Қатты аязда қатып қалған көлікті қалай оталдырамыз?
Желтоқсан және қаңтар айларында еліміздің басым аумақтарында, әсіресе солтүстік өңірлерде қатты аяз басталды. Бұл туралы осыдан бұрын да жазғанбыз.
Жылы тұрақ жоқ болса, көңіл бөліңіз:
- Аккумуляторы әлсіз болмасын.
- Қатты аязда аккумулятордың қуаты әлсірейді. Сол үшін оны киізбен не суықтан қорғайтын қаппен орау дұрыс немесе үйге әкеліп қою керек.
- Көлікті жел тимейтін ықтасын жерге қою да суықтың әсерін азайтады.
- Көліктің асты мен үстін қаптап тастайтындар да бар. Десе де қауіпсіздікке назар аударған жөн.
- Егер автооталдырғыш (автозаводка) орнатылған болса, міндетті түрде "температураға қатысты автоматты оталу" қызметін қосып қою керек. Сонда мотор суыған кезде өздігінен қосылып, қатып қалуынан сақтануға болады. Кейде белгіленген сағат сайын өздігінен оталатын қызметті де пайдалануға болады.
Оталдырудың төрт тәсілі:
- Аккумулятор арқылы оталдыру тәсілі:
Алдымен, кілтпен ашқаннан кейін 2-3 секунд тосып, бензин насосының дыбысын күтіңіз. Бензин насостың "сырылдаған" дыбысы тоқтағаннан кейін көліктің механикалық қозғалтқышы болса, ажыратқышты (сцепление) түбіне дейін басып тұрып, ақырын қоя бересіз. Сосын кілтпен от бересіз.
Кілтті бұрап, от беруге әрекет 2-3 реттен аспауы керек. Әр реттің арасында 1-2 минут аралық демалыс болғаны дұрыс. Бұлай болмағанда аккумулятор тез отырып қалады.
Аккумулятор "тоңып" қалып, оталдырғышты (стартер) айналдыруға шамасы жетпесе, оталып тұрған көліктің аккумуляторына жалғауға болады. Ол үшін ұзын, басы қысқаш арнайы кабель бар.
- Көлікті жылыту тәсілі:
Аккумулятор дұрыс болса да көлік оталмаса, мотордың майын тексеру керек. Егер май мұздап, қатқан болса, онда көлікті жылығанға дейін жылы орынға сүйреп апарып қоясыз. Немесе ыстық жел үрлейтін қондырғының (теплопушка) көмегіне жүгінесіз.
- Моторды жылыту тәсілі:
Моторды арнайы қыздырғыш арқылы астыңғы май тұратын түбінің тұсынан қыздыру керек немесе арнайы қондырғымен ыстық желді үрген жақсы. Ол кезде көлікті айналдыра қымтап, ыстықты ұстап қалудың бар амалын жасау керек. 10-20 минуттан кейін көлік жылынады.
- Мотор майын жылытып (ысытып) құю арқылы оталдыру:
Әдетте Қазақстанда сатылатын мотор майлары -40°С суыққа жарамды деп көрсетілсе де, көп жағдайда стандартқа сай болмайтынын ескеру керек.
Аязда майы қатып қалған көлікті еш көмексіз оталдыру үшін не істеу керек?
1. Алдымен көліктің аккумуляторын шешіп алып, пештің не үйдегі жылу батереясының қасына қоясыз;
2. Сосын май құю бекетінен сатып алған 200-300 мл мотор майын пешке не жылу батереясына жақын қоясыз. Мотор майының маркасы мен стандарттық нөмірінің көлігіңізге құйып жүргенмен бірдей болғаны дұрыс. Сонымен бірге егер ашық пеш қасына қойсаңыз, оттан сақтаныңыз;
3. Әбден жылыған аккумуляторды орнына саласыз да, әлгі ысыған майды моторға құясыз. Сосын 0,5-1 минуттан кейін оталдырасыз. Сіз ысытып құйған май мотордың ішіндегіні жібітіп, жылытатындықтан тез оталады.
Бұл тәсіл Үкібай Нұрпейісовтің фейсбук парақшасынан алынды.
Дизель моторлы көлікті оталдыру
Бабақұмар Қинаиятұлы, дизель моторлы көлік жүргізушісі:
– Әдетте дизель мотордың оталдыру тәсілі мүлде басқаша. Егер аккумулятордың тоғы 12,5-12,8 амперден төмендеп кетсе, оталдыру мүмкіндігі барынша төмендейді. Ондайда өте қуатты аккумуляторға жалғау керек.
Егер қатты суық болса, жылтқыш қондырғы немесе отбүріккіш (паяльная лампа) арқылы моторды, блокты, бактің (май сандық) қозғалтқышқа (двигатель) жалғанған түтіктерді жылытады.
