Қаржы табылса, Астанадағы "Сәлем" автокөлік базары жойылады
Үш жылдан астам уақыт бұрын, 2014 жылдың сәуірінде "Нұр Отан" партиясы Астана қалалық филиалының қоғамдық кеңесі кезекті отырыс өткізген болатын. Кеңес мүшелері қарқынмен дамып жатқан елорданың көшелерін қайтсек кеңейтеміз, қайтсек көлік кептелісін азайтып, инфрқұрылымды халыққа ыңғайлы етеміз деген мәселелерді талқылаған.
Қаланың сол кездегі бас сәулетшісі Виталий Силецкий сол жиында сөз ала отырып, Астанада бірнеше базар жуық арада жойылады деп анық хабарлаған еді. Сол базарлардың бірі – осы "Сәлем".
2014 жылдың 12 наурызындағы №009 қаулыға сәйкес, Автокөлік жолдары басқармасының кіші айналма жол салуына байланысты,"Сәлем" және "Астана Қамқор" базарлары жуық арада жойылады", – деген болатын Силецкий.
Loading...
Содан бері "Сәлем" базары туралы әңгіме тоқтаған жоқ. Бірақ, базарды кімнің, қашан күреп тастайтынын ешкім нақты білмейді. Жазда кеш қарайғанша, тіпті кейде түнімен жұмыс істейтін базардағы сатушылар да бұл әңгімеден әбден жалықтық дейді. Араларында біразы әкімдіктен базардың қашан жойылатынын анықтап алмақ та болған. Ұзынқұлақтан біресе EXPO-2017 көрмесіне дейін, біресе, көрмеден кейін деген әңгіме естіген.
"Сәлем" базарының орнына кіші айналма жол салынады
Көлігі сынса «Сәлемге» қарай ағылатын астаналықтар мен базардағы жеке кәсіпкерлерге нақты ақпарат ұсыну үшін қалалық әкімдікке ресми сауал жолдадық. «Сәлем» базары қашан жойылады деген сұраққа, әкімдікке қарасты тұрғын үй басқармасы жауап берді.
Әкімдік 2013 жылдың басында-ақ кіші айналым жолдың бойындағы базар тұрған жерді мемлекет қажеттілігіне алу туралы қаулы шығып, шешім қабылданған.
"Мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2013 жылғы 15 қаңтарындағы №197-62 қаулысына сәйкес, базар ғимараты орналасқан жер телімі кіші айналым жол құрылысының, V-участоктың (Тілендиев даңғылы мен Бейсеков көшелерінің қилысы) шекараларына енеді", – деп хабарланған әкімдіктің ресми жауабында. Бұл белгілі жәйт. Ал, басқарма басшысының орынбасары А.Елеужанов мырза қол қойған құжатта базар қашан жойылады деген сұрақтың жауабы қаржыға келіп тіреліпті.
"Бүгінгі таңда базарды мәжбүрлеп алуға қаржы бөлінбеген. Базар орналасқан жер телімін сатып алу жұмыстары қаржының бөлінуіне қарай жүргізіледі".
Жаңа автокөлік базарын салу түгілі, әзірге, ескісін күреуге қаражат жоқ
Егер "Сәлем" күрелсе, қалаға жаңа автобазардың ауадай қажет екені анық. Бірақ, қала әкімшілігі базарды жоямыз десе де, жаңа базар салып береміз демейді.
"Жаңа автобазардың құрылысы әлеуетті инвестордың болуына байланысты. Қазіргі жағдайға сәйкес, Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының дерегіне сүйенсек, автобазар салу үшін ешкім жер телімін сұраған жоқ", – деп хабарлап отыр Астана әкімдігі.
Loading...
Айта кететін жәйт, осы базарға қарама-қарсы орналасқан "Қамқор" көлік базары да әне-міне деп жүріп, биыл күрелді. Базар қазір екіге бөлінген. Бір бөлігі қала сыртына көшірілсе, екінші бөлігі базардың бұрын орналасқан аумағына жақын жерде жұмыс істеп тұр. Қазір базар орны тазартылып жатыр.
