Аңшы әңгімесі. Аң аулау – ақыл мен айланың ісі. Астамшылық жасамау керек
– Аң аулау – қызық қуып, қырып салу емес. Оның өз жөн-жоралғысы, аулайтын және ауламайтын кездері болады. "Бөрінің тәңірі, аңның киесі бар" деген бар.
Біз осыған орай, кезінде күнкөріс үшін қасқыр мен түлкі аулаған аңшы Құндызбай Шошабайұлы ақсақалмен сұхбаттасып қайттық. Ақсақал ақынжанды екен:
Тыңдай-тыңдай көптен соң жалығасың,
Үндемей жатқанды да сағынасың.
Таң атып, күн шалғанда таудың басын,
Көкжалға тосып жатып жолығасың, – деп әңгімесін өлеңмен бастады.
Оқи отырыңыз: Қасқыр торыған ауыл. Қасқыр туралы ырым-танымдар
Қасқырдың опалылығы мен ақылдылығы адам баласына үлгі болуы керек...
– Қасқырдың ұрғашысын бұрынғы заманда "құртқа", "өлекшін" деп, кейін "қаншыр" не "қаншық" деп атаған. Ал еркегін "арлан" деп атайтынын бәріміз білеміз, – деп бастады аңшы әңгімесін.
– Қазақ болсын, басқа түркі халықтары арасында болсын көкбөрі туралы әңгіме таусылмайды. Аңшылық – шертіле берер шежіре.
Қасқырдың күшігі – бөлтірік деп аталады. Жаңа туған бөлтірік бір жылға дейін үйірдің қорғауында болады әрі аң аулауға, сақтануға, қашып құтылуға үйретіле бастайды. Екінші жылынан бастап жеке дара жем іздеуге шығады.
Оқи отырыңыз: Қазақша ғана түсінетін "Жан” деген қасқыр ит 200-ге тарта есірткі тасымалдаушыны ұстаған
Қасқырдың бөлтірігін өлтіріп кетсе, қаншығы өш алу үшін аянбайды. Кейде тамақ жемей, құсадан өледі екен. Сол үшін өлекшін атанған болу керек.
Әдетте қазақ танымында ит және қасқыр 3 айда бір жас жасайды деп есептейді. Қазақ бөрі деп туғанына 2 жыл толған, яғни 5-8 жас аралығындағы қасқырды атайды.
Оқи отырыңыз: Моңғолияға сапар: мұндағы қазақтар қазір мал төлдетіп, уыз жеп, көктеуде отыр
Бөрі – қасқырдың қайтпас қайсар жас кезі. Ал көкжал – үйірдің басшысы. "Үйірлі көкжал" деп осыдан айтады. Үйірлі қасқырлар қарда бәрі тізіліп, бірінің табанын бірі басып, бір ізбен жүреді. Жалғыз қасқыр кетіп бара жатқан секілді көрінеді. Үйірде мықты тәртіп пен бақылау болғандықтан қандай да бір шашау шықпайды.
Сол киелі көк бөрілердің үйірінде тамақ ең алдымен бөлтіріктер мен кәрілеріне беріледі. "Бөрі кәрісін сыйлайды" деген осыдан айтылған. Тіптен жараланып қалған қасқырды да үйірдегілер тастамай, өлгенге дейін сүйемелдеп алып жүреді. "Қасқыр да қас қылмайды жолдасына" деген осыдан айтылған.
Әдетте, күшіктеген қаншырды ұялас деп те атайды. Кейде үйірге қуғын түскен кезде арлан қуғыншыны адастыру үшін өтірік қаша алмаған болып, ақсап, адастыруға тырысады. Оған мүмкіндік болмаса қуғыншыға тіке шауып, өзін өлімге қияды.
