Астанада "Нұрлы жол" вокзалына барамын деп, адасып кетпеу үшін, қаперіңізде болсын
Миллионнан астам халқы бар Астанаға бір вокзал аз. Келіп-кетушілер үшін қолайсыздықты жою мақсатында қаланың екінші шетінен жаңа вокзалдың бой көтергеніне тоғыз айдан асты.
Бүгінде "Нұрлы жол" вокзалы – Елордамыздың көрікті ғимараттарының бірі. Ол Астанадағы ескі вокзалдан 11 есе үлкен. Тәулігіне 35 мың жолаушы күтіп алуға жарайды, ТМД елдері бойынша теңдесі жоқ вокзал.
Вокзал кешені алты қабаттан тұрады
Бірінші қабатында: қарап-тексеру пункттері, билет кассалары, күту залы және жабық автотұрақ орналасқан.
Екінші қабатында жалпы саны 740 орынға арналған жабық автотұрақ бар.
Үшінші қабатында жолаушыларды отырғызып, түсіруге арналған үш платформа мен қабылдап-жөнелтетін алты жол салынған. Яғни, әр платформаның екі жағында бір-бір жолдан.
Мәселен, бірінші, екінші жолдарымен келген пойыздан түскен жолаушы бірінші платформаға түседі. Ал үшінші – төртінші жолға келген пойыздан екінші платформаға түседі. Ал бесінші не алтыншы жолға келген пойыздан үшінші жолға келіп түседі. Тура сол сияқты, пойызыңыздың қай жолға тоқтағанына сәйкес платформаға өтесіз.
Төртінші қабатта билет кассалары, күту залы, медпункт, қолжүгін сақтау камерасы, анықтама бюросы, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған күту залы, ана мен бала бөлмесі, дәріхана, кәдесый дүкендері, әр түрлі бутиктер мен дүкендер бар.
Бесінші қабатта кез-келген талғамдағы әр түрлі кафелер мен кофеханаларды таба аласыз. Вокзал кешенінің аумағы 130,701 мың кв.м болса, оның оның 9,6-ы сауда бөлмелеріне тиесілі.
Алтыншы қабатта әкімшілік бөлмелер, тәуліктік қонақ үйлер, ана мен балаға арналған бөлмелер бар.
Алдымен оң мен сол қанатты айырып алу керек
Вокзалдың құрылымын түсіну үшін оның бір-біріне симметриялы оң және сол қанаттан тұратынын білсеңіз жеткілікті.Мысалы, бірінші және екінші қабаттағы автотұраққа келер болсақ, оң жағы мен сол жағында 375 орыннан бар. Вокзалдың басқа қабаттары да сол сияқты.
Айырмашылығы, төртінші этаждың оң жақ қанатында 10 касса бар. Ал сол жақ қанатында ол жоқ. Есесіне сол жақ қанатынан тұрмыстық техника сатылатын Технодом дүкенін таба аласыз.
Вокзалға көлігіңізбен келсеңіз...
Ғимараттың сыртында ашық алаңқайдағы арнайы тұрақта көлікті ақысыз қалдыра аласыз. Ал егер, көлігіңізді бақылаусыз қалдырғыңыз келмесе, ақылы жабық автотұраққа қоюыңызға болады.
Көлік тұрағына Жұмекен Нәжімеденов көшесі жағынан кіресіз.
Кіре берісте автомат сізге вокзалдың суреті бар пластикалық карта береді. Өзіңізге ыңғайлы деген орынға көлігіңізді жайғастырғаннан кейін төбесіндегі жасыл жарық қызыл түске өзгереді. Сол кезден бастап көлігіңіз бейнебақылау астында тұр деген сөз.
Шығар кезде пластикалық картаны паркоматқа салып, тұрған уақытыңызға байланысты ақысын төлейсіз. Ақысы өтелгеннен кейін, паркомат сізге чек басып шығарып береді.
Тұрақта бір сағат тұру 100 теңге, 12 сағат үшін мың теңге, 24 сағатқа екі мың теңге төлейсіз. Егер вокзалға жиі келетін болсаңыз, сегіз мың теңгеге айлық абонемент сатып алуыңызға болады. Бірақ, ол кезде тәулігіне екі рет ғана тұрақ аумағына тегін кіріп шыға аласыз. Және ең көп дегенде тәулігіне 12 сағат шықпай тұруыңызға болады. Яғни, көлігіңізді бір не екі-үш тәулікке қалдырып кете алмайсыз.
