Бұрын Қазақ пен Көкбөрі егіз ұғым болатын

Көкбөрі туралы айтылса, "қасқыр еміп тұрған бала" туралы аңыз есіңе түседі. Өлекшіннің жұртта қалған сәбиді емізгені туралы түркі жұртының санасына сіңіп қалған тарихи аңыз.

Бөрінің баланы емізуі де кездейсоқ емес. Оның үстіне "қасқыр боп кеткен бала" өмірде болған. Ол туралы хикаялардан да көп нәрсені түсінуге болады.

Әңгімені Айна Кеңшілікқызының айтқандарынан бастайық. Айна апай Моңғолияның Алтай ауданында туып өскен.

Оқи отырыңыз: Тәңір – қазақтың құдайы ма, әлде ескі дәуір тарихы ма?

Малшы ауылдың ең үлкен жауы – қасқыр

Малшы қауымның әр күні қасқырдан малын қорып, одан қорғанумен өтеді. Олар қасқырды, оның тіршілігін жақсы біледі. Есі кірген әр баласына дейін санасына сіңген тұрмыстық дағды.

Көшпелі тұрмыста бала еңбекке ерте араласады.

Әлімхан деген ағам болды. Үйде жылқы-түйе қарауылдап, көші-қон тірілігіне жетісе бермеген әкесі оны 5-6 жасынан бастап қой бағуға жіберіпті.

Үзеңгіге аяғы жетпейтін баланы ерге көтеріп мінгізіп, ауып қалмауы үшін екі аяғын тоқымға мықтап байлап тастайды екен. Қолына бір торсық айранды ұстап ат үстінде кете барады. Қуығы сыздағанда өзімен қатар жүрген ересек қойшылар аттан түсіріп, дәрет сындырып болған соң қайта мінгізіп жібереді екен.

Оқи отырыңыз: "Ақыртас" кешені қандай құпияны бүгіп жатыр? (Фоторепортаж)


Алтай. Мектеп оқушысы да ат мініп, мал жаяды / Сурет informburo.kz

Осылайша, кеште бір-ақ келетін. Кішкентайынан мал бағуға ерте араласып, ысылып, қара жұмысқа мойымайтын, шыдамды да жігерлі болып өсті.

Қасқыр малға қай кезде тиеді?

Қасқыр қарны ашпаса малға тиіспейді деген өтірік. "Атымды шығарамын деп малды қырып кетеді" дейтін кәрілер. "Қас-қыр" деген атынан да шығып тұрған жоқ па?!

Әдетте малға кешкі апақ-сапақта не ертеңгі ала-көбеңде тиіседі. Яғни, малшылардың кешкі тамаққа отыра қалған сәтін не қой күзеткендер шаршап ұйықтады-ау деген таңғы кезеңді аңдиды.

Сонымен бірге қарлы боранда, соқыр тұманда, жауын-шашында аңдып жүріп бөліп әкетеді.

Оқи отырыңыз: Бүркітшілік: төл өнерімізді төбеге шығарар күн келді

Үйірлі көкжалға қарсы тұрған бала

Әлімханның 14-15 жастар шамасы кезі болса керек.

Бір жолы жайлаудың тұманды күндерінің бірінде мал жаюға шығады. Кеште үйге жақындағанда санаса, мыңға жуық қойдың үш жүзден астам тұяғы жоқ. Қалай бөлініп қалғанын өзі де байқамаса керек. Жауыннан ығып кеткен шығар деп тұспалдайды.

Кеш қарайып кеткесін, ертесіне таң қылаң бере бір торсық айранын алып іздеуге шығады. Екі-үш белден асып, сайдың басындағы дараға шықса, үйірлі қасқырдың малды бір қазан шұңқырға қамап алғанын көріпті. Жан-жағы қан-жоса.

Қанша ышқынып, айғайласа да көкжалдар баласынып, елемей, қашпай, шоңқиып-шоңқиып қарап отыр. Көшпелі ауылдың баласы емес пе? Бір түп бұтаның түбіне от жағып, лаулатып жібергенде әбден тойған болса керек, ақырын бүлкектеп, тайып тұрыпты.

Оқи отырыңыз: Берел қорғанының құпиялары

Шұңқырға түсіп айдап шығайын десе, үріккен қалған мал иіріліп шықпай қояды. Кешке дейін бір-бірлеп сүйреп, әбден әуреге түседі. Әйтеуір әрең үйге айдап келіпті. Сөйтсе үш жүзге жуық малдың жартысын қырып кеткен екен.


Алтай. Сарлық сауу / Сурет informburo.kz

Қасқырды неге "ит-құс" дейді

Қазақ қасқырды көктемдегі ұйыққан (ұрықтанатын кезі) кезінде атпайды, тиіспейді. Егер жұптасқанның бірін атса, екіншісі мал-жанды қырып кетеді. Тіптен адамға да тиіседі. Өте кекшіл.