Қасқыр үйірінің ақшуланы (қартайып қалғандары) жортқанда үйірді бастайды. Ал көкжал – үйірдің атаманы, иесі болғандықтан үйірдің ең соңында бақылап, басқарып отырады. Үйірі тек бөлтіріктер мен қаншырдан құралса, арлан жол бастайды әрі күзетті де бірге атқарады. Қандайда бір қауіпті жағдай туса, арлан мен ақшулан және бөрілер бірлесе үйірдегі бөлтіріктер мен қаншырларды құтқару үшін күреседі.
Ақсақ қасқырдың айласы
– Атақты Зуқа батырды білесіңдер ғой. Батыр атамыз бүкіл Алтайды уысында ұстап тұрды. Сол жылдары батырдың жылқышылары қос-қос жылқысын қыста жоңғар ойпатына, құмға отарлатып қайтады екен. Онда жабайы жылқы – тарпаңдар көп болады. Тарпаңдар жылқыдан кішілеу, құланнан ірі болады. Оның айғыры үйірін қасқырға алдырмайды. Тіптен, кез келген құйынды, қарлы боранда ыққан жылқыны алып шыға алады.
Соны білетін жылқышылар жылқы үйірлерін тарпаңдарға жақындатып, қосып, алыстан қарауылдап бағады екен. Осылайша тарпаңдармен қан араласыпты. Тіптен бір тарпаң айғыры жылқыға үйірлесіпті.
Сонымен көктемде отардан қайтқанда әлгі тарпаңның айғырын да қоса қайырып, Алтайға оралыпты. Бірде жылқышылар тарпаң айғырды қолға үйрету үшін ұстамақ болады. Алайда тарпаң өте қандес, жансебіл екен. Жылқышылар үлкен сайдағы орман арасына қамап, қолдарына құрықтары мен шалмаларын ұстап, қаумалай бастайды.
Сол маңға жер шалып жүрген Зуқа батыр да келіп қалыпты. Асауды ұстауға батыр да қасындағы серіктерімен қоса жан салып кіре кетеді. Белі жуан мықты аттарымен сайланып келген жылқышылардан қашып құтылмасын білген тарпаң айғыр Зуқа батырға қарай тап беріпті. Батырдың астындағы сыралғы айғыр да тарпаңға қарсы шапқан. Екі айғыр бір-біріне қарсы келіп, шайнаса кеткенде Зуқаның қолы тарпаңның кекіліне ілінген екен. Қарулы батыр тарпаңды бастан басып, тұқыртып әкеткенде әккі жылқышылар қаптап келіп, байлап алыпты.
Сол тарпаңның айғыры қолға да үйренген. Ең кереметі – үйірін қасқырға да алдырмай, бораннан да ыңғайлы жерге ықтатып, алып шығады екен.
Бір жолы, үйірлі көкжалдың айтағына түсіпті. Әсілінде, қасқыр үйірі тарпаңды аңдып, байқап жүреді екен. Бірде ақсақ ақ қасқыр қиралаңдай қашып құлынға тап берген ғой. Тарпаң қуып беріпті. Ақ қасқыр ақсаңдай қашып, айғырды құздың басына шырғалап әкеткен. Дәл сол кезде аңдыған қасқырлар жан-жақтан жабылғанда тарпаң құздан бір-ақ секіріпті.
Міне, болған оқиға. "Құлынның таңын да тарттырмаған" тарпаң айғырдан айласын осылай асырған бөріні қалай ақылсыз деуге болады. Марқұм Зуқа батырдың тағдыры да сол тарпаңның тағдырындай болды. Елдің қамы үшін өзін жауға байлап берді, – деп ескіні еске түсірген ақсақал көзіне ыстық жас алды.
"Ит-құс малымызға тиді"
Малшы ауылда қасқырдың атын атамайды. "Ит-құс" дейді. Атын атаса "күшейіп, мысы басады" деп санайды. Итті де асыл тұқымды маңғыл төбеттерден асырып, атын "бөрібасар" қояды.
