Қарапайым заттар экономикасы: кәсіпкерлерді Ресей экспансиясы алаңдатады
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы, "Қазэнергокабель" АҚ бас директоры Владимир Бобровтың айтуынша, бүгінге дейін қарапайым заттар экономикасын дамыту үшін берілетін жеңілдетілген несиенің жылдық пайызы 8-ден 6 пайызға төмендеп, қарызды кепілдендіру деңгейі 50 пайызға өскен. 2 жылдық жеңілдетілген кезек енгізілді. Қарыз көлемінің 50 пайызына дейін айналым ақшасын алуға рұқсат етіліп, қаржыландырылатын тауарлар мен қызметтер тізімі көбейді. Нәтижесінде наурыз айынан бері қарапайым заттар өндірісі бойынша 175 млрд теңгенің 462 жобасы мақұлданып, тағы 203 млрд теңгенің 336 жобасы банктердің қарауында жатыр.
"Зауыт салу оңай, бастысы тауар сататын нарық керек"
Владимир Бобровтың айтуынша, қаржыландыруды ғана көбейткеннен мәселе жүйелі түрде шешім таппайды.
"Егер сату нарығы болмаса, бизнес дамымайды. Отандық бизнес өз тауары мен қызметін ең кемі Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне сата алуы керек. Зауыт салу оңай, бірақ одан маңыздысы – тауарыңызды сататын нарықтың болуы", – дейді комитет төрағасы.
Осы орайда Үкіметтің жыл басынан бері мемлекеттік сатып алуларда отандық өнімнің үлесін арттыруға кіріскенін айта кету керек. Мәселен, жыл басынан бері мемлекеттік сатып алулардағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі 1 пайыздан 17 пайызға, жиһаздың үлесі 5 пайыздан 22 пайызға, тамақ өнеркәсібіндегі отандық өнімнің үлесі 1 пайыздан 21 пайызға көбейген. Электронды сауда алаңдары – отандық өнімді сыртқа сатудың ең қолайлы құралдарының бірі. Үкімет қазір бизнестің электронды алаңға шығу шығындарын субсидиялайды. Қазірдің өзінде трансформатор, автотехника секілді өнім шығаратын 50 жоба таңдалып алынды. Үкімет оларға қолдау көрсетпек.
Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасы: бүгіні мен болашағы. Қазақстан экономикасының ұлттық моделі қандай
Мақта, тері мен жүн өңделмейді
"Азала-Текстиль" ЖШС директоры Гүлнар Садықбекованың пікірінше, елдегі жеңіл өнеркәсіптің әлеуеті жоғары. Үкіметтің жеңіл өнеркәсіп шикізатының құнын ішінара субсидиялауы саладағы негізгі проблеманы шешеді.
"Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің атынан соңғы бір жылда осы саладағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың жақсарғанын айта аламын. Қазір Қазақстанда мақтаны өңдеуден бастап, костюм тігуге дейінгі өндірістің барлық кезеңін ұйымдастыруға болады," – дейді Гүлнар Садықбекова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жеңіл өнеркәсіп саласындағы 20 жобаға 3,2 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие мақұлданды. Тағы 22 жобаны екінші деңгейлі банктер қарап жатыр. Қазір Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласында ең кенже қалып отырған саланың бірі – шикізатты өңдеу. Мәселен, Қазақстанда қазір өңделген мақтаның тек 18 пайызы, терінің 13 пайызы, ал жүннің болмашы ғана бөлігін ғана өңделеді. Қалғаны шетелге шикізат күйінде сатылады.
"Текстиль және былғары өнеркәсіптерінің әлеуеті жоғары. Бұл өңдеу өнеркәсібін бірнеше есе арттырар еді. Алайда мемлекет тарапынан ең құрығанда бастапқы кезеңде қаржылай көмек керек", – дейді директор.
