Ата-ананың рұқсатынсыз түсік жасатуды заңдастыру қажеттілік пе әлде қамқорлық па?
Дамыған қоғамда өмір сүріп жатырмыз деген сөзді желеу қылған жастар жыныстық қатынасқа ерте түсе бастады.
Ал әлеумет 16 жастағы қыздарға ата-ананың рұқсатынсыз түсік жасатуға қоғамның дайын еместігін көрсетті.
Түсік жасатуға себеп болатын үш жайт
– Жас қыздардың әке-шешесімен ашық сөйлеспейтіні шындық. Әсіресе, бұл – қазақ отбасыларына тән. Күнкөріс қамымен жүріп, баласының бойындағы өзгерісті байқай да бермейді. Ал қажетті ақпаратты жақын адамынан алмаған қыздардың сексуалды сауаты төмен болатын белгілі. Көптеген қыздар жыныстық қатынасты ерте бастаудың қаншалықты қауіпті екеніне мән бере бермейді. Аяғы ауыр болып қалғанын да кеш біліп жатады. Ондай кезде жақсы көрген адамынан қолдау таппаса, амалдың жоқтығынан түсік жасатуға бел буады. Бұл – басты себеп, – дейді №1 Талдықорған қалалық емханасының акушерлік және гинекология бойынша бас маманы Алма Аубакирова.
– Екіншісі, жасырын жүрісі әшкере болудан қорқады. Өйткені біз жасы кәмелетке толмаса, тіркеуге алған соң бірден прокуратураға хабарлауға міндеттіміз. Одан кейін ата-анасы мен оқу орнын құлақтандырамыз. Бір сөзбен айтқанда тексеру басталады. Жағдайы әшкере болған кейбір қыз суицид жасауға дейін барады. Ал тіркеуге тұрмағандар қара базардан түсік жасататын қытайдың дәрісін алып ішеді. Одан қыз денсаулығына төнетін қауіп үлкен, қан кетуі мүмкін. Түсік жасатпағандар көшеге, дәретханаға баланы тастап кетіп, құтылудың жолын ойлайды.
Үшіншіден, әлеуметтік жағдай. Жұмысы жоқ немесе оқуыма кедергі келтіреді деп ойлайды. Жәрдемақының аздығы да себеп болады.
Жастар орталығы қандай көмек көрсетеді?
– Ал тіркеуге алынған қыздармен алдымен психолог жұмыс жасайды. Өйткені психикасы толық қалыптаспаған жасөспірім кез келген қадамға баруы мүмкін.
Қазақстанның барлық емханаларында жастар орталығы бар. Кез келген уақытта 105 нөмірін теріп ия келіп кеңес алуға болады. Жалпы мұнда келетін жасөспірімдердің сексуалды сауаты төмен екені байқалады. Сондықтан қарым-қатынас кезінде қалай сақтану керектігі туралы айтамыз. Көбіне психологиялық тұрғыдан көмек береміз. Ата-ана мен баланың арасында қарым-қатынас орнатып, олардың психикасы зардап шекпеуін қадағалаймыз.
Негізінен 17-18 жастағы қыздар көмек сұрап келеді. Шыны керек, олар тіпті қалай қорғану керектігін де білмейді. Аяғы ауырлап қана қоймай, әртүрлі инфекциялық ауруды, ЖИТС, АИТВ (AIDS) жұқтыруы мүмкін екенінен де бейхабар, – дейді гинеколог.
Қандай жағдайда түсік жасауға рұқсат етіледі?
– Жалпы 11-12 аптаға дейін дәрімен түсік жасатуға болады. Опарациялық жолмен де алынады. Бірақ екі түрі де денсаулыққа өз әсерін тигізеді. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен 626 бұйрыққа сәйкес 16 жаста тек әйелдің денсаулығына қауіп төнген жағдайда, жұмыссыз болса, күйеуі түрмеде отырса немесе ажырасқан жағдайда түсік жасатуға рұқсат етіледі. Бірақ ата-анасының рұқсаты керек. Жастар арасында кәмелетке толмаса да отбасын құрып алғандар бар.
Алайда түсік жасатар кезде денсаулыққа қаншалықты зиян келтіретінін, асқыну процесінің басталып кетуі мүмкін екені ескертіледі.