Біз малға тиіп, шығындатып кеткен қасқырды ғана атамыз. Себебі, оның кінәсі бар. Малымызға өзі келіп тиісіп отыр. Сондықтан, соған сай жауап беруіміз керек. Қасқырды ұстап беретін де құлқыны.
Қасқыр малды өлтіріп, тастап кеткен жеріне тәуліктен қалмай қайта соғады.
– Осы жылы қапыста қыстаудағы малымызға қасқыр тиді. Біз қасқыр тиген жердің ық жағына барып, бұғынып қасқырдың келуін күттік. Қасқыр таңғы төртте келді. Кәдімгі көк бөрі екен. Жан-жағын шолып болған соң, жемтікке бас қойғанда атып алдық. Бұл жерде бөрінің қателігі – желден біздің иісімізді сезе алмады әрі өзіне тым сенімді болды.
Жайшылықта тоя жеп, асқазанын толтырған қасқыр белгілі жерді бөгенайлап, құсып, құсығын көміп кетеді. Жаз күндері бөлтіріктеріне де құсып береді. Кейде жаралы малды не аңды бөлтіріктеріне әкеліп, жыртқыштыққа баулиды. Ол – өз алдына бір әңгіме.
Қасқыр адамды көрсе не иісін сезсе, белден асып барып, қайта бұрылып басқа бір жерден ақырын артын бақылайды. Яғни адамның аңысын біледі, – деп бөлісті.
Қасқырдың еті баланы көгертіп тастады
– Қазіргі таңда қасқырдың етін жейтіндер көбейіп кетті. Негізі ем үшін жейді. Кейде таңсық ретінде де жейтін секілді. Еті өте керемет – өте ыстықтық қасиетке ие. Жеген соң адамның терін шығарып, денені қатты қыздырады.
Бір жолы Алтайдағы Шұғайып атты ағамның екі жастағы немересі қуырып отырған қасқырдың етінен ауыз тиіп, кейін қызуы көтеріліп, көгеріп қалады. Емдеп жүріп, әрең қалпына келтіргені бар,-деп еске алды Құндызбай Шошабайұлы.
Қасқырдың қаны тиген малдың етін жеген шешеміздің омырауынан сүт шықпай қалған
– Маған босанғаннан кейін шешемізді көршіміз, қойшы кісі шайға шақырыпты. Шайдан кейін үйге келген соң бір омырауы тартылып, енді бір омырауынан сүт орнына көк су шығыпты. Балгер, емші кісіге барғанда қолының тамырын ұстап "қасқырдың етін жеп қойыпсыз, қанға өтіп кеткен. Бірақ балаңызға зияны болмайды" деп қайтарыпты.
Әсілінде сол күні сойылған малды қасқыр тамақтап кеткен екен. Сосын арам өлтірмеу үшін бауыздап алған екен. Шешеміз қасқырдың тісі тиген жеріндегі етін жеген. Содан ағзасы сескеніп қалған, – деп еске алды.
Қасқыр еті адам мінезіне де әсер етеді
Тағы бір ерекшелігі қасқыр етін жеген адамның мінезі өзгереді. Сондықтан ем үшін де байқап жеу керек. Жалпы адам баласы қандай тамақты көп жесе, соған қарай мінезі де, дене табиғаты да бейімделеді.
Мысалы, атақты Ер Жәнібек батырға шешесі жүкті кезінде қасқыр етіне жерік болуы бекерден емес. Кейін Ер Жәнібектің екі көк бөрісі болғаны туралы да аңыз осыдан болса керек.
Қасқырдың дене мүшелерін ырымдап, тағатындар көбейді
Әдетте, қабан ұрғашысын басқасынан қызғанбайды. Ал қасқыр ешқашан бір-бірінен тірі айырылмайды. Өте опалы және бір-бірі үшін жан береді. Сонымен бірге басқа түз тағыларының алдында мысы басым болады.
