Астана мен Алматы әкімдіктері журналистердің бетін қайтарды. Митинг болмайтын болды
Мәселе неден басталды?
13 ақпан күні бұрынғы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі "Ашық үкімет" порталына кезінде Мәдениет министрлігі бекітіп кеткен "Журналистерді аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" ережеге ұсынған өзгерістерін жариялады.
Она бұйрықтың журналистерді аккредитациядан өткізу туралы алтыншы тармағынан бастап өзгеріс енгізу ұсынылған.
6 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі немесе өкілеттілігі негізінде редакция өз журналистерін аккредиттеу үшін мемлекеттік органдарға немесе өзге де ұйымдарға осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары бас редакторының немесе меншік иесінің қолы қойылған өтініш береді", – делінген ереже өзгерісінде.
Осы өтінішке қоса:
- Аккредиттелуші журналистің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- Бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі немесе телерадио таратуға өкілетті органнан берілген мерзімді баспасөз басылымын немесе ақпараттық агенттіктің немесе теле-, радио арналардың есепке алу туралы куәлігінің көшірмесі;
- Журналистің аккредиттеуші органның ішкі тәртібі мен модератор орнатқан регламентті сақтау туралы жазбаша келісімі (еркін түрде);
- Бұқаралық ақпарат құралдары мен журналист арасындағы шарттық қатынастарды растайтын құжаттардың көшірмесі;
- Өтініш бұқаралық ақпарат құралының редакциясының атынан берілген жағдайда, өтінішке осы тармақтың екінші бөліміндегі құжаттардан басқа бұқаралық ақпарат құралының меншік иесінің журналисті аккредиттеудің тиісті рәсімін өткізу үшін берілген сенімхат тіркеледі.
- Өтініш интернет-ресурстың меншік иесі атынан берілген жағдайда, өтінішке осы тармақтың екінші бөліміндегі құжаттардан басқа интернет ресурсты меншігі екендігін дәлелдейтін құжат қосымша тіркеледі.
Министр (болып кеткен) Дәурен Абаев журналистердің сұрағына жауап бергенде, бұл өзгерістердің бірнешеуін қайта қарау керек шығар деген. Өйткені, оның пікірінше, ережеге өзгеріс жазған адамдар қателесуі де мүмкін.
Нақтылап өтсек, Абаев "журналистің аккредиттеуші органның ішкі тәртібі мен модератор орнатқан регламентті сақтау туралы жазбаша келісімі (еркін түрде)" туралы айта келе, "модератор туралы" жерін түзететін шығармыз деген.
Министр сондай-ақ, "бұқаралық ақпарат құралдары мен журналист арасындағы шарттық қатынастарды растайтын құжаттардың көшірмесі" деген сөйлемді де қайта дұрыстап құрастыру керек дейді.
Ал, журналист шара өтіп жатқан мекеменің ішкі регламентіне неге бағыну керек деген сұраққа Абаев бұл өзгеріс "бір іс-шараға келіп, бірнеше кабинетті аралап кететін журналистерге қатысты көп шағым түскен соң" енгізілмек деп жауап берген болатын.
Ережедегі екінші үлкен өзгеріс, яғни, қандай жағдайда мекеме немесе ұйым журналисті аккредитациядан өткізуден бас тартады деген тармақты қамтып отыр. Бұл өзгерістің төртінші пунктісі қызық. Ал, жалпы, Министрлік аккредитациядан өткізбей қоятын мынандай төрт себепті ұсынған.
"Журналисті аккредиттеуден бас тарту туралы шешім мынадай жағдайларда қабылданады:
- Осы Қағидалардың 6 тармағында көрсетілген құжаттар жетіспеген жағдайда;
- Өтiнiштiң мазмұны талаптарға сәйкес келмегенде;
- Бұқаралық ақпарат құралының немесе теле-, радио арналардың қызметін тоқтата тұру туралы заңды күшіне енген сот шешімі болған жағдайда;
- Отырыстар, кеңестер және өзге де шаралар өткізілетін орында өзге журналистерді аккредиттеу мен орналастыру жүргізілген жағдайда журналистерді орналастыру мүмкіндігі болмаса".
Төртінші пункте қатысты Абаев "сөйлем дұрыс құрастырылмаған, тағы қарау керек деп ойлаймын" дейді.
Бірі "кешіктіңдер" дейді, екіншісі жөндеуді сылтауратты
Ереже өзгерістері ашық жарияланғаннан кейін тілшілер қауымында шу шықты.