Сонымен қатар, Гүлнар Садықбекованың айтуынша, Қазақстанда тоқтап қалған үш фабриканы қайта іске қосу үшін инвесторлармен келіссөздер жасалып жатыр. Бұл өндіріс орындары – мата өндіретін фабрикалар. Тері өңдеу үлкен резонанс тудырған мәселе екені белгілі. Проблеманың бір бөлігі аталған зауыттардың фермерлер мен ет комбинаттарынан тері сатып алуға ақшаларының жоқтығында көрінеді.
"Мемлекеттік органдар бизнеспен бірлесіп тері өңдеу кәсіпорындарына диагностика жасаған. Нәтижесінде зауыттардың қолындағы қолданыстағы келісімшартты кепілдікке алып, қаржыландыру бағдарламасы дайындалды. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар басталса, бұл өңделетін тері көлемін арттырып, аяқ киім өндірісіне дайын тері шығаруға мүмкіндік бермек", – дейді Гүлнар Садықбекова.
Банктер өз еркімен жиһаз өндірісіне қаржы бөлмейді
"Қазақстан Республикасы жиһаз және ағаш өңдеу өндіріс кәсіпорындарының қауымдастығы" ЗТБ құрамында 100-ден астам кәсіпорын бар. Қауымдастық президенті Қанат Ыбыраевтың айтуынша, банк секторы жиһаз өндіруге қаражат бөле бастаған.
"Мен 2014 жылдан бастап екінші деңгейлі банктерден несие алу мүмкіндіктерін зерттеп жүрген адаммын. Біздің сала өңдеу өнеркәсібінің бар болғаны 0,37 пайызын құрайды. Сол үшін банк секторы біздің салаға несие беруге айтарлықтай құштар болмағаны түсінікті", – дейді қауымдастық президенті.
Дегенмен, жыл басынан бері саладағы 15 кәсіпорын шамамен 1 млрд теңге несие алған. Бұл, әрине, банктердің өз инвестициясы емес, Үкіметтен бөлінген қаражат.
"Әрине, жаңа кәсіпорын құрған дұрыс, бірақ бізде бұрыннан өте қомақты сома салып қойған кәсіпорындар бар. Мысалы, таяуда мен бір кәсіпорынға бардым. Зауытта бірнеше миллион евро тұратын жабдық тұр. Ол құрылғы тұтас бір облысты жиһазбен қамти алар еді. Бірақ, өндіріс жоқ, өйткені кәсіпкердің айналымдағы ақшасы аз. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлердің айналымдағы ақшасын толтырып беретін болса, тіпті тамаша болар еді. Сонда кәсіпкерлер ішкі нарықты отандық өніммен толтырар еді", – дейді Қанат Ыбыраев.
Шетелден келетін шикізатта денсаулыққа зиянды элементтер бар
Екінші мәселе – Қазақстанда жиһаз шығаратын шикізаттың жоқтығы. Қазір жиһаз жасайтын шикізат – негізінен, импорттық өнімдер. Мысалы, талшықты тақта (ДВП) мен аралық тақта (ДСП) шетелден әкелінеді. Сонымен қатар, Қанат Ыбыраевтың айтуынша, мемлекеттік сатып алуларда отандық жиһаздарды ғана сатып алу міндеттелсе, онда жиһаз шығаратын отандық кәсіпорындар мемлекеттен жеңілдетілген несие де сұрамас еді. Сол үшін қазір кәсіпкерлерге ең бірінші кезекте сату нарығы керек. Оған, әрине, мемлекеттің атсалысқаны жөн. Осы орайда үкімет 1 шілдеден бастап индустриялық сертификат бойынша мемлекеттік сатып алуда отандық өнім тұтынуды қарастырады.
Оқи отырыңыз: Ұлттық бизнесте "бизнес-барлау" әдісін қолдану керек
Тағы бір айта кетерлігі, кей жиһаздардағы ламинатталған тақтайларда (ЛДСП) формальдегид болады. Бұл денсаулыққа өте қауіпті элемент. Мұндай жиһаздар негізінен шетелден импортталған өнімдерде болады. Олар тиісті сертификат алмаған. Осы орайда Үкіметтің осындай өнімдерге импорттық шектеу қойғаны белгілі. Дегенмен, мұндай жиһазды импорттаумен айналысатын кәсіпкерлер димкриминацияға ұшырағанын алға тартып отыр.
