Астанада автобуста көлік картасын қолданбайтындарды бақылау күшейеді
Елордадағы автопарктердің қызметіне көпшіліктің көңілі толмай-ақ қойды. Ал Астана LRT мәселені арба сынбайтын өгіз өлмейтіндей етіп шешу үшін барын салып жатыр.
Осы жолы, арнайы әлеуметтік жәрдемақы кітапшаларын көрсетіп, тегін жүретін әлеуметтік жағынан аз қамтылған топты бақылауға кіріспек. Жайдан-жай емес, әрине. Мәселен, Astra Plat көлік карталарына ауыстырып алғандардың тек 67 пайызы ғана арнайы жәрдемақы кітапшаларын пайдаланатын көрінеді.
Оқи отырыңыз: Алматы автобустары неге кешігеді? Көлік холдингі түсініктеме берді
Бәріне есеп керек. 25 мың адам қайда кетті?
– 2018 жылдың басында жаңартылған мәліметтерге сәйкес, елордада 114 мыңға жуық тұрғын әлеуметтік жәрдемақы кітапшасын пайдаланады,– дейді Астана LRT компаниясының баспасөз қызметі.
Және де жолда жүру ақысын электронды төлеу жүйесі енгізілгеннен бері олардың 76 мыңы ғана кітапшасын есімдері жазылған атаулы көлік картасына ауыстырған.
Олардың саны күн сайын өсіп жатыр. Алайда, алаңдататыны бұл емес. Мәселе атаулы көлік картасын пайдаланбай жүрген тұрғындардың көптігінде болып тұр.
Компанияның есебінше, атаулы көлік картасын алған 76 мың адамның 51 мыңы ғана қоғамдық көлік қызметін ұдайы пайдаланады. Сонда қалған 25 мың адам қайда?
Оқи отырыңыз: Астанада автобустарда қолма-қол жолақы қымбаттайды
1700 карта бұғатталып жатыр
– Міне соны тексеріп, анықтау керек. Өйткені оларға қала бюджетінен ай сайын қаражат бөлініп отыр. Ол ақша бізге де емес, автопарктерге кетіп жатыр. Олар не автобуста жүрмейді, не жүргеннің өзінде карталарын валидатор арқылы жүйеге тіркемей, кондукторға көрсете салады. Ал бізге есепке алынып, тіркелгені керек, – дейді компанияның баспасөз қызметі.
"Астана LRT" алдағы уақытта осы мәселені қолға алуды көздеп отыр. Оған себеп, біреудің жеңілдік кітапшасын пайдаланып, жол ақысын төлеуден жалтарғандар да шыққан.
Қазір өзге адам пайдаланғаны дәлелденген осындай 1700 карта қара тізімге енгізілген.
Оқи отырыңыз: Astra Plat көлік картасын қалай алуға болады?
Жұрт жеңілдік кітапшасын қолдан жасап ала бастапты
Бірер күн бұрын өзін астаналықпын деген әйел адам осындай жалған "Әлеуметтік жәрдемақы" кітапшасын көрсеткен. Қоғамдық көлікті бақылау департаментінің инспекторлары ол әйелдің куәлігінің қолдан жасалғанын сол жерде-ақ анықтапты. Ол үшін зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың базасынан тексерсе жетіп жатыр екен.
Инспекторлар сол жерге полиция қызметкерлерін шақырады. Қазір жалған құжат көрсеткен қала тұрғынына қатысты Есіл аудандық ІІБ-де ҚР Қылмыстық Кодексінің 385 бабының 1 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Оқи отырыңыз: Астаналық автобустар жаңа жылдан бастап толық электронды төлем жүйесіне көшеді
Қылмыстық кодекске сәйкес, жалған құжаттарды қолдан жасағанға екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады (2018 жылы АЕК – 2405 теңге. Яғни, айыппұл 4 810 000 теңге көлемінде болады).
Немесе осы мерзім көлемінде түзету жұмыстары не бас бостандығын шектеу, болмаса, тіпті, бас бостандығынан айыру көзделген.
Жолда жүру ақысын электронды төлейтіндер көбейді
Компанияның мәліметінше, салыстырмалы түрде алсақ, 2017 жылы олардың саны 5-8 пайыз шамасында болған екен. 2018 жылдың қаңтар айында көлік картасын пайдаланатындар саны күрт өсіп 26 пайызға жеткен.
Ал әлеуметтік жеңілдікке ие болғандар атаулы картаны қоғамдық көлікте күніне 15-16 мың рет пайдаланады. Мысалы, қаңтардың 10-на дейін күн сайын орта есеппен әлеуметтік жеңілдігі бар 19 мың адам арнайы Astra Plat картасын қолданса, бүгінде олардың саны 30-35 мыңға жеткен.
