Ағылшындардың поло ойыны қазақтардың шөгені болып шықты (видео)
Асық ойнаған бала озар
Компьютерге тәуелділіктен арылту үшін Алматы қаласының тұрғыны Серік балаларына ләңгі тебуді үйрете бастаған. Қазір оны қазақтың ұлттық ойындарының дамуына ат салысып жүрген адамдардың бірі деуге болады. Аптасына бір рет балаларға ләңгі тебуді үйретеді. Қазір балалардың қызығушылығы артып, ойнаушылар саны көбейіп келеді екен.
– Шынымды айтсам, басында бұл ойынды балаларды қызыға ойнайды деп ойламадым. Өйткені қазіргі балалардың көңілін табу қиын, айпады мен айфонынан айрылғысы келмейді. Тез жалығып кетуі де мүмкін. Алайда осы ләңгі ойынын бастап ойнаған бала жай қарап тұрмайтын болды. Кезекке тұра қалып, жарыса жөнеледі.
– Бала кезімізде қойдың терісінен ойып алып, оған қорғасын құйып, ләңгіні қолдан жасап алатынбыз. Алайда қорғасыннан құйылған ләңгіні күз бен көктемде тепкен жақсы. Ал жазда шүберектен жасалғанын тепкен дұрыс. Бірақ балалар оған қарап жатқан жоқ. Ләңгіні тебудің өзіндік әдісі бар. Аяқты ішке, сыртқа икемдей отырып тебу керек. Бұл ойын – баланы тек ептілікке ғана емес, жылдамдыққа үйретеді. Сонымен қатар мектеп жасына толмаған балалар да тез санауды үйренеді. Өйткені өзі санап тұрмаса, бөгде балалар санынан жаңылыстырып, ұтылдың деп мазақтайды.
Балалардың ұлттық ойынға деген қызығушылығы жақсы. Оны ойын алаңына барғанда көрдік. Алдымен ләңгі тебуден жарысып, кейін асық ойынына ауысты. Бір-бірінің мергендіктеріне қызыға да, қызғана да қарайды. Екі сағат ойын алаңында ләңгі теуіп, асық ойнаған балалар "аға, енді қашан келесіз, қай уақытта, енді қандай ойын үйретесіз?" деп жамырап жатты.
Ұлттық ойынды дәріптеуші Серік бұл ойындарды дене шынықтыру сабақтарына енгізіп, дамытуды қолға алса жақсы болар еді деген пікір білдірді.
Қазақтар тоғызқұмалақты дөңгелек тақтада ойнаған
Қазақ өнеріне өзіндік үлесін қосып жүрген қолөнерші Ертай Өміртаев тоғызқұмалақ ойнауды өзі білмесе де, оның тарихына зер салып, тақтасын қолдан жасаумен айналысады. Оның айтуынша, тоғызқұмалақ ойынын табиғи ағаштан жасалған тақтада ойнау керек.
– Ұлттық өнерге құрметпен қарайтын адам оның тарихына мән беру керек. Мен кез-келген ұлттық туындыны жасайтын кезде алдымен зерттеп аламын. Мына тоғызқұмалақ тақтасын қарағаштан жасадым. Өйткені бұл ағаштан жасалған дүниені ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдыруға болады. Бұрын қазақтар бұл ойынды дөңгелек тақтада ойнаған. Қойдың құмалағын тастарының орнына пайдаланған. Ал қазір шие жемісінің сүйегін пайдалануға болады. Шиенің сүйегі ағаш тақтада секіріп кетпейді. Сосын тақтаны кендір жіппен май жаға отырып өріп шығамын. Өйткені тақта шіріп кетпеу керек.
Қазақстанда арнайы курстарда тоғызқұмалақты пластик тақтада ойнатып, үйретеді. Құмалақтары да пластиктен жасалған.
– Өз басым тоғызқұмалақты балаларға пластик тақтада емес, ағаштан жасалған тақталарда үйрету керек деп ойлаймын. Себебі, баланың бойында өз ұлтына деген құрмет пен мақтаныш сезімін тудырып, ойынның шығу тарихымен танысуға қызығушылығын оятуға керек. Өйткені ерекше үлгідегі ойын тақтасын көрген баланың санасында тарихқа қатысты неше түрлі сұрақ міндетті түрде туындайды. Бастысы, компьютерлік ойындарға деген тәуелділіктен арылтады.
