"Қазақ хандығының" екінші маусымы қалай түсіріліп жатыр? Түсірілім алаңынан репортаж (жалғасы)
Тарихи кино түсіру – сала-сала, қат-қабат шаруа
"Қазақ хандығының" екінші маусымы үшін "Қазақфильм" аумағында "Сығанақ қаласы" деп аталатын үлкен декорация тұрғызылған. Күмбезі күнге шағылысқан сәнді сарай алтынмен апталғандай әсер қалдырады. Орта ғасырға тән реквизиттер ертегідей ескі шығысты еске салады.
Балалар киноға түсетіндеріне дән риза
Балалар мәз. Тарихи киноға түсу – кез келгеннің өмірінде кездеспейтін оқиға / Фото informburo.kz
Ортағасырлық декорация жасаудың өзі оңай шаруа емес
– Тарихи жанр бір жағы қиын, бір жағы қызық. Қиындығы – қазіргі техногенді заманда көзбен көріп, қолмен ұстайтын ескілікті заттар жоқтың қасы. Бар болғанның өзінде мұражайда сақталған. Мұражайдың тығып қойғаны бар, шығарғаны бар, шындап келгенде, олар киноға пайдалануға жарамайды. Сондықтан жоқтан бар жасап, мына аяқтың астындағы кірпіштен бастап төбедегі шатырға дейін, кейіпкердің үстіне киген киімін, қару-жарақ, сауыт-сайманына дейін сол замандағыдай болуын қадағалап, қалпына келтіруіміз керек, – дейді Рүстем Әбдірашев."Көшпенділер" фильмінен қалған "Түркістан" декорациясы да қалпына келтіріліп, қайта жасалған. "Шаһардың" дәл іргесінде Іле өзені ағып жатыр. Сығанақ қаласы үшін шайқас сахналары осы жерде таспаға тартылады.
Loading...
Loading...
Түсіру тобы жануарларды жақын маңдағы ауылдардан жалға алады
Мысалы, бір аттың құны – тәулігіне 7 мың теңге.
Көпшілік көріністерге жергілікті тұрғындар қатысады. Олардың бір күндік еңбекақысы – 2-3 мың теңге. Түскі астары тегін.
Тарихи фильмде көне заман көріністері сайрап жатуы керек. Түсірілім алаңында көзден кетіп, көңілден көмескіленген баяғы қазақ тұрмысымен қауышқандай боласыз. Ою-өрнекпен әдіптелген киім-кешектен ұлт болмысының иісі аңқиды.
Ұйымшыл ұжымның жұмысы түсірілім алаңында қайнап жатыр
Кейде режиссер аяқ астынан тапсырма береді. Суретшілер оны сол мезетте орындайды.
Алдыңғы маусымдағы қателіктер осы жолы ескерілген. Шығармашылық топ мүшелері бір-бірін айтқызбай түсінетін болған.
Ескі мектептің түлегі Сапар Қойшыманов, жаңалыққа жаны құмар Александр Плотников секілді операторлар – режиссердің сенімді серіктері.
– Осы кинотоп күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Өте бір жақсы топ жиналған. Барлығы өз ісінің мамандары. Сол қуантады. Ешкім ренжімейді. Біресе жауын жауып кетеді, біресе суық болып кетеді. Бірақ соған қарамастан, бір жұдырықтай жұмылып еңбек етіп жатыр. Осы кино түсірілімі біткенше сол қарқыннан таймасақ деп ойлаймыз, – дейді Ерлан Төлеутай.
Жыл соңына дейін екінші маусымның 40 пайызы түсіріліп бітеді. "Күз мезгілінің түнерген пейзажы картинаға қатал реңк береді", – дейді жоба жетекшілері. Ал көктемде шығармашылық топ Жамбыл облысына – Қазақ хандығы шаңырақ көтерген Құлан, Тараз, Бадам, Қаратау өңірлеріне қарай ойысады.
Фильмнің әлемдік премьерасы 2018 жылы 16 желтоқсанда болады
Бас продюсер Арман Әсеновтің айтуынша, "Мәңгілік ел" бағдарламасының шеңберінде 10 маусымнан тұратын 100 бөлімдік телесериал түсіру жоспарланған. Қазірдің өзінде 12 мемлекет сериалдың екі маусымын бірден сатып алуға ниет білдіріп отыр.
Киногерлердің пікірінше, тарихын таныған жұрттың рухы өшпейді, санасы қалғымайды
– Елбасшысы "Рухани жаңғыру" деген жақсы бір үндеу салып жатыр. "Рухани жаңғыру" дегеніміз – сол өткен-кеткенімізді жадымызда жаңғырту. "Қай бағытпен бара жатырмыз? Адаспаймыз ба?" дегенде тарихқа ой жүгіртуіміз керек деп есептеймін. Себебі өткенін білетін адам болашақта өзінің бағдарын да жоғалтпайды. Сондықтан өткеніміздің жақсысын да, жаманын да, қиын-қыстау заманда жіберген қателіктерімізді, жеткен жетістіктерімізді еске алып отырғанымыз жөн. "Рухани жаңғыру" дегеніміз сол деп түсінем өз басым, – дейді Рүстем Әбдірашев.
Біз ата-бабаларымыздың қажыр-қайрат, ерлік дәстүрінің арқасында бұлыңғыр заман, тайғақ кешулерден аман-сау өтіп, бүгінге жеттік. "Қазақ хандығы" сериалындағы басты кейіпкерлер бар тілегін туған жұртының болашағына бағыштаған. Солардың аманатын ұғып, мұратын байыптасақ, біз ешқашан елдігімізден айрылмаймыз.