"Балалардың психикасы ескерілмейді"
Психолог, психо-аналитик Зүбайда Кененбаева жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстары дұрыс бағытта жүргізілмей отыр дейді.
– Жасөспірімдерге қатысты мәселені талқылаған кезде балалардың психикасы мүлдем ескерілмейді. Сосын келіп туындаған мәселені шешуді қарастырып жатамыз. Ал жалпы алғанда жасанды түсік жасату, мүшеқап пайдалану туралы айтқанда тек біржақты кетеміз. Мысалы, 16 жастан түсік жасатуға рұқсат беру арқылы жастарға осыны жасауға болады деген түсінік қалыптастырсақ, ал мүшеқапты қалай пайдалану туралы айтып, соған рұқсат беріп тұрмыз. Негізінде ерте басталған жыныстық қатынастың зияны, салдары, жұқтырып алатын инфекциялық аурудың зардабы яғни оның жаман жағын айтып, көрсету керек. Темекіні де балаға беріп тұрып, жаман жағын көрсетпесең, балада оны тартып көрсем деген қызығушылық оянады. Ал оның екінші жағын естігенде аяғын тартады.
Бала ата-ана мен қоғам алдындағы жауапкершілікті білмейді
– Ал түсік жасатуға келсек, әқай жаста болмасын түсік жасату әйел адамның психикасына үлкен әсер етеді. Өйкені түсік – адам өлтіру. Сондықтан психологтар қыздардың неге ерте жыныстық қатынасқа барғанын анықтауға тырысады. Өйткені кейбір жасөспірімдер зорлық көруі әбден мүмкін. Кейбірі ата-анасына ұялып айта алмай жүргенде уақытын өткізіп алады. Бір айта кетерлігі, ерте жасынан аяғы ауырлап қалған қыздардың балаға деген махаббаты ояна қоймайды. Дәл осы себептен көшеге, дәретханға тастап кетіп жатады. Бұл әрекеттерден баланың ата-ана, туыс, жора-жолдас қала берді қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінбейтінін көреміз.
Ата-анасының махаббатына бөленбеген қыздар жыныстық қатынасты ерте бастайды
– Жас қыздар үйде алмаған жылуды, махаббатты басқа еркектен іздейді. Өйткені қыз бала табиғатынан соған зәру. Оның үстіне теледидар мен интернеттен көрген махаббатты аңсап жүріп, ақыры соның құрбаны болады. Өйткені махаббатты тек жыныстық қатынас деп түсінетіндер болады. Ал оның нәзік сезім екенін, уақыты келгенде, жасы жеткенде сезінетін шынайы сезім екенін түсіндіріп жатқан адам жоқ. Сондықтан жыныстық қатынас дегенде өре түрегелмей оны жан-жақты түсіндіру керек. 13 жасар баламен 14-15 жасар баланың түсінігі екі түрлі. Демек әр жасқа арналған арнайы бағдарлама болу керек, – деді психолог.
"Әңгіме тек аборт туралы емес"
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев журналистерге берген сұхбатында "Еліміздегі қазіргі заңнамаға сәйкес, 18 жасқа дейінгі жастар ата-анасының рұқсатынсыз тіпті медициналық көмек те ала алмайды. Бұл жерде әңгіме тек аборт туралы ғана емес, медициналық қызметтердің барлық түрі бойынша болып отыр. Сонымен бірге, жастар 15 жастан бастап орташа кәсіптік білім ала алады. Олар өзінің тұрғылықты мекенінен алыс жерде тұрып-ақ, осы білімді алып отыр. Олар еңбек келісімін жасасып, айлықтарын қайда жұмсайтынын шешуге құқылы, қылмыстық жауапкершілік те мойындарында. 16 жастан бастап белгілі бір жағдайларда некеге отырып, бала тәрбиелей де алады" деген болатын.
Балалардың денсаулығына кім жауап береді?
