Қазақстан жерінде асыл тастар мен түсті минералдардың 500-ге жуық кен орны анықталған. Табиғи ресурстарының қоры бойынша әлемде алтыншы орында. Минералды шикізатқа бай болғанымызбен, оны толыққанды қажетімізге жарата алмай отырмыз.

Асыл тасты ежелгі заманнан терген

– Асыл тастарды өңдеп, әшекей бұйымдарға пайдалану – ежелгі сақтар, ғұндар мен массагеттерден қалған ата кәсіп. 1992-1993 жылдары албырт жастықпен тас іздеп, шатқалдарды шарлап кететінбіз. Тастар әлемінің ақсүйегіне баланатын асыл тастардың кәдімгідей өсетінін естіп пе едіңіз? Миллиондаған жылдар бойы замана тезінен өтіп қана тасқа айналады. Сирек кездесетіндері мен әдемілері алтынмен тең, тіпті кейде одан да қымбат бағаланады.

Оқи отырыңыз: Ырымның жаманы болмайды. Ырымға неге сенеді?

Көздің жауын алатындай тастарды тапқандағы сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Әлі күнге дейін жинаған тастарымды қажетіме жаратып келемін. Қазір қаурыт жұмыстан шыға алмаймыз ғой. Оның үстіне дайын тастарды геологтардан сатып аламын. Кейде тасты қолыммен тергім келіп кетеді, – дейді зергер Берік Әлібай.

Бағалы тас көп

– Менделеевтің кестесіндегі 118 элементтің 99-ы елімізде бар. Одан басқа әлем бойынша құнды саналатын асыл тастардың түрі қаншама. Мысалы, бирюзаны Шымкент пен Қызылорданың арасындағы Келіншектау деген жерден таптық. Тас іздеп жүргенімізді білген малшылар әдетте тек шетелдіктерді көріп үйреніп қалғандарын айтып, бізге таң қалды. Бұл жерді ағылшындар динамитімен жарып, бағалы тастарды өз еліне арқалап кеткен көрінеді, – дейді Берік Әлібай.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қандай емдік шөптер өседі. Оларды ажырата аласыз ба?

– Көгілдір ақық (бирюза) – тірі ағза ретінде өмір сүреді, жарыққа шыққанда түсі өзгереді. Бұл тас адам секілді, жасына қарай түрін ақшылдан көгілдірге, көктен жасылға өзгертеді. Бір қауіпті жағдай төнсе, күңгірттеніп кетеді. Осындай тас Павлодардағы Майқайыңда да бар, – дейді Берік Әлібай. – Жергілікті халықтың айтуынша, олардың қызығын Ресей көріп жатыр екен. 15-20-30 мың теңгеге, 100 долларға сатады.

Асыл тастардың нақты бағаларын оларды саудалайтын сайттың сілтемесінен біле аласыздар. Ол осы мақаланың соңында.

Асыл тастар қалай пайда болады

Бірнеше кен орындарын ашқан инженер-геолог Ақжан әл-Машанидің "Таста түйілген тарих" кітабына сүйенсек:

ШҚО Зырян кен орнында граниттің көпшілігін ашық қызыл жалпақ минералдар дала шпаттары, кәдімгі ақтас – кварц, жұқа жылтыр қара – биотит құрайды. Кен бір дәуірде, бұдан жүз миллиондаған жылдар бұрын пайда болған...

Оқи отырыңыз: Бағзыдан келе жатқан ұсталар мәдениеті. Темір ұстасының киесі мен иесі болады

Жердің геологиялық тарихында силур-девонс деп аталатын дәуірінде, мынау жатқан таулы алқап теңіздің түбі еді. Сол теңіздің әрбір жерінен бұрқ етіп вулкан атылып, балқыған жыныс күл болып шашылатын.

Сумен ағып келген, судың ішінде тұнып шөккен және жер астынан вулкан атқылап шығарған әртүрлі заттардан тау жыныстары құралады. Жай сөзбен айтсақ, тау-тастар түзіледі.


Тізбе өскен сайын тастардың қаттылығы арта түседі / Фото dolinakamnej.ru алынды

Онан кейінгі дәуірлерде теңіздің түбі көтеріліп, жер қыртысының сығылуынан қатпарланып, тауға айналған. Бірақ, ол таулар да мәңгі бола алмады. Олар да бұзылып, шайылып, мүжілді, осы табиғи өзгерістердің арқасында аласарды. Кейіннен жазық дала болып кетті.

