Қазақстан – Ресей – Моңғолия: виза керек емес, көлікке шектеу жоқ

Қазақстандықтар жиырмадан астам елге визасыз кіре алады. Соның ішінде Ресей мен Моңғолия да бар. Ресеймен Еуразиялық Кеден Одағы арқылы бірігетіндіктен екі елдің шекарасы 24 сағат бойы ашық. Тіптен көлікпен көрші ауылға кетіп бара жатқандай, шекарадан оңай өте бересіз.


Сапарластар. Астана – Кереку тасжолы бойында дем алып, машина тексеруге арналған арнайы орындар бар / Сурет автордікі

Астана – Таулы Алтай – Баянөлгей: 1800 шақырым жол

Ресей жолдары негізінен 98 пайыз жасалған. Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Құлынды ауданы (Алтай өлкесі) мен Моңғолияның шекарасы Ташантыға дейін 1300 шақырымға жуық жол тақтайдай тегіс.

Біз Астана – Кереку – Құлынды – Барнаул – Таулы Алтай – Ташанта – Баянөлгей жолымен жүріп өттік.

Тек бір көңіл бөлетін нәрсе – Қазақстаннан шығуға тиым салынған тізімдікте атыңыз болмасын. Егер салықтан қарызыңыз болса, ол тізімге сізді мемлекеттік сот орындаушылардан тыс жеке сот орындаушысы да кіргізе алады. 40 мың теңгеден артық қарызы үшін сот шешімі шыққандар немесе ұзақ уақыт бойы алимент төлемегендер осы шектеуге ілігеді.


Алтай Республикасында / Сурет автордікі

Ресейдің Алтайы – экзотикалық тұмса табиғаттың ғажайып мұражайы іспетті

Алтай Республикасы – Ресей Федерациясының құрамындағы, Алтай өлкесінен бөлек ұлттық-мемлекеттік құрылым. Жоғары заң шығарушы органы – Эл құрылтай. Ол төрт жыл мерзімге сайланатын 27 депутаттан тұрады. Жоғарғы атқарушы органы – Үкімет, оны төраға басқарады.

Алтай Республикасы Қазақстан, Қытай, Моңғолия жерімен, сондай-ақ Ресей Федерациясының Тыва, Хакасия республикаларымен, Кемер облысымен, Алтай өлкесімен шектеседі. Орталығы – Таулы Алтай (Горно-Алтайск) қаласы.

Жер аумағы – 92,9 шаршы шақырым, халқы – 201,6 мың адам. Батысынан шығысына дейін 360 км, оңтүстігінен солтүстіке дейін 480 км. Ресми тілі – алтай және орыс тілдері. Онда 18 мыңнан астам қазақтар тұрады. Хош ағаш районының 60% тұрғыны – қазақтар.


Алтай Республикасының жол бойындағы ауылдары осындай / Сурет автордікі

Сақтандыру полисін алмай өтпеңіз

Жолда тексеріс аз. Ал, егер қандай да бір себептермен тоқтатып, тексергенде, сақтандыру полисі болмаса, 400-500 рубль айыппұл жазып береді. Оны төлеген дұрыс. Егер ұзақ уақыт бойы төлмесеңіз, аты-жөніңізді қара тізімге кірігізіп, Ресейге қайта кіруді 3-5 жыл шектеуі мүмкін.

Ал, Моңғолияда 20 мың тогрукке (моңғол ақшасының бірлігі) 1 айға сақтандыру полисін алуға болады. Білетін жұрт көбінесе алмайды. Мұндайда Моңғолияның шегарасынан қайтып шығар кезде көлігіңіздің "Моңғол елінің жерін басып жүргені" үшін 6500 тогруктен айыппұл салады. Оны қолма-қол ақшамен төлейсіз әрі түбіртек аласыз. Үнем – 13500 тогрук.

Біз Шүй тасжолы арқылы жүрдік.


Алтайдың тақтайдай жолдары мен қаймағы бұзылмаған табиғаты жалықтырмайды / Сурет автордікі

Шүй даңғыл жолы (Чуйский тракт) – Новосібір қаласынан басталып, Алтай өлкесін, Алтай Республикасын басып өтіп, Моңғолия шегарасына тірелетін асфальт төселген және бетондалған тасжол. Жалпы ұзындығы 962 шақырымнан асады.

