Осыған дейін электронды төлеу жүйесіне бөлінген ақша қайда жұмсалды? Алдын ала қызмет ақысы төленіп қойса, оның сапасын кім ескереді?

Осы және өзге де халықты толғандырған сұрақтарға жауап алу үшін Астана LRT компаниясы мен Қала әкімдігіне ресми хат жолдағанбыз. Сөйтсек, жағдай былай екен...

3800 теңгенің жыры осылай басталған...

Қаладағы қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру – Астана LRT компаниясының басты міндеті. Ал оның сапасының сын көтермейтіні рас.

Әңгіме осы мәселе төңірегінде, елордадағы көлік жүйесін дамыту туралы қоғамдық тыңдаудан басталды.

Жиынға қала әкімі Әсет Өрентайұлынан бастап қаладағы қоғамдық көлік қызметіне жауапты Астана LRT компаниясының басшысы және өзге де белсенді азаматтар қатысты.

Балтыры сыздаған Астана LRT компаниясы екен

Астана LRT басшысы Жанна Ақжанова қаладағы қоғамдық көлік қызметін толық тегін қылу арқылы бірқатар бас ауыртар проблемалардан құтылуды ұсынып, айды аспанға бірақ шығарған болатын.

Бірақ ол үшін әр астаналықты 3800 теңге көлемінде алым төлеуге ЕРЦ түбіртектері арқылы міндеттеу керек екен.

Не үшін? Қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыруға!

Тығырықтан шығудың басқа да жолдары да бар. Бірақ ол үшін жол жүру ақысын 150-300 теңгеге дейін қымбаттату немесе тағы да қалалық бюджеттен молынан қаржы алу қажет.

Әйтпесе...

Әкімдіктің кепілдігімен алған 165 миллион еуро көлеміндегі несиені өтеу қиындап барады-мыс.

Компания басшысының дәл осы ұсынысы әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Себебі осы уақытқа дейін компания электронды төлеу жүйесін енгізу арқылы қоғамдық көлік төңірегіндегі барлық проблемалар шешіледі деп сендіріп келген.

3800 теңгені жіліктесек. Бұл цифр қайдан шықты?

Компанияның әр пәтерден 1,7 АЕК көлемінде (2017 жылға бекітілген 1 АЕК – 2269 теңге), шамамен 3800 теңгеден жинап берсе, мәселе оң шешімін табады дегеніне жалпақ жұрт сенбей отыр. Себебі Астана LRT бұл соманың да өспейтініне еш кепілдік беріп отырған жоқ.

Бірақ компанияның баспасөз қызметі алдағы уақытта бағаның өспейтініне сенімді. Айтуларынша, жыл сайын қаланың тұрғын үй қоры өсіп отыр. Сондықтан қымбаттатудың қажеттілігі жоқ.

Алайда бұл алым түрі АЕК көрсеткішіне тәуелді болғандықтан, АЕК бірге өседі, дейді олар.

Жалпы 3800 теңгенің қайдан шыққанын нақтыласақ.

– Бұл – шамамен алынған сан. Негізі былай есептелген. Астанада жолаушылар тасымалын қамтамасыз ететін автопарктердің бір жылғы табысы орташа есеппен 11 миллиард теңге. Осы қаражаттың Астана қаласы бойынша тұрғын үй қоры мен 12 айға қатынасы, – деп түсіндірді Астана LRT баспасөз қызметінде.

Яғни, қарапайым математикаға жүгінсек: 11 000 000 000 : 250 000 : 12 = 3666 теңге.

Электронды жүйеге миллиардтар кетті

– Астанада жол жүру ақысын электронды төлеу жүйесін (ASTRA Plat) енгізу үшін қалалық бюджеттен 4,97 миллиард теңге бөлінген. Жоба төрт кезеңге бөлініп, бүгінде барлығы жүзеге асырылды, – дейді Астана LRT компаниясының басқарма басшысы Жанна Ақжанова.

– Қазір Астана және қала маңы бойынша 1200 автобус қызмет көрсетеді. Бірақ, кесте жоспарына сәйкес, күнделікті қатынау бағдарына тек 840 автобус шығады. Автобустардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 736 көлік, жол ақысын төлеудің электронды жүйесімен жабдықталған.

Апталған IVECO-лар 12 жыл пайдалануға есептелген

Қалалық автобус IVECO құны шамамен 285 000 еуроны құрайды. 2016-2017 жылдары осындай 380 автобус сатып алынды. Олар қосымша электронды билет сату, бейне бақылау, ақпараттандыру, диспетчерлендіру құрылғыларымен және біздің Астанамыздың құбылмалы ауа-райының жағдайларына сай жабдықталған, – дейді Жанна Ақжанова.