Одан кейін бұл араның жер қыртысы әлденеше өзгеріп, бірде аласарып, бірде көтеріліп тұрды. Мезозой аралығында немесе палеозойдың аяғында болу керек, жердің тағы бір көтерілген кезінде қыртысы бұзылып, ішкі қабатын магма кеулейді.

Сол ыстық магманың жер қыртысының ішінде салқындап қатуынан мынау тұрған гранит жыныстар шықты. Гранит – түйіршік дән деген сөзден шыққан. Минералдардың көпшілігі түйіршіктерден құралады.

Қазақстандағы бағалы тас кен орындары да осылай пайда болған

Алмаз – Ақмола облысындағы Құмдыкөл мен Мойынқұмда;

Бағалы, жартылай бағалы тастар – ШҚО Делбегетей тау сілемінде;

Диоктаз – Қарағанды облысындағы Алтынтөбеде;

Малахит – Шоқпақ шатқалында, Қарағанды облысындағы Шет ауданындағы "Бесшоқы","Алмалы","Күздіадыр","Сарыбұлақта", Солтүстік-батыс Балқаш маңындағы"Саяқ" кен орындарында, Жезќазғанның солтүстігіндегі Жыланды тауының етегіндегі "Қарашошақ" кен орнында;

Хризопраз – Сарыкүлболды шатқалында;

Көгілдір ақық (бирюза) – Павлодар облысындағы Алпыс шатқалы мен Тайғын шатқалында, Майқайыңда, ОҚО Келіншектау шатқалында;

Тау хрусталі – Қалмаққырған шатқалында;

Ақық (агат) – Ақшиман шатқалында;

Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады

Арқаның батыс жағында Ұлытауда, Көкшетауда, Есіл маңында палеозойға дейінгі жыныстар аздап бар. Кембри, силур дәуірінен бері қалыптасқан минералдар кездеседі. Палеозойдың бас кезінде бұл жер толқыған теңіз болыпты. Ол теңіздің әр жерінен вулкан атып жатқан екен. Құрғақ жерде тау-тастан басқа ешбір тіршілік те, тіпті өсімдік те жоқ. Ал, теңіздерде өсімдіктер мен жануарлардың жабайы түрлері болған.

– Жер қыртысы тербелістерінің арқасында Арқаның кең даласына тау жынысының қалың қабаты пайда болды. Конгломерат, құмтас, саз, қатқан лавалар, утастар, атпа жыныстар (габбро, пироксинит т.б.). Жиналған тау жыныстарының арасынан сол кезде тіршілік еткен өсімдік, жануарлардың қалдықтары табылып отырады. Бұл жыныстар Арқаның кең даласына көп тараған, – делінген кітапта.

Кәдімгі өсімдік шірінділерінен тастар түзіледі

– Көлдің беті секілді сынығы бар ақықты (агат) іздеп, Талдықорған облысындағы Сарыөзекке бардық. Таудың басынан төгіліп жатқан домалақ тастарды балта-балғамен жара бастадық. Іші қып-қызыл, әдемілерін ғана қаншама тастардың арасынан таңдап алдық. Сырты қалың, диназаврдың жұмыртқасы секілді. Ал, пейзажды ақықты Бетпақдала, Жезқазғаннан алып келдім. Өсімдік шірінділерінен түзілген тастарды қарапайым халық білмегеннен аяғымен басып өтіп кетіп жатыр. Жамбыл облысындағы Байқадам ауылына барып, Сарысу өзенінің сағасын кештік. Тастардың арасынан ақықты (сердолик) тауып, мәз болдық, – дейді Берік Әлібай.


Пейзажды ақық. Жанында қызыл маржан тасы, күмістен соғылған қасқырлар бейнесі. Құны – 500 мың теңге. / Фото зергер Берік Әлібайдың жеке мұрағатынан алынды


Мұндай тастардың қалай пайда болатынын қатты пайдалы қазбалар геологиясы басқармасының басшысы Рүстем Бекарысов түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, ертеректе жер бетіндегі сулы-батпақты өңірлерде ну орман болған. Уақыт өте келе бұл ормандар жер астында қалғандықтан, шөптесін өсімдіктер мен бұталардан, сүректерден (древесина) шымтезек қалыптасқан. Осындай жолмен шымтезекті батпақтар пайда болады.

