"Қазақ елі" монументі тіреумен тұр. Елорданың шала ескерткіштері құлауы мүмкін
– Қазір Астанада 46 тарихи ескерткіш бар. Олар біздің бақылауымызда. Кейбір республикалық маңызы бар ескерткіштер де тікелей өз балансымызда. Ал бір бөлігі Астана аудандарының бақылауында, – дейді "Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету" жөніндегі дирекцияның бөлім басшысы Серік Кәрібайұлы. Ол – өнер зерттеуші, құрылысшы. Ал дирекция 2015 жылдан бері жұмыс істейді.
Істелген істің "бас ауруы" көп
– Негізі елордадағы біраз ескерткіштері дерлік аяқталмай, асығыс ашылған. Сонымен біткені біткен, бітпегені сол күйінде тапсырылып кетті, – дейді дирекцияның тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру және зерттеу бөлімінің меңгерушісі Өмірбек Жұмағұлов.
Оқи отырыңыз: Алаш зиялыларына ескерткіш орнатуға не кедергі?
– "Асыққан сайтанның ісі" деп, қазақ осындайда айтады. Енді соңына жеткізіп жөндеуге қаржы жоқ, мамандар мәселені әкімдікке жеткізген.
Елбасы барельефінің табанын ағаш тіреп тұр
Біздің түсіру тобымыз Астананың бірнеше маңызды ескерткіштерін аралап шықты. Ең сорақы жәйттерді ел тәуелсіздігінің символы – "Қазақ елі" монументінен көрдік. Оның бетіндегі Елбасы бейнеленген барельеф мүсіннің табанына ағаш тіреу қойыпты. Мүсін толық бекітіліп, орнатылмаған. Монтаждау жұмысы да толық аяқталмаған күйі қалған.
Оқи отырыңыз: Өзі билеген Самарқанда Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш жоқ
Тарихи-мемориалдық кешеннің жалпы аумағы – 5,2 гектар, соның монумент орналасқан орталық тұғырнамасы бір гектар жерді алып жатыр. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр. Бұл – 1991 жылы алынған Қазақстан тәуелсіздігінің белгісі. Ал оның басындағы алтын түстес бояумен әрленген алып Самұрық құс Қазақстанның тыныштығын "күзетіп" тұр. Мұнараның тұғыры 20,1 метр.
"Қазақ елі" монументінің сырты бүтін, іші түтін
Монумент 2009 жылы ашылды. Бірақ жұмысы толық аяқталмаған. Ұзаққа созылған жөндеуде тұр әлі. Сыртта – орам-орамымен шашылған электр кабелдері. Іші су мен қатқан мұзға толып тұр.
Оқи отырыңыз: Абайдың 175 жылдығына орай Алматыда ескерткіші ашылды
Ескерткіште су ағар жоқ
– Ескерткіш маңында еріген мұз бен жауын суларын сыртқа жіберетін суағар деген мүлдем жоқ, тіпті қарастырылмаған екен. Іші күзде суға толады, ол қыста мұз болып қатады. Біз бұл мәселені Астана әкімдігіне бұрын да бірнеше рет айтқанбыз. Тағы да жеткіздік, – деп дирекцияның тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру және зерттеу бөлімінің меңгерушісі Өмірбек Жұмағұлов қынжылды.
Ал Серік Кәрібайұлы болса: "Біз Тәуелсіздік ескерткішін 2015 жылы жазда қабылдап алдық. Жаз кезі болғандықтан қабылдағанда бәрі жақсы көрінген", – дейді.
Оқи отырыңыз: Берел қорғанының құпиялары
"Мамыр айында ішіндегі мұзын ойып шығарамыз, ерігенде суын тасимыз"
Өмірбек мырзаның айтуынша, қатқан мұз бен су жазға дейін сақталады. Мамыр айынан бастап ішіндегі мұзды ойып шығарады, еріген суын сыртқа шелектеп тасиды.
Оқи отырыңыз: Қазақтан өзге ешкім неге билеріне ескерткіш қоймаған?
Ішкі бөлмелеріне кіргенде жылағың келеді
Мұнараға бару үшін алдымен тұғырдың үстіне шығу керек. Сосын сатымен түсіп, ең соңында мұнара өзегінің жанындағы тағы бір есік арқылы ішке кіруге болады.
"Қазақ елі" монументінің артындағы колонналарға жақындауға болмайды. Қауіпті
Ескерткіштің артындағы дөңгелек арканың қабырғалары мен тіреулері қопарылып тұр, құлауы мүмкін.