Жасөспірімдердің денсаулығына алаңдаушылық білдірген қоғам қайраткері Мұрат Әбенов өзінің фейсбук парақшасында "Егер жас қыз ата-анасының рұқсатынсыз жасалған отадан кейін бедеу болып қалса немесе 16 жастағы баланың денсаулығы бұл отаны көтере алмаса кім жауап береді? Ата-анасы баланы жасанды түсік жасатпауға көндіріп, бірге бағуға көндіруі мүмкін ғой? Мұндай заңды қоғамдық талқылауға салмастан қабылдауға болмайды. Барлық аспектілерін зерттеп алмайынша, қабылдануын тоқтату керек" деп жазды.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Исмағамбетованың айтуынша, бұл тастанды балалардың азаюына да септігін тигізбек. "Жоспарланбаған жүктілік баланы қорғансыз күйде тастап кетудің бірден бір себебі. Біз заңнамаға енгізгелі отырған норма осы мәселелердің алдын алады. Құқықтық механизм заңнамада көрсетілген. Көрсетілген медициналық қызметтің сапасы үшін әрине, медициналық қызметкер жауап береді. Ал жасөспірім медициналық қызмет алуға құқылы", – деп түсіндірді Айжан Исмағамбетова..
Аталған норма әзірге талқыланып жатыр. Ол "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексінде қарастырылған. Норма қабылданған жағдайда, жасөспірім абортқа келісім беретін құжатқа өзі қол қояды.
Кәмелет жасына жетпеген қызбен жыныстық қатынас жасау – қылмыс
Саясаттанушы Талғат Қалиев та әлеуметтік желіде 16 жасында жасанды түсік жасатқан қыздар жыныстық қатынасқа 15 жасынан бастап түседі. Кәмелет жасына жетпеген қызбен жыныстық қатынасқа түсу қылмыс болып табылады дей келе, "Дәрігер ата-ананың рұқсатынсыз аборт жасайды. Барлық шығынды мойнына алған абортқа жаса деп азғырушы ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Өйткені ата-анасынан барлығын жасырғысы келген қыз полицияға да ештеңе айтпайды. Бір сөзбен айтқанда, біз осылайша педофилді заңдастыруға тәуекел етіп отырмыз" деген.
Қазақстанда жасы 25-ке дейінгі жастар түсік жасатады
Еуропа елдерінде түсік жасатуға тыйым салу тәжірибесі бұрыннан бар. Испания мен Португалияда жасанды түсік жасатуға тек сот қана рұқсат береді. Ирландияда мүлдем тыйым салынған. Алайда еуропа тәжірибесі көрсеткендей, әйелдер жасанды түсік жасату үшін басқа мемлекеттерге баруға мәжбүр. Ағылшын әйелдері жасанды түсік жасатуға Голландияға барса, Англияға керісінше Ирландиядан келеді екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Гутмахер институтының зерттеулеріне сүйенсек, түсік жасатуға мүлдем тыйым салынған немесе әйел денсаулығын сақтау үшін рұқсат берілген мемлекеттерде 4 түсіктің біреуі ғана әйел үшін қауіпсіз болған. Ал түсік жасауға тыйым салмаған елдерде 10 түсіктің 9-ы қатерсіз.
Еуропаның Батысы мен Солтүстік бөлігінде және Солтүстік Америкада жасанды түсік жасатудан қауіп жоқ деп есептеледі. Бұл аймақтағы елдерде түсікке заң тыйым салмаған. Контрацептив қолдану, экономикалық даму мен гендерлік теңдік, жоғары сапалы медициналық қызметтің көрсетілуі қатерсіз түсік жасауға себеп болып отыр.
Ал Қазақстанда статистикалық мәліметтерге сүйенсек...
2017 жылы республика бойынша 1000 әйелге шаққанда 17,7 пайызы аборт жасатқан. Олардың дені – бала тууға қабілетті 18 бен 25 жас аралығындағы жастар. Елімізде 15-19 жас аралығындағы 1000 бойжеткеннің 36-сы босанған. Бұл экономикалық және даму ұйымы елдеріндегі көрсеткіштерден 6 есеге көп. Зерттеуге қатысқан 19 жасқа дейінгі жастардың үштен бірі жыныстық қатынасқа түсіп үлгерген.
Ал Қазақтанның барлық аймақтарынан 16 мен 19 жас аралығындағы 4360 бойжеткен әлеуметтік сауалнамаға қатысқан, нәтижесіне қарасақ олырдың 16,7% жүкті болғанын көрсеткен. Көбісі бала туып алса, 22-сі түсік жасатқанын жасырмай айтқан, 16 қыз өздігінен түсік тастағанын жазыпты.