Көптеген жылдар өткеннен кейін табиғатта кварц, опал, кальцит, пирит т.б. тастар түзіледі. Олар да өсімдіктер сияқты өседі, бірақ миллиондаған жылдар бойы қалыптасатын процесс. Табиғаттың дүлей күшіне төтеп берген минералдар өзгерместен келе жатыр.

Сенесіз бе? Қазақстанда кәдімгі ағаштардың тасқа айналған түрлері бар екен. Уақыт өте келе химиялық процестер ағашты бағалы тасқа айналдырыпты.


Миллиондаған жылдар бойы өсімдік шірінділерінен де тас қалыптасады / Фото informburo.kz

Аягөздің басты құпиясы – миаролдар

– Шығыс Қазақстан табиғи түрлі-түсті және өңдеуге келетін тастарымен ертеден бері даңқты өңір. Аягөз ауданының өзіндік құпиясы бар. Таңғажайып Ақжайлау геожүйесі Аягөз бекетінен шығысқа қарай 120 км қашықтықта орналасқан. Ол жерде 140 минералды кездестіруге болады. Әсіресе, тау бөктерінен миаролдарды көрсеңіз, таңдай қағасыз. Кейде мұны жеода деп те атайды. Топаз, сутас (берилла), жасыл ақық (аквамарин), морион сияқты ішінде көпіршіктері бар, кристалдары жарқырайтын тастың жиынтығы, – дейді Рүстем Бекарысов.

– Делбегетей зұмреттерін 50-шы жылдардың аяғында геолог А.Г.Алексеев ашқан болатын. Делбегетей қазба орнын егжей-тегжейлі барлау ісі В.Ф.Кощеевтің есімімен байланысты. Полиметалл кендері қазба орындарының барлық жерлерінде пириттер кездеседі. Риддердің, Зырян мен Ертіс бойының қазба орындарында көріктастар табылуда, – дейді ол.


Ірі көлемді аметист жеодалары Уругвайдан табылған / Фото Жозе Антония да Силвейра альбомынан алынған

Ақжайлау кен орнындағы минералдар палеозой дәуірінен бұрын пайда болған

Көп фазалық Ақжайлау массивінде 2500 пегматит гранит тастар бар екен. Ең үлкенінің көлемі – 50х40х30 М3. Минералдардың ішіндегі түрлі шпаттар (микроклин, альбит, клевеландит, адуляр т.б.);

Кварц (тау хрусталі, түтінтүстес кварц, морион, цитрин, қызғылт кварц);

Апатит, шақпақ тастар (мусковит, биотит);

Сирек минералдар (ортит, монацит, циркон), турмалин, эпидот, флюорит т.б.

Көз жасындай таза мөлдір сутас, әсем-жасыл хризопраз, қиялыңды жаулап алатын сантүсті зертас, ақшыл көк түсті күлгінтас, көл тұңғиығы немесе көктемгі шөп түстес зұмреттер, түтінтәріздес раухтопаз, сары балдай халцедондар, ертегідей, қайталанбас көріктас, оттай пирит, амазонит – міне қазақстандық асыл тастардың толық емес тізбесі осындай. Олар әшекейлер мен кәдесыйлар жасауға жұмсалады.

Аягөз ауданынан төрт эндемикті кездестіріп қалсаңыз, байып кетесіз...

– Жоғарғы Еспе сілемінде геологтар төрт эндемикті тауып, тарихтың бір шетін шығарды. Гагаринит, кенвит, ифтисит, кайсикхиттер әлемнің басқа бірде-бір жерінде кездеспейді. Бұл тастардың құрамында иттрий металы болғандықтан құнды саналады. Себебі, өнеркәсіпте кеңірек қолданылады. Шойын мен болатқа қоспа ретінде қосылады. Жоғары температурада балқығандықтан тығыз, берік, жеңіл болады, – дейді Рүстем Бекарысов.

Алмаз іздесеңіз, Ақмола облысындағы Құмдыкөл мен Мойынқұмнан табасыз

Ғалымдардың тұжырымдарына сүйенсек, барлық алмаздар бірнеше милиардтаған жылдардан жүз миллиондаған жылдар бұрын қалыптасқан. Сол уақыттарда жердің тереңдіктерінде температура қазіргіге қарағанда әлдеқайда жоғары болғандықтан тау жыныстары сұйық күйде болыпты. Жер ақырын-ақырын суыған соң, сұйық масса жылудан босатылып шыққан кезде жоғары қысымның әсеріне душар болды. Нәтижесінде, арнайы кристалды құрылымдар түзілді. Соның бірі – алмаз.

