен байланыссыз төлем қызметін таныстырды.
"Қазақстандықтардың телефон арқылы төлем жасауға қызығушылықпен қарайтынын байқадық. Apple құрылғысының иелері үшін қолжетімді болғанын қалайтын "алма сүйгіштердің" өтініштерін алдық. Еуразиялық банктің карталарын ұстаушы iPhone, Apple құрылғыларын пайдаланатындар үшін Apple Pay-ді ұсынамыз"– деді Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Павел Логинов журналистермен кездескенде.
Дәстүрлі "пластиктен" бас тартатын уақыт келе жатыр
"Біздің клиенттеріміз байланыссыз төлемдердің қолайлылығын, қауіпсіздігін және жайлылығын бағалайды деп үміттенеміз", – деді Павел Логинов.
Кез келген тауарды iPhone SE, iPhone 6 және iPhone құрылғыларының одан да жаңа үлгілерімен, Apple Watch "ақылды" сағаттарымен, iPad және MacBook арқылы төлеуге болады.
Ол үшін банктің картасын ашып, құрылғыңызға тіркеп, байланыссыз төлемдерді қолдайтын терминалдар, Интернет арқылы төлем жасай аласыз.
Facebook те төлем жүйесін ашуға ниеттеніп қойды
Бұл жаңалық өткен жылы белгілі болды. Кез-келгеніміз, мүмкіндік болса, Facebook-тің төлем жүйесіне басымдық беретініміз анық.
– "Facebook-те бірнеше сағат отыратындар қандай өнімді пайдаланады" деген мәселе көп адамды ойландыра бастады, – дейді қаржыгер Бейсенбек Зиябеков.
Бұл – электронды ақша емес, суррогат ақша
– Суррогаттың бір ғана функциясы – корпоративті төлем жүйесі. Мұның соңы толық мәліметтер базасы жинақталған америкалық төлем жүйесіне тәуелділікке алып келеді, – дейді ол.
Қазақстанға тездетіп электронды ақшасын енгізу керек
– Ұлттық электронды ақшамызды бүгін енгізбесек, ертең кеш. Қолма-қол төлемсіз құрылымдарда доллар өз үлесін сақтайды. Электронды қаржы жүйесінде Apple, Google мен Facebook үстемдік етеді.
Мысалы, Google 2015 жылы өз төлем жүйесін іске қосты,– деді Бейсенбек Зиябеков.
Бейсенбек Зиябеков ішкі нарықта монополиялық үстемдік салдарынан кейбір салалардың еңсесін түзей алмай отырғанын айтып өтті.
– Бүгін жекелеген компанияларға басымдық берсек, ертең олар "қорасына" ешкімді кіргізбеуге тырысады. Нарықтан орын аламын деп талпынғандардың бәріне бүгіннен бастап жағдай жасайық. Дені сау нарық осылай қалыптасады, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, қызметтің бұл түрі қауіпсіздік жағынан қолайлы. Әмияндағы ақша, банктік карталар жоғалып қалады деп алаңдамайсыз. Сатушының да, сатып алушының да уақыты үнемделіп, қаржысын басқаруға мүмкіндік туады.
Қазақстан Apple Pay жүйесіне ауысқан 32-інші ел
Бізге дейін бұл қызмет түрі Аустралия, Бельгия, Канада, Қытай, Франция, Гонконг, Ирландия, Италия, Жапония, Жаңа Зеландия, Ресей, Сингапур, Испания, Швейцария, Тайвань, Ұлыбритания және АҚШ тұрғындарына ғана қолжетімді болды.
Қазақстандағы алты банк осы жүйені қолданып отыр
Олар – ForteBank (Mastercard карталары үшін ғана), Еуразиялық банк (Mastercard), Сбербанк Қазақстан (Visa және Mastercard карталары үшін), ЦентрКредит Банкі (Visa және Mastercard), АТФ Банк (Visa) және Halyk Bank (Visa және Mastercard).
Аталған банктер бұл жүйені өткен аптада іске қосты.
Айфонмен тек сауда жасамайсың
2018 жылдың бас кезінде Apple-дің акционерлер жиналысында мобильді төлем жүйесінде басқа бағытты таңдап алу қажеттігі туралы бәтуаға келген.
