Азаматтығы жоқ адамдарға қатысты мифтер
Factcheck редакциясы азаматтығы жоқ адамдар тақырыбында жасалған мәлімдемелерге талдау жасады.Factcheck тілшісі Маргарита Бочарованың зерттеу материалын ұсынамыз.
2020 жылдың күзінде Қазақстанда азаматтығы жоқ адамдарды анықтауға және олардың құжат мәселесін шешуге бағытталған республикалық науқан басталған еді. Ол Ішкі істер министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ Әділет министрлігімен, БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен (БҰҰ БЖКБ) және серіктес үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп өткізілді. Науқан #IBelong атты әлемдік жобаның бір бөлігі болды.
Қазақстандағы азаматтығы жоқ адамдардың нақты саны белгісіз, өйткені олардың арасына босқындардан басқа да адамдар бар. Мәселен КСРО-ның "қызыл" паспортын уақытылы ауыстырмағандар әлі де кездеседі, олар қазірге дейін құқық қорғаушылар мен көші-қон органдарына жүгінеді. 2020 жылдың басынан бастап 867 адам 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспорты негізінде (немесе оны жоғалту бойынша) жаңа құжат жасатқан. Соңғы 5 жылда тек үкіметтік емес ұйымдар азаматтығы анықталмаған 6 мыңнан астам адамды анықтаған.
FactCheck.kz осы топтағы адамдарды жекелеп, олардың құжат мәселесін тез арада шешіп беруге кедергі келтіретіндердің негізгі мәлімдемелерін талдап көрмек.
Мәлімдеме: "Азаматтығы жоқ" адамдардың көбі Қазақстанға басқа посткеңестік елдерден көшіп келді
Үкім: Жалған
"Тексеріс барысында адамдардың [азаматтығы анықталмаған] 60%-ы біздің тұрғындар болып шықты, яғни олар – Қазақстандықтар. Тағы 10%-ының біздің елдің тұрғындары емес екені анықталады және олар "азаматтығы жоқ адам" мәртебесін алады. Ал қалған 30%-ы басқа елдердің азаматтары", – деп мәлімдеді ІІМ-нің қыркүйек айындағы брифингінде Қазақстандағы БҰҰ БЖКБ құқықтық мәселелер жөніндегі қызметкері Шолпан Олжабаева.
Брифингте халықаралық ұйым өкілі жариялаған мәліметтерді Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро (АҚмЗСЖҚХБ) директорының орынбасары Денис Дживага да растады. Бұл үкіметтік емес ұйым Қазақстандағы азаматсыздық мәселемен 10 жылдан бері айналысып келеді.
Дживаганың айтуынша, азаматтығы анықталмаған азаматтардың 30%-ы, әдетте, "көршілес елдердің азаматтары, олар негізінен Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина және Беларусьтан. Азаматсыздық мәселесі бізге Кеңес Одағының жойылуынан қалған мұра екенін түсінеміз".
Мәлімдеме: Азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанда еш нәрсеге құқығы жоқ
Үкім: Жалған
Қолында азаматтығы жоқ деген куәлігі бар адамдар заң бойынша көбіне шетелдіктерге теңестіріледі. Ал негізгі Заңда былай деп жазылған: "Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер Конституцияда белгiленген және Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес барлық құқықтар мен бостандықтарға ие, сондай-ақ оларға барлық мiндеттер жүктеледi".
Осылайша азаматтығы жоқ адамдар еңбек шартын жасасуға, мүлікке ие болуға, сотта құқығын қорғауға, білім алуға, кепілдендірілген медициналық көмек, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар алуға, некеге тұруға, тұрғылықты жерін еркін таңдауға, қоғамдық бірлестіктерге кіруге және т.б. құқылы. Олардың тек саяси құқықтары ғана шектелген.
Қазақстанда ресми түрде азаматтығы жоқ деп танылған адамдар "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңының 16-бабына сәйкес, ел аумағында 5 жыл тұрақты тұрғаннан кейін азаматтыққа қабылдануы мүмкін.
2015-2020 жылдар аралығында елімізде азаматтығы жоқ деп 9 834 адам танылды, кейін олардың 70%-ға жуығы (6 699) Қазақстан Республикасының азаматы атанды, деп хабарлады FactCheck.kz редакциясына ІІМ Көші-қон қызметі комитеті.
Мәлімдеме: Құжаты жоқ адамдарға ол аса қатты қажет емес. Оларға құжатсыз өмір сүру ыңғайлы, себебі мемлекет алдында еш міндеті жоқ.
