Қазақ әскері – 2017
Жалпы шекара ұзындығы 13 392,6 шақырым болатын ұлан ғайыр жерімізді қорғап, еліміздің бейбіт те берекелі тыныштығын сақтап, күзетуге Қазақстанның Қарулы Күштері қауқарлы ма?
Кеңес одағы ыдыраған кезде Қазақстан териториясында 200 мыңнан астам жеке құрамы мен қуатты арсеналы бар, жоғары техникамен жарақтанған армия қалды. Сонымен бірге Ембі, Сарышаған, Семей, Байқоңыр әскери полигондары, ғарыш айлағы, 5-6 әскери қару-жарақ қоймасы да бар еді.
1960-1970 жылдары Қытаймен болған қақтығыс шекараны нығайтуға мәжбүрлеген болатын. Қазақстанда төрт (68-ші, 80-ші, 155-ші, 203-ші) мотоатқыштар дивизиясы, 78-ші танк дивизиясы, 22-ші арнаулы бригада, 57-ші арнаулы десанттық бригада болды.
Сонымен бірге Кеңес Одағының Стратегиялық зымыран арнаулы кешендері (әрбірінде 48 оқ тұмсығы қойылған үш дивизия), ауыр тұрпатты бомбылаушы 79-шы авиация армиясы (Ту-95 ұшағынан 40, 240 дана қанатты зымырандармен жарақтанған), 1990 жылдары жасақталған Семейдегі 5202-ші танк дивизиясы (1350 танк) бар еді.
№5203, 5204 әскери қоймаларында да мыңдағын қару-жарақтар, артиллериялық қарулар болды. Сонымен бірге оңтүстік облыстарымызда төрт мотоатқыштар дивизиясы, Талдықорған мен Аягөздегі әскери ұшақ базалары қалды.
Оның үстіне 1989 жылы Ауған соғысынан қайтқан №40-шы армия да Қазақстанға келіп тұрақтаған болатын.
Бұдан басқа ядролық оқ тұмсықты арсеналдар тағы бар. Мемлекеттік құпияға жататын басқа да кешендердің де болуы мүмкін.
Біздің айтып отырғанымыз мұраға қалған заттардың бір бөлігі ғана.
Қазақстан – адамзат алдындағы борышын өтеген жалғыз ел
Еліміз атом қарулары мен ядролық оқ тұмсықтарынан бас тарту арқылы әлемдегі ең үлкен кешенді жапты. Ядролық полигонды жойды. Осы арқылы адамзат дүниесіне "тажал" боп жабысқан қарудан өз еркімен бас тартқан жалғыз елге айналды.
Алайда еліміз әлемдегі ядролық техника мен "уран байыту" өнеркәсібі бойынша әлі де алдыңғы қатарға кіреді.
Мұра қалай бөлінді немесе генерал-лейтенант А.С.Рябцевтің бір ерлігі
1989 жылдан бастап Орталық Азия республикалары аумағындағы КСРО Қорғаныс Министрлігіне бағынатын барлық әскерлер Түркістан әскери округінің құрамына беріліп, басшылығы Ташкентте болды. 1989 жылы Ауғанстаннан шығарылған №40-шы армия №32-ші армияға өзгертіліп, генерал-лейтенант А.С.Рябцев қолбасшылыққа тағайындалды.
Осы кезеңде әр республика өзіне көп әскери мұра алып қалуды көздеген жағдай туындады. Қазақстан жеріндегі соншама көп әскери мұраны басқару Ташкенттегі Түркістан әскери округіне тиесілі болатын. Округ басшысы Г.Г Кондратьев мырза А.С.Рябцевқа бұйрық түсіріп, әскери қару-жарақтарды Өзбекстандағы қоймаларға тасуды тапсырған.
Алайда А.С.Рябцев одан бас тартып, өзінің Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бағынатынын жеткізген. Сол үшін Ресей баспасөзі А.С.Рябцевті сатқын ретінде айыптапты.
1992 жылы 7 сәуірде ресей-қазақ әскерилері Алматыда кеңес өткізіп, келісімге келді. Осы күні Президент № 745 бұйрық шығарып "ҚР Қарулы Күштерін құру туралы" бұйрыққа қол қойды.
Генерал-полковник С.К.Нұрмағанбетов алғашқы Қорғаныс министрі, ал А.С.Рябцев орынбасары болды. Осы күннен бастап Қазақстан териториясындағы барлық әскери нысандар мен қару-жарақтар толық ҚР Қарулы Күштерінің басшылығына өтті.