Apple ғылыми зерттеу мен әзірлеу жұмыстарына бюджетті арттыруды көздеп отыр. 2017 жылы бұл салаға 12 млрд доллар жұмсаған екен. Ал келер жылы 16 млрд доллар жоспарлап отыр.
2018 жылы iOS-та пайдаланушылардың медициналық деректері үшін Health Records жаңартылған бөлімі пайда болды. Apple компаниясы медициналық диагностика құралы ретінде пайдаланатын "Apple Watch" ақылды сағаттарына да үміт артып отыр.
Cardiogram стартапы әзірлеген нейрондық желі "Apple Watch"-тан алынған деректерді пайдалана отырып, 85 пайыз дәлдікпен диабетке диагноз қоюды үйренді.
Мұны олар тек барлау деп отыр.
"Аpple Watch"-тың ағзадағы өзгерістерді кез келген жерде ескертіп отыратын қосымшалары шығып, отбасылық дәрігердің міндетін атқаруы мүмкін.
Технологиядағы төңкеріс осы бағытта дами бастады.
Samsung Оңтүстік Кореяда мобильді төлемдер қызметін іске қосты
Әзірге оны қолданушылардың саны шектеулі.
Сарапшылар оған "Apple Pay қызметіне бәсекелестік тудыру мақсатында жасалған" деген баға берді.
Екі мобильді қызмет те NFC технологиясын пайдаланады. Samsung Pay қызметінде ақша айналымының қауіпсіздігіне, Magnetic Secure Transmission (MST) технологиясы жауапты. Олар да 17-35 жас аралығындағы тұтынушыларының саны 35 пайыз Орталық Азия нарығын көздеп отыр.
"Android Pay смартфонды цифрлық әмиянға айналдырады: жүйе нақты, сондай-ақ виртуалды дүкендерде пайдаланылуы қажетті деректерді сақтайды. Миллионнан аса Америка дүкендерінде, бір мың мобильді қосымшалар арқылы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге төлем жасауға мүмкіндік береді", – депті компанияның баспасөз қызметі.
Е-commerce сегменті Facebook-ке бәсекелес ретінде қарайды
Бұған дейін де Facebook бизнеске бейім екенін байқатқан. Қазір "shop" қызметі тестілеуден өтіп жатыр. Олар осыған дейін "Моnstr Masterclass" жобасын іске қосып, әлемдік деңгейдегі шеберлердің видео-сабақтарын онлайн жүйесінде бастады.
– Мұны Facebook желісінің Е-commerce нарығына жасаған алғашқы қадамы, барлауы деп қабылдадық, – дейді Алматыдағы интернет дүкендер желісінің өкілі Никита Окулов.
– Facebook әлеуметтік желісі жақында қазақ тіліне жетік маман іздеді және ол міндетті түрде Қазақстаннан болуы керек. Е-commerce сегментіндегі құбылыстарға шолу жасайды. Бұл – Facebook Е-commerce нарығын жаулауға шындап кірісті деген сөз, – деді Никита Окулов.
Басқа елдер Е-commerce нарығына әлдеқашан бет бұрған
– Қазақстанда Facebook, WhatsApp әлеуметтік желілерінің қолданушыларының саны өсіп жатыр. Осыған дейінгі онлайн-сауда желілері ұсынған сауда ассортименті жоғары сапасымен ерекшелене алмады.
Facebook-тің "Моnstr Masterclass" жобасының көмегімен атақты компаниялардың өнімдерін саудаға шығаруға мүмкіндігі бар. Оларға әлемнің кез келген қаласынан онлайн логистикалық нүкте ашу қиын емес. Facebook пен WhatsApp-тың Е-commerce нарығына келуі сауданың классикалық формасының түбіне жетуі мүмкін, – дейді Никита Окулов.
ХХI ғасырда бизнестің қай бағытта дамитыны белгілі болып қалды
Никита Окулов 2008 жылы ашылған ресейлік Qiwi төлем жүйесі арқылы 2017 жылы елімізде 10,7 млн транзакция жасалып, 32 млрд теңге кіріс кіргізгенін айтты. Ол табыстың 80 пайызы ресейлік магнаттардың қалтасына кетіп жатыр.