"Қазақ елі" монументінің сыртында жалпы ұзындығы 120 метрлік доға пішіндес 28 ақ колонна орнатылған. Стеланың өзі осы ақ колоннаның қақ ортасында, қызыл граниттен жасалған төрт қырлы тұғырға отырғызылған.
– Сұмдықтың көкесі сонда, – дейді Өмірбек Жұмағұлов. – Дөңгелек арканың жапсырылып қаланған үлкен мәрмәр тастарының әрбірінің салмағы 90 келіден. Ілмек темірлермен бекітілген. Ең үстіне қаланған мәрмәрлер біртұтас кесек емес, құрамалы. Салмақпен аралары төмен қарай сығылып, қопарылып түсіп жатыр.
Қазір қасынан жүруге болмайды, өте қауіпті. Егер қандай да бір сілкініс болса, колонна опырылып құлайды. Сондықтан, тақап бармай, алыстан тамашалау керек.
Бір ескерткіш екі жердің қарауында
"Қазақ елі" монументіндегі мұнара тікелей дирекцияның балансында. Ал артындағы 28 колонна мен алаң Алматы ауданына қарайтын болып шықты.
Ескерткішті құртқан – сапасыз құрылыс жұмыстары мен зеңбіректің гүрсілі
Серік мырзаның айтуынша бұл колоннаны құртып тұрған әскери шеру кезіндегі зеңбіректердің гүрсілі. Жыл сайынғы дүмпуден мәрмәр кесектері төмен қарай түйіп, парша-парша сынады, арка маңайы ақ жоңқа тастарға толды. Қазір тастар бірінің үстіне бірі нығызданып, түптері босап тұр. Астындағы бір кесегі кетсе, барлығы опырылып, жерге құлайтыны сөзсіз.
Бұл туралы, 18 сәуірде Астанадағы ескерткіштердің жағдайына арналған дөңгелек үстелде айтылды.
Су мен мұз ескерткіштердің түбіне жетті
Өмірбек Жұмағұлов бастаған құрылысшы мамандар осылай дейді. Ескерткіштердің тұғырының бетоннан құйылатыны белгілі. Салынғанда олар технологияға сай дұрыс кеппеген. Ал бойындағы су мұзға айналғанда бетонды керіп, жарықшақтайды. Күн жылынған сайын батпандап сіңіп, іштен уатылады. Осылайша ұзақ уақыт мұз бен судың әсерінен бетон тұғырлар үгітіліп, сыртын қаптаған қаптамалары сынып түсіп жатыр.
"Мәңгілік ел" қақпасы – орташа байдың коттеджіндей ғана
Қақпаның биіктігі – 21,5 метр, ені – 13 метр. Үш қабатты құрылыстың үшінші қабатында кішкентай көрме залы бар. Төбесінде қаланы тамашалауға арналған дүрбілі алаң.
Қазір төрт жағынан салынып жатқан тұрғын үйлер биіктеп, дүрбілерден қала көрінісін тамашалау мүмкін болмай қалған.
"Мәңгілік ел" салтанат қақпасының әр жағында биіктігі 4,4 метрді құрайтын көлемді мүсіндер орналастырылған. Қақпаның сол жағына қазақ ұлтының санасында ертеден қалыптасқан – даналықтың, данышпандықтың, ғұламалықтың нышаны, халықтың рухы мен ойының қорғаушысы – ақсақалдың мүсіні тұрі. Отбасының ұйытқысы – әйел ананың мүсіні – "Отан-Ана", "Жер-Ана", "Ана-Тілі" сияқты ұлттық құндылықтарын белгілейді. Қаладан шыға бере салатанат қақпасына қарайтын болсақ, оның сол жақ бөлігінде көшпелі жауынгердің, ал оң жағында қазіргі қазақстандық әскери қызметкердің сұлбалары салынған. Көне жауынгердің мүсіні қазақ батырларының ерліктері мен қайсарлығын көрсетеді, ал оның стилистикалық кейпі Аңырақай шайқасы кезеңіне сәйкес келеді.
"Мәңгілік ел" қақпасының жер асты жолында су сорғалап тұр
Өкініштісі, бұл қақпаның да су ағары дұрыс салынбапты. Ішінде мұзын ойып, суын тасып жатқан жерінен қызметкерлерді кездестірдік.