Сосын помпаны қатты-қатты басып, қысымды күшейтеді.
Осылайша мотор, қозғалтқыш блок, май жолдары жылынып, қысым жоғары болғаннан кейін кілт ашылады. Кілтті ашумен қатар газды басып, бактағы жылы майды соруына көмектеседі.
Сосын от бергенде қатты қысымның көмегімен май тұтанып, көлік оталады, – дейді.
Жылу үрлейтін қондырғыны қалай пайдаланған жөн?
Шыққан ыстық желді бірден көліктің алдыңғы не басқа да терезелеріне тіке бағыттамаңыз. Ыссылы-суықтан терезеңіздің шынысы шытынап, жарылып кетуі мүмкін. Әсіресе, аяздап тұрған терезені қызған қондырғының ыстық желімен тазартуға болмайды.
Ыстық желді машинаның қозғалтқышының астына қарай тіке бағыттаған жөн. Әрі машинаны айналдыра брезент жауып, қалқа, тент, басқа қолда бар материалмен қымтап тастау керек. Ондайда ыстық жел сыртқа кетпейді.
20-30 минуттан кейін қозғалтқыш жылып, көліктің моторының қақпағының астынан бу шыға бастайды. Осы кезде көлікті оталдыру керек.
Кейде, өте қатты қатпаған көліктердің түтіктері мен моторын жылыту үшін әдеттегі тұрмыста жиі пайдаланылатын шаш кептіргішті де қолданады.
Ыстық желдеткішті көліктің аккумуляторы арқылы қалай қосады?
Бұл қондырғы көбінесе 220-250 вт кернеулі тоқпен жұмыс істейді. Оны машинаның аккумуляторы арқылы да қосуға болады. Ол үшін аккумулятордың 12 вольттық тоғын 220-250 вольтқа айналдыратын арнайы кернеу өзгерткіш құрылғы (преобразователь) болады. Осы арқылы ыстық желдеткішті басқа бір оталып тұрған машинаның аккумуляторына қосу керек.
Ал жалғайтын сымыңыз ұзын болса, тіке үйдегі тоқ көзіне қосуға болады.
Ыстық желдеткішті екінші көлік аккумуляторы арқылы қосқан кезде ол көлік оталып тұрсын. Және от сым мен жер сымның, яғни "+" пен "-" бойынша дұрыс қосылып тұрғанын қадағалау керек.
Екінші көліктің аккумуляторына жалғау керек болса:
Ең алдымен тоқтың оң және теріс, яғни "+", "-" жақтарын анықтап алған дұрыс. Егер от сым мен жер сым дұрыс жалғанбаса өрт шығады, тіптен адамды зақымдауы мүмкін.
Екінші көліктегі аккумуляторды ажыратпай тұрып жалғағанда, сол көліктің оталып тұрғаны дұрыс. Кейде ол көліктің акселераторына басып, моторының айналымын күшейтуге тура келеді.
Машина оталғаннан кейін көңіл бөлетін істер
- Көліктің ішіндегі жылуын, яғни пешін бірден қатты қоспаңыз. Қосқанда ыстық желді көліктің маңдайша терезесіне бағыттамаңыз! Олай болғанда суықтап тұрған терезенің шынылары шытынап, жарылып кетеді. Пештің жылуын өте ақырын қосып, іштегі ауаны біртіндеп жылыту керек.
- Аккумулятордың қуат-күші толық қалпына келгенше, көлік толық жылығанша оталып тұрғаны дұрыс.
- Алыс жолға шығатын болсаңыз, сақтық құралдарын ала жүріңіз. Мүмкіндігінше аккумуляторды киізбен не жылу сақтайтын материалмен орап тастағаныңыз дұрыс.
- Қатты суық кездерде көлікті жумаңыз. Есігіңіздің айналасындағы резеңкелері қатып, ашылмай қалуы не құлыпқа су барса ол қатып, басқа да мәселелер туындауы мүмкін. Ең дұрысы көлікті жууды кейінге қалдырған жөн.
Көлікті жуған кезде бір-екі сағат жылы жерде кептіріп алғаныңыз дұрыс. Белгілі себептермен есігін аша алмасаңыз, жаңа ғана қайнатылған ыстық су құйып ашуға болады. Не ашқышыңыздың темірін ұш жағынан оттықпен қыздырып, кейін кілтке салсаңыз да ашылуы мүмкін. Аяздың күші азғантай болса, кілттің тұсын алақаныңызбен қатты ысқыласаңыз да болады. Кейде арнайы автожылтқыш газды да пайдаланады.
Өзіңіз жылыта алмасаңыз, жылтып беретіндер көп
Қазір аяздан қатып қалған көліктерді оталдырып нәпақа тауып жүргендердің жарнамасынан көз сүрінеді.