"Менің ойымша, Үкімет импортталатын жиһаздардың сапасына көңіл аударуы керек. Бірыңғай сертификат болуы тиіс. Үкіметтің шектеуі дұрыс. Өйткені, адал бәсекелестік туралы сөз қозғамас бұрын, бірінші кезекте тұтынушылардың денсаулығын ойлау керек. Ал әлгі жиһаздар балабақша мен мектептерге қойылатын дүниелер", – дейді Қанат Ыбыраев.
Қазақстанда жасалған жиһаздар Ресейдікінен қымбат па?
Айта кетерлігі, қазір отандық жиһаз нарықтың шамамен 30 пайызын қамтиды.
"Қазақстан да Ресей мен Италия секілді сапалы өнім шығара алады. Сөмкемізді жиып, шетелге тартып отыруға асықпау керек. Кәсіпкер ретінде әрқайсымыз елде жетілуіміз тиіс. Егер мен еліме керек болсам, тауарыма тек ішкі нарық емес, сонымен қатар, шетелдік тұтынушылар да қызыға бастар еді" – дейді Қанат Ыбыраев.
Халық арасында Қазақстанда жасалған жиһаздың Ресей өнімдерімен салыстырғанда қымбаттау екені туралы пікір бар. Бұл туралы Қанат Ыбыраев былай дейді:
"Бұл сауалға жауап беру үшін әр санаттағы жиһаздарды жекелей қарастыру керек. Эконом санаттағы жиһаздар, иә, ресейдікінен қымбатырақ болуы мүмкін. Дегенмен, стандарт жиһаздар арасында Ресей өнімдеріне қарағанда сапалы, оның үстіне тіпті арзан да болуы мүмкін. Сондықтан Ресей жиһаздары отандық өнімнен арзанырақ деу қате. Әр жиһаз түрі мен санатын жекелей салыстыру керек".
Оның айтуынша, Қазақстанда жиһаздың 195 номиналы бар. Ал функционалы бойынша бөлсе, классификация тіпті кеңейе түседі. Жоғары санаттағы жиһаз түрлеріне келсек, шет мемлекеттерге жиһаз сататын қазақстандық кәсіпорындар да бар. Мәселен, Moon Company деген алматылық кәсіпорын өз өнімдерін Италияға сатады. Sunny деген компания ас үй жиһаздарын Қытай нарығына шығарған.
Шикізат тым қымбат
Владимир Бобровтың пікірінше, бәсекелестік мәселесінде негізгі екі фактор бар:
- Техникалық реттеу. Яғни, тауар сапалы және қауіпсіз болуы керек. Арзан ағаштан жасалған жиһаз бен қымбат ағаштан жасалған жиһазды салыстырып, қымбат ағаштан жасалған жиһаздың бағасына қарап, оны бәсекеге қабілетсіз деуге болмайды. Яғни, тауарлар бірдей қауіпсіз және бірдей сапалы болуы керек.
- Шикізаттың бағасы. Мәселен, жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша Өзбекстандағы шикізат Қазақстандағыдан анағұрлым арзан.
Ресей өзінің өндірістік шикізаттық өнімдеріне үш түрлі баға қояды. Бірі ішкі нарыққа болса, екіншісі Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, ал үшіншісі алыс шетелге.
"Ең арзан баға ішкі нарықта. Сол себепті, егер біз шикізатты сырттан сатып алсақ, көбіне бәсекеге қабілетсіз болып қалып жатамыз. Өйткені, машина құрастыру мен жоғары технологиялық өнімдердің бағасында шикізаттың үлесі 80-90 пайызға дейін жетеді", – дейді "Атамекен" өкілі.
Осы орайда қазір "Атамекен" палатасы Үкіметпен бірлесіп шикізат құнын төмендету мәселесін ойластырып жатыр. Владимир Бобровтың айтуынша, алдағы уақытта шикізат шығаратын кәсіпорындарды қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатуды ұсынуы мүмкін.