– Алайда қолдан жасалған бұйымдарды тек ауқатты адамдар ғана сатып алады. Өйткені бағасы өте қымбат. Мысалы, мына тоғызқұмалақ тақтасы 25 мың теңге тұрады. Авторлық үлгідегі, қайталанбайтын нұсқалар. ЭКСПО көрмесіне он күн қатыстық. Қолөнер туындыларынан домбыра, сазсырнай тағы да басқа аспаптарды сатуға қойдық. Бірақ көрмеде көп шетелдіктер болған жоқ. Ал қазақстандықтар болса, бұны сатып алуға қымбатсынды.
Әр ойынның өзіндік мақсаты бар
Ғасырлар бойы өзіндік құнын жоғалтпаған қазақтың ұлттық ойындарында ойнаушының жас ерекшеліктері ескерілген, соған орай бөлінген. Кейбір ойындар баланың сана-сезімін дамытуға бағытталса, енді бірі әскери дайындық түрінде өткен. Мәселен, "бәйге", "көкпар", "әтештер төбелесі", "қызыл ту", "асық ойыны", "теңге алу", "хан талапай", "садақ тарту", "тоғызқұмалақ", "соқыр теке", "ақ серек, көк серек", "сиқырлы қоржын" тағы да басқа ойындар балалардың физикалық дене-бітімінің дұрыс жетіліп, дамуына әсерін тигізеді. Еңбекке қарым-қатынасын артырып қана қоймай, зеректікке, білгірлікке, батылдыққа, тапқырлыққа тәрбиелей отырып, ақыл-ойының дамуына да септігін тигізеді. Сондықтан ұлттық ойынды дәріптеушілер аталған ойын түрлерін жаңғыртуды ұсынып отыр.
Осы ойындардың ішінде жамбы ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресіне ерекше көңіл бөлініп, дамып келе жатыр.
Қазақтың ұлттық ойындары шөген ойынымен толықты
Енді бұл ойындар қатарын шөген яғни, поло ойыны толықтырып отыр. Бір қызығы, жаттығу барысында екі ай бұрын ғана ашылған шөген ойынына деген балалардың қызығушылығы өте жоғары екені байқалды.
Шөген ойынына дайындайтын академия ашылғанда 12 жасар Руслан Төкен бірінші болып келген екен. Ол атқа отыруды бес жасынан бастап үйренген. Көбіне бәйге аттарына отырғанды жақсы көреді.
– Мен жылқыны өте жақсы көремін. Енді аттың үстінде жүріп, таяқпен доп ойнауды үйретеміз дегенде тіпті қызықтым. Мен бұл ойынды ештеңеге айырбастамас едім. Үзбей келіп жүрмін. Інім де қатысып жүр. Қазақ күресімен де айналысамын. Бүгін бірінші рет аттың үстінде отырып, доп соқтым. Жаттықтырушылар толық үйренген жоқсыңдар дейді. Бұл ойынның әдіс-тәсілдерін түгел үйреніп алғым келеді.
Loading...
Шөген ойының тәртібі: ашық алаңда әр командада төрт ойыншыдан жасақталады. Кәсіби ойыншы арнайы комиссия шешімі бойынша, ұпай айырмашылығына ие болады. Қатысушылардың ұпай жиынтығы команданың ұпай айырмашылығы болып саналады. Сонымен қатар доп соғуда аса мергендік танытып, таяқпен аттың аяғын жаралап алмау керек. Өйткені аттың аяғын жаралап алса, ойыншының өз өміріне қауіп төнеді.
Ойынға жуас аттарды мінеді
Жаттықтырушы Сәкен Тұрлыбаев балалардың шөген ойынын үйренуге талпынысының өте жоғарылығын айтады.
– Балаларға 50 минут ағаш аттың үстінде таяқпен доп ұруды үйретеміз. Бастысы аттың аяғын жаралап алмауларын қадағалаймыз. Содан кейін 50 минут атқа отырғызып, тізгіндеуді үйретеміз. Өйткені доп соққанда атты дұрыс тізгіндемесе болмайды. Шөген ойнауға көбіне арнайы жаратылған, жуас аттарды іріктеп аламыз.