Ресейде де, Моңғолияда да жол сақшылары тоқтатпады

Ресейдің Алтай Республикасында, Алтай өлкесінде және Моңғолияның Баянөлгей аймағында бір айға жуық жүргенде, бір рет те сақшы тоқтатып көрмеді. Еркін әрі бейғам өмір.


Семенский асуына қойылған белгі. Алтай тілінде жазылған / Сурет автордікі

Белгі тасқа: "Кайран Алтайым деп, калык каны тогулген. О, камчы сынду кан Алтай!"деп жазылған.

Семен асуы теңіз деңгейінен 1717 метр биіктікте. Таулы Алтай қаласынан 150 шақырым. Оңтүстігінен шыққанда 9 шақырым жол өрлеп, құлдилағанда 11 шақырым жүрдік.


Семенский асуында тоқтап, шай іштік / Сурет автордікі

Шүй тасжолындағы екінші асу – Чике-таман асуы. Асу 1996 жылы толық жөнделіп, пайдалануға берілген.


Тау бөктерлеп асуға шығып бара жатырмыз / Сурет автордікі

Чике-таман асуы теңіз деңгейінен 1295 м. Төрт шақырым көтеріліп, төрт шақырым түсу керек.

Ресейден де, Моңғолиядан да көлік сақтандыру полисын алғаныңыз жөн. Ол өзіңіз үшін пайдалы. Ондай сақтандыру полисін Қазақстанның Ресеймен шегаралас аудан не қалаларынан ала беруге болады. Мысалы, мен Қазақстанның шегаралық тексеру бекетінің қасынан Тойота авенсис (мотордың көлемі 1,8 куб) үшін 3000 рубль ресей ақшасына 1 айға сақтандыру полисін жаздырып алдым. Бұл теңгемен 16-17 мың шамасында. Тәуекелге бел бусаңыз, төлемеуге де болады.


Жол бойындағы демалыс орыны / Сурет автордікі

Жолда атақты Қатын (Катун) өзені 50-60 көл, жүздеген шағын өзен, құзар шыңды таулар бар. Жазы жаңбырлы.

Қатын (Катун) өзені бойындағы саяхатшылар / Сурет автордікі

Еуропа және Ресей теларналарында көрінетін өзендегі желқайықпен алысқан туристер осы жерде де толып жүр.


Желқайықты өзенге салып жатыр / Сурет автордікі

Өзеннен желқайық арқылы жүріп өту – керемет спорт түрі және демалыс болып есептеледі.


Тағы да қайықшылар келді / Сурет автордікі

Жол бойы саяхатшыларға толы елді мекендер. Көлікке қызмет көрсету және демалыс орындары да жеткілікті.

Алтай Республикасындағы жергілікті халық арасан басындағы ағаштарға шүберек байлап, зиярат етедіі. Бұл қазақтардың "ақтық байлау" дәстүріне ұқсайды.


Жол бойындағы арасаннан су алып іштік / Сурет автордікі

Ұлаған ауданы шегарасы ішінде этнографиялық жеке көрмелер бар. Онда жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып қана қоймай, естелік бұйымдар да сатып аласыз.

Алтай Республикасы, Ұлаған ауданы. Жол бойындағы Теленгіт халқының шағын жеке мұражайы / Сурет автордікі

Алтайлар – түркі текті. Әсіресе, қазақ пен қырғызға қатты ұқсайды. Тілдерін де еркін түсінесіз.


Музейдегі заттар. Топчы (бізше домбыра), келі-келсап, саба, түскіиз және басқалар / Сурет автордікі

Көшпелі қазақ пайдаланып келген келі-келсап, саба, домбыра, торсық және түскиіздің алтайша атаулары да негізінен қазақшаға ұқсас.


Діни мүрәсім киімдері мен теріден жасалған бұйымдар / Сурет автордікі

Алтайлар Тәңірлік таным бойынша өмір сүреді. Бұл – ғылымда шаманизм делінеді.