Ғалымдар озық нанотехнологиялардың арқасында алмаздан қаттылығы 11 пайызға артатын "гипералмаз" ойлап тапты. Қазір табиғи түрінен ажыратуға келмейтін асыл тастарды қолдан өсіре алады.

Гауһар тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды жасандыдан ажырата білу өте қиын. Ол үшін зергер Берік Әлібай ішкі түйсік пен сезімнің керек екендігін айтады. Жасанды гауһар тас магнитпен бірге қозғала бастайтын көрінеді.


Миллиард жылдар бойы жердің төменгі тереңдіктерінде сұйық күйде болған алмаз жанартаулар атқылаған кезде жер бетіне шыққан / Фото cityam.com алынды

Самарқандағы көк тас нефриттен жасалған

"Самарқандағы көк тасы жібіген күн" деп келетін әңгіме естеріңізде шығар. XIV ғасырдың аяқ кезінде Орта Азияны, Үндістанды, Иранды, Анатоланы, Еділ бойын, тағы талай жерді қиратып, жер жүзін түгел билеуге ұмтылған, аты шулы Әмір Темірдің Самарқан қаласындағы мавзолейіне қойылған жасыл түсті көктас бар. Көктас қолдан безендірілген, бетінде жазулар жазылған.

Бұл– нефрит дейтін өте тығыз, берік, өзі әдемі, қымбат тас болады. Темір ханның басына қойылған сол нефриттей әдемі, көлемдісі жер жүзінен содан бері табылған жоқ. Нефрит те шақпақтас сияқты тарихта көп қолданылған тас, делінген Ақжан әл-Машанидің "Таста түйілген тарих" кітабында.

Нефрит кені Оралда, Сібірде, Саян тауларында және Арқада (Балқаш маңы) бар

– Жоғарыда айтып өткен оңтүстіктегі Келіншектаудан ары қарай жүргенімізде, таудың басында жасыл түсті нефрит деген тасты көрдік, – дейді зергер.

Ертеде Қытай мен Орта Азия, Сібір арасында саудаға жүрген тастың бірі – нефрит. Темірдің Алтын Орда ханы Тоқтамысқа шабуыл жасағанын тарихтан, жырдан естіген боларсыңдар. Сол жорығында Ақсақ Темір 1391 жылы Ұлытаудағы Алтын Шоқының басына биік оба қалатып, тасқа қашап жазу жаздыртыпты.

"193 қой жылы, Тоқтамысты шабуға бара жатқанымда Тоқпақ еліне соғып, барлық халық мені дұғасынан тастамасын деп, осы араға оба қалаттым" деп жазыпты. Осы тас қазір Санкт-Петербургтің эрмитажында тұр.


2012 жылы 13 қарашада Майқапшағай арқылы құны 28 млн 733 мың теңге нефритті Қытайға заңсыз өткізбек болған / Фото altaynews.kz алынды

Ертедегі тас білезіктер туралы білгіңіз келсе...

Солтүстік және Батыс Қазақстанда біздің заманымыздан бұрынғы үш мыңжылдықта тастан жасалған білезіктер мен әр түрлі әсем бұйымдардың бөліктері табылған. Бесшатыр зиратынан және Есік қорғанынан табылған моншақтар қызғылт-сары ақықтан жасалған.

Батыс Қазақстан облысында табылған сармат мәдениетіне тән моншақтар тау хрусталі мен кәріптастан тұрады. Түрлі-түсті нефрит, ақық және т.б. тастардан істелінген зергерлік бұйымдардың бөліктері Отырар мұражайына қойылған. Асыл тастар ретінде құрамы мен тегі әр түрлі 100-ге жуық минералдар мен тау жыныстары пайдаланылған.

Табиғи тасты өңдемесең, бағалы болып саналмайды.

– Мысалы, алмазға қыр салғаннан кейін ғана гауһарға айналады. Тастың қаттылығына егеудің тістері төтеп бере алмайды. Сондықтан, алмаздан жасалған құрал-сайман керек, – дейді ҚР Ұлттық мұражайдың реставраторы Берік Әлібай.

Жасанды тастарды қалай жасайды?

Технология қарыштап дамыған заманда Ресей, Қытай, Жапония, Үндістан, АҚШ секілді алпауыт елдер жасанды тасты өсіреді. Базарда табиғи тас ретінде сатылып жатқан моншақтардың көбі жасанды жолмен Қытайда жасалған. Бағасын сұрастырып көріп едік, 1200 теңгеден басталып он мыңға дейін барады екен.


