"Ақылды" протез семейлік жасөспірімнің өмірін түбегейлі өзгертті
Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінің түлегі Маулен Бектұрғанов құрған MBionics компаниясының бионды протездерін бірталай қазақ пайдаланып жүр. Мауленнің өнімі кейбір отандастарымызды күйзелістен шығарып, жаңа өмір бастауына да септігін тигізіпті. Солардың бірі – Әкежан Арынғазин.
– Ақылды протезге үйренгеннен кейін жігерленіп, жаңа асуларды бағындыруға бет алдым. Маулен оқыған университетте білім алып, қоғамда сұранысқа ие инженер болғым келеді, – дейді осыдан 4 жыл бұрын қолынан айырылған Әкежан.
Оқыстан орын алған оқиға салдары
Әкежан – Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылының тұрғыны. Ол 2014 жылдың көктемінде жол құрылысы маңында құлап, қолын ауыртып алады. Оның алақаны бірінші қызарып, кейіннен ісіп кетеді.
– Құлап түскен кезде, қолым бірден қызарып, ауыра бастады. Семейге барып, дәрігерге көріндік. Емхана маманы қолымның етінің ауырып қалғанын айтып, арнайы май жағуға кеңес берді, – дейді Әкежан.
Майдың көмегі тимеген. Әкежанның айтуынша, бір айдан кейін оның алақаны ісіп кетеді. Дәрігерлер Әкежанның қолының неге іскенін анықтаудың орнына ісікті жарып көреді.
– Дәрігерлер алақандағы ісіктің ішіндегі іріңді жарып, тазаламақ болды. Өкінішке қарай, біз жүгінген дәрігерлер ісікті толық зерттемей, іріңді тазаламақ болып шешті. Ол кезде мен де бала едім. Олар солай шешсе, дұрыс деп ойладым, – дейді Әкежан.
Қатерлі ісіктің алдын алу мүмкін еді
Әкежанның айтуынша, ісіктің ішіндегі іріңді шығарғанда жүйке жасушалары да зақымданған болуы мүмкін. Дәрігерлердің тәжірибесіздігінен мектеп оқушысының алақанында қатерлік ісік жасушалары пайда болып, оның ауқымы ұлғая бастаған. Оған дәрігерлер жасаған биопсия да көмектеспепті.
Оқи отырыңыз:
– Диагноз қойған дәрігерлердің бірі менің алақанымдағының қатерлі ісік болуы мүмкін деп айтқан болатын. Бірақ оның ойын ешкім елемеді. Ал кейіннен Астанаға барып тағы қаралғанымызда, қатерлік ісік жасушаларының қалыптаса бастағаны анықталды, – дейді Әкежан.
Өкінішке қарай, нақты диагноз қойылған кезде қатерлі ісік жасушаларын жою кеш еді. Ол кезде Әкежанның қолын емдеу мүмкін болмады.
Химиялық терапия баланы тез есейтіп жіберген
2014 жылдың күзінде елордалық дәрігерлер Әкежанның алақанын ойып кесіп тастайды. Себебі қатерлі ісіктен арылудың ол кезде өзге жолы қалмаған болатын. Қатерлік ісік жасушаларының денеге тарап кетпеуі үшін Әкежанға химиялық терапия жасату міндеттеледі.
– Ампутация жасалғаннан кейін химиялық терапиядан өттім. Оның маған әсер еткен оң және теріс жақтары болды. Мысалы, химиялық терапиядан кейін өзімді 10 жылға есейіп кеткендей сезіндім. Бұрын маған күлкілі көрінетін жағдайларға күлмейтін болдым. Қатарластарыммен де ойым өзгешелене түстім, – дейді Әкежан.
Әкежан теріс жақтарына өзінің бұрынғы өміріне қайта орала алмауын жатқызады. Одан бөлек, оның танымындағы фобияның түрлері де өзгерген, яғни бұрын қорыққан дүниелерден қазір қорықпайды. Бұл да – есейгеннің бір белгісі болса керек.