Қалған 370 автобусқа валидатор құрылғысы орнатылған. Бір автобус бір жүргізуші консолі (жүргізушіге арналған басқару тақтайшасы) және екі-үш валидатормен қамтылуы тиіс. Бір валидатордың құны 552 815 теңге. Жүргізуші тақтайшасы – 1 253 338 теңге.

Осылайша, тек бір автобусты жабдықтау үшін шамамен, біздің есебімізше, 2,34 – 2,9 млн теңге жұмсалған. Ал 370 автобусқа, орта есеппен, шығын миллиардқа жуықтайды.

Сонымен қатар қала бойынша ASTRA Plat карталарын сатып алуға және теңгерімін толықтыруға арналған терминалдар қойылды. Барлығы, 28 терминал орнатылған, әрқайсысы 12,5 млн теңге.

– Бұдан басқа, бағдарламалық жабдықтау мен құрастыру шығындары тағы бар, – дейді Жанна Ақжанова.

Жол жүру ақысын электронды төлеу жүйесін енгізуге не кедергі?

– Біріншіден, ескі автобустарда арнайы электронды құрылғының болмауы, яғни техникалық себеп. Екінші, адамдық фактор. Яғни электронды төлем жүйесінің жұмысына жауапсыз автопарк қызметкері – кондуктор немесе жүргізуші араласуы мүмкін.

Өйткені, бұл бизнесте қолма қол ақша ағымының көлеңкелі тұсы да бар екені ешкімге жасырын емес, – дейді Астана ЛРТ компаниясының басқарма басшысы Жанна Ақжанова.

10 млрд теңге қалтаға кетіп жатыр

Масқарасы сол, астаналықтардың автобустарда жол жүруге сатып алған әрбір екінші билеті есепсіз кетеді екен. Бұл Астана ЛРТ компаниясының елордадағы көлік жүйесін дамыту туралы қоғамдық тыңдауында ұсынған мәліметі.

Олардың есебінше Астана автобустарындағы бір жылғы көлеңкелі экономика – 10 миллиард теңге.


Astana LRT 10млрд теңге қалтаға кетеді дейді / Фото AstanaLRT-ның Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін компания Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысын тегін қылатын "BUS/km" жобасын ұсынып отыр.

"BUS/km" жобасы бәрімізге тиімді дейді Астана ЛРТ

– Біз ұсынып отырған "BUS/km" жүйесі кондукторды да, ақша жинауды да қажет етпейді. Жолаушы автобусқа кіріп, еркін түрде маршруттан маршрутқа қалағанынша ауысып, көздеген жеріне бара алады, – дейді Жанна Ақжанова.

Сонымен қатар, қызмет сапасын дәл сол мезетте автобус қозғалысының кестесі бойынша да "BUS/km" жүйесі GPS арқылы бақылайтын болады. Қозғалыс кестесі сақталмаса, айыппұл салыну көзделген.

– Осылайша, әр пәтерден неше адам тұрса да, ай сайын 3800 теңге алу арқылы, қала тұрғындары да, қонақтары да қала ішінде еркін қозғала алады.

Сонымен қатар, бұрынғыдай айлық жол жүру билеттері, бір реттік билеттерді жасауға кететін шығындар төмендейді, осыдан да үнемдейміз. Жоба көліктік компанияларға да, қала тұрғындарына да тиімді болмақ, дейді Жанар Ақжанова.

Және қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған қалаларда тұрғындар жеке автокөлікті пайдаланудан жиі бас тартады. Яғни жолда кептеліс азайып, көлік қозғалысы еркін болады.

Мұндай жүйе енгізілген елдер және қалалардың әлемдік тәжірибесі көрсеткендей бұл қала экологиясына оң әсерін тигізеді, өйткені жеке автокөліктер саны азаяды және экологиялық таза бағыттық көлік құралдары көбейеді, – деп сенеді Жанна Ақжанова.

Үй ішіне отау тігу кімге керек?

Негізі қалалық әкімдікке қарасты қоғамдық көлік пен қаладағы көлік қозғалысына жауапты екі бірдей басқарма бар. Бірі көлік басқармасы, екіншісі автомобиль жолдары басқармасы.

Алайда, қоғамдық көлік мәселесіне қатысты біршама жұмыстарды көлік басқармасына қарасты жекеменшік Астана LRT компаниясы мойнына алған.

Яғни, көлік басқармасы осы компания арқылы өз міндетін іске асырып келеді.