Сол себепті де қазақтар қасқырды құрметтеп, киелі санаған. Дегенмен салауаты басып кетпесін деп қасқырдың терісін төрге ілмеген. Асығын да белден төмен салып жүріпті.
Бұрынғы заманда адамдар дұға оқытып, қасқырдың асығына тағып жүретін болыпты. Онда елдің алдында қасқыр секілді мысым басып тұрады деп ырымдаған. Сонымен бірге қасқырдың тұмсығын қораға іліп қойса, қойға құтырық (ауру) жоламайды екен. Яғни қасқырдың иісі мен басынан сескенген малға ауру көп жоламайтын болса керек. Енді бір жағынан қасқырдың заты бар болса, иісті тез сезетін жануарлар жоламайды. Мысалы қасқыр терісі тұрған үйге ит кірмейді. Ал қазақтар "ит тұрған жерде иман тұрмайды" деп санайды.
Қазір тіптен, қасқырдың асығынан тыс тісі, тілі, тұяғы, тіптен жыныс мүшелерін де ырымдап алып жүретіндер пайда болды. Оны жоғары бағамен сатып алатындар шықты.
Аңды қорлап өлтіру – кешірілмейтін күнә
Құндызбай ағамыздың айтуынша мұндайлар қатты көбейіп кеткен. Керемет мылтықтармен қаруланып, қарда жүретін көліктерге мінген адамдар қуып жетіп, құлақ шекеден атып, машинаның доңғалағына таптап, қинап өлтіреді.
– Бұлай істеу – аңшылыққа жатпайды. Астамшылық. Аталарымыз "астамшылықтан сақта" деген тілек сөзді үнемі айтып отыратын. Ешқандай себепсіз, ойын мен ермек үшін, автоматпен қырып тастауды астамшылық демегенде не дейміз?
Дала заңын бұзуға болмайды. Обал-сауапты білу керек. Сұрақсыз нәрсе болмайтыны секілді кез келген істі істерден бұрын өзіңді қарсы тараптың орнына қойып көру керек, – деп қынжылды.
– Астамшылық жасап мәшинемен, қарда жүретін көліктермен қуып, атып алады. Аңды қорлап видеоға не фотоға түсіріп, интернет желісіне салып мақтанады. Бұл – барып тұрған ұятсыздық, намыссыздық, адамгершіліктің жоқтығы.
Атам қазақ ешқашан аңды қорлауға жол бермеген. Қырып тастауға тіптен шектеме қойған. "Бөрінің тәңірі, иттің иесі бар", "Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ" деп санаған. Сонымен бірге аң аулау барысында да ататынын, атпайтынын білетін сезімтал, түйсігі жоғары болулары керек. Әйтпегенде, киесіне жолығады, – дейді аңшы.
Қасқыр – түйсігі өте жоғары хайуан
Мысалы, біз қасқыр аулаған кезде о да біздің аулауға шыққанымызды біледі. Екі арада сезім мен түйсіктің арбасуы басталады. Бір-бірінің мысы арпалысады. Кемі бір рет қашып құтылуға мүмкіндік береміз. Олар да оны түсінеді. Кейде олар да бізге мүмкіндік береді. Бір қарағанда тілсіз мақұлық секілді болғанмен, Құдай оған ақыл да, айла да берген.
Оның үстіне қасқыр да – Құдай тағаланың жаратқан аңы. Олардың да жер басып, несібелерін теріп жеуге қақылары бар. Әдетте, біз аң атқанда алдымен ысқырып алып барып ататынымыз осыдан. Яғни, обалына қалғымыз келмейді. Және де аңдардың көбеюі кезінде тиіспейміз. Басқа кездерде де аң-құстардың басшысына тиісе беруге болмайды.