Айта кетсек, химиялық терапия онкологиялық ауруларға қарсы қолданылатын емдеу әдістеріне жатады. Бұл терапия барысында науқас қатерлі ісіктің жасушыларын жою үшін улы дәрілерді қабылдайды.
– Химиялық терапияға дейін қарапайым ауылдың баласы едім. Өз қатарластарымнан еш айырмашылығым жоқ болатын. Ал менің ендігі өмірім үлкен миссияға бағытталғанын сеземін. Ол үшін тынымсыз еңбек етуім керек екені де белгілі. Шындығында, менің де қазіргі қалауым сол, – дейді Әкежан.
"Мен – Гагаринмін ..."
MBionics – "ақылды" бионды протез дайындайтын Қазақстандағы алғашқы компания. Оған дейін бірнеше компания протездерді құрастырумен айналысқан. Бірақ олар қолданбалы протезді соңына дейін өздері құрастырмаған екен. Ал Әкежан – оны сынақтан өткізген алғашқы тапсырыс беруші болып отыр.
– Протезді ойдан сигнал жіберу арқылы қозғалысқа енгізе аламын. Мұның өзі менің жұмысымды әлдеқайда жеңілдетеді. Бұл – MBionics компаниясының ең алғашқы прототиптерінің бірі десек, онда оның дамытылған нұсқасының қандай боларын ойша елестетіп көріңіз. Болашақта протезді шынайы қолдан ажырата алмай қалуымыз бек мүмкін. Ал мен бұл салада "ақылды" протездің дамуына үлес қосқандардың қатарында екендігіме қуанамын. Бір сөзбен айтқанда, мен сынақтан сәтті өткен Гагариндеймін, – дейді Әкежан.
Оның айтуынша, Мауленнің құрастырып жатқан протездеріне тұтынушының сенім артуы екіталай болған. Ақылды протездердің тиімді екенін көрсету үшін бір адам оны сынап көруі тиіс. Осындай мүмкіндікті Әкежан өзі сұрап алған.
Маулен стартап идеясын қалай тапты?
MBionics компаниясының құрылу тарихы, бүгінгі жетістіктері мен алдағы жоспары жайлы оның негізін салушы Мауленмен сұқбаттастық. Мауленнің айтуынша, ол идеяны емес, идея оны таңдаған екен.
– Студент кезімде оқуды тәмамдағаннан кейін немен айналысатыным жайлы ой жиі мазалайтын. Бағдарламалауды жақсы игерген едім. Бірақ адамдарға пайдамды көбірек тигізсем екен деп ойладым, – дейді Маулен.
Студенттік күндердің бірінде Маулен сезгіш тетігі бар құралдың көмегімен виртуалды зертханада жұмыс істеу құрылымын жасауды үйрене бастаған.
– Біз қолдың бұлшықеттеріндегі жүйке нейрондарының көмегімен қозғалыс сигналын компьютерге бағыттауды құрастырдық. Бұл – мен үшін тамаша тәжірибе болды. Сосын роботтық құрылымы бар қол жасау жобасын іске асыра бастадым. Ол кезде мен өзім құрастырған темір қолдың мүгедектердің қажетіне жарарын білмейтінмін. Әкежанмен танысқанға дейін бионды протезді құрастыруға сенімім аз болатын, – дейді Маулен.
"Мәселе емес, шешім туралы көбірек ойлау керек"
– Дайындаған бионды протезімді күнделікті өмірге бейімдеу мүмкін еместей көрінетін. Республикалық протездеу орталығы да менің идеямды құптай қоймады, жүзеге асыруға құлшынбады. Бірақ Әкежанның анасы хабарласып, баласына протез дайындауға өтінген соң шындап кірістім, – дейді Маулен.
Маулен Әкежанға қалай көмектесуге болатыны жайлы көп ойлана бастаған. Нәтижесінде Қазақстандағы алғашқы "ақылды" протездің қолданбалы нұсқасын дайындап шығарған.