Астана LRT мен көлік басқармасының міндеттері екі бөлек. Біз мемлекеттік мекемеміз, бізге заң бойынша жүктелген міндеттер бар. Ал Астана LRT атқарушы агенттік, біз алдына қандай тапсырма қоямыз, олар соны орындайды, яғни біздің аяқ-қолымыз деуге болады, – дейді Қалалық көлік басқарма басшысы Бекмырза Игенбердинов.

Астана да "Оңай" тәсілге көшуі мүмкін

– Желідегі Астана LRT алған несие туралы алда жеке мәлімдеме жасайтын боламыз. Себебі, ол үкіметтік деңгейде шешілген мәселе.

Қазір Алматыдағы "Оңай" жүйесіндегі дифференциалды тариф жүйесін енгізу туралы ойластырып жатырмыз. Біз де соған көшуіміз мүмкін, – дейді Бекмырза Игенбердинов.

"BUS/km" толықтай мемлекеттен қаржыланады

– Біз ұсынып отырған "BUS/km" жүйесі арқылы әрбір автопарктің жұмысын бақылай аламыз. Халық шатастырмауы керек. Негізі "BUS/km" – халықаралық тәжірибе.

Ал Астана LRТ осы жүйеге өздері қосымша өзгеріс енгізіп отыр. Бұл – тек идея. Оның қандай жоба болатыны белгісіз.

Ал шындығында, "BUS/km" толықтай мемлекеттен қаржыланады. Ол қалай болады, әзір белгісіз, – дейді Қалалық көлік басқармасының басшысы.

Біз былай ойлап едік...

Жалпы тұрғындардың басым бөлігінің табысы орташадан төмен. Олар үшін жол жүру билеттерін алу да, жол ақысын төлеу де ауыр. Ал дәл осы адамдар қоғамдық көлікке тәуелді. Ең бірінші әлеуметтік әлсіз топтар үшін жасалған ұсыныс болатын, – деп түсіндірді "BUS/километр" жобасының пайда болу идеясын Бекмырза Игенбердинов.

– Биыл бола ма, болмай ма, ол жағы да белгісіз. Біз қала маңын, қала қонақтарын бәрін қамтуымыз керек.

Астана LRТ өз күнін өзі көріп жатыр. Әкімдік ақшаны автопарктерге, валидатор алуға, электронды төлеу жүйесін енгізуге бөледі, – дейді ол.

3800 теңге жәй мысал

– Жалпы 3800 теңге төңірегінде болған әңгімеге қатысты айтар болсам, бұл – шартты түрде алынған сан. Мысал үшін. Әлі ешқандай шешім шыққан жоқ. Арнайы топ мәселені қарастырып, зерттейтін болады. Қандай шешім шықса да қоғам талқысына саламыз. Уайымдаудың қажеті жоқ, – дейді Бекмырза Игенбердинов.

Айтуынша, бүгінгі таңда электронды төлеу жүйесі арқылы төлем деңгейі 80 пайыз. Әрі қарай 100 пайыздық көрсеткішке жету үшін жұмыстар атқарылады. Ескі автобустардың да қызмет көрсету үшін қосымша, жылжымалы валидатор құрылғылары сатып алынған.

– Жоспар бойынша, жыл соңына дейін мақсатымыз 100 пайыздық көрсеткішке жету. Ол өз-өзін ақтай алды ма, жоқ па, ол туралы айту әлі ерте. Шамамен бір жыл уақыт керек, – дейді ол.

"BUS/km" жобасын енгізіп көреміз

– Бүгінде автопарктердің бәрін мемлекет меншігіне өткізуді қарастырып отырған жоқпыз. Мемлекеттік автопарке барлық автобустардың 50 пайызы тиесілі. Бәсекеге қабілетті орта деуге болады. Мысалы біз ұсынып отырған "BUS/km" жобасының байқауына қатысқысы келетін автопарктің барлық есеп-қисабы ашық болуы керек. Әйтпесе, субсидия бөлінбейді.

Инвестиция және даму министірлігінің "BUS/km" бойынша бұйрығы шыққасын қалалық коммунальдық автобус паркінде бірнеше маршрут осы жоба бойынша жұмыс жасайтын болады. Сынақ түрінде. Себебі, бұл жүйені бірден енгізе алмаймыз. Мәскеуде сынақ түрінде енгізілгеніне екі жыл боды. Бізде артық және кем тұстарын анықтап алу керекпіз, – дейді Бекмырза Игенбердинов.