Қасқыр өзін алатын итті туылған кезде сезеді деп айтатын үлкендер. Ретін тапса, күшік кезінде талап өлтіреді екен. Бұл да ғажайып сезімталдық. Тіптен, аңшының мысы басым екенін білсе, тек қашып құтылуды ғана ойлайды. Жеңілгенін мойындайды. Ал көктем кезінде жыртқыш аңдар да аңның төлдейтін кезінде төлдерді жаппай қырып тастамайды.
Мысалы, "құралайдың салқыны" деп аталатын көктемгі киіктің төлдеуі кезінде ет жемей, мойыл деп аталатын көк бас шөпті теріп жейді. Мойыл да дәл сол уақытқа туралап өсіп шығады. "Қасқыр мойын жейін бе, мойыл жейін бе деп айтады" деген сөз осыдан шыққан.
Ауылымызда бұқаның басын айырып жіберітін мықтылар болды
– Біздің ауылда атақты Қазанбай батыр өтті. Анау Қажығұмар Шабданұлының "Пана" романында және Батырхан Құсбегиннің "Зуқа батыр" романында айтылатын Қазанбай сол.
Қазанбай – денелі, алақаны күректей, кеудесі есіктей палуан адам екен. Баянөлгейдің Алтай сұмынында біздің үймен көрші тұратын.
Бір жолы Ұраңхайдың бір байы асау үйретіп бер деп шақырыпты. Қазаекең таңертең байдың үйіне келсе, байдың қатыны сиыр сауып отырыпты. Сауып отырған сиырға қайта-қайта жүгіріп, дәу қара бұқа тыныштық бермеген соң, Қазекең екі мүйізінен алып ұрып шалқалатып құлатып тастапты. Сонда да тоқтамай, қайта тұрып ұмтылғанда екі мүйізінен екі жаққа керіп тартқанда бұқаның басы екі айырылып кеткен деседі. Бұқа өкіріп жер тіреп құлағанда, дауысты естіген байекең үйден атып шыққан екен.
Малының басы, киесі саналатын бұқадан айырылғанын көрген бай Қазекеңе шүйлігедік. Ел тыныштығын ойлады ма, байдың енді тыныш қалдырмайтынын білді ме, Қазанбай сол күні Алтайдың арғы бетіне асып кетеді. Атамыз Зуқаға барып паналаған. Сонда Сарыарқадан тартып, орыстан, татардан жиналған батырлардың арасында болып, 1929 жылы Зуқа батыр шәйт болғаннан кейін Баянөлгейге қайта оралды.
Марқұм тоқсаннан асқан кезінде де қанардағы ұнды желіп келіп, қамшымен бір тартқанда екі бөліп түсіріпті. Қарттың ерлігіне тәнті болған басшылар сол ұнды алдына өңгертіп жіберген екен.
Міне, сондай ұлағатты адамдардан тәлім алдық,-деп ақсақал ұстаздары туралы айтуды ұмытпады.
Менің әкем 7 рет талауға түсті
– Әкем Шошабай Текебайұлы бірнеше тіл білетін, танымал саудагер, жиһангез адам еді. Шығыста Қытайдың Гансу, Шиңхай деген жеріне, оңтүстікте Үрімжі, Алтай өңіріне жиі барып тұратын.
Тіптен, кіре тартып Қазақстанды, Сахаларды аралап қайтатын. Әкеме Байқал көлі қатты ұнапты.
Бір жолы Қазақстаннан бір іс мәшинесін әкелгені есімде. "Қазақстанда аштық қатты екен, бір сақшыға қойдың екі қабырғасын берген едім, мүсәдіралап жатқан байдың іс мәшинесін алуыма рұқсат етті" деп келді.
Әкем ауылға ең алдымен ағаштан қиып отырып, ыстық үй салды. Ауылдағы алғашқы темір пеш те біздің үйде болды.
Үкімет адамдары үнемі малды мүсәдіралап әкетіп тұрыпты. Әкем қайта мал жиып алады екен. Соңғы рет 1958 жылы амалсыздан бүкіл мал-мүлкімен коммунаға өткізді, – дейді ақсақал.
