Алюминий тотығы қалай өндіріледі? Металлургтің бір күні
Алюминий өндіру ең алдымен боксит кенін жер қойнауынан қазып шығарудан басталады. Кені бар жерден боксит шикізаты қазып алынғаннан кейін осы кеннен алюминий тотығын алу үшін зауытқа жөнелтіледі. Зауытта байытылып, әртүрлі технологиялық процестен өткен боксит кенінен алюминий тотығын өндіреді. Аталған алюминий тотығынан электролиз әдісімен бастапқы алюминий металын шығарады.
Павлодар алюминий зауытының басты міндеті – боксит шикізатынан алюминий тотығын өндіру. Осы қызметтің басы-қасында жүрген Аслан Ерболсынұлы бала кезінен металлург болуды армандаған. Мұратына қалай жеткенін ол informburo.kz тілшісіне толығырақ баяндап берді.
"Металлургтер отбасында өскен жоқпын"
– Мамандығыңды жақсы көретін болсаң ғана, биіктен көріне аласың. Адал еңбек етіп, маңдай терді төккеннің арқасында нәтижеге қол жеткізуге болады. Адамдардың көбі өнеркәсіпте жұмыс істегенді ауыр деп есептейді. Бұл мүлде қате ұғым. Технология қарыштап дамыған заманда белгілі тетіктерді басып отырсаң болғаны. Қалғанын техниканың өзі атқара береді. Яғни, техника параметрлерін қадағалап отырамыз. Бұған қарап, металлург жұмысы оп-оңай екен деуге де әсте болмайды. Әр саланың өз қиындығы болады, – деп бастады сөзін Аслан Ерболсынұлы.
– Адам екі нәрседен қателеспеу керек екен. Біріншісі – жар табу болса, екіншісі – мамандық таңдау. Мен екеуінен де қателеспеппін.
1989 жылы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Қызылағаш ауылында дүниеге келгенмін. Әкем кішкентай кезімде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолын Теміртауда металлург болып бастап, ел басшысы ретіндегі тұлғалық дәрежеге көтерілгенін үнемі айтып отыратын. Содан болар бала кезден осы мамандыққа аңсарым ауды. Әйтпесе, әулетіміздің басым көпшілігі – мұғалімдер. ҰБТ тапсырғанда төртінші пән ретінде физиканы таңдадым. Сол кезде 85 балл жинағаным әлі есімде. Сөйтіп, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне металлург мамандығы бойынша грантқа түстім, – деп еске алды.
"Еңбек жолымды аппаратшы-гидрометаллург болып бастадым"
– Университетті тәмамдай салысымен, бірнеше жұмыс орындарына түйіндемемді жібердім. Жұмысқа орналасуыма мүмкіндік бар дегендерінің ішінен "Қазақстан алюминийі" АҚ-ның Павлодар алюминий зауытын таңдадым. 2010 жылы осында аппаратшы-гидрометаллург болып жұмысқа орналастым, – деді ол.
Аслан Ерболсынұлы – одан кейін ауысымды басқаратын шебер, №1 цехтың бөлімше басшысы қызметтерін атқарған. 2016 жылдың маусым айынан бері күйежентектеу цехының №1,4 учаскесінің басшысы. Қарамағында 182 қызметкер бар. Бұл – әрбір бастаған істі тиянақты орындаудың жемісі.
Асланның атқаратын қызметінің қыр-сырын ұғыну үшін алдымен алюминийдің қалай өндірілетінін түсініп алу керек.
150 жыл бұрын адамдар алюминийді алтыннан да қымбат бағалаған
Кезінде Француз Республикасының тұңғыш президенті болған үшінші Наполеон өз байлығы мен құдіретінің белгісі ретінде алюминийден қасық, кесе, табақ секілді ыдыс-аяқ жасатыпты.
Ерекше мәртебенің белгісі ретінде оларды императордың өзі және оның отбасы мүшелері мен құрметті қонақтары ғана пайдаланған. Басқаларына ас күміс пен алтыннан жасалған ыдыс-аяқпен ұсынылыпты.
Боксит үлкен уатқыштарда үгітіледі
«Қазақстан алюминийі» АҚ-ның минералды-шикізат базасы екі кен орнында шоғырланған. Осы екі кен орнынан боксит шикізатын компанияның Торғай боксит кен басқармасы (Арқалық қ.) мен Краснооктябрь боксит кен басқармасы (Лисаков қ.) өндіріп шығарады. Аталған кен басқармаларының Краснооктябрь, Белинский, Әйет және Амангелді тобы карьерлері бар.
Алюминий компаниясының бокситті кен орындары Қостанай облысы мен Торғай өлкесі аумағында орналасқан.
Павлодардағы алюминий зауытының іргетасы 1956 жылы қаланды
Торғай, Краснооктябрь кен орнынан өндірілген боксит Павлодардағы зауытқа жеткізіледі. Мұнда кен тиелген вагондар арнайы қоймаға кіргізіліп, вагон аударғыштың көмегімен қоймаға төгіледі. Төрт-бес тонна боксит шикізатынан шамамен екі тонна тотық алынады, одан бір тонна ғана алюминий шығады.Бокситтен алюминий тотығы өндіріледі
Павлодар алюминий зауытында алюминий тотығын құрамдастырылған бірізді Байер-күйежентектеу әдісімен өндіреді. Бұл әдіс боксит шикізатының химиялық құрамына байланысты қолданылады. Әлемде алюминий тотығын Байер-күйежентектеу әдісімен өндіру тек осы кәсіпорында ғана жүзеге асады. Зауытта алюминий тотығын өндіру негізгі үш цехтан тұрады. Атап айтқанда, олар:
Шикізат даярлау цехы;
Гидрометаллургия цехы;
Күйежентектеу цехы.