"Қасқыр" деп айтса, өршеленіп кетеді деп, "малға ит-құс шапты" дейді.

"Ит-құс түйені жемейді" деуші еді. Бірақ бота, тайлағын жеп кеткен кездер болды.

Әдетте айғыр өз үйіріндегі құлын мен жабағыны қасқырға бермейді. Алайда жайылымда шетке шыққанын аңдып жүріп, іліп кететін кездері болады.

"Қасқыр шапқан мал өседі"

Қазақ малын қасқырға бермеуге тырысатын. Ал тисе, "малымыз өседі" деп ырымдайды. "Бәле-жала сол өлген малмен кетсін" деп ешнәрсесін де алмай жемтігін алысқа апарып тастайды.

Шибөрілер қыс кезінде адамға да шабады. Иен жерде атты адамды, тіпті түйе мінгенді де жеп кеткен кездері болған. Сондықтан мылтықсыз не дайындықсыз жүруге болмайды.

Әсіресе ауылда бала қалғанын сезіп, сол түні қораға түсуі мүмкін. Олар да үйде үлкендердің бар-жоғын білетін секілді.

2008 жылы қыстауда отырған бір бөлеміздің үйіндегі үлкендер қалаға келгенде балалары қоңырау шалды. Олар кетісімен бір дәу көкбөрі қорға кіріп кете жаздапты. Тіптен, кетпей отырып алыпты. Балалар үйге кірсе, қасқыр жақындай түседі екен. Ақыры мылтық алып шығып, қасқырға қарата оқ атқан соң ғана асықпай аяңдап, өз жолына түсіпті.


Жайлаудағы балалар / Сурет informburo.kz

"Түнде қасқырдың ұлыған дауысын жиі еститінбіз"

Қыстауда әр малшы әр таудың қуысын паналап бөлек отырады. Кей түндері азынаған қарлы боранда үйдегілердің берекесі қашады. Себебі, мұндай кезде қасқырлар да өршеленеді. Кейде қораға кіріп, қырып кетуі де мүмкін.

Ондайда отағасы мылтығын тазалап, дайын жүреді. Түнде қайта-қайта далаға шығып, айғайлап не мылтық атып, қасқырларға күзеттің күшті екендігін ескертеді.

– Қазіргі бала бұл өмірді елестете де алмайды ғой. Жалғыз үй отырған қысқы түндерде қасқырдың ұлығанын жиі еститінбіз. Әкеміз мылтығын асынып, итін арсылдатып шығып бара жататын. Қазір ойласам көрген түс секілді, – дейді Айна Кеңшілікқызы апайымыз.

Қасқыр ұрпағы үшін құрбандыққа дайын болады

Қуғынға түскенде аңшыларды адастырып кетуге тырысады. Әсіресе, қаншығы ішті болса (буаз болса), арланы өтірік қаша алмаған-сып, аңшыларды өзінің соңына түсуге итермелейді.

Ал қаншығы осы орайда құтылып кетуі керек. Басқа мүмкіндік қалмаса, арлан қуғыншыға қарсы шабады. Осылай қаншығы мен бөлтіріктері үшін құрбан болады.

Кей ауылдың өз қасқыры болады

Күшіктейтін кезде қасқырдың малшы ауылға және суға жақын жерге апанын қазатын кездері де болады. Сосын сол маңайдағы малға басқа қасқырды жолатпайды. Оны малшылар да сезеді. Қасқырдың бөлтірігіне тиіспейді. Осылайша өзара үнсіз түсіністікте өмір сүреді.


Жаңа туған сарлық / Сурет informburo.kz

Қу құлқын торға түсіреді

Қасқыр өзі жайратқан малдың жемтігіне қайта айналып соқпай кетпейді. Қатты суықта екінші не үшінші күндері оралады. Аңшылар сол сәтті аңдиды.

2017 жылы қыста Құндызбай Шошабайұлы ағамыз өз малына тиген бөріні (екі жасарын бөрі дейді) келесі күні таңға жақын жемтікке келген жерінен атып алыпты.

Негізі тарландаған қасқырды алу қиын. Олар жемтікке келмес бұрын алдын ала барлау жасайды. Қарны ашып тұрса да етті жемей, тексереді. Яғни, жемтіктің маңын искелеп, бөтен иістің бар-жоғын тексереді. Сезіктенсе, тайып тұрады.

Қақпанға түссе, аяғын шайнап, жұлып кететін кездері көп болады.


Жайлаудағы мал табындары / Сурет informburo.kz

Қасқыр етіне жерік болу

Одан туылған бала қасқырдай жүректі, опалы, адал да ақылды, қайтпайтын қайсар болады делінеді.