Теленгіт ер-тоқымы / Сурет автордікі

Мұнда жергілікті ұлттардың музыкалық аспаптары қобыз, ысқырық түрлері сатылады екен.


Көрмеде ұнаған затыңызды сатып та ала аласыз / Сурет автордікі

Алтайда жергілікті халық қасиетті санайтын жерлер көп. Соның бірі –Укөк жазығы. Одан Укөк ханшайымы табылған. Төменде Ұлаған ауданының үлкен елдімекендері көрсетілген бағдар белгіні көруге болады.


Жол бойында қойылған белгі / Сурет автордікі

Көрме алдына қойылған ойма ағаш мүсін.


Үйдің алдындағы Тәңірге жалбарынып отырған адам бейнесі / Сурет автордікі

Ресейдің Моңғолияға өткізетін Ташанта шегара бекетіне келдік

Шегара қызметі көлікті де, жүкті де қатаң тексереді. Әрине, түрлі есірткі заттары мен контрабанды заттардың өтіп кетуінен сақтанады. Алдымен көлік жүргізушінің төлқұжатын тексеріп, неше адаммен келе жатқанын базаға енгізеді. Сосын сапарластардың төлқұжатын тексеріп, таңба басқаннан кейін жүкті және көлікті қарайды. Бұл барыста кеден қызметкерлері бағыт-бағдар беріп отырады. Жалпы бейтаныс адамдардың арандатып кетуінен сақтану үшін барлық жерде абайлап жүрген жөн.


Ташанта өткелінде. Алдымызда 19 көлік бар. Кезекте тұрып, шай іштік / Сурет автордікі

Шілде айында Моңғолияны көруге баратын саяхатшылар көп болғандықтан өткелдің жұмыс уақытын 12 сағатқа ұзартыпты. Біз Ресей шегарасынан үш жарым сағатта, ал Моңғолия шегарасынан бір сағатта өтіп болдық. Уақытымыздың жартысы кезекпен өтті.

Моңғолия Алтайы – көшпелі өркениеттің тірі мұражайы


Моңғолияның шегара өткізу бекетінің қасында мотоциклмен қой жайып жүрген малшы / Сурет автордікі

Баянөлгей

Баянөлгей – Моңғолиядағы қазақ аймағы. Ресей және Қытаймен шегараласқан. Ондағы 115 мың адамның 93 пайызы– қазақтар. Моңғолияның батысындағы ең үлкен сауда, қатынас орталығы болып есептеледі.


Достық шоқысына шығып қаланы тамашалау / Сурет автордікі

Баянөлгей қаласының тұрғындарының 95% – қазақтар. Көшпелі мәдениеттің, ғұрыптың жұрнағы іспетті киіз үй қала ішінде де тігіледі. Өлім-жітім мен той-томалақ киіз үйсіз өтпейді.


Қала тұрғындары жаз кезінде өз аулаларында киіз үй тігіп, отыруды дағдыға айналдырған / Сурет автордікі

Қала халқы қала шетіндегі тауларға шығып, дем алуды жақсы көреді.


Қала шетіндегі кешкі серуен. Асқар Шәймарданның отбасымен бірге / Сурет автордікі

Ақсүйек ойнап, ай және жұлдыз көріп қайттық.


Ақсүйек ойнап, айға бата жасайтын қазақтар / Сурет автордікі

Көшпелі халық жылқыны құрметтейді. "Ат – адамның қанаты" деп есептеген. Сетер аттардың не асқа сойылған жылқының бас сүйегіне ақтық байлап, тасқа шығарып қою салты бар.


Тасқа қойылған жылқының бас сүйегі / Сурет автордікі

Қаладан 45 шақырымдағы Меңді көл (Тұлба көлі) де – халықтың тамаша демалыс мекені. Онда балық да жетерлік.


Меңді көлде / Сурет автордікі

Баянөлгейдегі дүкендер жергілікті тогруктен тыс долларды, рубльді және теңгені де еш айырбассыз қабылдай береді. Ал ақша айырбастау үшін мұнда келесіз.


Ақша алмастыру орыны / Сурет автордікі

Теңге – 7,01 тогрук.