Қытайдан келетін арзанқол тастар қалған-құтқан қалдықтардан жасалады / Фото informburo.kz

Америкалық геолог, палеонтолог Джеймс Холл жер қыртысының қатып қалған сұйық балқыма заттан пайда болуы жөніндегі болжамды қуаттайды. 1801 жылы бір түйір базальтты балқытып алғаннан соң былай деп жазады:

"Тас – қатып қалған лава, олай болса оттың көмегімен тасты лаваға айналдыруға болады. Ал, бұдан мыңдаған жыл бұрын лава суый келе жайылып, кездейсоқ арналарда қатайған. Тас балқыманы өзінің қалағанындай жағдайда суыта отырып, қажетті пайдалы форма бере алады".

Құрылысшы-ғалым Қуанғали Қуатбаев пен Марат Құлбековтың "Жасанды тастар құпиясы" кітабына жүгінсек:

Текшелерге орналасқан тастар 1400-1500 градустағы жоғары температура әсерімен балқиды. Алғашқыда шымырлап, кәдімгі лавалардай буырқанып, қайнап жатады. Пештен шыққан тас балқыма қалыпқа құйылады да, әткеншек пешке енгізіледі. Енді құйма кристалды құрылысқа ие болу үшін балқыма 10-30 минут шамасында 1050-950° температурада ұсталады. Тас балқымасы суытқанда плагиоклаз, авгит минералдар болмайды. Оның орнына табиғатта жоқ өзара шатысып жатқан жіңішке инелер тобына ұқсас жаңа кристалдар пайда болады. Оны сақтау мақсатымен 800°, соңында 100° температурасы бар пеште біртіндеп суытады. 15-20 сағат уақыттан соң дайын болады. Осындай жолмен алынған диабаз оның табиғи түріне қарағанда үш-төрт есе берік келеді.

Диопсид минералын аққа айналдыруға болады

Жасыл, сұр кейде көк түсте кездесетін диопсид минералының негізгі түсі – ақ. Құрамын темір, марганец, хром, никель қоспалардан тазартсақ, аппақ түске ие болады. Бұл тек жасанды жолмен жүзеге асады.

Химиялық құрамы жағынан диопсид сияқты минералды доломит, бор және кварц құмдарының негізінде алуға болатыны анықталды. Жер қойнауында жүретін процестерге ұқсас кристалдану жағдайын жасау ғана қалды. Жасандысын ғалымдар диопсидид деп атайды.


Табиғи тастардан жасалған әшекейлер қадым заманнан бері бағалы саналады / Фото rus-list.ru алынды

Балқыту пешіне түспес бұрын доломит майдаланады. Кептірілгеннен кейін балқыту пешіндегі ваннаға төгіледі. Осы жерде олар өзгеріске ұшырайды. Пеш ішіндегі электродтар арасындағы пайда болған электр доғалары көгілдір сәуле шашады.

Температура 1400-1500° шамасына жеткенде шихта балқып, сүт сияқты аппақ сұйыққа айналады. Содан кейін балқыма 1320-1350° температурада жақсы "пісіріледі" де, арнайы қалыптарға құйылады. 900-920° бірқалыпты ұсталып тұратын кристалдану камераларына енгізіледі.

Болашақ құйма тастың берік болуы осы кристалдану процестеріне көп байланысты. Кейін суыту пешіне жіберіліп, 60-70 сағаттан кейін жалтыратып қоймаларға немесе тікелей құрылыс алаңдарына жөнелтіледі. Диопсидит ең мықты деп саналатын табиғи тастардың бірі граниттен 2,5 еседей қатты.

Сіз тастардың тылсым күшіне сенесіз бе?

Минералогия бойынша ертеде және орта ғасырда жазылған бірқатар трактаттарда тастардың емдік және сиқырлық қасиеттері атап көрсетілген. Мәселен, 1000 жыл бұрын жазылған "Дәрілер қазынасында" бирюзаның қасиеті, адам ағзасына әсері егжей-тегжейлі сипатталады. Онда: "жүректі нығайтып, үрейді жояды, дұшпандарды жеңдіреді... Егер, жаңа ай көргенде жанында бирюза болса, онда бұл туған айда бақыт пен игіліктің болатынын білдіреді" делінген.

