Жаңа жылдан бастап коммуналдық тарифтерге 10 пайыз қосылатынын Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин былтыр күзде мәлімдеген еді. Бірақ вице-министр нақты қай қызмет түрлерінің қымбаттайтынын айтқан жоқ. Шенеуніктің сөзінше, бұл өзгеріс еліміздегі ұзақмерзімді тариф саясаты бойынша жүзеге асырылады.

– Жаңа жылдан кейін біз ұзақ мерзімді жоспар бойынша тарифтерді көтереміз, алайда бағаның өсімі 10 пайыздан, яғни инфляция деңгейінен аспауы керек, – деген болатын Серік Жұманғарин.

Оқи отырыңыз: Коммуналдық төлемдерден қалай ақша үнемдеуге болады? 12 пайдалы кеңес

12 өңірде баға өседі

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің биыл жыл басында таратқан ақпаратына сүйенсек, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы және Астана қалаларында су бағасы қымбаттайды. Сонымен қатар, жылу, газ тарифтері де жоғарылайды.

Мысалы, қазірдің өзінде Ақтөбе облысында электр қуаты бірден 10 пайызға, газ 8 пайызға шарықтаған. Ал судың құнына 3 пайыз қосылыпты.

Оқи отырыңыз: Алматыда электр энергиясы 4,6 пайызға қымбаттады. Қалада коммуналдық төлемдер құны қандай?

Комитеттің аймақтық басқармаларында 2018 жылдан бастап электр қуатының бағасын өсіру туралы 8 компанияның өтініштері қаралып жатыр.

Электр қуатының тарифтері Қазақстан үкіметі жанындағы экономикалық саясат кеңесі анықтайтын инфляцияның шегіне сәйкес белгіленеді.

Астанада шілдеге дейін өзгеріс болмайды

Мәселенің мән-жайын білу мақсатында біз Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы департаментіне хабарластық. Осы мекеменің бас маманы Айгүл Тоқтарова бірінші шілдеге дейін Астанадағы коммуналдық тарифтердің шектік деңгейінің өзгермейтінін жеткізді.

Оқи отырыңыз: Баспаналы болудың төрт жолы ұсынылды

– Электр энергиясы 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бері қымбаттаған жоқ. Рас, жаңа жылдан бастап жылу тарифін көтеру жоспарда болған. Бірақ ол кейінге шегерілді. Бірінші шілдеде төлемақыға неше пайыз қосылатынын ашып айта алмаймын. Себебі қолданысқа енбеген нәрсе, әлі бірнеше рет қаралады. Тіпті бірінші шілдеде емес, баға жылу маусымы басталғанда, бірінші қазанда көтерілуі мүмкін. Оны монополистердің өздері шешеді. Жылумен жабдықтайтын солар. Біз олардың жұмыстың қалай орындағанын қадағалаймыз. Егер қандай да бір өзгеріс болса, қоғамдық тыңдау өткіземіз, – дейді Айгүл Тоқтарова.

Тариф неге қымбаттап жатыр?

2017 жылдың қыркүйек айында Н.Назарбаев Үкіметке коммуналдық қызмет бағасын өсіруге тапсырма берді. Президент бұл салаға инвестор тарту үшін осындай қадамға бару керек деді. Себебі су және жылу құбырларын жаңартуға қазынадан мол қаржы кетіп жатыр.

Оқи отырыңыз: "Видеоесеп беруге міндетті емеспіз!": "Алматы су" жұмысшылары заңсыз талаптарға қарсы

– Егер біз электр жарығы, жылу, су бағасын көтермесек, бізге инвесторлар келмейді. Әр инвестор: "Мен сендерге станция салып берсем, электр жарығын, жылуды қаншадан сатамын", – деп сұрайды. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. ТМД елдерінің арасында ең арзан электр қуаты бізде ғана, – деді мемлекет басшысы.

"Коммунизмде өмір сүріп жатқан жоқпыз"

Президенттің айтуынша, көрші Ресейде коммуналдық қызмет бағасы Қазақстанмен салыстырғанда төрт есеге қымбат.

Оқи отырыңыз: Астанаға газ тарту тағы кешігетін болды. Көмір алуға қамдана беріңіз...

– Халықтың төлем қабілетіне жағдай жасай отырып, тарифті көтерген жөн. Әйтпесе біз электр энергиясы саласын да, коммуналдық шаруашылықты да жаңғырта алмаймыз, шіріген құбырды ауыстырып, ескі ғимаратты күреп тастай алмаймыз. Неге бізде газдандыру жұмысы нашар жүріп жатыр? Өйткені ешкім төлемейді. Оңтүстік өңірде газдың құны қанша? Қазір әлемде 100 текшеметр газдың техникалық құны – 150 доллар, ал бізде – 20-30 доллар. Біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Коммунизде өмір сүріп жатқан жоқпыз ғой, дұрыс па? Сондықтан барлық жайлылық үшін ақы төлетіп, түсіндіріп, шешу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оқи отырыңыз: Пәтер таңдауда неге мән беру қажет?

2017 жылы да коммуналдық тарифтер қымбаттаған болатын

Өткен жылғы қараша айында 2016-ның желтоқсанымен салыстырғанда тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің құны, сондай-ақ су, электр энергиясы, газ және жылу тарифтері бірден 8,1 пайызға өскен.