БАҚ өкілдері "Журналистерді аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кезінде бекітіп кеткен 2013 жылғы №138 бұйрығына ұсынылған өзгерістерге қарсы жиналмақ болды.
Алматылық, астаналық әріптестер митингке рұқсат сұрау хатын 15 ақпан күні жазды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Астанада митингке рұқсат берсе, өзім де келіп қатысамын деген еді.
Бірақ, екі қала басшылығы журналистер митингісіне рұқсат бермеді. Себептері әртүрлі.
Астаналық журналистер митингті Пушкин көшесі мен Құдайбердіұлы даңғылының қиылысындағы алаңда өткізбекші болған. Алаңның өзінде емес, оның арғы жағындағы ескі құбырға жөндеу қажет болып қалыпты. Қала басшылығы алаң маңындағы жөндеу жұмыстарын негізге алып, журналистердің митингісін өткізуге рұқсат бермеді.
Алайда, астаналық әріптестер әкімдіктен егер бос болмаған алаңның орнына баламалы жерді ұсынуды сұраған. Қала басшылығы ол өтінішті ескерусіз қалдырған.
Алматылық әріптестерге қалалық әкімдік "кешіктіңдер", яғни, жиынды 2 наурыз күні өткізу үшін өтінішті он күн бұрын беру керек деген. Айта кету керек, екі қаланың белсенді тілшілері 15 ақпан күні хат жазған. Алматы әкімдікі 22 ақпан күні журналистердің өтінішін дұрыс жазылмаған, қайта жазып тапсыру керек деп қайтарған.
Алматылық журналистер қайта хат жазып, қарау күнін алғашқы өтініш берілген күннен, 15 ақпаннан бастауды сұраған. Бірақ, бұл өтініш те ескерілмеген.
"Бейбіт митингтерде ешкімнің көзі шығып, басы жарылған емес"
Іnformburo тілшісімен әңгімелескен "Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры жанындағы сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова бейбіт жиын өткізуге Конституция бойынша кез келген адамның, ұйымның құқығы бар екенін еске салды.
– Журналистерді, өзге азаматтар сияқты бейбіт митингке шығып, өз пікірлерін білдіруге Конституция бойынша құқығы бар. Бірақ, Ата заңда бар болғанымен, соңғы жылдары митингті белгілі бір орындарда ғана өткізуге болады және оған рұқсат сұрау керек деген ережелер шығып жатыр. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтау, жаяу адамдар мен көліктерге кедергі келтірмеу мақсатында жасалған әрекет деп айтылады.
Дегенмен, осыдан он-он бес шақты жыл бұрын, журналистер болсын, қоғамдық ұйымдар болсын, митингілейміз десе, Алматыдағы "Сарыарқа" саябағының артында, Ленин ескерткішінің жанына жиналатын еді. Әрине, рұқсат сұрайтын және рұқсат берілетін. Мен сол уақытта митингіге шыққан адамдардың өз ойларын айтқанын көргенмін, білемін. Күштік құрылымдардың өкілдері де келіп тұратын, – дейді медиа сарапшы.
"Құқық қорғаушы ретінде қаншама митингке қатыстым, ешкімнің көзі шығып, басы жарылған жоқ. Ол аз десеңіз, бір бос шөлмек тастап, жеген кәмпиттерінің қағазын да тастамай, жинап әкетеді".
Митинг сөзі негізінен ағылшын тілінен аударғанда "кездесу, пікір айту" деген мағынаны білдіреді. "Ал, осындай кездесулерге рұқсат бермеу, пікір алмасуға кедергі жасау – меніңше жабайылық, өз халқына сенбеу. Өз халқының аузын жабу арқылы бір нәтижеге жетеміз дейді. Бірақ, жабулы қазан бірде болмасын бірде жарылады", – дейді ол.
"Ережеге ұсынылған өзгерістерде заң бұзушылық анық байқалады"
Заңгерден аккредитациялау ережесіне ұсынылып отырған өзгерістердің қаншалықты заңды, ал қаншалықты журналист жұмысына кедергі жасауы мүмкін деп сұрадық. Ғалия Әженованың айтуынша, біріншіден коммерциялық құпия туралы, екіншіден, қоғамның ашық ақпаратқа қол жеткізу туралы түсініктерді жойып отыр.