Осылайша тәуелсіз Қазақстан өз еншісін алды.
Қазақ әскері биыл әлемдік рейтинг бойынша бір жылда 11 позицияға жоғарылады
Қазақ Қарулы күштерінің қуаты "Әлемдік әскери қуаттылық рейтинг" бойынша 55 орынға тұрақтады. Бұл рейтингті АҚШ Орталық барлау басқармасының (Global Firepower Military Ranks-2017) сараптамасы бойынша 133 мемлекеттен саралап шығарған.
Әрине, жер көлемі, жан саны, бюджеті, туу көрсеткіші, реактивті оқтар мен зымырандарының қуаты мен саны, әуе, теңіз күштері, запастағы әскер саны – жалпы 50 параметр бойынша саралаған.
Қазақстанның 2016 жылы осы рейтинг бойынша 66 орында болғанын ескерсек, бір жылдың ішінде 11 позицияға жоғарылаған. Ал, Орта Азия елдерінен алдымызда Өзбекстан (48).
Рейтингте ядролық әлеует пен саяси-әскери басшылық деңгейінің есепке алынбайтыны атап көрсетілген.
Қазіргі Қарулы күштеріміздің құрамы толығып, бюджеті өсті
Төрт өңірлік қолбасшылыққа бөлініп, басқарылып отырған ҚР Қарулы Күштерінің әскерлерінің жалпы саны 80 мыңға жақын. Оның 70 пайызға жуығы келісім-шарт, ал қалғандары шақыру бойынша әскери міндетін өтеушілер.
Қазақстанда 6 млн 440 мың адам әскерге жарамды деп саналады. Әр жылы 245 мың жас әскерге шақыру жасына толады. Жалпы әскер саны 106,5 мың. Оның ішінде запастағы әскерилер 30 мыңнан асады.
Қазір Қарулы Күштеріміз Құрлық әсерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштеріне бөлінген. Құрылық әскерлері құрамынан тағы да аэроұтқыр әскерлері жасақталды. Сонымен бірге түрлі кибершабуылдарға қарсы тұра алатын арнаулы әскерлер құрамы да жабдықталып жатыр.
Қарулы күштердің ең жанды жері – бюджеті. ҚР Қорғаныс министрлігінің бюджеті 2006 жылы 80.5 миллиардтан 2016 жылы 434.1 миллиард теңгеге өскен. Ал 2017 жылы 382,4 миллиард теңгеге дейін қысқарды.
Армиямыз озық қарулармен жабдықталған
ҚР армиясында 300 танк, 1613 БТР және БМП, 285 өзі жүретін қондырғы, 744 бірлік сүйрелмелі артиллерия, 393 дүркіндетіп ататын реактивтік жүйе, жағалауды қорғайтын 15 кеме, 239 ұшақ, оның ішінде – 91 тосқауылшы жойғыш ұшақтар (истребитель), 142 шабуылдаушы жойғыштар мен бомбалағыштар, 64 жүк ұшақ, 67 тікұшақ, 17 оқу-жаттығу ұшағы, 18 шабуылдаушы тікұшақ бар.
Мұның ішінде Испаниядан алынған С-295 әскери тасымал ұшақтарын, 2017 жылы Ресейден әкелінген 4++ тұрпатты ұшағына жататын дыбыстан 2-3 есе тез, көп фунциялды шабуылшы Су-30СМ және Ми-17, Ми-171 ұшақтарын айрықша атауға болады.
Сонымен бірге Ресейде өндірілген бес С-300 зенитті-зымыран кешені бар. Бұл 2017 жылы алынған. Осы жылдан бастан Қазақстан әуе кеңістігін де күзете бастады.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бес-алты жыл бұрын осы С-300 зенитті-зымыран кешенін Иран мемлекеті сатып алмақшы болғанда көршілері мен әлемдік қауымдастық тарапынан қарсылыққа ұшыраған болатын.
Әскери өнеркәсіп дамып келеді
Қазақстан оқ-дәрі өндіреді. Тіптен, 1941-1945 жылдардағы дүниежүзлік соғыста қолданылған әр үшінші оқтың Қазақстанда өндірілгенін де айтуға болады.