Ескерткіштерге қытайдың жасанды мәрмәрлері жарамайды
– Астананың табиғаты қатал, қысы суық, жазы ыстық. Бұндай құбылмалы ауа райына қытайдың 1,5-3 сантиметр қалыңдықтағы жасанды мәрмәрлері шыдамайды, – дейді Қазақстан суретшілер одағының президенті, "Бөгенбай батыр" мүсінінің авторы Тоқтар Ермеков.
– Мысалы, мүсінді орнататын тұғырды бетонмен құйғаннан кейін, сыртын қытайдың жасанды мәрмәрімен немесе жапсырма клинкер кірпіштермен қаптайды. Былайша айтқанда жапсырады. Ол аяз қысқанда шыдас бермей, сынады.
Қытайдың жасанды мәрмәрлерінің тағы бір ерекшелі – күн мен жаңбырдан кейін түсін өзгертеді. Мысалы, Кенесары ханның тұғырының төрт жағындағы жасанды қытай мәрмәрлерінің түсі төрт түрлі болып кетті.
Ашаршылық ескерткішіндегі бала мүсіні қолды болыпты
Мүсіннің салмағы 90 келі, биіктігі 135 сантиметрлік. Таза мыстан құйылған еді. 1932-1933 жылдардағы ашаршылық нәубетіне арнап қойылған ескерткіштегі қолын жайған ананың алдында тұрған болатын.
Ол наурыз айында жоғалыпты. Тура бір айдан кейін табылған. Пысықайлар қымбат металл ретінде сатып жібермек болған. Алайда, арам ойлары жүзеге аспайтынын түсінген ұрылар кейін өздері полицияға әкеліп, тапсырыпты.
Сонымен, енді бірнеше күнде "қолын жайған ананың" қасына мыс баласы қайта орнатылады.
Дирекция қызметшілерінің сөзіне қарағанда ескерткіштерді орынсыз қиратып, бүлдіретін жағдай да кездеседі.
"Бөгенбай батыр" ескерткіші жөнделді
Оның да тұғырындағы қаптамалары сынып, бетондары мүжіліпті. Мұндай жөндеулер жиі болады.
Ал Жамбыл Әлия Молдағұлов, Рақымжан Қошқарбаевтің ескерткіштерінің тұғыры толық әрі бірнеше үлкен кесектен қойылғандықтан көп жөндеуді керек етпейді.
Астанада енді екі үлкен ескерткіш ашылады
Бұл туралы Дирекция басшылығы хабарлады. Біріншісі – Әлия Молдағұлова апамыздың ескерткіші. Оны Батыс Қазақстан облысы әкеліп қояды. Бөгенбай батыр даңғылы мен Жеңіс даңғылының қиылысынан орны белгіленіп, тұғырын құю жұмысы басталып та кетіпті.
Екіншісі – "Мәңгілік ел" қақпасы мен "Ботаникалық бақтың" арасына қойылатын "Қазақ еліне мың алғыс" ескерткіші. Мұнда қазақ әженің қамқорлығына бөленген әр ұлт өрендерінің мүсіні бейнеленген. Бұл ескерткішті Қарағанды облысының әкімдігі әкеліп қояды деп жоспарланған. Әзірше әлі бекітілмеген.
Жаңадан қойылатын ескерткіштерге талап күшейтілді
Шарасыздықтан. Астанадағы көптеген ескерткіштерді салуға қолданылған материалдардың сапасыздығы мен жүргізілген жұмыстың шалалылығынан запы болғандықтан.
Дирекция қойылатын ескерткішке жауаптыларға телефон арқылы хабарласып, өз талаптарын айтқан.
– Олар ескерткішті қояды да кетеді. Ал сапасыз жұмыстың кесірінен жылына қанша миллиондаған шығынға батып отырмыз, – дейді Өміорбек Жұмағұлов, – біріншіден, тұғырын қытайдың жасандысынан емес, өзіміздің қалыңдығы 3-5 сантиметрлік таза мәрмәрден қоюды талап еттік.
Және мүмкіндігінше тұғырының үлкен-үлкен кесектерден қойылғаны дұрыс. Сонды ғұмыры да ұзақ болады.
Екіншіден, ескерткішті мемлекеттік комиссия тексерісінен өткізіп, құжаттарын толықтап тапсырады. Мысалы бізде кей ескерткіштердің құжаттары әлі күнге жоқ.
Үшіншіден, қытайдың жасанды мәрмәрінің үсті жып-жылтыр болғандықтан, тайғақ. Қызметшілердің жүріп, сүртуіне қиын. Кейде балалар мен қарттар да барып көреміз деп жығылып қалады.