Қазақша оқылған жаназа. Діни рәсімдерді бірыңғайландыру бастамасы неге аяқсыз қалды?
Жуырда әлеуметтік желіде Алматы облысында қайтыс болған адамды тәңіршілдік жолмен ақтық сапарға шығарып салғандардың видеосы тарады. Оның басты ерекшелігі – мұсылманша жаназа намазы оқылмаған, оның орнына қазақша дұға жасалған. Ал бет сипағанда "әмин" орнына "өмін" сөзі айтылған. Бұл олардың түсінігінде "Құдайға көңіл бөл" дегенді білдіреді. Осы оқиға қоғамда үлкен дау тудырды. Дәстүрлі дінді ұстанушылар бұл рәсімді шаманизмнің қалдығы деп сын айтса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері тәңіршілдерді дін бұзушылар деп атады.
Қазақстанда түрлі дін ұстанушылар арасындағы талас-тартыстың басы да, соңы да бұл емес. Дегенмен, неге елімізде марқұмды ақтық сапарға шығарып салудың ортақ тәртібі жоқ? Зайырлы мемлекетте жерлеу рәсімінің түрлі жолмен орындалуынан қауіп бар ма? Іnformburo.kz тілшісі осы сауалдарға жауап іздеді.
Діни рәсімдер үшін бірыңғай тәртіп қашан енгізіледі?
2016 жылы Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылған болатын. Ведомствоны сол уақытта басқарған Нұрлан Ермекбаев 2017 жылы елімізде діни рәсімдер үшін бірыңғай стандарт енгізу туралы бастама көтерген. Ол Қазақстанның әр аймағында діни рәсімдер түрліше өткізілетінін, тіпті соның салдарынан дін өкілдері, азаматтар мен дін қызметкерлері арасында түрлі дау туындайтынын алға тартқан. Алайда, араға жыл салып аталмыш министрлік тарқады да, бастама аяқсыз қалды. Қазіргі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Дін істері комитеті "Қазақстанда жерлеу рәсімдерін бірыңғайландыру бойынша қандай жұмыстар жасалып жатыр?" деген Іnformburo.kz сауалхатына былай деп жауап берді:
"Бізде бар ақпарат бойынша қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жерлеу және жерлеу қызметін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеуде. Алайда аталған заң жобасында діни рәсімдер қарастырылмағанын атап өтеміз. Сонымен қатар, әр діни бірлестіктің өзінің жерлеу рәсімдері белгіленген".
Демек, алдағы уақытта марқұмдарды ақтық сапарға аттандырудың белгілі бір ортақ тәртібі болмайды. Оның үстіне, "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңына сәйкес, мемлекет егер дiни бiрлестiктердiң қызметi заңға қайшы келмесе, олардың қызметіне араласпайды. Бұл ретте діни бірлестіктің діни рәсімдері олардың ішкі жұмыстары болып табылады.
Оқи отырыңыз: Елімізде қанша дін бар? Діни араздыққа жол бермеу үшін не істеу керек?
Қазақстанда жерлеу рәсімдері қандай құжатпен реттеледі?
Қазіргі уақытта Қазақстанда жерлеу ісін ұйымдастыру Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №48 бұйрығымен бекітілген "Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларымен" реттеледі. Аталған қағидалар жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың тәртібін ғана реттейді және ол діни рәсімдерді қарастырмайды. Ал былтыр ҚМДБ "Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі" деген құжат қабылдады. Онда 45 діни рәсімнің қалай өткізілетіні жазылған. Яғни, хатым-құран оқу, қабір басына барып құран оқу, құран бағыштау, асқа қатысу, жерлеу мәселесі, кебіндеу, жаназа оқу, оң жаққа жатқызу, дем салу және иман үйіру тәртібі бар. Сол тізілімде әр салтқа қысқаша анықтама берілген және оны өткізу тәртібі баяндалды.