Моңғолияда негізінен оң рульді жапон көліктері басым, такси арзан


Тағы бір ерекшелік – мотоцикль-таксилер / Сурет автордікі

Мотоцикль – ең ұтымды такси саналады. Әр жолы 700-1000 тогруктен басталады. Бұл 100 теңге айналасында деген сөз. Моңғолияда 92 нөмірлі бензиннің бағасы – 1720 тогрук. Мөлшермен 240 теңге айналасында.


Баянөлгей авто бекеті / Сурет автордікі

Баянөлгей – елдегі көлік құралдары ең көп үш қаланың бірі

Мұнда негізінен гибридті мотор пайдаланылатын оң рульді жапон көліктері біріншіден жанармайды аз жейді, екіншіден – арзан. Мұндағы көлік бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 2-3 есеге арзан.


Базар алдындағы көлік ағыны / Сурет автордікі

Баянөлгей базары – Моңғолияның батыс бес өлкесіндегі ең үлкен базар

Онда Моңғолияның әлемге әйгілі жүн-тері бұйымдарынан тыс Ресей, Қытай, Корей және Қазақстан заттары самсап тұр. Бағалары да арзан. Әр жерден келген шетелдік алармандар да толып жүр. Мысалы, түбіт-теріден жасалған жергілікті заттарды, жергілікті шеберлер жасаған пышақтар мен домбыраларды, Қытай мен Кореядан енген электрлі және цифрлы техникаларды Қазақстандағыдан екі есе арзанға ала аласыз.


Базардағы домбыра сатушылар / Сурет автордікі

Баянөлгейде негізінен қазақ асханасы. Қонақ үйлер де жеткілікті. Бағалары арзан әрі ұнамды. Әсіресе сүт өнімдері мол.


Базардағы қымызханалар / Сурет автордікі

Сұйық май орнына көбінесе тоңмай пайдаланылады.


Малдың майынан қуырып дайындаған тоңмай / Сурет автордікі

Елде адал еңбекпен нәпақа тауып, таза бизнес жасау баса дәріптеледі. Салық барынша жеңілдетілген. Мысалы, өз жеке үйіңізден шеберхана не сауда ашсаңыз, салық алынбайды. Жұмыс ашу үшін құжат жинап та сандалмайсыз. Бірер сағатта құжатты қолыңызға береді.

Төмендегі суреттегі азамат 50 жастан асқан. Осы жерде арба сүйреп нәпәқасын тауып жүргеніне 15 жылдай болыпты. 2018 жылы Баянөлгей аймағының басшылығы оның таза да адал еңбегін бағалап, "Баянөлгейдің үздік азамат" атағын әрі шетелде демалуға жолдама берген екен.

"Жалпы Аймақтағы әрбір еңбекқор адам сыйлықтан құр қалмайды" – дейді Халықтық партияның аймақтағы жетекшісінің орынбасары Асқар Шәймарданұлы.


Базарда арба сүйреп жүрген бұл кісі – Баянөлгейдің 2018 жылғы ең үздік 9 азаматының бірі / Сурет автордікі

Базарды қадағалап жүрген сақшыларды да, салық жинаушыларды да, тексерушілерді де көрмейсіз.


Базар жанындағы сүттен жасалған сусын сатушылар / Сурет автордікі

Жергілікті ұсталар жасап сататын заттар жеткілікті.


Базардағы пеш, керней және есіктер / Сурет автордікі

Моңғолдар Ғұн елінің 2227, Моңғол мемлекеттігінің 812, жаңа Моңғолияның құрылғандығының 97 жылдығын атап өтті

Надам Ғұн империясының, Моңғол империясының және жаңа Моңғол мемлекетінің құрылған күні әр жылы дәстүрлі түрде тойланады, Моңғолияның ұлттық мерекесі болып саналады.

Мерекеде ұлттық киім кию дәстүрге айналып барады / Сурет автордікі

Шетелдік саяхатшылар да дәстүрлі мерекеге орай көшпелі халық салтын, тұрмысын және ұлттық ойындарын көру үшін Моңғолияға ағылады.


"Асыл мұра" маркалы бәкі-пышақ сатып отырған қазақ әже мен шетелдік турист / Сурет автордікі

Ту – Моңғолияның мемлекеттік белгісі әрі халықтың қасиетті тұғыры есептеледі. Әр жеңімпаз моңғол азаматына ең алдымен туға тәу ету– міндет.