Ата жұртқа ұшақпен оралдық
Бұл 1992 жылдар болатын.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ата жұртқа оралған алғашқы қазақтардың легіміз. Қазақстан үкіметі жүгіміздің көлікпен, өзімізді ұшақпен алдырды. Алғашқы келіп орныққан жеріміз – Шортанды ауданы.
Мылтықсыз түлкі аулап, жан бақтым
90 жылдары сол Шортандыда тұрдым. Бір жолы балалар көршіден екі күшік алып келді. Кәдімгі қасқыр иттің күшігі. Екеуін де тәрбиелеп, баулып, мал жаюға ертіп жүрдім. Ақырындап түлкіге де салдым.
– Кәнігі түлкілер итті тез адастырады. Оны "түлкі бұлтаққа" салды деп атаймыз. Бірақ түлкі қанша айлалы болғанмен әккі ит кездессе, бұлтаққа сала алмайды. Ал екі ит болса, бір-бірінің бөлісіп алған міндеттері бар. Бір ұтылап қуса, бірі алдынан орап шығады. Жер жағдайын жақсы білетін иттер үшін түлкі ұстау қиын емес.
Боранды, ақ түтек күндері түлкі қаша алмайды да бұтаға паналайды. Ондайда соғып алу тіптен оңай.
Тағы бір қызығы иттерім ұстаған түлкілерінің терісін бүлдірмей, менің келуімді күтіп отыратын еді, – дейді.
Қарақасқа атым қатты шәргез болғанмен түлкіні алдымен көретін
– Кеңес Одағы күйреп, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар болатын. 1993 жылы мал бөліске түскенде көрші ауылда әр отбасыға бір-бірден жылқы берілді. Ел ірі аттарды таңдап жатты. Мен жылқы ішінде өсіп, аттың сырын жақсы білетіндігімнен "бір қара қасқа тайға" қолқа салдым. Бастық үлкендеу бірдеме алғысы келмегенімен таңданды да бере салды.
Ауыл біз тұрған жерден 40 шақырымдай алыс болатын. Қайтар жолда жүйрік қара қасқа аты бар Алексей атты көршіме менен қалмай еріп отыруды өтіндім де тайды ерттеп, асау күйінде мініп алдым. Тай сол жерден шыққаннан шапқан беті ауылға бір-ақ келді.
Айтқандай көршімнің қара қасқа атынан қалмадым. Ал басқалардың айғырлары жолда бұрлығып қалды.
Қара қасқа қатты мықты, көмпіс ат болды. Бірақ әр күні таңертең мінгенде мөңкитін. Бірде бір ет жығылып көрмедім. Жылқы малы өте сезгір ғой. Қара қасқа ат қандай тұманды, қарлы боран болса да түлкіні иттерден бұрын көретін. Маған үйренгені сондай түлкі көрген жерден ытқи жөнелетін. Оған қосылып иттерде атылатын. Осылайша қаптап жүріп түлкіні тез ұстап алатын едік.
Бір қыста 27 түлкі алған кезім болды
Қазақта "аң аулап байымайсың" деген сөз бар. Жалпы тоқсаныншы жылдарда өмір қиын кезең болды ғой. 1994 жылы екі итім мен қарақасқа аттың арқасында әр күні 2-3 түлкі соғып алатын күндерім көп болды. Сол кезде бір түлкінің терісі 600 теңге еді. Сәрсенбі сайын түлкінің терісінен тымақ жасайтындар келіп, сатып алатын. Сол жылы қыста, азғана уақытта 27 түлкі соғып алдым. Соның арқасында наннан тапшылық көрмедік.