Қазір қорғаныс өнеркәсібі кешенінде "Қазақстан Аселсан Инжиниринг", "Семей Инжиниринг" АҚ, С.М.Киров атындағы зауыт, "Гранит-Талес Электроникс ЛТД" БК, "Орал" кеме зауыты, "Kazakhstan Paramount Engineering" бірлескен кәсіпорындары бар.
Онда өндірілген "Арлан" ауыр тұрпатты бронетехникалары, танктер мен әскери кемелер еліміздің қажеттілігін өтеп ғана қоймай, шетелге де сатылып жатыр.
Қазақстанда – үш армия, төрт өңірлік қолбасшылық
Қарулы күштеріміз құрылық әскерлері, Әуе қорғанысы мен Әскери теңіз күштерінен құралған. Оның құрамына жаңадан жасақталған Аэроұтқыр әскерлер құрамы мен арнаулы әскерлер де кіреді.
Сонымен бірге "Әскери стратегиялық зерттеу орталығы" АҚ, Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы және Әскери-тарихи музейі, "ҚР Қарулы Күштерін геоақпараттық қамтамасыз ету жөніндегі орталық" республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оннан астам орта және жоғарғы оқу орындары жемісті жұмыс атқарып жүр.
Қазір төрт өңірлік әскери қолбасшылық штабы – "Астана", "Батыс", "Шығыс" және "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы арқылы еліміздің шекарасы және қауіпсіздігі қорғалады.
Әскери теңіз күштері Каспий теңізіндегі мүддемізді қорғайды. Каспий теңізі арқылы Иран, Түркіменстан, Әзербайжан, Ресей елдерімізбен шекараласатынымыз белгілі.
Ал ең үлкен құрлықтық шекарамыз Ресеймен – 6 467 шақырым. Оңтүстігінде Түрікменстанмен – 380, Өзбекстанмен – 2300 және Қырғызстанмен – 980, ал шығысында Қытаймен – 1460 шақырымға шектеседі.
Жалпы құрлық шекарасының ұзындығы – 13392,6 шақырым. Батыста Каспий теңізімен, оңтүстік батыста Арал теңізімен жалғасасады.
Шекарада не іште қақтығыс болған жағдайда...
Құдай оның бетін әрмен қылсын. Ел ішіндегі қандай да бір қақтығыс бола қалса, иә болмаса экстремистік топтармен күресте, әрине, алдымен ішкі әскер бөлімдері араласады. Тұтқындайды немесе басады. Алайда қақтығыс ұлғайса, коменданттық сағат жарияланса, онда Қарулы Күштердің әскерлері жұмылдырылады.
Ал Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің басқаруына кіретін Шекара қызметі мемлекеттік шекарада, шекаралық кеңістікте және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындайды.
Осы қызметтер үшін шекара әскерлерінің жасақталғаны белгілі. Бұл шекара әскерлерін Қорғаныс министрлігі дайындайды. Егер міндеттерді орындау барысында да қақтығыс болса, яғни шекара әскерлерінің қарсылық көрсету мүмкіндігінен асып бара жатқан жағдайда тағы да Қарулы Күштерімізге жүгінеді.
Тағы бір айта кетерлігі, қылмыскерлерді жеткізу, қашқан қылмыскерлерді іздеу, жаза орындарын күзету де осы әскердің мойнында.
Бұл үрдістердің барлығы ҚР Қарулы Күштері Бас қолбасшысының тікелей бұйрығымен жүреді.
Әскерлер арасындағы кез келген заң бұзушылық Әскери полиция мен Әскери прокуратураның ресми араласуымен шешіледі.
Жаңа әскери доктринаға "Кибершабуыл" ұғымы кірген
Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 554 Жарлығымен бекітілген жаңа "Әскери доктринасында" "Кибершабуыл" ұғымы пайдаланылып, "Кибер" сөзі 14 рет қолданылған.
Бұл бұрынғы Доктринаға қарағанда анағұрлым өзгеше. Мұнда "Кибершабуыл" үш мазмұнға бөлініп түсіндірілген:
- Әскери-экономикалық әлеуетін төмендету, мемлекеттің әскери ұйымының ақпараттық жүйелеріне, елдің тіршілік әрекетін қамтамасыз ету жүйелеріне бағдарламалық-техникалық ықпал ету;
- Мемлекеттердің, халықтардың, әлеуметтік топтардың мемлекеттің әскери және әскери-экономикалық әлеуетін ақпараттық-психологиялық және бағдарламалық-техникалық ықпал ету;
- Әскери жанжал басталғанға дейін және қарулы күрес барысында мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыру, оның әскери және әскери-экономикалық әлеуетін төмендету мақсатында мемлекеттік және әскери басқарудың ақпараттық жүйелеріне бағдарламалық-техникалық ықпал ету;
Кибершабуылға тағы не жатады?