Мереке өтетін жерде ең алдымен ту шығарылады / Сурет автордікі

Мереке кезінде мемлекеттік медальдар таратылып, сыйлықтар үлестіріледі.


Моңғолияның жол және қала құрылысы министрі Бәделхан аймақ басшыларымен бірге ақсақалға "Моңғолияның еңбек ері" орденін тақты / Сурет автордікі

Моңғолша ұлттық киім киген әртістер – негізінен қазақтар. Алайда, наурыз мерекесі кезінде моңғолдар да қазақша киім киіп шығады.


Алдымен мерекелік концерт өтті / Сурет автордікі

Мерекедегі ең үлкен қызық: балуан күрес пен бәйге

Туға тәу етіп, қыран биін билеген балуандар. Шынтағы не жамбасы жерге тиген балуан жығылған болып есептеледі. Тек аймақтық арыстан дәрежесін алған балуан ғана келесі жылғы мемлекеттік балуандар күресіне жіберіледі. Бұл – өте үлкен атақ қана емес елдің абыройы .


Балуан күрес басталды / Сурет автордікі

Стадионға кірген жердегі жайылма сауда орындары мен тойға асыққан адамдар легі мол.


Дәрежесін көрсететін білдіретін бас киім киген балуандар / Сурет автордікі

Екі балуанның бас киімін ұстаған екі төреші. Күрес екі балуанның бірі жығылғанға дейін жалғасады.


Белдесіп жатқан балуандар мен балуанның дәрежесін көрсететін бас киімін ұстап тұрған төрешілер / Сурет автордікі


Ұзаққа созылған күрес кезінде белдесуді тоқтатып қойып, шай ішуге де рұқсат береді / Сурет автордікі

Насыбай шақша ұсыну салты – Моңғолдар құрметтеген адамына насыбай шақшасын ашып ұсыну салты бар. Шақшаны алған адам да насыбайды иіскеп, қақпағын жаппай қайтарып беруі керек.


Моңғолдың насыбай шақша ұсыну салты / Сурет автордікі

Той келесі күні Бәйгетөбеде жалғасты

14 шілде. Бәйге – көшпелі халықтың ең үлкен спортық додасы. Бәйге атын баптау мен таңдау өте үлкен білімді қажет етеді.


Бәйгетөбенің үстіндегі белгі. Бұл жер де – туристердің көп келетін орны / Сурет автордікі

Оба – моңғол ұлтының қасиетті, тәу ететін жері есептеледі. Обаның түрлері көп...


Бәйгетөбедегі оба / Сурет автордікі

Бәйге түрлері: тай жарыс, құнан жарыс, ат жарыс, айғыр жарыс және жорға жарыс деп бөлінеді. Айғыр денелі әрі күшті, жүйрік болғандықтан бөлек жарыстырылады.

Ат жақсысы кермеде


Бәйге атын жетектеп барады / Сурет автордікі

Атты бәйге болардан бірнеше күн бұрын әкеліп тынықтырады және баптайды.


Атқа жем беру / Сурет автордікі

Үкілеп бәйгеге қосу деген осы. Бәйге атына кежімдеп, төбесін түйіп оған үкі қадайды. Құйрығын өреді.


Бәйгеге дайындық / Сурет автордікі

Бәйгеге ат қосу ұлттың қанына сіңген. Ал жүйрікке көрсетілер құрмет те өзгеше.


Кекіліне орден таққан ат / Сурет автордікі

Аламан бәйгеде үлкен аттар 25-30 шақырым алысқа айдалады.

Үздік-создық келіп жатқан аттар.


Бәйге / Сурет автордікі

Топты көргенде арындай шабатын жүйріктер жетерлік. Жалпы жылқы малы өте намысшыл болады.


Ат келді / Сурет автордікі

Моңғол үкіметі шабандоздардың жаралануының алдын алу үшін арнайы киім стандартын бекіткен. Сол негізде қалың су мен күн өтпейтін шалбар, нөмірленген шапан әрі бастарына арнайы каска киеді. Оның үстіне атқа да жеңіл тоқым салады.