– Электронды транзакциядан түскен пайданың 80%-ы Ресейге, 20%-ы Қазақстанның ұсақ компанияларының еншісінде. Қазір ел көлемінде 40 мыңнан астам Qiwi құрылғы бар. Оның барлығы Ресейге жұмыс істеп тұр, – дейді Никита Окулов.
Биыл 1 қаңтардан бастап интернет-дүкен немесе интернет-алаң арқылы сауда жасайтын заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын, ал жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығын төлеуден босады.
Қазақстандағы е-commerce нарығына қосымша тыныс керек
Сарапшылар Е-commerce нарығы 2018-2020 жылдар арасында мобильді телефондар арқылы сауда жасауға басымдық беретінін айтып отыр. Бұл тенденциядан біз де қалыс қалмаймыз.
2016 жылдың қаңтар айынан бастап біздің елде мобильді коммерцияның жұмысы әртараптандырылды. Коммунальдық қызмет төлем жүйесінен бастап қоғамдық көліктердегі төлемақыға дейін мобильді қондырғы немесе СМС хабарлама арқылы төлеуге мүмкіндік туды.
Никита Окулов Қазақстан смартфондардың көмегімен онлайн-шопинг жасайтындардың саны жағынан алдыңғы орында тұрғанын айтты.
– Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өспесе, кемімейді, – дейді ол.
WhatsApp пен Facebook-тің кірісуі Е-commerce сегментін транформациялауды тездетуі мүмкін
Заңгер Юлия Салехова төлем жүйесін атқарады деп отырған "Айфон" құрылғыларының нарықтағы құны да, бәсі де қымбат екенін айтты.
– Бұл – бизнес. Мемлекеттік мүддеде бизнесті араластыруға болмайды. Халыққа қолжетімді технология керек. Сол кезде ғана төлем жүйесі халықтық сипатқа айналады, – дейді ол.
Қазақстандықтар бұл жүйеге әлі дайын емес
– Е-commerce сегментін заң бойынша реттемесек, ертең өзге елдердің заңымен жүреміз. Электронды сауда нарығында көшке ілесіп кете алатындарды анықтап, басымдықты соларға берген дұрыс. Ес жиып алғандары қалғандарын сүйрейді, – дейді Юлия Салехова.
Ол нарықтың бұл түрінің жүгінің ауыр екенін айтады. Алдымызда миллиардтаған капиталы бар шетелдік алпауыттар тұр.
– Қазақстанға өз төлем жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік бар. Өзбек, қырғыз осы бағытта жұмысты бастады. Нарықта бағын сынамақ болғандарға Қазақстанмен шектеліп қалмаңыздар деп кеңес беремін. Өзбекстанға шығыңыздар. Түркіменстан, Ауғанстан нарығын да байқап көріңіздер, – дейді ол.
Қазақ нарығы үшін күрес Қытай мен Ресей арасында өтеді
– Қазақстанның электронды сауда сегментіне қытай компаниялары келу мүмкіндігінің жоғары, – дейді Юлия Салехова. Мұндай жағдайда Қазақстанның онлайн сауда сегментіне қосымша күш керек. Мұны қазақ үкіметі жақсы біледі.
Үкімет бұл жүйе 2022 жылға қарай 200 000 қазаққа нан тауып береді деп үміттеніп отыр. Бірақ "Қалай, қайтіп" деп басталатын дәстүрлі сұраққа жауап айтылған жоқ.
Бұл – үкіметтің болжамы ғана
– Мобильді төлемді электронды сауда жүйесінен бөліп, жеке-дара дамытатын кез келді. Екеуін бір бағытта алып жүру мүмкін емес.
Екеуінен де үміттіміз. Клиент үшін күрес тек е-commerce сегментінде ғана емес, қаржы нарығында да күшейеді. Бәйгеге өз жүйрігімізді қосайық, – деп қорытты сөзін бізбен әңгімесінде Юлия Салехова.