Мысалы, шет елден сатып алынған қару-жарақтарда, ұшақтар мен басқа да техникаларда сол құрал-жабдықтың қайда жүргенін көрсететін немесе қай бағытта, қанша қимыл жасағанын автоматты түрде есепке алып, жіберіп отыратын жасырын қадағалау құрылығысы (датчик) орнатылуы мүмкін. Міне бұл – техникалық кибершабуыл.
Ал, түрлі әлеуметтік желілерде, шет елден тарайтын бұқаралық ақпарат құралдарында әскерлеріміздің, тіптен халықтың психологиялық сенімсіздігін тудыратын, әскери міндетін атқаруына кедергі жасайтын психологиялық және ақпараттық қимылдар жасалуы мүмкін. Бұл – ақпараттық кибершабуыл болып есептеледі.
Ақпараттық (кибер) қауіпсіздікті арнайы бөлімшелер қамтамасыз етеді
Киберқауіпсіздікті арттыру жөніндегі негізгі шаралар:
- Киберқауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру;
- Киберқауіпсіздік жүйесінің құрамы мен құрылымын, кибербөлімшелерді қолдану нысандары мен тәсілдерін дамыту;
- Кибербарлауды және киберқорғауды жүргізу үшін кибербөлімшелерді арнайы құралдармен және бағдарламалармен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету;
- Кибербөлімшелер үшін кадрлар даярлау;
- Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде мемлекеттің әскери ұйымының өзара іс-қимылын ұйымдастыру болып табылады.
Ақпараттық-психологиялық ықпал етуге қарсы іс-қимыл жүйесін дамыту жөніндегі негізгі шаралар:
- Әскери қызметшілердің соғыс уақытындағы іс-қимылдарының моральдық-психологиялық тұрақтылығын арттыру мақсатында идеологиялық және тәрбие жұмысына қазіргі заманғы әдістемелерді енгізу;
- Әскери ұжымдардағы жоғары жауынгерлік рухты қолдау;
- Әскери қызмет беделін, әскери қызметшінің мәртебесін арттыру және Қазақстан армиясының имиджін көтеру;
- Әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын құрметтеуі үшін құндылықтарды қалыптастыру, оларды өз халқына адалдық рухында, Отанды қорғау бойынша әскери борышын мүлтіксіз орындауға тәрбиелеу болып табылады.
Келісім-шарттық әскерге қалай баруға болады?
Келісім-шарттық әскери қызмет – бұл мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ғана емес, кәсіби өсу келешегі бар, әскери қызметкердің өзінің, оның отбасының әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін абыройлы жұмыс.
Қазір армияның 70 пайызға жуығы келісім-шартпен қызмет ететін әскерилерден тұрады.
Келісім-шарттық әскери қызметке барғысы келетін адамдар мынадай талапқа сай болуы керек:
- Қазақстан Республикасы азаматы болуы;
- Жеке басының моральдық және кәсіби тиісті қасиеттеріне, білім деңгейіне ие болу, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды болу;
- Курсанттарды, кадеттерді қоспағанда, он сегіз жастан кіші болмау және әскери қызметте болудың шекті жасына толу (Келісім-шарттық әскери қызметке алғаш кіретіндер немесе сарбаздар (матростар) құрамының және кіші сержанттық құрамының лауазымдарына тағайындалу үшін – 15 жас. Кіші офицерлік және аға сержанттық құрамдардың лауазымдарына тағайындалу үшін – 10 жас. Аға офицерлік немесе жоғары сержанттық құрамның лауазымдарына – бес жас қалғанға дейін).
- Әйелдерді қоспағанда, мерзімді әскери қызметті өткеруге не әскери кафедрада оқудан немесе әскери-техникалық мамандарды даярлау бойынша Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери даярлықтан өтеулі негізде өтуге тиіс.
