Үкімет басшысы орынбасарларына міндеттерін бөліп берді

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайылов қаржы секторының, макроэкономикалық саясатты, бюджетті, салық және кеден саясатын, мемлекеттік жоспарлау жүйесін, сауда саясатын, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін қадағалайды.

Екінші орынбасары Г.Әбдіхалықоваға білім мен ғылымды дамыту, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және жаңғырту, жұмыспен қамту, мемлекет пен азаматтық қоғамның әрекеттестігі, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, рухани жаңғыру, конфессияаралық және этносаралық келісімді қамтамасыз ету, мәдениет және спортты дамыту және басқа міндеттер жүктелді.

Үкімет басшысының тағы бір орынбасары Ж. Қасымбек көлік инфрақұрылымын және логистиканы дамыту, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, энергия үнемдеуді дамыту және жаңартылатын энергия көздерінің энергия тиімділігін арттыру, көмір өнеркәсібі, атом өнеркәсібі және ядролық энергетика мәселелерін жіті бақылауы тиіс.

Премьер-Министр кеңсесінің басшысы Д. Қалетаев Премьер-Министрдің және Үкіметтің қызметінің ақпараттық-сараптамалық, құқықтық, ұйымдастырушылық, хаттамалық, құжаттық, материалдық-техникалық тұстарын үйлестіреді.

Футбол ойынына жаңа ережелер енгізілді

Халықаралық футбол ассоциациясы кеңесі (IFAB) таратқан мәліметке сүйенсек, бұдан былай гол соққанда футболшының қолы допқа байқамай тиіп кетсе, ол ережені бұзған болып саналады. Тағы бір жаңалық: алмастырылған ойыншы ең жақын қапталдағы сызық арқылы алаңнан шығуы керек. Сондай-ақ, шабуыл жасаушы команданың футболшыларына айып добын соққанда қорғанушы команданың қорғаныс тізбегіне тұруға тыйым салынады.

11 метрлік айып добын соғуға қатысты да өзгеріс бар. Биыл жазда ресми түрде енгізілетін жарыс ережелеріне сәйкес, голкиперге қақпа сызығын міндетті түрде екі аяқпен емес, бір аяқпен де басуына мүмкіндік беріледі.

Үндістанда қалып қойған жолаушылар түгел елге жеткізілді

Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі хабарлады. Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдайдың ушығуына байланысты 300 жолаушының ұша алмай қалғаны туралы ақпарат тараған еді. Олардың 68-і ғана – Қазақстан азаматтары болып шыққан. Қазір "Эйр Астананың" әуе қатынасы қалыпты жағдайға түскен. Министрлік өкілі қалыптан тыс жағдайларда елшілікте құрылған жедел штабқа хабарласуға болатынын айтты.

Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту мақсаты орындалған жоқ

Жекешелендіру бағдарламасы жарияланғанымен, орындалмай отыр. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев айтты. Жекешелендірудің екінші кезеңінде 321 млрд теңгелік активтері сатылған. Оның 25 трлн теңгесі "Самұрық-Қазына" қорына қарасты. Алайда ірі компаниялардың акцияларының тек кішігірім бөлігін сату арқылы бұл міндет орындалмайды. Себебі бақылаушы пакет мемлекет үлесінде қала береді. Т.Құлыбаевтың айтуынша, кәсіпкерлікпен әлі де 6.6 мың квазимемемлекеттік мекеме айналысады.

Қоғам белсенділері әкімдік пен мәслихатты сотқа берді

Олар Алматыдағы үй жануарларын аулау тәртібіне наразы. Айтуларынша, иттер мен мысықтарды аулау тәртібі ҚР Азаматтық кодексіне қайшы.

Forte Bank банкоматтарынан әтір иісі бар ақша беріледі

Forte pour Femme хош иісі аңқыған қағаз ақшаны әйелдер ашқан кейбір дүкендер, салондар мен агенттіктерден кездестіруге болады.

Қазақстанда мектептерде жыныстық тәрбие сағатын енгізу басталды

Бұл үшін БҰҰ Тұрғын халық саласындағы қоры Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Әуелі оған қатысты әдістемелік құралдарды, содан соң осы салаға мұғалімдерді дайындау қолға алынады.

Оқушыларға жыныстық тәрбие беру үшін бөлек оқу сағаты бөлінген жоқ, әзірге тақырыбы ұқсас биология, жаратылыстану, дүниетану секілді сабақтарға біріктіріледі. Пилоттық режимде тәрбие сағаты 9-11 сынып оқушыларына жүргізілмек.

Астана әкімдігі тұрғындардан шағымдарын WhatsApp арқылы қабылдай бастады

Елорда халқының арыз-шағымдары iKӨMEK бірыңғай байланыс орталығының WhatsApp +7747 1090109 нөмірі арқылы қабылданады. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық көлік, ПИК-пен жұмыс, жанар-жағармай мәселесі, лифт, ашық құдықтар, су басу, қаңғыбас иттер және тағы басқа мәселелер бойынша сұрақ жолдауға болады. Мәтінде өтініш беруші аты-жөнін, байланыс телефонын, көрсетіп, өтініш мәтінінің соңында уақыты мен күнін, өтінімге қатысты нақты мекен-жайын міндетті түрде жазып, бар болса фотоны қоса жолдауы керек.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда бензин бағасы қалай өзгерді? Қысқы дизельдік отын бірден 26,2 пайызға қымбаттап, литрі 268 теңгеден сатылып жатыр. Ал жазғы дизельдік отын 21,9 пайыздық өсіммен литрінің бағасы 193 теңгеге жеткен. Сонымен бірге, АИ-98 маркалы бензиннің де бағасы 1 пайызға өсіп, 191 теңге болған. Ал АИ-95/96 және АИ-92 маркалы бензиннің бағалары керісінше, 2,1 пайызға (литріне 174 теңге) және 4,6 пайызға (литріне 152 теңге) арзандаған.

Baq.kz: Алдағы үш күннің ауа райы болжамы. Наурыздың бірінші демалыстарында ауа температурасы Қазақстанның батыс және қиыр солтүстігінен басқа аймақтарда климаттық нормадан 7…13°С, батыста 1…3°С жоғары, ал максималды ауа температурасы 0°С жоғары болды. Солтүстік және шығыс аймақтардың кей жерлерінде қар жауады, бұрқасындатады, батыстан қатты жел соғады және көктайғақ күтіледі. Қазақстанның басқа аймақтарында жылбысқы қар, оңтүстікте жаңбыр болжанады.

24.kz: Елімізде екі миллион адам таза сумен қамтылады. Сондай-ақ өңірлерді газдандыру мен жарықпен қамту көзделіп отыр. Бұл бағытқа қазынадан 190 млрд теңге қарастырылды. Ал 2019-2021 жылдары мемлекет тарапынан 920 млрд теңге бөлінбек.