Шикізат даярлау цехы – Павлодар алюминий зауытына жеткізілетін боксит, әктас, көмір, кокс пен кальцийленген соданы қабылдайтын цех. Осы цехта аталған шикізат ұсақталып, орташаланып, одан әрі күйежентектеу мен гидрометаллургия цехтарына жөнелтіледі.
Гидрометаллургия цехында алюминий тотығын өндіру Байер әдісімен жүзеге асады. Байер әдісімен бокситтен алюминий тотығын алу өндірісі мынадай кезеңдерді қамтиды: бокситті ұнтақтау, боксит қойытпағын сілтімен еріту, қызыл шламды қоюландыру және жуу, алюминат ерітіндісін қайта сүзу, қызыл шламды сүзу, декомпозициялау жабдығынан өткізу, гидратты өндеу, буландыру және тауарлық шикізатты кальцийлеу. Жоғарыда аталған процестер мен күйежентектеу цехы технологиялық процестерінен өткен шикізат гидрометаллургия цехының №5 учаскесіндегі пештерінен дайын тауарлық өнім болып шығады. Дайын тауарлық өнім алюминий тотығы болып табылады.
Күйежентектеу цехы немен айналысады?
Бұл цехта гидрометаллургия цехынан келген қызыл шламды өңдейді. Осы цехта қорыту материалдары дайындалып, қызыл шламды күйдіреді, одан әрі күйген шикізатты ұнтақтайды және гидрохимиялық өңдеуден өткізеді. Күйежентектеу цехында өңдеуден өткен шикізат қайта гидрометаллургия цехына айдалады.
Күйежентектеу цехының технологиясы қызыл шламнан алюминий тотығына қажетті пайдалы элементтерді алуға арналған.
"Естен кетпес ерекше сәттер"
– Айта кеткен жөн, 2015 жылы металлургтердің кәсіби мерекесінде Павлодар алюминий зауыты директорының Алғыс хатымен марапатталдым. Ал, 2016 жылдың наурыз айында Еңбек ұжымдарының республикалық форумында Елбасымен кездесу үшін қызметкерлер арасында іріктеу жүргізілді. Таңдап алынған үшеудің бірі болғаныма әлі күнге дейін өзімді бақытты сезінемін. Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында отырып, қолын алған сәтте қатты қобалжып, толқыған болатынмын, – дейді Аслан Ерболсынұлы.
Елімізде алюминий шығаруды көбейту жоспарда бар
– Біздің кәсіпорын өндірген алюминий тотығы электролиз зауытына жөнелтілетінін айтып өттік. Қазақстан электролиз зауытына алюминий тотығы темір жол құрамымен жеткізіледі. Электролиз зауытында біздің алюминий тотығынан бастапқы алюминий металын өндіреді, – дейді Аслан Ерболсынұлы.
Алюминийді қалыпқа құйып өнім жасайды
Алюминий – күміс сияқты жарқыраған ақ түсті, өте жеңіл металл. Оңай иіледі, тоттанбайды, электр тоғын жақсы өткізеді.
Жер қыртысында таралуы бойынша элементтер арасында төртінші, металдар арасында бірінші орында.
Алып әуе кемелерінен бастап, қыл аяғы қасық, азық-түлік орайтын алюминий қағазына (фольга) дейін тұрмыста кең қолданылады. Мысалы, автобөлшектерді, авиақозғалтқышты, көлік дискілерін жасау үшін алюминийге кремний, мыс, магний қосады.
Техникалық қасиеттері жағынан өте бағалы құйма – дюралюминий. Оның құрамында 94% алюминий, 4% мыс және аздаған магний, марганец, темір, кремний болады.
Зауытқа жұмысқа орналасу үшін не істеу керек?
Жоғары оқу орнын бітірмей-ақ, металлург болғандар бар. Олар – Павлодар алюминий зауытының оқу орталығында білім алғандар.
Оқуға түскісі келгендер әуелі медициналық тексерістен өтеді.
Содан кейін өрт, электр қауіпсіздігімен қоса нұсқаулықтардың барлығымен танысып, бүге-шігесіне дейін қанығып, бес күн оқиды. Сабақ тегін.
Емтиханнан өткен жағдайда зауытқа барып, тағы бес күн білімін толықтырады. Оқу орталығында тек теориялық тұрғыда үйренсе, енді тәжірибе жүзінде ішкі құрылымымен, әрбір маманның қызметімен жіті танысады.
Одан кейін тағы емтихан тапсырады. 10 күн ішінде не үйренгенін білу үшін оған жан-жақты сұрақтар қойылады. Осы күнге дейін қабылданбай қалғандар болмапты.
Үш айдың ішінде бағыт көрсетіп, бақылап жүретін арнайы тәлімгер маман жанында болады. Тапсырылған істі дөңгелетіп әкететін кез келген адамның жұмысқа орналасуына толық мүмкіндігі бар.