Біздің елдегі келісім-шарт қызметіне жоғары білімі бар запастағы офицерлер, әскери оқу орындарының курсанттары және тыңдаушыларын алады. Мерзімді әскери қызметті өткерген және орта кәсіби білімі бар азаматтар сержанттар (старшиналар),сарбаздар (матростар), құрамдарының лауазымдарына келісім-шарт жасаса алады.
Келісім-шарт бойынша міндетін өтеушілердің 12 пайызы – әйел
Әйелдерді оператор, байланысшы, дәрігер, қаржыгер лауазымына және басқа да мамандыққа қабылдайды.
Келісім-шарттық қызметке қабылдау үшін:
Келісім-шарттық қызметке қабылдану үшін тұрғылықты жердегі әскери басқарманың жергілікті органына (әскери комиссариатқа) жүгіну қажет.
Келісім-шарттық қызметке қабылдау рәсімі келесі кезеңдерден тұрады:
- Түсуге қажетті құжаттарды жинау және қабылдау;
- Медициналық куәландырудан өту;
- Дене дайындығы деңгейінің сәйкестігін анықтау;
- Кәсіби дайындық деңгейін анықтау;
- Психологиялық жарамдылыққа тексеруден өту;
Келісім-шарттық қызметке кіру үшін қажетті құжаттар тізімі.
- Сауалнамалық мәліметтер;
- Өз қолымен жазылған өмірбаян;
- Жеке басын және азаматтығын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы және көшірмесі;
- Білім туралы құжаттардың көшірмелері (салыстыру үшін түпнұсқалар ұсынылмаған жағдайда нотариалды куәландырылғандары);
- Бар болса еңбек кітапшасының көшірмесі;
- Сотты болмағандығы туралы анықтама;
- Табыстар туралы декларацияны салық органының қабылдауы туралы анықтама;
- Соңғы қызмет орнынан сипаттама (жұмыс немесе оқу).
Әскери міндетті өтемеген адамға "Әскери билет" қажет болса не істеу керек?
Қазір көп жастар әсіресе қыздар әскери салаға қызметке тұрғысы келеді.
Ол үшін міндетті түрде әскери міндетін өтеген болуы қажет. Немесе республикалық әскери мектеп-интернаттары сияқты кез келген әскери оқу орындарының куәлігі, жоғарғы оқу орындарында әскери кафедра арқылы арнайы дайындықтан өткендігі туралы анықтама мен әскери кәсіпке оқығандығы туралы диплом болуы тиісті.
Болмаған жағдайда 40 күндік арнайы альтернативті әскерлік борышын өтеуге болады.
Қазір жастар көбінесе осы 40 күндік альтернативті әскерлік борышын өтеуді таңдайды. Ол ақылы. Құны әдетте 328 000 теңге айналасында.
Осы анықтаманы алғаннан кейін қажетті құжаттарды жинап өткізу керек. Егер барлық тексеруден сүрінбей өтсеңіз, Қарулы Күштердің келісім-шарт бойынша міндет атқаратын әскері атана аласыз.
Әскери парад пен жаттығулар не үшін керек?
Бұл туралы сарапшы журналист Амангелді Құрметұлыі:
– Біріншіден, парад халықтың да әскердің де рухын асқақтатып, тәуелсіздігіміздің болашағына, қорғаныс саласының күштілігіне деген сенімін арттырады.
Екіншіден, халық пен әскердің өзара байланысын нығайтып, жас ұрпақтарға отаншылдық сезімді сіңіреді. Ал әскерлеріміздің мақтаныш сезімін оятады.
Үшіншіден, әрине озық қару-жарақты игергенімізді, әскери айбынымызды көрсету арқылы әлем алдындағы беделіміз тіктеледі. Бір жақтан қарағанда "қыр көрсету" әрекеті деуге де болады.
Төртіншіден, бұл – ел үшін де, көз алартып қарап отырған немесе қызғанышпен қарайтын өзгелер үшін де қыр көрсету, психологиялық тәсіл.Сыртқы көзқарасты өзгертіп, өзгелердің елімізге деген саясатын икемдеуге ықпал етуі әбден мүмкін.
Бесіншіден, бұл – әскери жаттығу. Әскери жаттығу қанша көп болса, соншалық пайдалы екені белгілі,-дейді.
Әскери күштердің қуаты оның қару-жарағының дәрежесіне ғана байланысты емес
– Біріншіден, сарбаздардың идеалогиялық, психологиялық, отаншылдық тәрбиесі күшті, жігері мызғымас болу керек.