"Шикізат өндірушілерді қосылған құн салығынан босатсақ, бюждет ұтылмайды. Өйткені, егер Қазақстанда жасалған шикізат шетелге 100 теңгеге сатылса, мемлекет экспорттаушыға кемі 5 теңге қайтарып береді. Бұл қайтарылатын қосымша құн салығы. Ал егер отандық өнім сол шикізатты сатып алып, іште өңдейтін болса, бюджетке 17 теңге қосылады. Бұл қосымша құн деп аталады. Сондықтан импортты алмастыру бағдарламасы дегеніміз – қосымша құнды арттыру бағдарламасы. Онсыз Қазақстан дамымайды. Бұл өте маңызды", – дейді Владимир Бобров.
Оның айтуынша, Қазақстан кәсіпкерлері технологиялық тұрғыда әлемнің кез-келген елінің бизнесімен бәсекелесуге дайын. Бірақ шарттар бірдей болуы керек. Оның пікірінше, Қытай-АҚШ, Еуроодақ-АҚШ арасындағы сауда соғыстары осыдан шығып отыр. Сондықтан ДСҰ мен ЕАЭО секілді ұйымдарға жалтақтамай, ортақ ережені сақтай отырып, отандық өнімді дамыту керек.
Экспортты күшейту импортты көбейтіп жіберді
"Қазақстан май-тоң май одағы" қауымдастығы ЗТБ вице-президенті Галина Онищенконың айтуынша, қазақстандық май мен тоң май өнімдері ішкі нарықты қамтып қана қоймай, сыртқа сатуға да жетеді.
"Біздің қауымдастықта 15 кәсіпорын бар. Біздің өнім тек ішкі нарықты қамтып қоймай, шетелге экспорттауға да жетеді. Алдағы уақытта өндірісті кеңейте түсеміз. Ол үшін қарапайым заттар экономикасы аясында жеңілдетілген несие керек", – дейді Галина Онищенко.
Қазіргі таңда Қазақстанда өсімдік майын импорттау көрсеткіші жоғары. Ресми статистикаға сай, 2018 жылы қазақстандықтар тұтынған өсімдік майының 40 пайызы импорттық өнім болған. Соның ішінде күнбағыс майының импорты 50 пайызға дейін жеткен. Импорт үлесінің көптігінің бір себебі – экспорттың көбеюі де импорттың артуына түрткі болып отыр. Мысалы, 2018 жылы Қазақстанда өндірілген күнбағыс майының 35 пайызы шетелге сатылған.
Ресейдің экономикалық экспансиясы
Владимир Бобровтың айтуынша, 90-шы жылдардан бері Қазақстандағы іскерлік орта ТМД елдері арасында ең тиімді болып келді. Соңғы жылдары кері кете бастапты.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасын үзе ала ма?"Ресей бір кездері бизнесті қолдау бағдарламаларын бізден үйренетін. Қазір біз Ресейден қалып қойдық. Ресей біздің нарықты "жаулау" үшін мақсатты түрде бағдарламалар кешенін дайындады. Әр нәрсені өз атымен айту керек, қазір Ресей бізге экономикалық экспансия жүргізіп отыр. Ресей Үкіметі тұрғысынан бұл дұрыс. Әркім өз экономикасын дамытуы керек", – дейді Владимир Бобров.
Бизнес орта сапалы талдауды қажет етеді
Владимир Бобровтың айтуынша, Үкімет қазір әр мәселенің шешімін жеке-жеке іздейп отыр. Ал бізге қазір жүйелі мәселелердің кешенді шешімі керек. Осы орайда Үкімет өндірістің дамуы мен қабылданған бағдарламалар және бизнестің көрсеткіштерін тұрақты қадағалап, мониторинг жасап отыруы қажет.
"Мұның бәріне сапалы аналитикалық база құрылуы керек. Ол үшін барлық бизнес субъектілерін осындай алаң құруға шақырамын. Әр кәсіпкер өз бизнесі туралы шынайы ақпаратпен бөліскенде ғана елде сапалы бағдарлама қабылдап, өндірістік саясат құру мүмкін болады", – дейді Владимир Бобров.