Мысалы, атақты Ер Жәнібекке жүкті кезінде анасы қасқыр етіне жерік болыпты деседі. Әрине жерік асты қалайда әкелетіні белгілі. Сол Ер Жәнібектің иесі – қос көкбөрі болғаны туралы Бұқар жыраудың жырларында айтылады.

Бұл да тегін емес.

Аңшы ағамыз Құндызбай Шошабайұлының айтуынша, әлі күнге қасқыр етін емдік мақсатта жейтіндер бар. Себебі, қасқыр еті өте ыстық. Денедегі жел-құздың алдын алады. Оның етін жеп, сорпасын ішкен соң терлетеді. Қазақта "ауру желмен кіріп, термен кетеді" деген осыдан қалса керек.

Алайда, қасқыр етін жеген адамда қасқыр мінез пайда болады. Бұл қазіргі генетика ғылымында да әңгіме болып жүр.


Малшы ауылдың маңғыл төбеті / Сурет informburo.kz

Қасқырдың тірсегін неге қияды? тарамысын неге күйдіреді?

Қойшылар қасқыр малға шауып қоймаса, бөлтірігін ұстап алып, бір тірсегін қиып жіберетін болған. Бір жағынан өлтіруге обалсынса, екінші жағынан енесінің кегінен сақтану үшін. Есейгенде ол қасқыр қатты жүгіре алмай, малға шаба алмайды екен. Киесі ұрады немесе обалы қатты деп бұл әдісті қазақ көп пайдаланбаған.

Мал қолды болғанда қасқырдың тарамысына дем салып, дұғалап күйдіретін болған. Ұрының да тарамысы тартылып, құрысады деген сенім қалыптасқан. Бірақ бұның алдында, белгілі уақыт ішінде ұрланған малды қайтармаса "тарамыс күйдіретінін" айтып, елге жар салады. Кемтар болып қалғысы келмеген ұры малды өзі әкеліп беретін болған.

Қазақтар "қасқырдың тарамысын күйдірудің" жолы қатты деп те көп пайдаланбайды.

Қасқырдың мүшелерін неге сатады

Малшылар соғып алғаннан кейін қасқырдың тұмсығын кесіп алып қораға іліп қояды. Одан қасқырдың иісі шығып тұратындықтан мал сескеніп, тітіркенеді. Осылайша малда түрлі ауру азаяды екен.

Қасқырдың терісі өте ыстық. Сол себепті, бұрынырақта қасқыр ішік киген кісінің қасындағы жолдасы үсіп өлсе, құн төлейтін болған.

Қасқырдың асығын, тырнағын, тіпті жыныс мүшесін ырымдап тағып алатындар әлі де бар. Мысалы,қасқырдың асығына дұға оқытып қалтаға салып жүрсе, басқалардың алдында мысы басым болып, жолы ашылып тұрады деп қарайды. Қазір осы заттарды сатып, байып жүргендер көп.

"Қасқыр өзін алатын итті сезеді" дейді

Мүмкін болса күшік кезінде өлтіріп кетуге тырысады екен. Жаңадан туған күшікті таңдаған кезде желкесінен қысып көтергенде не сілкігенде үнін шығармаса нағыз "бөрібасар" болғаны.

Тағы бір қасиеті. Өлекшін (қасқырдың ұрғашысы) иттер талағанда, қорлап кетпеуі үшін өзінің жыныс мүшесін өзі қауып тастайды. Ал бөлтірігіне тиіссе, аямайды. Тіптен, күшігін өлтірген адамды аңдып, шабуыл жасайды. Ондай қасқырды қаншыр деп атайды. Қаншыр кегі қайтқанша құсаланып тамақ жемейді. "Қаншырдай қатқан" деген осыдан шыққан.


Киіз үйдің іші. Пеш / Сурет informburo.kz

Қазақ қасқырдың терісін есік жаққа тастайды. Төрге ілсе, мысы басып кетеді деп ырымдаған.

Көкпар тарту – көкбөрі тарту

Малды жыртқыштардан қорғау да оңай емс. Түн қатып ат үстінде жылқы мен қой күзетіне шығатын жігіттер үшін қасқырдың айласына төтеп беру үлкен қайрат пен қайсарлықты талап етеді.

Осылайша, малға шапқан бөріні ұрып алған қазақ жігіттері оны атпен алып қашып өнер де көрсеткен. Сол арқылы көкбөрі тарту деген дәстүр қалыптасты. Көкбөрі табылмағанда, көклақ алып қашатын болған. Себебі, ешкі терісі тез жыртылмайды екен.

Бүгінде көшпелілердің ұлттық спорты түріне айналған "Көкпар тарту" деген осыдан қалған.


Өреден құрт көтеріп бара жатқан кезқұйрық / Сурет автордікі

Қасқыр – түз тағысы, киелі аң. Оның табиғатта өз орны мен несібесі бар. Сондықтан жөн-жосықсыз қырып тастау – табиғатқа жасалған қиянат.