АҚШ пен Қытай сауда келісімі орындала ма? Саяси шолу
Қос алып ел алғашқы сауда келісіміне келді
Бұл туралы әлемнің ақпарат көздері жарыса жазса, АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Twitter парақшасында хабарлады:
"Біз Қытаймен бірінші кезектегі келісімге келдік. Олар көптеген құрылымдық өзгерістерге және ауылшаруашылық өнімдерін, энергияны және өндірілген тауарларды жаппай сатып алуға келісім берді. 25 пайыздық тарифтер сол күйінде қалады, қалған бөлігінің жартысын яғни 7,5 пайызын қалдырамыз".
Қытайдың Шинхуа (xinhuanet.cn) агенттігі де "АҚШ-пен сауда келісімін жасағаны" туралы хабарлады.
Бейжіңде өткен баспасөз мәслихатында Қытай Қазына министрінің орынбасары Ляо Ян (廖岷 Liu Yan) келесі жылы АҚШ Қытайдан 50 млрд долларға тең көлемде ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алатынын растаған. Сонымен бірге кедендік тарифтер бойынша келісімге келгені белгілі болды.
"Қытайдың экономикалық және сауда келіссөздеріндегі басты алаң туғызған тариф мәселесі бойынша екі тарап келісімге келді. Олар қол жеткізген уағдаластықтың бірінші кезеңінде АҚШ Қытайға енгізілген тарифтердің мөлшерін төмендетуге және тоқтатуға уәде берді. Қытай АҚШ өз міндеттемелерін орындай алады деп үміттенеді және 15 желтоқсанда күшіне енуі жоспарланған АҚШ импортына ұсынылған тарифтерді тоқтатады" – деді Ляо Ян.
Келісімнің толық мәтіні жарияланған жоқ
86 беттік келісім туралы Қытайдың ресми ақпарат құралдары әзірге қысқаша ғана ақпарат таратты. Толық мәтіні жарияланбады.
"АҚШ пен Қытай сауда келісіміне қол жеткізді. Алайда Қытай басшысы Ши Жинпиң (Xi Jinping – Си Цзиньпин) мен Қытай вице премьер-министрі Лю Хы (Liu He) келісім туралы толық ақпарат бермеді! Мұнда жоғары деңгейдегі келіспеушіліктер және түсініксіздіктер бар," – дейді Қытай саясаткері Чын Покоң (Chen Pokong 陳破空).
Саясаткердің айтуынша, бұл ақпаратты жариялауға тек министрлік орынбасары дәрежесіндегі шенеуніктер қатысқан. Қойылған кей сұрақтар, тіпті, жауапсыз қалған.
Қытай және ағылшын тілдерінде ақпарат тарататын Global Times басылымының бас редакторы Ху Шижин (Hu Xijin 胡锡进) өз Twitter парақшасында:
"Қытай билігі мен ресми бұқаралық ақпарат құралдары осы уақытқа дейін Қытай мен АҚШ келісімі туралы ешқандай ақпарат берген жоқ.
АҚШ жағы оптимистік ақпаратты түрлі арналар арқылы таратқан кезде, Қытай тарапы үнсіз қалды," – деп жазды.
АҚШ ақпарат құралдарының жазуынша, төмендегі келісімдерге қол жеткізілген болуы мүмкін:
- Қытайда құрылымдық реформа жасау, зияткерлік меншік құқығын сақтау;
- АҚШ-тан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуды келесі жылы 50 млрд долларға жекізу (алдағы 2 жылда Қытай АҚШ-тан 200 млрд долларға тең зат пен қызмет сатып алуға келісім берген);
- АҚШ-тың Қытайға қатысты тарифтік саясатын түзетуі. Нақтырақ айтқанда, 250 млрд долларға тең Қытай импортына 25% тарифтік жоспарды өзгертпеді. Бірақ 120 млрд долларға жуық Қытай импортына үстеме кеден салығын 15%-дан 7,5%-ға түсірді;
- АҚШ 15 желтоқсаннан бастап күшіне енуі тиіс Қытай өндірген ұялы телефондарға, ноутбуктерге және басқа да тұтынушылық тауарларға бағытталған құны 160 млрд долларға тең заттарға қосылатын тарифтерді тоқтата тұруға келісті;
- Қытай 15 желтоқсаннан бастап күшіне енетін жүгері мен бидайдан бастап, АҚШ машиналары мен автомобиль бөлшектеріне дейінгі тауарларға бағытталған тарифтерін тоқтата тұруға келісті.