Бағасы да арзан емес. 5-10 мың теңге айналасында. Қандай да бір қиындыққа тап болсаңыз, тым қиналмай-ақ сол шеберлердің қызметіне жүгініңіз. Әрі уақыт ұтасыз, әрі босқа суықтап қалмай, денсаулығыңызды да қорғайсыз.
Жабу жабыңыз, автоматты оталдыру режимін қосыңыз
Бұрын түйеге, жылқыға жабылған жабуды қазір машинаға да жабады. Көлігіңізге автооталдырғыш орнатыңыз немесе жылы жабу сатып алыңыз.
Автооталдырғыш орнаттырып алсаңыз өте ыңғайлы. Қозғалтқыштың температурасы -18°С немесе -20°С болғанда көлік өздігінен оталады да, қызғаннан кейін өшеді.
Немесе базарда сатылып жатқан жылы жабуды сатып алып, тұраққа кешке қоймас бұрын көлігіңізге кигізіп тастаңыз. Сонда машинаңыз да кірлемейді, көлденең біреулер сыртын да сызбайды және аязда мұз болып қатып та қалмайды. Десе де оның да өз таңдау өлшемдері бар екенін ескерген жөн.
Кейбіреулер көлігін түні бойы оталдырып қояды. Егер көлікжайда тұрса шыққан түтін дендеп кіріп, ішіндегі адам улы газдан тұншығуы мүмкін. Сондықтан оталып тұрған көліктің есігін ашып, ішіндегі ауаның алмасуын қамтамасыз ету керек.
"Суық өтіп ауырғандар көбейді"
Қайрат Айдарханұлы, жоғары санатты дәрігер:
– Кей азаматтар қысты күні көлік жөндеймін деп ауру табады. Мысалы, көліктің астына кіріп, мотордың түбіне от жағу барысында астына бір-екі картон қағаз салып қана жамбастап жата кетеді.
Сонымен аяқ пен белдегі ақ сіңірге тиген суықтан шеміршек өспесі, бүйрек әлсіреуі, ревматизм қатарлы тез жазылмайтын ауруға шалдыққандар да бар, – дейді.
Сол үшін мүмкіндігінше өзіңізбен көрпеше ала жүріңіз. Әрине, көлік орындығы электр тоғымен жылитын болса, тіптен керемет және орындықты жүні қалың терімен қаптасаңыз да суықтан қорғайды.
Қайрат ағаның айтуынша, ақша үнемдеймін деп жүріп, ауруға ұрынғанша суықта көлікке мінбей тыныш отырған ләзім немесе оталдырып беретіндердің ақылы қызметіне жүгінген жөн.
Өрт қауіпсіздігін де қадағалау керек
Кей адамдар машинаның астына көмір жағу немесе қағаз өртеп, мотордың түбін қыздыру арқылы оталдырғысы келеді. Алайда бұл өте қауіпті.
Қазіргі көліктің асты, моторының шаңнан жабындысының материалдары темірден жасалмайды. Және тез жанатын заттан болуы мүмкін. Оның үстіне қозғалтқыштың астыңғы жағына, жабындыға аққан май жиналған жағдайда өрт қаупі еселеп артады!
Дайындықсыз жолға шықпаңыз
Құдай "сақтанғанды сақтаймын" депті.
Бораны мен аязы қатар Астананың қала маңындағы елді мекендердің өзінде жүріп-тұру қиынға айналатын кездерді көріп жүрміз. Сондықтан ауылдан жалғыз шығуға, сақтықсыз алысқа баруға болмайды.
Жанармайды толық құйып, аккумуляторды тексертіп, қосымша жалғайтын кабельдерді, көлік сүйрейтін арқаныңызды, күрегіңізді, жүрек жалғайтын аз-маз азық-түлігіңізді, термосқа құйылған ыстық шайыңызды алып, жолдастарыңызбен шыққаныңыз абзал.
Ол өзіңізге де, жолда кездесетін көмекке мұқтаж жолаушыларға қол ұшын беруге де қажет болады.
Жол амандығы мен ер амандығы егіз ұғым
Аккумулятордың дұрыстығын үнемі тексеріп отырыңыз. Мотор майын алмастырғанда абай болған жөн. Барынша сапалы, қыстық майға алмастыру және жалған майдан сақтану керек.
Көлігіңіздің салқындатқыш сұйықтығын – антифриз немесе тосол алмастырғанда да сапасызына не жалғанына ұрынып қалмаңыз. Сонымен бірге қосалқы доңғалақ, күрек, арқан, оталдыруға қажетті сым сияқты заттарды ертерек қамдасаңыз арзанға түседі.