Астанаға жыл соңына дейін газ келеді. Жаңалықтарға шолу
Тоқаев Президенттің кадрлық резервіне іріктеу жұмыстарын ашық жүргізуді тапсырды
Президент Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованы қабылдады. А.Жайылғанова мемлекет басшысына Президенттің кадрлық резервін жасақтаудың негізгі аспектілері жөнінде баяндады.
Қ.Тоқаев бастаманы жүзеге асырудың ерекше маңыздылығын атап өтіп, жалпы іріктеу үдерісінің барынша ашық болуын қамтамасыз етуді және барлық мүдделі тұлғалардың онлайн-платформа арқылы қатысуына жағдай жасауды тапсырды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысы 6-шы қыркүйекте өтеді
Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бүгін Елордада ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Қ.Көшербаев жоспарлы жиынға дайындық мәселелерін пысықтады. Ұлттық кеңес қызметінің бағыттары мен тетіктері талқыланып, жұмыс топтары құрылды. Кеңес мүшелеріне куәліктер табысталды.
Астанаға газ қашан келеді?
Энергетика министрлігінің Газ және мұнайгазхимия департаментінің директоры Зияш Қияқбаевтың сөзіне сенсек, "Сарыарқа" газ құбырының барлық объектісінің құрылысы биылғы желтоқсанда аяқталады. Айтуынша, кейбір жұмыс бойынша аздап артта қалушылық бар. "Соған қарамастан биылғы желтоқсанда магистральды газ құбыры құрылысы толығымен аяқталады. Нұр-Сұлтан қаласына да газ бекітілген мерзімде, яғни жыл соңына дейін келеді деп сендірді З.Қияқбаев.
Жоба құрылысының жалпы құны – 267,3 млрд теңге. Газ құбырының құрылысын жүзеге асыру үшін "АстанаГаз ҚМГ" компаниясы (құрылтайшылары – "Самұрық Қазына" қоры мен "Бәйтерек" холдингі) құрылған болатын. Құрылыстың бас мердігері – "ҚазСтройСервис" компаниясы. Қазірге дейін мердігерге 195,1 млрд теңге төленген. Қалған сома жұмыстар аяқталғаннан кейін тапсырылатын болыпты.
"Территория комфорта" тұрғын кешенін сүру жұмыстары қыркүйекте басталады
Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасынан хабарлағандай, осы мерзімнен бастап жаңа үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленеді.
Үйді сүру және құрылыс жұмыстарын "Елорда құрылыс компаниясы" қаржыландырады. Мердігерді табуға да жауапты осы компания. Қаражаттарды "Бәйтерек девелопмент" АҚ бөледі.
"Елорда құрылыс компаниясы" құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр "Нұр Астана құрылыс" ЖШС-мен келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді. "Жобалауға "Мемлекеттік сараптама" кәсіпорнынан қорытындыны алғаннан кейін 9 айға дейін мерзім беріледі. Онда жаңа тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарының ақталу мерзімі көрсетіледі" деп хабарлады "Елорда құрыс компаниясынан".
"Болашақ" стипендиясын ұтып алғандардың тізімі жарияланды
Шетелде мамандар даярлау бойынша республикалық комиссия отырысының шешімі бойынша 188 үміткерге "Болашақ" халықаралық стипендиясы тағайындалды. Білім алушылардың толық тізімі "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның сайтында жарияланды.
Үміткерлерден өтініштер қабылдау 25-ші ақпанда басталған болатын. Стипендиялар 69 мамандық бойынша үлестірілді.
Қарағандыда медициналық сақтандыру жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық сақтандыруды сынақтан өткізу алдын ала кемшіліктерді анықтауға және оларды 1 қаңтарға дейін жедел түзетуге мүмкіндік береді деп отыр. Айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесін тестілеуден өткізуге республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінген. Осы қаражат жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті, глаукома және вирустық гепатит ауруларын ерте анықтау үшін 175 мыңнан астам адамды профилактикалық тексеруден өткізуге де жұмсалады-мыс.
Қарағанды облысын пилоттық аймақ ретінде таңдап алуға аймақта кешенді медициналық ақпараттық жүйенің енгізілгені негізгі себеп ретінде аталды. Облыстағы тіркелгендер тізіміндегі әрбір тұрғын жеке электрондық денсаулық паспортымен қамтамасыз етіліпті.
Tax free жүйесі несімен тиімді?
Пилоттық жобаны жүзеге асыру туралы бұйрық 2019 жылдың 15-ші тамызында күшіне енді. Шетелдік туристерге салықты қайтару жүйесі биыл күзден бастап жұмыс істейді. Әзірге нақты күні әлі белгілі емес. 2022 жылдың 1-ші шілдесіне дейін жүйе пилоттық жоба ретінде Алматының Esentai Mall сауда орталығы маңында іске асады.
Tax free режимі сауда орталығындағы азық-түліктерден басқа барлық тауарлардың 90%-на қолданылады. "Kazakh Tourism ҰК" АҚ-дағылар жүйені іске қосу арқылы Қазақстанға жылына 300 мың турист тартылады деп есептейді. Олардың болжамынша,жүйе 2025 жылға дейін 198 млрд теңгедей табыс әкеледі.
Сәкен Қалқаманов Түркістан облысы әкімінің орынбасары болды
Ол бұған дейін облыс әкімі Ө.Шүкеевтің кеңесшісі қызметін атқарды. Таратылған ақпаратқа сәйкес, С.Қалқаманов идеология, білім, мәдениет, спорт, жастар саясаты саласына жауапты болады.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Елімізде алдағы тәуліктерде күн суытады. Қазгидрометтің мәлімдеуінше, 29 тамыз – 2 қыркүйек аралығында Оралда орналасқан циклон Батыс Сібір арқылы, ал онымен байланысты атмосфералық ауа ағындары Қазақстан арқылы жылжиды. Сондықтан республиканың батыс және солтүстік облыстарында жаңбырлы және салқын ауа райы сақталады. Ал шығысқа және оңтүстік-шығысқа суық және ылғалды ауа массаларының таралуына байланысты, Қазақстанның қалған аймақтарында найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады, күшті жел тұрып, ауа температурасы көпжылдық орташа мәннен 2…4°С-қа төмен болуы мүмкін.
Тengrinews.kz: Жыл басынан бері қанша бала ата-анасының салғырттығынан қаза тапты? Туыстарымен, ата-аналармен арадағы келіспеушіліктер және жалғыздық сезімі өзіне-өзі қол жұмсауға әкелген. Ағымдағы жылы 312 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады, оның 108-і өліммен аяқталды. Жыл басынан бері су айдындарында 123 бала суға батып, 119 бала құтқарылды. Ағымдағы жылы жол-көлік оқиғаларында 118 бала қаза тауып, 2 275 бала түрлі дәрежедегі жарақат алды. Ішкі істер министрлігі азаматтарды өз балаларын қараусыз үйде жалғыз қалдырмауға шақырады.