– Бұл жерде көзге ерсілеу көрінетін өзгерістің бірі – аккредитация сұраған мекеменің журналист пен жұмыс беруші арасындағы еңбек шартын талап етуі, – деп бастады Ғалия Әженова. – Алдымен, еңбек шарты дегеніміздің не екенін талдап алайық. Бұл құжат – жұмыс беруші мен жұмыс істейтін адамның арасында жасалатын контракт. Ол келісімде БАҚ өкілінің қандай қызмет атқаратынымен қатар, оған берілетін жалақы мөлшері жазылады. Мәселен, ол – коммерциялық құпия болуы мүмкін. Егер тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы болса, бәрінен де тәжірибесі мол, аналитикасы мықты, ойы өткір журналистке жоғары жалақы ұсынады.
Немесе, керісінше, өзінің кандидатурасын ұсынып отырған адам "300, 500 мың теңге төлесеңіз ғана жазамын" деп, шартын қояды. Егер бас редактор оның ұсынысын қабылдаса, келісімшарт жасалып, өзгелерден басқа жалақы бекітіледі. Ал, келісімшарт көшірмесін жіберудің өзі коммерциялық құпияны ашу".
Екіншіден, медиа сарапшының айтуынша, фрилансерлер арасында танымал аналитиктер, публицистер, блогерлер бар. Олар көбіне келісімшарт жасамай, өзінің аналитикаларын ұсынып, гонорар алып отырады. Кейде олардың қызмет көрсету туралы бір реттік келісімшарты болады, ал көбінде, жұмыс келісімшарты жасалмайды, яғни, өзгеріс қабылданса, осы адамдар аккредиттеуден өте алмайды.
– Негізі, журналист ақпаратты өзі үшін іздемейді. Өзі үшін ғана жүрген болса, үндемей, өзіне керегін біліп алып отыра беретін еді. Бірақ, журналистің негізгі міндеті мен жұмысы – қоғамға билікте не болып жатқанынан ақпарат ұсыну. Қоғам үшін жұмыс істейтінін ескерейік.
Онда аккредиттеу ережесіне жаңа өзгеріс енгізу – бұл бүкіл қоғамды мемлекетте не болып жатқанынан, мемлекеттік органдардың істеп жатқан жұмысынан, проблемаларды шешіп жатыр ма, жоқ па, тиісті ақпараттан айыру.
Бірақ, тым болмаса бір жыл журналист болып жүгірмеген, жарты жыл болсын, монтаждан шаршамаған, сюжет үшін сұхбат іздемеген адам бұны түсінбейді, – дейді ол.
"Жаңа өзгерістер – журналистерді торға қамаудың амалы"
"Жас Алаш" порталының редакторы Руслан Ербота болса, бұрын депутаттардан журналист қашса, қазір керісінше, депутат журналистерден қашады дейді.
– Министрлік ұсынып отырған журналистерді аккредитациялау ережесінің өзгерістерін, соның ішінде мекемелердегі ішкі тәртіпке бағыну, модератордың регламентін сақтау керек деген жаңалықтардың неге қажет болып отырғанын түсінбедім. Себебі, осы уақытқа дейін мемлекеттік мекемелер болсын, халықаралық форумдар болсын, тіпті, үлкен саммиттер болсын, қандай да бір шараларда Қазақстан журналистері шу шығарып, төбелескен емес. Бұл – бірінші мәселе, – дейді.
Руслан Ербота өзі ең алғаш келген кездегі, яғни,1999 жылдардағымен дәл қазіргі журналистиканы салыстырды.
– Бұрын Парламентте жүргенде Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Фариза Оңғарсынова, Тито Сыздықов сияқты көптеген депутаттардан біз, журналистер қашып жүретінбіз. Жеке басым қашатынмын. Өйткені, ол кісілер бізді ұстап алып, "Мен кеше осындай өзекті мәселе көтердім, неге сен газетіңе соны жазбайсың?" деп алқымнан алатын. Ол кезде Парламенттің төрағасы Жармахан Тұяқбай болды, – деп еске алды ол.
"Ал, қазір журналистерден депутаттар мен шенеуніктер қашатын жағдай кәдімгідей орнығып қалды. Мүмкін, бұл бір партиялық тізімнің де әсері шығар. Өйткені, жасыратыны жоқ, депутаттарға сұрақ қойсаң, олар бізге партия рұқсат бермейді, біз медиа жоспар бойынша ғана жауап бере аламыз деп қашады. Үкіметтегілер де солай".