Үкім: Манипуляция
Азаматтық дегеніміз – бұл мемлекет пен адам арасындағы заң жүзіндегі байланыс. Егер ол жоқ болса, онда адамдар көбіне (салық төлеуден жалтарғаннан басқа) негізгі құқықтарға ие болмайды. Азаматсыздық білім алу, еңбек ету, әлеуметтік көмек алу, тұрғын үй сатып алу, медициналық қызметке жүгіну, сондай-ақ азаматтық және саяси құқықтарға, оның ішінде еркін жүріп-тұруға, заңсыз қамауға алынудан сақтану және саяси өмірге араласу құқығы сияқты әлеуметтік-экономикалық құқықтарға әсер етеді.
Қазақстандық БАҚ-та құжатсыз қалып, көп қиындыққа тап болған адамдар туралы ақпарат жетерлік: мамандығы бойынша ресми түрде жұмысқа тұра алмағандар, еңбек құлдығына түскендер, зейнетақысыз қалғандар, заңды түрде некеге тұра алмағандар, білімі туралы аттестат пен диплом ала алмағандар, бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар. Пандемия кезінде жеке куәлігі жоқ адамдардың уақтылы медициналық көмек ала алмауы маңызды болды.
Мәлімдеме: Азаматтығы анықталмаған адамдардың азаматтық алу үшін саны көп бюрократиялық процедуралардан өтуге ақшасы да, шыдамы жетпес…
Үкім: Жартылай шындық
Қазақстан заңнамасына сәйкес, республика азаматтығын алу туралы өтініш 6 (алты) айда, жеңілдетілген (тіркеу) тәртіппен 3 (үш) айда қаралады.
"Мысалы кезінде Ресейде өмір сүрген бір адам бізге көмек сұрап жүгінді делік. Біз ол жақтан мәліметтер сұратамыз. Бұрын Ресей жақтан жауап алмайынша, біз ол адамды өз азаматымыз деп тани алмайтын едік. Ал қазір халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, біз тек 6 ай күтеміз. Егер 6 айдан кейін Ресей тарапы бізге жауап бермесе, онда шешімді өзіміз қабылдаймыз. Бұл [азаматтықты анықтау және құжаттау рәсімін] едәуір жеңілдетті, өйткені басты мәселе осы азаматтың шетелдік немесе біздің азамат екенін растау еді", деп мәлімдеді 2020 жылғы 1 қыркүйекте күшіне енген жаңалықтардың мағынасын түсіндірген ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов.
Кететін шығынға тоқталсақ, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу немесе қалпына келтіру рәсімі аса қымбат емес. ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің FactCheck.kz редакциясына берген мәліметіне сәйкес, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 615-бабына сәйкес тиісті құжаттарды ресімдегені үшін мемлекеттік баж 1 АЕК (2021 жылға 2 917 теңге) мөлшерінде алынады. Сондай-ақ сол Кодекске сәйкес, Қазақстан азаматының жеке куәлігі үшін тағы 0,2 АЕК (2021 жылы 583 теңге) төлеу керек.
Сонымен қатар құжат мәселесі шешілмеген адамдарға серіктес үкіметтік емес ұйымдар қаржылық көмек көрсетеді. Атап айтқанда АҚмЗСЖҚХБ дипломатиялық өкілдіктерге жүгіну қажет болған кезде консулдық алымдарды төлеуге, сондай-ақ туу фактісін анықтауға қажет қымбат сараптамаларды (мысалы, молекулярлық-генетикалық) жасатуға көмектеседі.
Мәлімдеме: Азаматтығы жоқ адамдар көбіне сауатсыз және қоғамға сіңісе алмайды
Үкім: Манипуляция
Азаматтығы жоқ адамдар қоғам өміріне араласпайтын маргиналдар емес. Мұндай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін.
"Кез келген адамның мінез-құлқына немесе басқа да жағдайға байланысты азаматтығы өмір бойы болмауы мүмкін", – деді онлайн-тренинг барысында Орталық Азиядағы БҰҰ БЖКБ-ның азаматсыздық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Марин Роман.
Халықаралық ұйым өкілі сөзіне дәлел болуы үшін келесі слайдты көрсетті:
Азаматсыздық – бұл адамдардың іс-әрекетінен болған мәселе және оның себебі көп (адамның жеке немесе әлеуметтік ерекшеліктеріне байланысты емес). Көп адам саясат/заң салдарынан немесе мемлекет шекарасының өзгеруіне байланысты азаматсыздыққа тап болуы мүмкін. Кейбіреулер әкімшілік қиындықтарға байланысты азаматтығы жоқ адамдарға айналады: оларды өз мемлекеті ұмытып кетеді. Мысалы қазір 27 елде тұратын балалар азаматтық ала аламауы мүмкін, себебі ол жақта әйел мен ер адамның құқығы тең емес, сондықтан әйел өз баласына азаматтық бере алмайды.