Теріні илеу де үлкен өнер
Қасқыр мен түлкіні соғып алғаннан кейін терісін көбінесе бітеудей соямыз. Сойып болған соң, айранға не іркітке тұзды көп салып илейміз. Жақсы иленген тері жұмсақ әрі құрғақ болатындықтан ешқашан шірімейді және бөтен иіс шықпайды. Илеген кезде тұзды көп салса, теріні қуырып, суынан тез арылтады әрі тері қалыңдап сапалы болады.
Ал, қазір тері илегенде қосатын химиялық дәрілер пайда болды. Ол табиғи емес. Кейде аң терісінің жүніне де әсері күшті. Ал біз илеген терілердің жүні жылтылдаған тірі, жұмсақ әрі құрғақ болады.
Шыңғысхан бір малдың етін бір қуыққа сыйғызыпты
Құндызбай ағамыздың айтуынша жарты әлемді жаулаған Шыңғысхан өз әскерлеріне азық-түлік алып жүруде көптеген тәсілдерді пайдаланыпты. Бір сиырдың етін тұтастай сүйегінен ажыратып, шикідей кептіріп, үгітіп алады екен. Содан кейін сол сиырдың қуығынан илеп жасалған дорбаға салатын көрінеді.
Шын болса болар. Бір сиырдың еті кептіріп, үгіткенде өзінің қуығына сыйып кетеді екен. Себебі, еттің құрамындағы су кеткеннен кейін, ет өте кішкене болып кеуіп, семеді. Ал оны үгітсеңіз шынымен де бір қуыққа сыйып кетуі әбден мүмкін. Қуықтан ыстық та суық та өтпейтіндіктен, ішіне ауа кірмесе болды, тамақ бұзылмайды.
Ал жорықта жүрген сарбаздар сол талқан секілді етті шымшып жеп қарын тоқтайды. Әрине, құнары кетпеген майлы ет талқаны қуат берері даусыз.
Қазақтар жөнінен алғанда құрт та сүттің ең соңғы жиналған құнары. "Алты малта ас болсын" деп айту да содан.
Жас кезімде бірнеше винтовка ұстадым
1939 жылдары Моңғолия мен Жапон арасындаы Халхин Гол шайқасы кезінде қолға түскен мылтықтан әр аймақ басшыларына бір-бірден таратқан екен. Сол кезде Қаби Бәжіұлына бір жапон винтовкасы тиіпті. Оны Қаби бажасы Мұқаметжан деген кісіге берген. Үйде жатқан оқсыз мылтықты Мұқаметжанның баласы Мейрам деген қызметтесім әкеліп берді.
Бұл сол кездегі аумалы-төкпелі заман туыла қалса керек болады деуден туындаған дайындық еді. Ел тыныш болды ғой. Біз мылтықты тек қызық үшін, сәнге ұстадық. Менде жапон винтовкасынан сырт Калашников автоматы да болды. Басқа мылтық түрлері де көп еді.
Жалпы өте мылтыққұмар едім. Қай жерде мылтық бар десе барып сатып алтынмын.
Жапон винтовкасы Калашников автоматынан мықты
Мылтықтың қарауылын екіге бөлеміз: бірі – жал қарауыл, екіншісі – қасқыр құлақ қарауыл деп аталады.
Жапон винтовкасы жал қарауыл болатын. Ұңғысы жіңішке әрі қысқа болғанмен оқты екі шақырымға жеткізетін.
Бір жолы жапон винтовкасы мен Калашников автоматын салыстырып көрдік. Баянөлгейдің жоғарғы жағындағы тауға апарып, ЗИЛ мәшинесінің доңғалағының диск темірін атып тексеретінбіз. Калашников автоматының оғы темірдің ішіне кіріп, шығатын кезінде қыстырылып қалатын. Ал жапондікі тесіп өте шығатын.
Кейін Қазақстанға көшкенде тастап кетуге қимай, КамАЗ-дағы жүкпен бірге шегарадан өткізіп алып келдім. Заңсыз қару ұстауға болмайтын болған соң, құқық қорғау орындарының адамдарына беріп жібердім. Қазір заңдастырып алған басқа қаруым бар.