3800 теңгеден жинау заңға қайшы

"Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, экономист Рақым Ошақбаев та Астана LRТ басшысының ұсынысын сынға алды. Ол компанияның ұсынысы заңға қайшы деп танып, "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығы ақысыз түрде қоғамдық сараптама жасауға қатысуға дайын екенін өзінің Facebook парақшасында мәлімдеген болатын.

– Осы мәселенің анық-қанығына жету үшін арнайы топ құрылды, оның ішінде мен де бармын. Әзірге ешқандай жиналыс болған жоқ. Бәріміз бір ауыздан қарсы болып отырмыз. Бұл дұрыс шешім деп айта алмаймын. Тіпті заңға қайшы. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы бойынша пайдаланылмаған қызметке ақы төлеуге міндеттеуге тыйым салынады.

Яғни, жеке көлігіңіз болса, қоғамдық көлік қызметін пайдаланбаған болсаңыз, сізге ол төлемді ұсына алмайды. Екіншісі, экономикалық принциптерге де қайшы. Яғни, сіз жалпыға ортақ бір іске ақша төлесеңіз, ол салық түріне жатады. Сондықтан, бұл ұсыныс салықтық идеологияны көздейді. Өйткені әрбір жылжымайтын мүліктен АЕК көлеміне тәуелді алынып отырмақ, – дейді ол.

Айтуынша, Астананың қоғамдық көлік жүйесінде айтарлықтай проблема жоқ. Астана LRТ-ға Алматыдағы "Оңай" жобасы енгізген дифференциалды тариф жүйесін зерттеп көру керек.

– Оларда екі жыл бұрын электронды жүйе енгізілген. Осы жүйені біз де алуымыз керек. Көлеңкелі экономика өте жоғары. Бұл Астана LRТ-ның шалалығы деп білемін, – дейді ол.

Өзара қаржылай тәуелді қылып, бір-бірін аңдытып қою керек

Астанамен бір мезгілде Өскемен қаласында электронды төлеу жүйесіне көшу қарастырылған. Алайда, біздің компания жолдаған хат олардың бірден электронды жол жүру жүйесін таңдамауына түрткі болды, –деп ойлайды Апару компаниясының директоры Константин Зайцев.

Айтуынша, жол жүру ақысын бірден электронды жүйеге көшіру мәселені шеше алмайды. Бұл жерде қызығушылықтарды бір-біріне қарсы қою керек. Сонда ғана нәтиже болады, дейді ол.

– Мысалы, тасымалдаушы, біздің жағдайымызда қарастырсақ, автопарктер ақша алғысы келеді. Бірақ ақшаны әкімдік береді. Демек ол әкімдікті дұрыс төледі ме, жоқ па деп қадағалап отырады. Ал әкімдік ақша төлеп отырғандықтан қызмет сапасын да бақылайды. Осылайша, әрқайсысына тиімді қылып, бір-бірін аңдытып қойсақ, екі жақ та алдауға бара алмай қалады. Алдау тиімсіз болу керек екі жаққа. Содан кейін электронды жүйені енгізетін болса, жүйе жұмыс істей бастайды, – дейді Константин Зайцев.

– Әйтпесе қандай қымбат құрылғы болса да, адам көп кезде ешбір жүйе 100 пайыз дәлдікпен жұмыс істемейді. Тағы да жол ақысын төлеуді бақылау қажеттілігі туындайды. Бақылаушы болмаса, жолаушылар да төлей ме, төлемей ме, арына байланысты. Кейде техникалық ақаулар болады,– дейді ол.

Электронды төлеу жүйесін бірнеше кезеңмен енгізу керек.

Мысалы мемлекет жеңілдік санатындағы азаматтар үшін субсидия бөледі. Солардан бастау керек. Яғни, мемлекет ақша бөліп отырғандықтан олардың қанша, қалай жүріп жатқанын бақылауға алуы тиіс және жүргендеріне байланысты қаражат бөледі, – дейді Константин Зайцев.

– Ал кондукторлар, біздің жағдайымызда, атқарушы компания Астана LRT тарапынан қойылуы керек. Енді қараңыз, сіз отырған автобус жеке тасымалдаушы. Сіз жол жүру ақысын электронды жүйе арқылы төлейсіз. Ол ақша атқарушы компания Астана LRТ шотына түседі. Кондуктор Астана LRТ қызметкері болғандықтан жолаушыны жіті бақылайды. Ал кондуктор мен жолаушы өзара келісіп алмауын жүргізуші бақылайды. Себебі автопаркке ақша Астана LRТ береді. Осылай мәселені шешуге болады, – дейді ол.