Бұл туралы Дональд Трамп өз Twitter парағында:
"325 млрд доллар тауарға 25%-дық қосымша салық енгізу басталды. АҚШ Қытайға 100 млрд доллардың затын шығарады, бұл – үлкен теңгерімсіздік", – деп жазған болатын.
Оқи отырыңыз: Қытай қаупі әлемдік тақырыпқа айналды. "Барлық бәле Қытайдан" деу дұрыс па?
Еске алсақ, былтыр сәуірде АҚШ құны $50 млрд қытайлық тауардың 1300 түріне кеден салығын 25%-ға көтерді. Кейін бұл шектеу 10 пайызға түскенімен, тауар көлемі $200 млрд-қа жетті. Тіптен, $500 млрд-ты көздеп отырғанын Трамп бірнеше рет ескертті де.
Twitter парағындағы тағы бір жазбасында Трамп Қытайға экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерін кедей не ашаршылық туып жатқан елдерге гуманитарлық көмекке жіберетінін хабарлады.
Қытай келісімге келуге неге асықты?
- Басты себеп ретінде Қытайдағы зат бағасының қымбаттауын атауға болады. Әсіресе, азық-түлік бағасы кей өңірлерде 2-3 есеге дейін шарықтаған. Ресейден кіргізген шошқа етінен оба індеті байқалғаны тағы бар.
- Сонымен бірге, АҚШ бастаған батыс елдері Қытайдың электрондық тауарларына, HuaWei қатарлы корпорациялардың өнімдеріне шектеу қоя бастауы да елдің экономикалық қиындығын асқындырып жіберді.
- Қытайға сауда жасап отырған елдерге де қысым келе бастады.
- АҚШ-тың 15 желтоқсанда енгізуді жоспарлаған 160 млрд долларлық Қытай тауарына қосылатын үстеме тариф.
- Тағы бір маңызды себеп ретінде, Қытайдағы адамдық құқық мәселесіне қатысты Шиаңгаң (Hongkong – Гонконг) актісі, Шыңжаңдағы түркі ұлттарына қатысты қабылданып жатқан Шыңжаң актісі де Қытай билік өкілдерінің мазасын кетіріп жатыр. Себебі, олар қара тізімге енуіне, шетелдегі бала-шағасы мен туыстарына қысым түсуіне, шетелге шығуға кедергілер қойылуына алаңдап жатыр.
АҚШ пен Қытай арасындағы келісім орындала ма?
Қытай мен АҚШ басшылары 2018 жылы 90 күндік мерзім белгілеп, сауда келісіміне келуге келіскен болатын. Алайда, Қытай тарапы бас тартты. Сонымен 2019 жылы наурызда АҚШ жаңа кедендік тарифтер енгізгені белгілі.
Бұл келісім – "уақытша" екенін экономистер жарыса жазды. Қытай ешқашан құрылымдық өзгеріске бармайтынын АҚШ та біледі. Яғни, Қытай өз компаниялары мен қаржылық құрылымдарын қолдауды, корпоративтік басқарудан кетпейтінін үнемі ашық айтып келеді. Ал АҚШ ондай үлкен қаржылық топтарды бөлшектеу арқылы "әділетті сауда" орнатқысы келеді.
Екіншіден, қазір әлемдік сауда және зяткерлік меншік құқығы мәселесі үнемі аталғанымен толықтай іске асуына Қытай мүдделі емес. Сол себепті, халықарлық сауданың жаңа ережелері қалыптасуы мүмкін.
Үшіншіден, Қытай Шияңгаң (Гонконг), Шыңжаң мәселесінде ырықсыз күйге түсті. Батыс елдері мен Азиядағы басым елдердің антиқытайлық пиғылы үдеді. Бұл байлығы мен балаларын шетелге жіберетін Қытай билігіндегі түрлі билік өкілдерін алаңдатып отыр. Сол үшін кішкене болса да АҚШ-қа жол беріп, ойланып алуды, қарсы жақтың арынын басуды көздеп отырған болуы мүмкін.