Ертедегі үнділер раухтопаздың ағзадан жағымсыз энергияны аластайтын қасиеті бар деп сенген. Үнді аңыздары түтін түстес кварцтың тұтас кристалынан жасалған тостаған туралы сыр шертеді. Ол адамдарға кез-келген аурулардан шипа болған. Қазақтарда береке мен бақыт тасы деп саналған ақық көбірек тараған. Ақық әшекейге сән беру үшін ғана емес, сонымен қатар көз тиюден қорғаныш ретінде де пайдаланылған.

Ақық – денсаулық, өркендеу және ұзақ ғұмыр тасы болып табылады. Ежелгі Римде күлгінтасты (аметист) "киелі тас" деп санап, табыс, сабырлық пен игілік әкеліп, жүйкені тыныштандырады, әрі араздықты кетіреді деп есептеген. Орта ғасырларда оны "апостол тасы" деп атаған.

"Кез-келген бағалы тасты теру үшін арнайы рұқсат қажет"

– Елімізде кездесетін асыл тастарды кім көрінген алып кете алмайды. Егер геологиялық тұрғыда ізденгісі келсе, қатты пайдалы қазбалар геологиясы басқармасына хабарласып мән-жайды толығырақ білуі керек. Ал, Қазақстан аумағында компания ашқысы келсе, "Казгеология" АҚ екеуі бірлесе отырып, кен орындарға барлау жүргізуге, ізденуге болады. Бірақ, бағалы тастарды шетелге тасымалдағысы келген жағдайда, ҚР Инвестициялар және даму министрлігіндегі индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінен лицензия алуы қажет. Жаңа заң бойынша, Еуроодақ елдері арасында біздің елдегі арнайы компаниялар тасты шекарадан шығару үшін лицензияны, рұқсатты қажет етпейді. Республика ішіндегі жеке тұлғалар да тасты жинауға рұқсат алғаннан кейін ғана, мақсатын жүзеге асыра алады, – дейді Рүстем Бекарысов.

Осы күнге дейін елімізде мына бұйрық негізінде бағалы тастарды пайдаланып келіп еді. 2017 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған заң мен кодекс бойынша, өзгерістер енгізіліпті.

Бағалы тастарды терудің заңды жолдары бар

Бағалы тастарды терумен айналысқыңыз келсе, екі жолы бар. Тікелей конкурсқа тек ұлттық компаниялар ғана қатысса, қарапайым жұрт аукцион, яғни тендер арқылы оған қол жеткізе алады екен. Ол үшін:

  1. ҚР Инновация және даму министрлігіндегі геология және жер қойнауын пайдалану комитетімен байланысасыз.
  2. Жер қойнауын пайдалану мақсатында жүргізілетін жұмыстардың жоспарларын, тәсілдерін, әдістемесін, техникалық шарттарын, технологиялық көрсеткіштерін, көлемін, мерзімін және өзге де параметрлерін қамтитын жобалау құжаттарын өткізесіз.
  3. Конкурс немесе аукционға қатыса аласыз.
  4. Жеңген жағдайда ҚР салық заңнамасына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлейсіз.
  5. Осыдан кейін ғана лицензия аласыз немесе келісімшарт жасасасыз.
  6. Ол құжатта пайдаланатын жер учаскесі мен мерзімі көрсетіледі. Сізге жер қойнауын пайдалануға құқық берген мемлекеттік органға ол жасалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
  7. Жоспарланатын жұмыстардың уақытын, ұзақтығын, көлемін, орны мен сипатын өзгерту туралы осындай өзгерістерге дейін кемінде бір ай бұрын хабардар етесіз.
  8. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушылар жобалау құжатында көзделген экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік параметрлерін сақтайсыз.

Лицензиялардың түрлері көп:

  1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия;
  2. Қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған лицензия;
  3. Қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия;
  4. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия;
  5. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия;
  6. Кен іздеушілікке арналған лицензия.

Лицензияда қамтылған мәліметтерден басқа, көрсетілген тізілімде мынадай мәліметтер қажет болады:

  • Жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын жеке тұлғаның тұрғылықты жері туралы;
  • Жер қойнауын пайдалану құқығына қатысты ауыртпалықтың тіркелгені туралы;
  • Есепті жүргізу мақсаттары үшін қажетті өзге де мәліметтер.

Берілген лицензиялардың тізілімін жүргізу тәртібін құзыретті орган белгілейді.

Асыл тастар туралы толығырақ білгіңіз келсе, мына сілтемеге өтіңіз.

Ал Ресейдегі сату бағаларын мына сілтемеден көре аласыздар.