Жаяу жолаушыға ерте келу керек
Вокзал қызметкерлері жолаушыларға пойыздың жүрер уақытынан бір сағат бұрын келгені дұрыс деп есептейді. Себебі, вокзалдың кіретін және шығатын жолдарын білмейтін адам үлгермей қалуы әбден мүмкін.
Мысалы, перронға дейін жету үшін бірнеше сатыдан өтуіңіз керек. Ал әр қабаттың көлемі кішігірім футбол алаңындай екенін ескерсек, адасып кетуге болады. Қолыңызда жүгіңіз болса, тіпті қиын. Сондықтан біздің жазғандарымыздың бәрін мұқият оқып, жүретін жолыңызды жаттап алыңыз.
Бастысы кешікпеңіз. Өйткені, сіз қанша асығыс болсаңыз да, сырттан келіп бірден перронға өте алмайсыз. Ол үшінші қабатта. Сізге алдымен кіре берістен екі қабатқа эскалатормен көтерілу керек.
Сосын қайтадан далаға шығасыз. Одан 100 метрдей жердегі вокзалдың негізгі ғимаратына қайтадан кіресіз. Сол жерден тағы бір қабатқа көтерілесіз. Сонда ғана сіз вокзал ғимаратының төртінші қабатындағы негізгі күту залына келесіз.
Ол жерде, оң және сол қанатында үшінші қабатқа түсетін лифт пен эскалаторлар жұмыс істейді. Эскалатормен түсіп келе жатқаныңызда алдыңызда қабырғада үлкен табло тұрады. Онда пойыздың бағыты мен жүруіне неше минут қалғандығын және нешінші жолда тұрғандығын көрсетеді.
Ақпарат орталығы төртінші қабатта
Мұнда үлкен ақпараттық орталық бар. Және пойыз жолына апаратын әрбір эскалатордың қасында да жолаушыға қажетті бар ақпарат жазылған баған орналасқан.
Ол жерден сіз:
Астана қаласы бойынша уақыт пен ай-күнді;
Жолдың нөмірін;
Пойыздың нөмірі мен оның бағытын;
Жөнелтілу уақытын;
Жүруге қалған уақытының кері санағын көре аласыз.
Ал Астана қонағы болсаңыз...
Сіз келген пойыз қай жолға тоқтаса да, түскен кезде үшінші қабатқа шығасыз.
Одан кейін, кіреберістегі сегіз есіктің өзіңізге жақынынан өтіп, төменге бірінші қабатқа эскалатормен түсе аласыз.
Абдырап қалмаңыз. Адаспайсыз. Өйткені:
60 кеңесші қызметкер жол нұсқайды
Олар барлық жерде тұр. Бірден көзге шалынады.
Мысалы, көлігіңізді автотұраққа қойсаңыз, ол жерден вокзал ғимаратына қолыңыздағы жүгіңізді бақылау бекетінен өткізген соң ғана кіресіз.
Алдыңыздағы ақпараттық тақтайша немесе таблодан, перронға, күту залдарына, жалпы тамақтану орындарына, жүк сақтау камераларына, медициналық пункттерге қалай өту керектігі туралы ақпаратты табасыз.
Сол жерден бағытыңызды анықтап алсаңыз, еш қиындық тумайды.
Жалпы, вокзал аумағындағы әрбір эскалатор не лифтен түсерде көк киімді вокзал бойынша кезекші кеңесші қызметкер алдыңыздан шығады. 60 қыз бен жігіт бір күнде жолаушыларға бағыт-бағдар сілтеп, қызмет көрсетеді екен.
Сондықтан, білмегеніңізді қысылмай сұрап алыңыз.
Мұқият болыңыз!
Егер күтіп алуға келген болсаңыз, тұрақтан вокзал ғимаратына кіріп, бірден үшінші қабатқа лифтпен не эскалатормен көтеріле аласыз. Әр лифтің не эксколатордың жоғары жағында нешінші жолдарға баратыны жазулы.
Сондықтан, лифтке не эскалаторға мінбей тұрып мұқият қарап алыңыз.
Ал аңғармай бір қабатқа артық көтеріліп кетсеңіз, келесі қабатта міндетті түрде пойызыңыз келетін жолға апаратын лифтке не эскалаторға ауысуға болады.
Әр платформаға екі лифт пен сегіз эскалатор арқылы түсуге мүмкіндік бар. Біреуі пойыздың басындағы, екіншісі соңындағы вагондарға жақын жерден түсу үшін жасалған.
Жүк қоймалары тегін
Билеті бар жолаушылар жүктерін қоймада қалдыра алады. Тегін. Автоматты түрде ашылып-жабылатын ұяшықтарға жүгіңізді сеніп қалдыра аласыз. Ол жерде де вокзал қызметкері жүкті қалдыруға не алып кетуге көмектеседі.