"Алдағы уақытта әрбір діни рәсімге жеке ереже қабылдануы мүмкін. Мысалы, қазір дем салу рәсімдерін әркім әрқилы өткізіп жатыр. Сондықтан, дем салуға арнайы ереже қабылдаймыз және тиісті құжатты дайындап жатырмыз. Мәселен, біреу жаман түс көреді, ісі жүрмейді немесе ішіне "жын кірген" жағдайда мешітке барып дем салғызады. Ережеде кімдер дем салуға хақылы екендігі туралы тізім жасалады. Оларға қандай талап қойылады? Олар нені білуі керек, қандай тәртіпте өткізу қажет? Балаға дем саларда қандай ереже керек? Имам мен әйелдің арасында арақашықтық қанша болуы тиіс? Әрбіріне жеке тоқталады. Мысалы, әйелдерге дем саларда ол өзінің күйеуі немесе інісімен бірге келуі міндеттеледі. Адам қайтыс болғанда да өткізетін бірнеше іс-шара, діни рәсімдер бар. Соларды да біз бір тәртіпке салу жолында жұмыс істеп жатырмыз", – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов.
Оқи отырыңыз: Карантин кезінде діни ағымдар ықпалы да күшейді. Олардан сақтану үшін қалай кеңес алуға болады?
Бірыңғай стандарт болмауынан қоғамға қандай қауіп бар?
Қазір Қазақстанда мұсылман марқұмдарды жерлеуде мәселе жоқ. Қайтыс болған адамның мәйітін жуып, кебіндеп, жаназасын оқып, жер қойнына тапсырады. Дегенмен, бұл рәсімдердің орындалуы әр өңірде сәл ерекшеленеді. Мұны сала мамандары жердің мүмкіндіктерімен байланыстырады.
"Негізгі талап барлық өңірлерде бірдей болғанымен, әр өңірде әртүрлі орындалуы мүмкін. Қабірді қазу топырақтың, жердің ерекшелігіне байланысты. Егер құмды жер болса, онда жарма қазу керек. Егер қатты жер болса, ләхат қазу керек деген сияқты кейбір айырмашылықтары болуы мүмкін. Ал негізі ортақ міндет барлығына бірдей", – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов.
Дегенмен, жаппай болмаса да, қазір ішінара кей қазақ әулеттерінде "мәйітті мұсылманшылықпен немесе тәңіршілдікпен жерлейміз" деген таңдау да бар. Осы мақалаға себеп болған "тәңіршінің жаназасы" деген атпен таралған видео – соның дәлелі. Сондықтан, дінтанушылар діни рәсімдерді бірыңғайландырмаса, қоғамға қауіп бар екенін айтады.
"Тәңіршілдіктің жоралғыларын әркім өз бетінше ойлап тапты. Ол ілімді ұстанатындардың белгіленген тәртібі жоқ. Мұндай дін жоқ болғандықтан, пайғамбары да, қалыптасқан догмалары да жоқ. Оны тек философиялық көзқарас деп атауға болады. Дін ретінде қисық қағиданы ұстану және оны көпке насихаттау – қате. Сондықтан, бұл заң жүзінде қадағалануы керек. Бізде әртүрлі дін өкілдері болғандықтан, орындалуы қиын болса да, жерлеу рәсімдерінің заң жүзінде бір тәртібі болуы қажет деп есептеймін. Талап бекітілмесе, бұлар білгенін істеп, ұлт бірлігіне, бір бағытта жүруімізге қауіп төндіреді. Келіспеушілік қақтығыстарға ұласуы мүмкін", – деді теолог Асылбек Ізбаиров.
Ал дінтанушы Қайрат Затов діни рәсімдердің бірыңғай стандартын заң аясында бекітпей-ақ, жергілікті имамдар азаматтардың санасына құйса да жеткілікті деп есептейді.
"Дін халықты біріктіреді. Сондықтан бірыңғай тәртіп әрине болуы керек. Бір ұлттың ішінде әртүрлі жерлеу рәсімдері жасалатын болса, бұл болашақ ұрпақтың санасына кері әсерін тигізеді. Рушылдық, жершілдікке бөліну де осыдан басталады. Әлемде түрлі діни сипат алған қақтығыстар да дінге қатысты саясаттың маңызды екенін көрсетеді. Дегенмен, діни рәсімді біркелкі ету үшін арнайы заң қабылдап, талапты заңмен міндеттеудің қажеті жоқ. ҚМДБ тәртібін жергілікті имамдар мықтап түсіндірсе де жеткілікті", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Дін атын жамылған теріс ағымдар туралы
"Тәңір ілімі" ҚБ жерлеу рәсімін өз бетінше өзгертіп өткізуі заңды ма?