Тұрғын үй қызметтерінің, судың, электр энергиясының, газдың және басқа да отын түрлерінің 11 ай ішіндегі баға индексі / Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінен алынды

Ыстық су бағасы 11 айда 14,9 пайызға көтерілген. Қазір қазақстандықтар ыстық суға орташа есеппен текшеметр үшін 237 теңге төлейді.

2017 жылы қаңтар-қараша айларында газ тарифі 10,6 пайызға шарықтап кеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 7,5 пайыз болыпты.

Тарату желілері арқылы тасымалданатын табиғи газдың орташа алғандағы бағасы – 18,4 теңге.

Жылу бағасына 9,6 пайыз қосылған.

Коммуналдық төлемақының түбіртегі келген сайын тұрғындардан маза қашады

Алматылық Қарлыға Айсанқызы Алғабас-1 шағын ауданындағы бір бөлмелі пәтерде туыстарымен тұрып жатыр. Маза қашпай қайтсін, үйдің несиесі бір жағынан қысып тұр. Ал кейбір коммуналдық қызмет тарифтері 2017 жылдың басынан бері екі рет қымбаттаған.

– Тұрақты жұмысым, бір-екі жерде қосымша табысым болғандықтан коммуналдық шығындарды төлеуге онша қиналған емеспін. Тіпті бағасына бажайлап қарамаппын да. Баға көтеріледі дегенді естіп, мән берсем, әжептәуір ақша екен. Бұрын бәрін әпкем есептейтін. Кейде екі айдыкін қосып төлейтінбіз. Жаңа жылдан кейін бұл енді мүмкін емес. Екі айдың шығыны 35-40 мыңға баратын түрі бар. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қиын. 10 пайызға өссе, бір ғана жылудың өзі сегіз мыңға жуықтайды екен. Сұмдық қой, – дейді Қарлыға Айсанқызы.

Мәселен, Қарлыға 2017 жылдың желтоқсан айы үшін:

Электр қуатына – 1015 тг,

Жылуға – 87,53 тг,

Ыстық суға – 444,28 тг,

Суық суға – 55,56 тг,

Газға – 34,74 тг

Кіреберісті тазалауға – 300 тг,

Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға – 341,39 тг,

Үйфонға – 300 тг,

Бейнебақылауға – 150 тг,

жиынтығы – 11 249 теңге 39 тиын төлеген.

Енді осы сандарды он пайызға көбейтіп көріңіз. Жылудың өзіне 650 теңге қосылады екен. Қарлығаның ай сайын төлейтін 11 249 теңгесі шамамен 1798 теңгеге үстемеленеді.

"Үкімет бағаны бетімен жіберген"

Зейнеткер Динар Хамитханова тұрғындардың қалтасы көтерсе ғана тарифті өсіру керек деп есептейді.


Тарифті көріп таңғалған зейнеткер / Фото vsetarify.info сайтынан алынды

– Коммуналдық төлемақылар қымбаттайды дегенді естіп, қиналып отырмын. Менің зейнетақым – небәрі 60-70 мың теңге. Бұл ақшамен қалай күн көруге болады? Үкімет бағаны еркіне жіберген. Тарифтерді бұлай көтере берсе, халықтың несі қалады? Кейбір отбасында бір адам ғана жұмыс істеп, үй ішін асырап отыр. Ол жұмыссыз қалса, не болмақ? – дейді Динар Хамитханова.

Халықтың қалтасына салмақ түседі

Алматы қаласы Алатау ауданындағы "Поиск ПК" ТКШ төрайымы Вера Крючкова жоғарыдан қандай нұсқау берілсе де орындауға мәжбүрміз дейді.

– Тарифтің өсуіне қатысты жауап бере алмаймын. Тек сондай әңгіме естідік. Мұны монополистер мен жылу жүйелері өкілдері біледі. Халыққа қай жағынан да қиын соғатын болды. Күні кеше ғана Алатау ауданының тұрғындары жылу жүйесінің қымбаттағанына наразылық танытып кетті. Бұдан кейін де келеді. Біз не істей аламыз? – дейді Вера Крючкова.

Бағаны мемлекет емес, нарық реттейді

Мамандар бағаны реттеудің бизнес үшін кедергі екенін алға тартады. Экономиканы дамыту үшін әуелі бәсекелестікті арттыру қажет. Сол себепті 2017 жылдың бірінші қаңтарынан бастап нарықтағы мемлекеттік баға жойылды. Коммуналдық қызмет құны да еркін айналымға жіберілді. Қазір жекеменшік кәсіпорындарға тарифті көтермеңдер деп бұйрық беру – заңға қайшы.

"Халыққа коммуналдық қызмет көрсетіп жатқандардың барлығы кәсіпкерлер, олар да шығынға жұмыс істей алмайды" деген уәж келтіреді билік өкілдері.

Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбектің 2017 жылдың тамыз айында келтірген дерегіне сүйенсек, қазақстандықтардың коммуналдық қызметтерге қарызы 13 млрд теңгеден асып жығылған.

Ең көп борыш Оңтүстік Қазақстан облысында – 3,7 млрд, Алматыда - 3 млрд, Астанада – 2,2 млрд, Маңғыстау облысында – 1,8 млрд, Ақтөбе облысында – 1,1 млрд, ал павлодарлық тұрғындар коммуналдық қызметтерге 858 млн теңге қарыз екен.

Тарифтердің өсетіні туралы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті берген ақпарат жаңа жылдың басында қазақстандық БАҚ-тарда жарияланды.