Екіншіден, басқару құрылымы жүйелі, тәртібі берік болу керек.
Үшіншіден, сардарларының логикалық болжау, техникалық басқару, психологиялық дайындық сапасы барынша жоғары, әскери айла-тәсілге жүйрік, тез, қағілез болғаны дұрыс. Бұл ұрыс барысында кейде әскери техникалардан да маңызды.
Төртіншіден, әрине жоғары дәрежелі соғыс қару-жарақтарының болуы әскердің айбынын асырып, намысын асқақтатары, сенімі мен ерік-жігерін бекемдейтіні белгілі, – дейді Амангелді Құрметұлы.
Мысалы, кей кездерде аз ғана әскермен көп қарулы күштердің бетін қайтарып жататын немесе аз ғана адам шоғырланған бекіністі үлкен әскери топтардың ала алмай жатуы осыдан болады.
Батырлар иниститутын құрып, бабалардың әскери тактикаларын үйретуіміз керек
– Қазір армиямыздың күші мығым, қуатты. Әскери жоғары оқу орындары да жүйелі түрде үйретіп жатыр деп ойлаймын. Мысалы, кешегі Қабанбай, Бөгенбай, Ер Жәнібек, Наурызбай, Қожагелді батыр сынды бабаларымыздың жорық жолы, соғыс тактикалары, психологиялық дайындау тәсілдері сабақ ретінде өтілсе керемет болар еді.
Сонау неше мың жыл бұрынғы Ғұн, түркі дәуіріндегі "бөрі бүлкек", "қоян қолтық", "қоршап жою" қатарлы соғыс тактикаларын оқыту арқылы – әскерлеріміздің бабаларына деген сүйспеншілігін оятуға, мақтаныш сезімін туғызуға болады. Сонымен бірге білім үйренеді. Бұл жағынан алғанда біз әскери тәжірибе мен білімге өте бай елміз. Соны армиямыздың игілігіне жұмсауымыз керек, – дейді тарихшы, түрколог Қаржаубай Сартқожа.
Әскерлеріміздің жағдайын көтеріп, ғибратын дұрыстауымыз маңызды
Еліміздегі әскерлердің көбі келісім-шарттық қызметте. Сонымен бірге жылда әскерге шақырылатын жастарымыз бар.
Ал келісім-шарт бойынша міндетін өтеп жүрген сарбаздарымыздың орташа жалақысы 50-70 мың теңгенің айналасында. Оған қоса жатақ өтемақысы үшін сол отбасындағы әр адамға 40-45 мың теңге төленеді.
Сол себепті кейбір жастарымыз осы үй мәселесін шешу үшін де келісім-шартқа отырып, әскерге барып жатқаны шындық. Былайша айтқанда жан бағу үшін әскерге баратындар көбеюде.
Ендеше, бұл әскеріміздің моральдық, идеялогиялық сапасын қайта тексеруді және барынша күшейтуді талап ететіні белгілі. Ол үшін ең алдымен әскеріміздің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қанағаттандыруымыз өте маңызды.
Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінің құрылуы – патриоттық саладағы үлкен жеңіс
2015 жылы Қарулы Күштердің ұлттық әскери-патриоттық орталығы құрылды. Оның құрамында Әскери-тарихи музей де бар. Сол негізде түрлі патриоттық әскери клубтар жұмыс істеп, семинар, конференциялар ұйымдастырылады.
Ал Әскери-тарихи музейдегі жәдігерлердің саны тоғыз мыңға жақындап, сонау ғұн, сақ дәуірлерінен қазірге дейінгі әскери тарихымыздың бейнесін көз алдымызға әкелген алып кешенге айналды.
Мұнда Бөгенбай, Қабанбай, Айдарбек, Зуқа қатарлы әр дәуірдегі батыр бабаларымыздан қалған мұра жиналып жатыр.
Армиядағы пәрмен, бұйрықтар қазақша беріледі
Бұрыннан қалыптасқан қазақша бұйырықтарды қолдану аясы қазір басымдылыққа ие. Барлық жерде алдымен мемлекеттік бір ізділендірген бұйрықтар пайдаланылады. Сонымен бірге кейбір әскери жарлықтарда өзгерістер де болды.
Сапқа тұр! – Построиться!
Түзел! – Равняйсь!
Ретпен санал! – По порядку рассчитайся!