Ал, қала әкімдігі "кіші айналма жолдың" Тілендиев даңғылына дейінгі бөлігінің толық салынғанын, дәл қазір жоспар бойынша жол кезең-кезеңімен салынып жатқанын хабарлап отыр.
"Сәлем"-дегілер жұмыссыз, өтемақысыз қалады
Ал,"Сәлем"-дегі кәсіпкерлер "Қамқор" сияқты, осы базардың жойылып, орнына жол салынады деген жаңалықтың айтылғанына он жылдай уақыт болды дейді.
"Бұл базардан 2009 жылы орын алып, жұмысымды бастадым. Содан бері "күреледі" деген әңгімені естіп келемін. Бірақ, биылдан қалдық қой. Бәлкім көктемде күрелетін шығар... Нақтысын ешкім білмейді", – дейді базарда көлікке арналған қосалқы құрал-жабдық сатып отырған Ақан Абылайұлы.
"Жалпы, бұл жерде отырған сатушылар қарапайым, табысы отбасына мұқтажынан арылмайтын кәсіпкерлер. Базардың өз иесі бар. Әкімдік базардың орнын сол иесінен сатып алып, өтемақыны да соған беруі керек. Заң бойынша солай. Ал, кәсіпкерлерге өтемақы берілмейді, өйткені, базар атынан мемлекетке салық төлеп отырған басшысы бар", – дейді Ақан.
Әкімдіктің де жауабы сол. Өтемақы тек жер, жылжымайтын мүлік (базар) иесіне төленеді, ал онда кәсіп ашқан адамдарға көк тиын да берілмейді.
"Жер учаскелерін және сол жерде орналасқан жылжымайтын мүлік нысандарын мемлекет қажеттілігі үшін мәжбүрлеп алған кезде, өтемақы Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы заңына сәйкес, өтемақы тек меншік иесіне төленеді", – делінген әкімдіктің ресми жауабында.
Мүлік құнын тәуелсіз сарапшы бағалайды
Ал Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" заңына сәйкес, базар тұрған жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне алынса, жылжымайтын мүлік пен жер учаскесінің нарықтық құнын осы заңдағы 208-бапқа сәйкес, тәуелсіз бағалаушы айқындайды.
Бағалау әлі жүргізілмеген. Өйткені, қала әкімдігінде сатып алатын қаржы жоқ. "Бүгіндері "Сәлем" автобазарының өтемақысын төлеп беруге қаржы болмағандықтан, бағалау жүргізілген жоқ", – делінген қала әкімшілігінің жауабында.
Базардың сырты қоршаулы. Бұл ненің дайындығы?
Тілендиев даңғылының "Сәлем" базары басталатын жерінен бастап, базар аумағы мен жанындағы көлік жөндеу орындарының сырты темір дуалмен қоршалыпты. Базардағылар, бәлкім, күзден қалмай күрелетін шығар деп ойлапты. Бірақ жаз бойы қозғалыс жоқ. Күнделікті тұрмысы осы базарға тәуелді сатушылар соған қарағанда тек EXPO-2017 көрмесіне байланысты қоршалған екен ғой деп жорамалдайды.
"Базар биыл күрелмейді деп ойлаймын. Өйткені, жұмыс қызып тұр. Түнгі сағат он екі, бірге дейін жұмыс істейміз кейде. Көктемді күтетін шығармыз", – дейді базар сатушылары.
"Сәлем" базарының тыныс-тіршілігі, міне, қалыпты. Аптаның қай күні барсаңда, толған көлік, абыр-сабыр жүргізушілер.
Әкімдік болса, қаржы күтіп отыр. Ал, жаңа базарды қайда көшіреді, тіпті, жаңа базар үшін қай жерден орын беріледі, ол қаладан алыс па, жақын ба, оны әкімдік те, базардағы кәсіпкерлер де білмейді.