Жүгіңізді тапсырған кезде берілген түбіртекті жоғалтып алмаңыз. Сол түбіртектегі штрих- код өткізгенде ғана, сіздің жүгіңіз тұрған жәшік автоматты түрде ашылады.
Мүмкіндіктер шектеусіз
Ғимаратта мүмкіндігі шектеулі жолаушылардың жүріп-тұруына барлық жағдай жасалған, тактильдік жолдар, Брайль әліппесімен көрнектелген ақпараттық тақта, санитарлық тораптар, арнайы кассалар орнатылған және де арнайы күту залы бар.
Қауіпсіздік жіті қадағаланады
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында вокзал кешенінде қол жүкті тексеріп қарайтын 16 рентгендік-телевизиялық қондырғылар – интроскоп, 36 металліздегіш орнатылған.
Заңсыз әрекет не құқық бұзушылық болғанда жедел әрекет ету үшін құқық қорғау органдары мен қауіпсіздік қызметкерлері бірыңғай мониторинг орталығында 483 түрлі бейнекамерадан түскен ақпаратты саралап, қадағалайды.
Мұнда тегін Wi-Fi
Егер, ақпараттық тақтайшалардың тілін түсіну қиын болса, қолыңыздағы смартфон не планшетке үңілу жеткілікті.
Ол үшін сізге 2ГИС ақпараттық қызметі көмектесе алады. Қосымша арқылы барлық алты қабаттың жоспарын бүге-шігесіне дейін көре аласыз.
Қосымша қызмет жолаушыларға смартфоны интернет желісіне қосылмаған болса да қолжетімді болуымен ыңғайлы. Оның Android, IOSмобильді нұсқасы және онлайн-нұсқасын пайдалана аласыз.Вокзалдың мекен-жайын картадан қарап та алсаңыз болады
"Нұрлы жол" теміржол вокзал кешені Ахмет Байтұрсынов көшесінің солтүстік жағымен Жұмекен Нәжімеденов көшесінің оңтүстік жағының арасында және А-62 көшесінің батыс жағы мен А-82 көшесінің шығыс жағының арасында орналасқан.
Заңды мекен жайы: Астана қаласы, Алматы ауданы, А-82 көшесі №8 ғимарат.
Жалпы вокзал кешенінің тәулігіне 35 мыңға жуық жолаушыны өткізу мүмкіндігі бар. Қазіргі жолаушылар легі оның тең жартысындай ғана. Сәуірден бастап тағы екі маршруттағы пойыз қосылады – ол туралы егжей-тегжей сәл төменіректе айтамыз.
Қызметке көңіліңіз толмаса...
"Қазақстан темір жолы" компаниясының қызметкерлері тарапынан қызметтік этиканың сақталмауы не басқада тәртіп бұзұшылық мәселелері бойынша 8 (7172) 60 40 70 сенім телефонына хабарласа аласыз.
Сәуір айында тағы екі пойыз қосылады
Бүгінгі таңда "Нұрлы жол" вокзалынан 56 пойыз жүреді. Яғни, пойыздардың екі бағыты да есепке алынады. Оның ішінде, 13 стандарт, жетеуі – Тальго және сегізі электр пойыз. Олар:
- Алматы 2 – Астана (Тальго);
- Алматы 1 – Астана;
- Астана – Атырау;
- Маңғышлақ – Астана (Маңғыстау);
- Астана – Челябинск;
- Астана – Атырау (Каспий, Тальго);
- Үрімші – Астана;
- Астана – Орал;
- Сарыағаш – Астана;
- Қызылорда – Астана (Тальго);
- Астана – Орал (Тальго);
- Астана – Ақтөбе (Тальго);
- Алматы 1 – Астана;
- Семей – Астана;
- Лениногорск – Астана;
- Астана – Арқалық;
- Астана – Петропавловск – Қызыл Ту;
- Айсары – Астана;
- Павлодар – Астана;
- Алматы 2 – Астана (Тальго);
- Шымкент – Астана (Тальго).
Қала маңына қатынайтын электр пойыздар: Павлодар – Астана; Астана – Көкшетау 1; Павлодар – Астана; Қарағанды – Астана бағытында үш пойыз; Астана – Атбасар.
Сәуірдің екісінен бастап, Астана – Қарағанды – Семей бағыты бойынша №312 пойыз "Нұрлы жол" вокзалынан жүретін болады.
Сәуірдің үшінде тізім Астана – Самарқанд бағытындағы №252 пойызбен толығады.