Орныңда, адым бас! – На месте, шагом марш!
Саптық адыммен бас! – Строевым, шагом марш!
Солға түзел! – Равнение на лево!
Оңға түзел! – Равнение на право!
Ортаға түзел! – Равнение на середину!
Ту астына, тік тұр! - Под знамя, смирно!
Тарал! – Разойдись!
Жазыл! – Разомкнись!
Оң иық алға! – Правое плечо вперед!
Сол иық алға! – Левое плечо вперед!
Қаруды кеудеге! – Оружие на грудь!
Қаруды арқаға! – Оружие за спину!
Қаруды иыққа! – Оружие на плечо!
Қаруды аяққа! – Оружие к ноге!
Тоқтат! – Отставить!
Ұйқыға жат! – Отбой!
Маған кел! – Ко мне!
Сапқа тұр! – Встать в строй!
Бір адым алға! – Шаг вперед!
Құп болады! – Есть!
Тоқта – Стой!
Мемлекеттік тілдегі саптық әндер де көбейіп, сапасы да жақсарған. Бұл да қорғаныс саласының идеологиялық және рухани-тәртіптік жақтан дамығандығын көрсетеді.
Көрші елдермен әскери қару-жарақ салыстырмасы
Қытай:
Globalfirepower.com деректері бойынша әскери қызметке жарамды халықтың саны 619 млн адам. Жыл сайын 19 млн 550 мың адам әскери қызметке шақыру алады, 3 млн 712,5 мың адам әскерде қызмет етеді. Оның 1 млн 452 мыңы запаста.
Қытай армиясында 6457 танк, 4788 БТР және БМП, 1710 өзі жүретін қондырғылар, 6246 бірлік сүйрелмелі артиллерия, 1770 дүркіндетіп ататын реактивтік жүйелер, 2955 ұшақ, оның ішінде – 1271 тосқауылшы-жойғыш, 1385 шабуылдаушы ұшақ, 782 жүк ұшағы, сондай-ақ 912 тікұшақтары және 714 әскери кеме бар. Әскери бюджеті 161,7 млрд АҚШ доллары шамасында.
Ресей:
Globalfirepower.com деректері бойынша әскери қызметке жарамды халықтың саны 47 млн. Жыл сайын 1,4 млн-дай адам әскери қызметке шақыру алады, 3 млн 371 мың адам әскерде қызмет етеді. Оның 2,6 млн-ы запастағы әскерилер.
Ресей армиясында 20 216 танк, 31 298 БТР және БМП, 5972 өзі жүретін қондырғылар, 4625 бірлік сүйрелмелі артиллерия, 3793 дүркіндетіп ататын реактивтік жүйелер, 3794 ұшақ, оның ішінде – 806 тосқауылшы-жойғыш, 1428 шабуылдаушы ұшақ, 1124 жүк ұшағы, сондай-ақ 1389 тікұшақ және 352 әскери кеме бар. Әскери бюджеті 44,6 млрд АҚШ доллары шамасында.
Өзбекстан:
Globalfirepower.com деректері бойынша әскери қызметке 13,312 млннан астам адам жарамды екен, жыл сайын 602 мыңнан астам адам әскери қызметке шақыру жасына жетеді, армия құрамының саны – 76,5 мың адам.
Өзбекстанда 420 танк, 715 БТР және БМП, 880 бірлік сүйрелмелі артиллерия, 143 өзі жүретін артиллериялық қондырғылар, 109 дүркіндетіп ататын реактивтік жүйелер, 175 ұшақтар, оның ішінде – 69 тосқауылшы-жойғыш және 50 жүк ұшағы, сондай-ақ 89 тікұшақ бар. Әскери бюджеті 70 миллион АҚШ доллары шамасында.
Қырғызстан:
Әскери қызметке жарамды халықтың саны 2,377 млн адам. Жыл сайын 111 мың адам әскери қызметке шақыру жасына толады. Әскерінде 23 700 адам қызмет етеді. Оның 10 мыңы запаста.
Армиясында 150 танк, 438 БТР және БМП, 30 өзі жүретін қондырғылар, 159 бірлік сүйрелмелі артиллерия, 21 дүркіндетіп ататын реактивтік жүйелер, 6 ұшақ, оның ішінде – 4 жүк ұшағы және 6 тік ұшақ бар. Қорғаныс бюджеті $240 млн құрайды.