– Шөген ойынына қолданатын таяқтар Аргентинадан әкелінеді. Таза бамбуктен жасалған. Бізде бұндай таяқтар жасалынбайды. Аттың бойына қарай таңдалады. Жалпы 51 см мен 54 см арасында өлшемдердің ішінен көбіне 52 см таяқтар өте ыңғайлы.
Шөген ойыны көшпелі халықтан шыққан
Шөген – (шоған, човган) ерте заманнан бар ұлттық ойын. Бабаларымыздың шөген ойынын ойнағаны туралы деректер Жүсіп Баласағұнның "Құдатғу білік", Махмұд Қашқаридің "Диуани лұғат ат-түрік" атты түркі жазба ескерткіштерінде айтылған.
Десек те, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары осы шөген ойыны туралы танымал ғалым, этнограф, лингвист, филолог Асқар Егеубаев айта бастаған. Ол аталған екі еңбекті транскрипциялап, қазақ тіліне аударған кезде шөген ойыны туралы жазылғанын оқыған.
Шөген ойынын Ұлы қытай қорғаны мен Каспий теңізі аралығын мекендеген көшпелі халықтардың ойнағаны туралы тарихи деректер бар. Тіпті, қытай халқы да бірнеше жылдарға кейін шегіне отырып, шөгеннің шығу тарихын өздерінен бастау алғанын дәлеледегісі келген.
Шөген – әскери ойын
Шөген ойының тарихын зерделеп, зерттеген этнограф Халиолла Ахметжан былай дейді:
– XIV ғ. Фирдаусидің "Шахнаме " шығармасы негізінде жасалынған миниатюралар шөген ойынының Орталық Азия мен Қазақстан жерін мекендеген көшпелі халықтан шыққанына дәлел бола алады. Иран Ханзадасы Сиявуш Тұран патшасы Афрасиабқа қонаққа келген уақытта тұран бекзадаларымен шөген ойнаған. Негізі шөген – көкпар, аударыспақ тәрізді әскери ойын болған. Жаугершілік заманда соғыста басты олжа ат болып саналады. Ойын тәртібі бойынша, атты жараламау маңызды. Негізінен ақсүйектер мен бекзадалар ойыны деп саналған шөген атты қолға үйреткеннен кейін көшпелі халық арасында пайда болғаны анық.
Ағылшындардың поло деп жүргені қазақтардың шөген ойыны екен
Тарихи бастауын Орта Азиядан алғанмен, шөгеннің Еуропаға, одан бүкіл әлемге таралуына орта ғасырлардағы саяси қақтығыстар, сауда-саттық негіз болған. Тарихи деректер бойынша, Шыңғыс ханның ұрпақтары Мәуеренахрды, Бабыр Үндістанды жаулап алғанда осы ойынды алып барған екен. Тарихшылар ХІХ ғасырда үнді жерін отарлаған ағылшындардың осы спорт түріне қызығып, Еуропаға алып барғандығы жайлы дерек келтіреді. Үнді тілінде бұл ойынды «пулу» деп атаған. 1862 жылы ағылшындардың қызығуымен Еуропаға жетіп, «атты хоккей» деген атаумен Батыс елдеріне жаппай тарала бастайды. Кейін поло деген атауға ие болған.
Алдымен тарихына зер салған шөген ойынын ұйымдастырушылар, қазақтың ұлттық ойыны екені дәлелденген соң, оны дамытуды қолға алған. Осы мақсатта 2012 жылы шөген федерациясы құрылған болатын. Қазір балалар арасында шөген ойынын дамыту үшін шөген академиясы құрылды. Онда 60-қа жуық бала шөген ойынын тегін үйреніп жатыр.
2014 жылдың желтоқсан айында Қазақстан шөген федерациясы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен Халықаралық поло федерациясының Бас Ассамблеясында мүшелікке қабылданды. Қазіргі уақытта Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында өңірлік федерациялар ашылып, шөген клубтары жұмыс істеп жатыр.