Төртіншіден, аталған келісім Трамп үшін алдағы жылда болатын сайлауда жеңіске жетуіне сүйрейтін маңызды жеңіспен бара бар. Сондықтан келісімнің толық орындалмаса да, Трамптың есебі түгел.
Allianz сақтандыру корпорациясының бас экономикалық кеңесшісі Мохаммед Ел-Ериан (Mohamed El-Erian) жұма күні the Guardian агенттігіне берген сұхбатында АҚШ пен Қытай келісімін "мини мәміле" деп атап, "уақытша" келісім ретінде қарау керек екенін айтқан.
"Бұл енді экономикалық мәселелерге ғана қатысты емес, – деді Ел-Ериан. – Бұл экономикалық және қаржылық жаһанданудың көпжылдық процесінде "кідірту" түймесінің ролін атқарды. Осы кідірістен кейін не істеу керек деген үлкен сұрақ туындайды. Қазіргі уақытта нарықтар күткендей, "ойнату" батырмасы қайтадан басыла ма не оның орнына зайырлы деглобализация кезеңін белгілейтін "айналдыру" іске қосылуы керек пе?"
Екі тарап "бірінші кезең" мәмілесінің пайдасын қазан айында айтылғаннан бері талқылады. Уолл-стриттегі Доу Джонстың орташа көрсеткіші 6 пайыздан асып, бүкіл әлемдегі осындай жетістікке жетуге мүмкіндік берді.
Қытай экономикасы бойынша сарапшы және Вьетнамдағы Фулбрайт университетінің профессоры Кристофер Балдинг (Christopher Balding) те осындай мағынада ескерту жасады.
"Қытай барлық тарифтерден бас тартпайды және АҚШ Қытайдың экономикалық моделін өзгертпейтінін біледі" – дейді ол. – "Шектелген мәміле – бұл кең мәміленің мүмкін еместігін мойындау. Екеуі де бірінші кезеңнің бәріне пайдалы екенін түсінеді".
Бірақ кедергі артып келеді. Қытай енді АҚШ-қа жағымды траектория ретінде көрінбейді.
"Бұл келісім Қытай үшін АҚШ және басқалармен жақындасуға ықпал етпейді" – дейді АҚШ-тың бұрынғы қазынашылық экономисі, қазір Нью-Йорктегі Сыртқы қатынастар кеңесі мүшесі Брад Сетсер (Brad Setser).
АҚШ пен Қытай сауда келісімі Қазақстанға әсер ете ме?
12 желтоқсанда Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілуберді АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (Mike Pompeo) мырзамен кездесіп, "С5+1" (Орта Азиядағы бес елмен АҚШ байланысын білдіретін саяси диалог формасы) стратегиясы бойынша келіссөздер өткізді. Помпео Қытай туралы ашық сыни көзқарасымен көзге түсіп жүрген саясаткер. Оның үстіне АҚШ конгресінде Қазақстан бойынша арнайы топ құрылғалы да бір айдан асты. Мұның бәрі де Қытайдың жүйкесіне тиері анық.
Алайда Қазақстан президенті Германияға сапары қарсаңында Қытаймен достық байланысты сақтайтынын, Қытайдағы қазақтардың мәселесіне қатысты сөзінде Қазақстанды антиқытайлық шепке айналдырғысы келмейтінін айтып, Қытай билігінің көңілін орнықтырып қойды.
Бұл тұрғыдан алғанда Қытай өзінің құрлықтық қақпасы есептелетін Қазақстаннан айрылып қалғысы келмейді. Сол үшін инфрақұрылымдық және саяси дипломатиялық байланысты одан әрі күшейтуді көздейді. Тіпті, Қытайдағы қазақтар мәселесін де оңтайлы шешуге тырысып жатқаны туралы айтылып жатыр. Себебі, Қазақстандағы антиқытайлық пиғылдың ұлғаюы екі елдің сауда-өнеркәсіп байланысын жандандыруға кедергі болып келеді.
Дегенмен, Қазақстанмен сауда байланысын сақтап, құрлықтық көпірге көмектесу – Қытайдың маңызды стратегиялық саясатының бір бөлігі екені даусыз. Қазақстан екі елмен де саяси-сауда және стратегиялық байланысты түгендеп отыр. Сондықтан АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келісімі Қазақстанға әзірге әсер ете қоймайды.