Шинхуа (Xinhua) агенттігінің хабарына қарағанда Лю Хы (Liu He) 9-10 мамырда АҚШ-та сауда келіссөзін жүргізді. Ол – Қытай Коммунистік партиясы орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, премьер-министрдің орынбасары, Қытай – АҚШ экономикалық келіссөз жетекшісі.

Екі ел ымыраға келе алмады

10 мамырда Бейжің уақыты сағат 12-ден бір минут өткенде, Қытайдан келетін құны $200 млрд тауарына салынып келген 10% бажды АҚШ 25%-ға дейін өсірді.

Ресми Бейжің таратқан ақпаратта Лю Хы: "Кеден салығын үстемелеу арқылы еш мәселені шешуге болмайды, Қытай мен АҚШ-қа, екі елге де, бүкіл дүниежүзіне де тиімсіз. Біз де шара қолданамыз" деген болатын.


АҚШ пен Қытай арасындағы сауда балансы / Сурет Kimberly Amadeo-дан. 2019 жылы 27 наурызда жаңартылған

Бұл туралы Дональд Трамп өз твиттер парағында:

"325 млрд долларлық тауарға 25%-дық қосымша салық енгізу басталды. АҚШ Қытайға 100 млрд доллардың затын шығарады, бұл үлкен теңгерімсіздік" деп жазды.


Трамптың твиттердегі жазбасы / Сурет твиттерден қиып алынып, аударылды

"Қытай соңғы минутқа дейін мәмілеге келгісі келмеді" деді Трамп.

Оқи отырыңыз: Қытай қаупі әлемдік тақырыпқа айналды. "Барлық бәле Қытайдан" деу дұрыс па?

Ол: "Тарифтерді өсіру елімізді бұдан да қуатты етеді. Өткенге көз салып, ойлаңыз. Біз – Қытайдың "мақтамен бауыздайтын" саясатына жол беріп қоятын Обаманың немесе Джоның (Joe) "қалғып-шұлғыған" әкімшілігі емеспіз" деді твиттердегі келесі жазбасында.


АҚШ пен Қытайдың бір-біріне қойған кеден тарифінің өзгерісі / Сурет BBC сайтынан алынды

Еске алсақ, былтыр сәуірде АҚШ құны $50 млрд қытайлық тауардың 1300 түріне кеден салығын 25%-ға көтерді. Кейін бұл шектеу 10%-ға түскенімен, тауар көлемі $200 млрд-қа жетті. Тіптен, $500 млрд-ты көздеп отырғанын Трамп бірнеше рет ескертті де.

Твиттердегі тағы бір жазбасында Трамп Қытайға экспортталатын ауылшаруашылық өнімдерін кедей не ашаршылық туып жатқан елдерге гуманитарлық көмекке жіберетінін хабарлады.

"Қытайдың әділетсіз саудасымен күресіп жатырмыз"

Қытаймен бұл әңгіме жұма күні тағы көтерілді. Оның Трамптың сайлау алдындағы уәделерінің бірі екенін де еске саламыз.

Ол тағы да твиттерде: "Біз Қытай тарапымен ұзақ уақыт бойы жұмыс жасадық. Бірақ Қытай Дүние жүзілік сауда ұйымы алдындағы міндетінен бас тартты. Әсіресе, зияткерлік меншік құқы бар өнімдер үшін солай болды" – деді.

Ондағы басты себептер:

  1. 2018-де Бразилияда өткен G20 саммитінде екі ел басшыcы 90 күндік тыныштықты жариялады. Осы мерзім ішінде келісе алмаса, наурыздан бастап АҚШ салық көлемі мен салық салатын тауар түрін тағы көбейтпек болған. Қытай мәселені бүгінге дейін тағы созып келді.
  2. Өткен аптада Трамптың сауда өкілі Роберт Лайтхайзердің (Robert Lighthizer) Бейжің сапарында Қытайдан үмітін үзіп оралды. Ол зияткерлік меншік құқына қатысты 150 парақ ұсыныстың 30 парағы ғана қалғанын, жартысынан көбі Қытай тарапынан қысқарып қалғанын айтқан болатын.
  3. Қытайдың адамдық құқық мәселесі халықаралық тақырыпқа айналды. Қазір әр елдегі демократиялық күштер наразылық білдіріп жатыр. Бұл АҚШ билігін ойландырып тастады.
  4. Қытай ашық түрде Иран мен Солтүстік Кореяны қолдап, олармен сауда-саттықты дамытып келеді.