Оқи отырыңыз: Автобуста билет алмаған жолаушы 68 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін
Миллиардтар 90 теңгеден құралады
"Астана LRT"-ның басты мақсаты – жыл сайын автопарктердің қалтасына кетіп жатқан миллардтаған теңгені жүйелі түрде есепке алу.
Ал, Астанада күніне шамамен 850 мың адам қоғамдық көлікпен қатынайды. Оның 50 мыңын әлеуметтік жеңілдік иелері дегеннің өзінде, 72-73 млн теңге кіріс келеді екен. Бұл – айына 2,16 млрд теңге деген сөз! Аз ба, көп пе пайымдай беріңіз.
Компанияның баспасөз қызметі, қазірдің өзінде жұмыстарының нәтиже беріп жатқанын айтады. Тек, нақты динамиканы байқап, саралау үшін әлі бір-екі ай күту керек.
Наурыздан бастап қала қонақтары да жолда жүру ақысын электронды төлей алады
Олар үшін арнайы бірнеше күнге жарамды қағаз көлік картасы шығарылады.– Aл Аstra Plat көлік картасын кез-келген терминалдан сатып алу мүмкіндігі жасалады. Сонымен қатар "BUS/километр" жүйесі сынақ түрінде енгізілу мүмкіндігі қарастырылуда, – дейді компанияның баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Астанада "BUS/километр" жүйесі сынақ түрінде енгізіледі. 3800 теңге туралы әңгіме әлі аяқталған жоқ
"BUS/km" – халықаралық тәжірибе. Жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Дегенмен, бұл жолаушылар тегін жүреді дегенді білдірмейді. Мемлекет жол жүру ақысының белгілі бір бөлшегін ғана төлейді. Мысалы, сіздің жолақысына төлеген 90 теңгенің үстіне қазынадан 50-100 теңге (нақты қанша екені есептеледі) қосылады.
Осылайша, автопарк үшін жол жүру ақысы қымбаттайды. Ал ол үстеме ақша қазынаның қалтасынан шығып отырған соң, автопарктің жұмысы бақылауға алынады. Егер, тасымалдаушы жақтан қызмет дұрыс көрсетілмей, халықтың көңілінен шықпай жатса, автопаркке қатаң жаза қолданылатын болады.
Енді көлік картасы бола тұра, тіркелмесеңіз – жазаланасыз
Яғни, автобусқа мінгеннен кейін қалтаңыздағы көлік картасын валидация жасамасаңыз, жауапқа тартыласыз.
Айыппұл екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 4810 теңге.
Жаза әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 622-бабы "Қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікті пайдалану қағидаларын бұзу" бойынша "Қоғамдық көлікте жол жүргені үшін ақы төлеуден жалтару" бойынша белгіленеді.
Оқи отырыңыз: "Сергек" камераларына түспеудің амалдары (видео)
Сұрағыңыз болса, қоңырау соғыңыз
Компанияның байланыс орталығының қызметкерлері қоғамдық көліктегі қызмет көрсету сапасына қатысты барлық сұрақтарға 574-777 номерлі телефон арқылы жауап береді.
Байланыс орталығының жұмыс уақыты: 08.00-20.00 аралығында. Қоңырау шалу тегін.
Орталық қызметкерлері қазір қазақ жəне орыс тілдерінде күніне 700-ге жуық қоңырау қабылдайды. Əрқайсына жауап беруге орта есеппен 100 секунд не 1,5 минут кетеді. Қабылданған əр сауал арнайы жүйеде тіркеледі. Олар қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында астаналық автопарктерге жолданады.
Əр сұраққа супервайзерлер, сарапшылар, бас операторлар, көліктік бақылау басқармасының өкілдері жауап береді.
Оқи отырыңыз: Астанаға қонаққа келсеңіз, абай болыңыз. Автобуста жүру тәртібі өзгерді
"Журналистерге айтарымыз бар"
"Қоғамдық көлікте жолақысын электронды төлеу жүйесіне көшу. Жеңілдігі бар азаматтардың мәселесі" тақырыбы төңірегінде баспасөз конференциясы өтеді.
Брифингтің өткізілу уақыты мен мекен-жайы:
16.02.2018 ж., сағ. 11.00
Астана қаласы әкімдігінің ғимараты, Бейбітшілік к-сі, 11
БАҚ аккредитациясы үшін байланыс:
"Астана LRT" ЖШС Қоғамдық қатынастар департаменті
Тел.: + 7 7172 577 177, ішкі номері 180
Ұялы тел.: 8 701 619 4229, Әлия
e-mail: A.Jarkimbekova@astanalrt.com