Сұңқар қоянның көзін шығарып жібереді
Әкем Шошабай бүркіт пен сұңқарды қатар ұстады. Бүркіт –өте қыран құс. Бабы келіссе, қасқырды, тауешкілер мен қарақұйрықтарға да түседі.
Сұңқар – кішкене құс. Түлкіге шамасы жетпейді. Бірақ қоянды керемет ұстайды. Әкем сұңқарға қоян ұстатып, бүркітіне беретін.
Кейде сабақтан келген соң, сұңқарды алып, қоянға салатынбыз. Бір таңқаларлық жағдай – сұңқар ұстаған қоянның көзі шығып кетеді. Соған қарағанды сұңқар ең алдымен қоянның көзін шығарып жіберетін секілді.
Бүркіт қанжығамдағы түлкіге түсті
Бір жолы қансонарға шықтық. Әкем бүркітін көтеріп жотаға шыққанда, қағушы болып сайда қалдым. Айқайлап, тебінгіні тарсылдатып, тау бауырында келе жатыр едім, алдымнан бір қызыл түлкі атып шықты.
Аппақ қардың үстінде қып-қызыл болып зымыраған түлкіні көрген бүркіт түйіліп келіп, басып қалды. Әкем олжаны қанжығама байлады. Алғашқы олжам үшін мәз болып, түлкіні қапқа салып байлауды ұмытып кеттіпін.
Бір кезде әкемнің бүркіті аспандап ұшып кетті. Сөйтсек аспанда бір бүркітпен ойнап кеткен екен. Қанша шақырсақ та келмеді. Ақыры шаршап, қайтайық деп тұрғанда аспандағы бүркіт бізге қарай ұшып келеді. Біз де қуанып қалдық. Сөйткенше болған жоқ, менің қанжығамдағы түлкіні келіп басты.
Ат үркіп, тік шапшығанда, ауып түсіп қалдым. Бүркіт түлкіге жабысқан күйі аттың үстінде кетті. Сонымен үйге келдік. Таңертең тұрсақ, ат келіп тұр екен. Бүркіт те сол беті түлкінің үстінде жабысып отыр екен. Семіз аттың үсті сауыс боп қатқан мұз, жуасыған. Ал бүркіт түлкіні шеңгелдеген күйі қарысып қалыпты. Сонымен түлкі мен бүркітті үйге әкеліп, шеңгелін жарты сағатта әрең жазып алдық.
Қасқыр аулап, сыйақы алатындар да бар
Еліміздің әр облыстарындағы қасқырлардың саны әр түрлі. Кейде ел аралап көшіп жүретін қасқырлар да болады екен.
Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2017 жылғы биологиялық негіздемесіне сәйкес, Атырау облысы аумағында 2328 қасқыр болған. Облыстық балықшылар қоғамы соның ішінен 187 бөрі тұқымын атуға тендер ұтып алып, оны артығымен орындапты. Тапсырылған құжатқа сәйкес, 132 қасқыр, 42 бөлтірік, 124 шибөрі терісі тапсырылған. Атып алынған бір қасқыр үшін – 25 мың, шибөрі немесе бөлтірік үшін 12 мың теңге сыйақы төленген екен.
Биыл Шығыс Қазақстан облысының 3 ауданындағы қасқырлар малға шаба берген соң, қасқыр аулауға рұқсат берген. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қасқырдың біреуі үшін 12 000 теңге, бөлтірік үшін 6000 теңге сыйақы тағайындаған. Керісінше Қостанай облысында қасқыр саны тым азайып кеткендіктен аулауға тиым салыныпты.
Естеріңізге сала кетейік, қасқыр ауланатын аңдар қатарына кірмейді, ол – реттелуге жататын аң. Аңшылық кезінде адамға қасқыр жолығып қалса, жыртқышты аулап алуға рұқсат етілген.