"Бұл уақытша..."

Тәуелсіз зерттеуші, журналист Ерғазы Сейтхан бұған сенімді:

– Кедендік салықты көтеруге қытайлардың екі ел арасында жасалатын жаңа келісімді тым созып жіберуі себеп болды. Меніңше, бұл – уақытша мәселе. Трамптың бұл шешімге барудағы басты мақсаты – жаңа сауда келісімін жеделдету, – дейді ол.


Қытай АҚШ-тан кіргізетін кей тауарларды басқа елдерден импорттауды ойлап отыр / Мәлімет trademap сайтынан. 2018 жылы

Қытай мұндай қадамға неге барды?

Ержан Мұқанның айтуынша, оған бірнеше себеп бар:

  1. Қытайдың өткен жылғы жалпы ішкі өнімі АҚШ-тың қысымына қарамастан 6,4% болды;
  2. "Бір жол – бір белдеу" жобасына арналған жиналыста Ресей бастаған елдер Қытайды ашық қолдады. Бұл оларға АҚШ-сыз да күн көруге болады деген түсінік қалыптастырды;
  3. Қытай басшысы батыс және араб елдеріне сапары барысында да қолдауға ие болғаны белгілі;
  4. Қытай АҚШ талаптарын қабылдаса да, орасан экономикалық шығынға ұшырайды;
  5. Ши Жинпиң өз халқы алдында осы қадамға барып, олардың сенімін тіктегісі келгені анық.


Трамп пен Лю Хы кездесуде / Сурет твиттерден қиып алынды

Қытай экономикасы шайқалып тұр

Ерғазының пікірінше, осыдан кейін Қытайда құнды қағаздар құлдырайды. Әлемдік экономикада тұрақсыздық орнайды. Ол Қытайдың экономикасына да белгілі деңгейде соққы. Бірақ бұл "Қытай осымен тоқырауға ұшырайды" дегенді білдірмейді. Себебі АҚШ экспорттағы басты пайда көзі болғанымен Қытай өз тауарын өзге көптеген тұтынушы елге жеткізіп жатыр.

Экономикадағы нақты өзгерістер ретінде юань аздап құнсызданады. Ішкі нарықта зат бағасы қымбаттайды.

Қытай танушы Ержан Мұқан Ерғазы Сейтханның пікірін қолдап, халықаралық қор нарығы күрт құлдырайтынын айтты. Шынымен де соңғы күндері Шанхай және Шиаңгаң (Гаңкоң) жарна базарында құлдыру болған.

Мамырдың 9-10-да жаһандық қор нарығы күрт құлдырады. Ал инвесторлар абайлай бастады. Hang Seng индексі мамырдың 10 күні 2%-ға, Шанхай композиты 1,5%-ға төмендеді. Түстен кейін тағы да құлдилады.

Екіншіден, инвесторлардың тұрақты, тыныш орын іздейтіні сөзсіз. Қытайдағы жүздеген шетелдік зауыт пен компаниялар басқа елдерге қашады. Бұл – Қытай үшін өте үлкен жоғалту.

Ержан Мұқан мырза Ерғазы Сейтханның кей пікірімен келіспейді. Мысалы, Қытай шетелден жаңа базар іздеп жатқанымен оның тауарынан бас тартатын елдер күннен күнге көбейіп келеді. Оған қоса қашқан инвесторлардың басқа елдердегі өндірісі қарқынды өсіп, жаңа әрі қуатты бәсекелеске айналды.