Билік пен журналистер арасында диалог болсын деп ашылған орталық коммуникациялар қызметі туралы да айтылды. Руслан Ербота айтқандай, бұл – басында жақсы алаң еді. Өйткені, шараға қатысып, қоятын сұрағыңды еркін қоя беретінсің. Бірақ, кейін өздеріне жақпайтын журналистерге микрофон бермейтін болды, сұрақ қойғызбайды.
"Сондықтан журналистердің жалғыз амалы – Үкіметке барғанда, Парламентке кіргенде немесе мемлекеттік органдардың шараларында шенеуніктер мен депутаттарды қуып жүріп, пікірін білу ғана. Осы оқиғалардың жүзімен қарасақ, министрлік ұсынып отырған өзгерісті өз басым журналистерді торға қамап қоюмен тең деп түсінемін"
– Бірақ, мен мынаны түсінбеймін: осы өзгеріс биліктің өзіне керек пе? Өйткені, бұл өзгерістер қабылданса, журналистер мүлде ұйықтап қалады. Сонда Үкімет халыққа өздерінің бағдарламаларын қалай жеткізеді, халықтың өзіне деген сенімін қалай оятады, халық пен биліктің арасын қалай жақындатады? Журналистер ұйықтаса, ешкімге қызықсыз сюжеттер түсіріліп, қызықсыз материалдар жазылады. Ал, халықтың билікке деген сенімі жоғала береді, атқарушы үкіметті жек көре береді. Менің ойымша, осы өзгерісті енгізудегі бар мәселе – Парламент пен Үкіметте жүгіріп жүретін бес-алты журналисті торға қамау, – дейді ол.
"Бізде айтылған заңдар қабылданады, қабылданбай қалуы екі талай. Сіз қалай ойлайсыз, бұл өзгерістер бекітіле ме?" деген сұраққа Руслан Ербота қабылданатынына сенімдімін дейді.
– Бізде қазір проблеманы айтып, баспасөзге шығайыншы деп, жаны күйіп жүрген шенеунік жоқ. Болмаса, заң жобасын әзірлеп жатырмыз-ау, соны халық түсіну керек, осыны мен айтайыншы деп жүгіріп жүрген депутат жоқ. Бәрі тып-тыныш отырғысы келеді. Бұндай жағдайда "Неге ұйықтап отырсыздар?" деп түрте беретін журналистердің аузын жабу оларға тиімді болмақ. Сондықтан, парламентте қабылданатын өзгеріс. Өкінішке қарай, Қазақстан журналистикасын кері итеріп барады.
"Өзгерістер БАҚ-ты құлдай ұстауға бағытталған сияқты"
Ақтөбе облыстық рухани-танымдық "Үш таған" журналының редакторы Бақыт Жаншаева да – өз аймағында жаңа өзгерістерге қарсы пікір білдіріп жүрген белсенді әріптестеріміздің бірі. Бұл өзгерістер қабылданса, Бақыт Жаншаева айтып отырғандай, журналистердің ақпарат алатын дереккөзінің бірден бірі – мекемелер тарататын баспасөз хабарламалары болып қалмақ. Ал, көп мекеменің ондай хабарламалары сығымдалған, қасаң тілде жазылған қойыртпақ, дейді пікір білдіруші.
– Министрлік ұсынған өзгерістерді журналистердің аяқ-қолын матап, аузын жабу деп санаймын. Журналист модератор бекіткен тәртіпті бұзса, регламентті сақтамаса, шенеунікке жақпайтын сұрақ қойса, аккредитациядан айрылады. Сонда сұрағыңды модератормен келісіп қоюың керек екен. Модератор тек өзіне қажеттіні ғана жазғызатын болса, айт дегенін айтқызып отыратын болса, баспасөз еркіндігі деген қайда қалады? Не болады сонда? Мен бұны нағыз цензура деп айтамын. Ал, ҚР Конституциясында цензураға тыйым салынады деп жазылған, – дейді журналдың бас редакторы.
Бұл – министрлік айтқандай БАҚ қызметін реттеу мақсатында жасалған жоба емес, керісінше БАҚ-ты құлақкесті құлындай ұстап, айтқанымен тұрғызып, жүргізіп, өз дегендеріне көндіру. Бұл қоғамды дамытпайды, қайта кері кетіретінін түсінулері керек.