Елімізде ресми түрде тіркелген 3 816 діни бірлестік бар. Олардың қатарына 200 мыңға тарта адам мүше "Тәңір ілімі" қоғамдық бірлестігі кірмейді. Себебі, аталмыш ұйым елімізде діни бірлестік ретінде ресми тіркеуден өтпеген. Ашық ақпарат көздерінде олар қоғамдық бірлестік ретінде көрсетілген. Ал жуықта олардың өздерінше өткізген жерлеу рәсімі әлеуметтік желі мен БАҚ-та үлкен резонанс туғызды.
"Біз бата бергенде, тілек айтқанда, лебіз үйіргенде, ниет білдіргенде бет сипамайды емес, сипаймыз. Жоқ болсын дегенде. Жамандық болмасын, қайғы қасірет болмасын дегенде бет сипаймыз. Қалған уақытта көкейден шығарамыз. Өмін, өмір деген сөз бар. "Құдайға көңіл бөл" деген мағына білдіреді ол. Біз Құдайға мынаны істе, анда жібер деп айта алмаймыз ғой. Сондықтан өмін деп айтамыз", – деп жауап берді бірлестіктің діни департаментінің бастығы Қайрат Рамазан КТК арнасы тілшісінің сұрағына.
"Бұл қаншалықты заңды?" деген Іnformburo.kz сауалына, Дін істері комитеті төмендегіше жауап берді.
"Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №48 бұйрығымен бекітілген "Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларына" сәйкес жерлеу – санитариялық, табиғатты қорғау, қала құрылысы және өзге де қағидалар мен нормаларға қайшы келмейтін, марқұмның тілегіне, діни сеніміне, әдет-ғұрыптарға және салт-дәстүрлерге сәйкес қайтыс болған адамның денесін жерге жерлеу немесе сүйегі бар урнаны қабірге, лақатқа жерлеу арқылы отқа жағу бойынша әдет-ғұрып әрекеттері. Қазіргі таңда аталған қағидалардың бұзылуына қатысты шағым түскен жоқ".
ҚМДБ өкілдері исламды қазақ халқына жат дін етіп көрсету арқылы тәңіршілдікті насихаттау үрдісі мұсылмандыққа жасалып жатқан идеялогиялық шабуыл екенін айтады.
"Қазақ даласына Ислам діні келіп жеткеннен соң қазақ халқы бұл жаңа дінді өз еркімен қабылдағаны – тарихи шындық. Сонда да ат төбеліндей тәңіршілдер "қазақ өзінің ата-баба діні тәңіршілдікті ұстануға тиіс" деп аты бар да, заты жоқ өлі дінді тірілту әрекетінде жүр. Әрине, қазақ халқын енді "елес" дін – тәңіршілдікке қайтару мүмкін еместігі анық. Олар Исламды арабтардың ұлттық діні ретінде көрсете отырып, қазақтарды өздерінің ата-баба дініне, яғни "ұлттық" діні тәңіршілдікке қайтаруға тырысуда. Бұл насихат түптеп келгенде қазақты тәңіршілдікке қайтару бағытында айтарлықтай нәтиже бермесе де, онсыз да ыдырап жүрген ұлтжанды азаматтардың бастарының бірігуіне кедергі болуда", – дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов.
Оқи отырыңыз: Тәңір – қазақтың құдайы ма, әлде ескі дәуір тарихы ма?
Тәңіршілдік – дін емес
ҚМДБ өкілдері "Тәңір ілімінің" ресми тіркеуден өтпегенін нақты дінге жатпайтынымен байланыстырды. Дін болу үшін оларда қасиетті кітабы, пайғамбары, оның жүйесі және шариғаты болуы тиіс. Осылар табылғанда ғана олар дін болып тіркеледі. Сондықтан, аталмыш ұйымды ешкім дін деп те, діни бірлестік ретінде тіркей алмайды.
"Тәңіршілдік дін емес, адамзаттың ойлап тапқан жасанды діні. Бұл адамды жарға жығады. Дінді дін деп атай білу үшін, оның өзіндік талабы, крийтерийлары, атрибуттары болуы керек. Құдайға деген сенімі, пайғамбары болуы қажет. Қасиетті мәтіндері және оны насихаттайтын адамдары болуы шарт. Күнделікті атқаратын құлшылықтары, діни мейрамдары, ғибадатханасы болуы тиіс. Осындай атрибуттары болған кезде ғана дін болып есептеледі. Қайшы жағдайда, бұл – наным-сенім ғана болады" – деді теолог Асылбек Ізбаиров.