– Егер жаңа сауда келісімі жасалып, Қытай оны қабылдаса, АҚШ-тың өнімдері ішкі нарығына көптеп кіреді. Бұл бастапқыда ішкі өндіріске зиянын тигізеді. Ұзамай қытайлық өндірушілер аса сапалы, қымбат өнім өндіре бастайды. Бірақ Қытайдың ІЖӨ енді 9%-дық межені бағындыра алмайтын болады, – дейді Ерғазы.

Қытай халқы банктерден ақшасын ала алмай жатыр

АҚШ-пен арадағы келіссөз сәтсіз болғанын естіген қытай халқы банктегі қаржыларын АҚШ долларына ауыстыра бастаған. Тіптен банктер алдында ұзын сонар кезек пайда болып, жаппай алаңдаушылық белең алды.


Қытай ақшасының АҚШ долларымен балансы. Қытай ақшасы 2018 жылы сәуірден бері құнсызданып келеді / Мәліметтер finance.sina.com.cn сайтынан алынды

Жергілікті әкімшілік орындар мен банктер арнайы үгіт жүргізіп жатыр. Алайда 10 мамырдан бастап жағдай тіптен күрделене түсті.

Қытайдағы Жиаучың (Jiao Cheng) ауданы банктен ақша шығару ісінің шектен асып кетуіне байланысты арнайы хабарлама таратып, жағдайды қатаң бақылауға алды.


Сурет baidu.com сайтынан алынды

Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады

Қазақстан Қытайдың Еуропаға шығар қақпасы ғана емес, көмірсутегі шикізат базасы ретінде маңызды стратегиялық серігі.

  • Сонымен бірге мұндағы зат бағасы, атап айтқанда азық-түлік, ет-сүт өнімдері де қымбаттап жатыр. Бұл – Қазақстан үшін үлкен базар. Қытайға қажетті соябұршақты да өндіру керек.
  • Тағы бір пайдалы жағы – юанның құны төмендеп келеді. Алынған қарыз юанмен келісілген болса, еліміз үшін үлкен ұтыс болар еді.

Нарт Қали, тәуелсіз зерттеуші:

– Қытайдағы көптеген зауыт өз тауарын басқа ел арқылы АҚШ-қа шығарып, кеден салығынан жалтарғысы келетіні белгілі. Сол үшін кей өнімдерді бізде қораптауға немесе Қытайдан Қазақстан тауары ретінде шетелге шығаруға мүмкіндігі бар. Бұл бізге аз да болса пайдалы, – дейді.

Алайда, Синофобияның күшеюі Қытай зауыттарының Қазақстанға кіруіне белгілі дәрежеде шектеу қояды. Оның үстіне тиімсіз сауда келісімдері де қазақстандық бизнесмендерді ойландыра бастаған.

Оқи отырыңыз: Қытайдың құпия лагерлерінің шынайы кеспірі. ВВС тілшісі зерттеуінің ізімен

Теңге бағамына әсері болмаса да...

Ерғазы Сейтқан мен Ержан Мұқанның айтуынша, елімізге Қытайдан кіретін тауар өте көп. Юань құлдыраған сайын зат бағасы да сәйкесінше көтеріледі.

Теңге бағамы юаньға қарағанда доллар мен рубльге және көмірсутегі шикізатының бағасына тәуелді. Қандай да бір қатты толқын келмесе өз деңгейін сақтап тұрады.


2018 жылғы, ақпандағы дерек / Мәлімет eaeunion.org сайтынан алынды

Қытайдағы қазақ мәселесі әлемдік тақырыпқа айналды

Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңдегі "Бір жол – бір белдеу" аясында өткен ел басшыларының жиналысына барып, Қытай төрағасының таққан "Достық" орденімен оралды.

Бірақ мұндағы қазақ мәселесі ашық қалып отыр. Оған Серікжан Біләштің үстінен "ұлтараздық бабы" бойынша іс қозғалуы мен Сайрагүл Сауытбайдың босқын мәртебесін ала алмауын қосыңыз.