Әкежанның айтуынша, протез оның қолына арнайы жасалған және оны дайындауға 3 айдың көлеміндегі уақыт кетіпті. Ал Маулен осы сәттен бастап, мәселені емес, оның шешімі туралы ойлауға көшіпті.
Протез қалай жасалады?
Маулен Бектұрғанов informburo.kz тілшісіне "ақылды" протезді дайындау барысы туралы әңгімелеп берді.
– Жобаны 3 жыл бұрын бастадық. Ал компанияны 1 жылдан кейін аштық. Әзірге тек қол протездерін жасаймыз. Болашақта оның түрлерін көбейтуді ойластырып жатырмыз, – дейді Маулен.
Бүгінгі күнге дейін MBionics мамандары 8 жеке тапсырысты жасап шығарған. Компания жетекшісінің айтуынша, бионды протезді жаппай құрастыруға жіберу әзірге мүмкін емес. Себебі әр адамға әртүрлі протез қажет.
–3D-принтердің көмегімен адамның қолын сканерлеп, оған қажет протездің бөлігі мен өлшемін аламыз. Сосын принтер оның бөлшектерін шығарады. Сосын бармақтарға сезгіш тетіктерді жалғап, адамның бұлшықеттеріне икемдейміз, – дейді Маулен.
MBionics компаниясының протездерінің орташа салмағы – 700 грамм, ал аккумуляторының толық қуаты екі күнге жетеді.
"Ақылды" протездің бағасы қандай?
Маулен Бектұрғанов протездің бағасына қатысты нақты ақпарат беруге асықпады. Ол өнімнің бағасы әрбір тапсырыста әртүрлі болатынын айтты.
– Бір қолданбалы протездің халықаралық нарықтағы бағасы орта есеппен 30 мың АҚШ долларына жетеді. Ал біз жасаған протездер одан әлдеқайда арзан болады. Себебі қазақстандықтардың қалтасы мұндай қаржыны көтере алмайды, – дейді Маулен.
MBionics компаниясының басшысы протездің жаңа нұсқасын дайындаумен айналысып жатқанын жеткізді. Протездің Қазақстандағы бағасы сол коммерциялық нұсқа дайын болғаннан кейін белгілі болады.
Протездің адамның қолынан айнымауы маңызды
Әкежан "ақылды" протезді алғаш рет кигенде, өзгеше сезімге бөленгенін айтады. Қазір ол қолында протез барын кейде ұмытып кетеді екен.
– Протез әлі де салыстырмалы түрде үлкендеу әрі менің сол қолымнан біршама ұзын. Бірақ ең алғашқы прототип болғандықтан, оған толыққанды икемделу мүмкін емес. Сонда да, ол менің денемнің бір бөлігіне айналып үлгерді, – дейді Әкежан.
Мидан шыққан бұйыру сигналдарының көмегімен Әкежан "ақылды" протездің бармақтарын қозғалысқа енгізе алады. Ол әртүрлі көлемдегі заттарды протезбен ұстап, көтере алады. Тек оған біршама уақыт жаттығу қажет.
Әкежан Маулендей болғысы келеді
Әкежан informburo.kz тілшісіне қазіргі талпынысы мен болашаққа бағдары жайлы ойымен бөлісті. Ол Маулендей болғысы келетінін де жасырмады.
– Мен мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы Маулен оқитын университетте білім алғым келеді. Бағдарламалау тілін үйреніп, технология инженеріне айналуды жоспарлап отырмын, – дейді Әкежан.
Одан бөлек, Әкежан адам психологиясын үйреніп, өмірден түңілген адамдарді жігерлендіргісі де келетінін айтты.
– Адам баласының белгілі бір жетістікке жетуі үшін тек біліктілігін немесе білімін шыңдауы жеткіліксіз. Ол үшін адамның адамға ықыласы, біреуге көмектесуге дайын тұратын құлшынысы болуы тиіс. Маулен өз құлшынысын мен сияқты адамдарға көмектесуден тауып отыр. Сол үшін оған алғысым шексіз, – дейді семейлік жасөспірім.