Шабандоз мемлекет бекткен арнайы киім киеді / Сурет автордікі

Бәйгеде қара үзіп келген Көкқыздың жирен төбел аты. Бәйгеден келген аттың терін маңдайына жағып ырымдағандарды да көзіміз шалды.


Бүгінгі бәйгенің бас жүлдесі жирен төбел атта / Сурет автордікі

Бәйгетөбенің бауыры жәрмеңкеге ұласады. "Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналады" деген осы. Бұл да – несібесін терген елдің тірлігі.


Бәйгеге келген халықтың көліктерінің бір бөлімі / Сурет автордікі

Мәре – бәйгеден келген аттарды ұстайтын, бағалайтын орын. Онда ат ұстайтын даяшылар тұрады.


Мәре. Сақшылар халықты мәреге жібермей тұр / Сурет автордікі


Атты сақшы / Сурет автордікі

Бәйгеге келген адамның әрбірінде өз шатырлары бар. Машиналарын қойып, қасына шатырларын жайып, демалады. Енді бір жағынан бәйге көрсе, тағы бір жағынан жәрмеңке аралайды.


Әркім өз шатырын ала келеді / Сурет автордікі

Шетелдік саяхатшылар да қаптап келіп, көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, тамсанып қайтады.


Киіз үй алдында тұрған байкер мотоциклдері / Сурет автордікі

Қараша үйдің сыртында да, ішінде де толып отырған тамақтанушылар. Базар қызып тұр.


Кәуап қақтап тұрған саудагер / Сурет автордікі

Шатырлар мен киіз үйлер арасы толы адам.


Жәрмеңке басталып кетті / Сурет автордікі

Осы базарды көру үшін арнайы келетіндер де бар.


Жайма / Сурет автордікі

Тойға келген көліктер 7 қатар етіп тізіп тоқтатылған. Ортасында көлігі қалғандарға шығып кету қиынға түсіп, той тарқағаннан кейін де сауда біразға созылады.


Жәрмеңкенің көрінісі / Сурет автордікі

Мемелекеттік той әр жылы шілденің 11-15 аралығында аталып өтіледі.

Баянөлгей қазақтың отауынан – көшпенділіктің қарашаңырағына айналып барады

Баянөлгей – Моңғолияның ірі сауда әрі саяхат орталығы. Онда қазақтың көшпелі тұрмыс тіршілігі әлі сақталған. Ал бүркітшілері әлемге танылған.

Моңғолия, Баянөлгейдің Делун ауданының 80 жылдығы салтанатына жиналған құрметті қонақтар мінбеде. Әлемге әйгілі түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы – осы ауданның тумасы екен.


Делун тойының сахынасында құрметті қонақтар. Аудан Құрылтайының төрағасы Нұрбек мырза сөз сөйлеуде / Сурет автордікі

"Той десе қу бас домалайды" демекші жауынға қарамай жиналған халықта есеп жоқ.


Жауынға қарамай жиналған тойшыл қауым / Сурет автордікі

Той кезінде қонақтарды киіз үйде күтеді.


Жасы сексенге келсе де ат арытып Германиядан келген Әбдірахмен Шетін ағамыз / Сурет автордікі

Қазақ өмірінің тірі музейі – Алтай


Алтайдың Қазанбай дарасында жайлап отырған ауыл / Сурет автордікі

Малы мыңғырып, түтіні түзу ұшқан малшы ауылы.


Суға түсіп келе жатқан жылқы үйірі / Сурет автордікі

Қазақ баласын санамайды және санын да айтпайды. Баянөлгейдегі халықтың өсімі Моңғолия бойынша алдыңғы орында. Балалар мен үйленбеген жастардың саны 50%-дан асыпты.


Баланы санамайтын халықпыз / Сурет автордікі

Таза ауада құнарлы тамағын ұсынатын ақ жүрек адамдардың тірлігі осылай жалғасып жатыр.


Тайға мінген бала / Сурет автордікі

Түтін түзу шығып, бағың таймасын, базарың тарқамасын Баянөлгейлік қандастарым!

Киіз үй – музей емес / Сурет автордікі