26 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның (Michael R. Pompeo) Вашингтонда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы (ҰҚК) Кәрім Мәсімовпен кездескені хабарланған. Онда Шыңжаң өлкесіндегі қазақтардың азаматтық құқының тапталып жатқаны айтылып, талқыланған. Алайда бұл туралы Қазақстан тарапы ештеңе демеді.


Майк Помпео мырза Кәрім Мәсімовтан Қытайдағы этникалық қазақтардың азаматтық құқының сақталуы туралы мәселені сұраған/ Сурет U.S. Department of State бейнежазбасынан қиып алынды

Оқи отырыңыз: Назарбаев пен Ши Жинпиңнің 18 кездесуі: үміт ақталды ма?

European Kazakh Forumы жұмысын бастады

Бұл туралы қоғам қайраткері, құқық қорғаушы Өмірхан Алтын хабарлады.

– Қытайдағы қандастарымыздың жағдайын көріп отырып үндемеу – өте үлкен қателік. Біз Еуропадағы адам құқын қорғайтын ұйымдармен келісе отырып, "European Kazakh Forum" ұйымын құрдық және жұмысты бастадық, – деді. Ол Сайрагүл Сауытбайдың босқын мәртебесін ала алмай жүргені қазақ билігінің әлсіздігінен деген пікірде.

Ораза айы басталысымен мұсылман елдердегі демократиялық күштер мен адам құқын қорғаумен айналысатын ұйым өкілдері Қытайға қарсы наразылықтарын білдіре бастаған. Оған Кашимирдегі терактіде қырыққа жуық әскерінен айырылған Үндістанның Қытайға қарсы қимылдарға баратынын жариялағанын қосыңыз. Тіптен, Жетпіс миллионнан астам мүшесі бар Үндістан сауда конфедерациясы қытай тауарларына бойкот жариялауды ұсынады.

Соңғы аптада Батыс ақпарат құралдары Қытайдағы адамдық құқық мәселесін тағы көтере бастады.

Орта Азия – Қытай экономикасына сүйеуші

Мұнда көміртегі шикізаты мол. Оның үстіне әлемдегі көптеген елдер жалаң шикізат саудасынан бас тартып жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда Қытай өте үлкен пайдаға кенеліп отыр. Мұның ішінде арзан шикізат көзі Қазақстанның орны ерекше.


Орталық Азия елдерінің Қытай мен Ресейге қарағандағы сауда айналымы / Мәлімет trademap сайтынан. 2018 жылы

Тағы бір ескерерлік жағдай, Ресей – Қытай үшін өте қауіпті серіктес. Мау Зыдоң (Mao Zidong) да кезінде: "АҚШ – қағаз жолбарыс, қауіп Ресейден" деген болатын. Бұл көзқарас қазірге дейінгі Қытай саясатының маңызды бағдары болып есептеліп келеді.

Орталық Азияның түркі елдері Шыңжаң үшін қауіпті көрінгенмен әзірге топтаса қоймаған елдер.

Оқи отырыңыз: Ақпараттық соғыста Қытай неге ұтылып жатыр? Қазақстанға одан пайда бар ма?

Қытай вице-премьері Хан Жың (Han Zheng) астанада жүр

Бұл туралы Қытайдың қазақстандағы елшілігі хабалаған.

2019 жылы мамырдың 14-16 күндері Қытай компартиясы саяси бюросының мүшесі,, вице-премьер Хан Жың Нұр-Сұлтан қаласында өтетін XII Астана экономикалық форумына қатысады және қазақстандағы іскер топ өкілдерімен кездеседі.

Хан Жың мырза былтыр Бейжіңде Асқар Маминмен кездескен болатын.


2018 жылы 25 қыркүйек. Бейжің. / Сурет chinanews.cn сайтынан алынды

Қызықтың көкесі енді болады

АҚШ Қытайға экономикалық қысымды күшейтері анық. Алайда қандай қадам жасайтыны әзірге белгісіз. Маңыздысы – олар Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық серіктестерімен жаңа байланысқа шығатыны сөзсіз. Ал ол барыс қалай жүреді? Қазақстан бұл жерде өз пайдасын қалай сақтап қала алады? Міне, әңгіме осында.